Жұма, 22 Қараша 2024
Жанайқай 5945 0 пікір 24 Тамыз, 2016 сағат 10:54

ЕЛШІЛЕР НЕГЕ МЕМТІЛДІ ҚАЖЕТ ЕТПЕЙДІ, ЫДЫРЫСОВ МЫРЗА?

«Елдестірмек елшіден». Құдайға шүкір, қазір Тәуелсіз қазақ елінің әлем алдындағы абыройын асқақтатып, геосаясаттағы көшімізді өрге сүйреп жүрген дипломат­тарымыз аз емес. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде әлемнің 45 елінде Қазақстанның елшілігі ту тігіп, шет мемлекеттермен саяси қарым-қатынас жасап жатыр. Бірақ біз осыған дейін ғаламға Тәуелсіздігімізді мойындататын – қазақтың үні, қазақтың тілі екенін, Алаш елінің атынан сөйлейтін әр елші мемлекеттік тілді толық қолдануы қажеттігіне мән бермей келдік. Енді осы олқылықтың орнын қалай толтыруға болады? Ой елегінен өткізіп көрелікші.

Тарихтан тағылым

«Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жері­міздің шетін жау баспасын деп, най­заға үкі таққан елміз»... Біле, білген адамға бұл – би Қазыбектің емес, жоңғарға елші­лікке барған елші Қазыбектің аталы сөзі. Шынын айту керек, өткен тарихта осылай осып-осып сөйлейтін елшілеріміз болғаны рас. Бұл үрдіс қазақтың ресми «тұңғыш елшісі» атанған Нәзір Төреқұловқа дейін жалғасын тауып, ұлттық танымы­мыздағы осы игі бастаманы онан кейінгі кезеңдерде қытайда елші қызметін атқарған Мұрат Әуезов пен бірнеше елде дипломатиялық қызметтер атқарған Болатхан Тайжандар жалғай білді. Тәуелсіздік алған жылдары ең алғаш болып, бүкіл елшіліктің іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіруге тырысқан Болатхан Тайжанның ерен еңбегі – соның айғағы. Болатхан Тайжан ағамыз осы қадамы арқылы өзінің кәсіби елші екенін барлық қырынан көрсетті.

Мемлекеттік тілде сөйлеу әр елшінің парызы болуы керек

Өткен тарих осымен тамам. Бүгінгі күнге оралайық. Қарапайым сөзбен айт­қанда, елші дегеніміз – бір мемлекеттің екінші бір мемлекетке арнайы жіберген өкі­летті – дипломатиялық өкілі. Яғни ол бар­ған елінде сол мемлекеттің атынан сөй­леуге, сол мемлекеттегі Қазақстан азамат­та­рының құқығын қорғауға, екі ел ара­сындағы түйткілді мәселелерді шешуге құқылы. Мұнымен қоса, елшінің әрқай­сысы өзі елші болып отырған елмен мәде­ни, саяси һәм экономикалық байланысты күшейтуге тиіс. Егер де сол елшіңіз өз елінің рәміздерін, өз елінің ұлттық мәдениетін, ұлттық тілін құрметтей алмаса, мемлекеттік тілін білмесе, ол мемлекеттегі миссиясын қалай орындамақ? Сондықтан да Қазақ­стан тарапынан елшілікке тағайындалған кез келген дипломат барған елінде мүм­кіндігінше қазақ тілінде сөйлеп, мемле­кеттік тілдің мерейін үстем ету керек. Бұл шет мемлекеттерге біздің төл мем­лекетіміз, төл тіліміз, төл саясатымыз бар екенін көр­сетеді. Яғни, мемлекеттік тілдің өрісін ке­ңей­ту мәселесі әр елшінің борышына айналуы тиіс. Бірақ өкініштісі, бұл мәселеге келгенде әлем елдеріне жіберген 45 ел­шілеріміз емес, алыс-жақын өзге елден біз­дің мемлекетке келген дипломаттар мен кейбір елшілердің мемлекеттік тілімізді шеміш­кеше шағып, бізді ұялтатын жағ­дайға жетті. Ал, тікелей шеттегі елшілерімізді басқарып отырған Сыртқы істер минситріміз Ерлан Ыдырысовтың мемлекеттік тілді жарытпайтынын ескерсек, ұяттан тіпті өліп кетуге болар еді.

Ащы сабақ

Мысалы, бір кездері Қазақстандағы Ұлыбританияның Төтенше және өкілетті елшісі Пол Браммел мырза Қазақстан Президентімен мемлекеттік тілімізде тіл қатысып, саяси санасы ояу халқымызды дүр сілкінткені есімізде. Бұл – бір. Екінші­ден, өткен жылдары Президентімізге сенім гра­мо­тасын тапсырған Моңғолияның жаңа елшісі Жагир Сухээ қазақ тілін ана тіліндей мүдірмей сөйлеп, таңдайымызды қақтырды. Ал Финляндияның аты­нан келген өкілеттісі Илкка Унто Калерво Райсанен қолындағы парағына қарағанмен, қазақ тілінде әжептәуір тілін сындырғанын аң­датып қалды. Ұлыбританияның Пол Брам­мелі, Моңғолияның Жагир Сухээсі, Фин­ляндияның Илкка Унто Калерво Рай­са­нен­нен ащы сабақ алып, солар сөйлеген қазақ тілімен, біздің елшілер тіл қатса, тонын ешкім шешіп алмасы хақ. Шын­дығын мойындауымыз керек, бұған дейін бауырлас өзбек, қырғыздан басқа ешбір елші қазақтың тілін білуге, сөйлеуге асықпаған еді. Тек Жапония ел­ші­сі ғана дип­ломатиялық қызметі барысында ар­найы курстан өтіп, қазақ тілін меңгерген бо­латын.

Не істемек керек немесе үшінші «көзір» 

«Елшінің қылышы – тіл». Қазақтың осы аталы сөзін еске ала отырып, енді не істеу керектігіне тоқталайық.

Біріншіден, шетелге саяси мақсатта шыққан кез келген дипломат мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауы қажет.

Екіншіден, әр Елшіліктің ресми қағаз­дары мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс. Бұл мемлекеттік құпиялықтың жария бол­мауына кепіл бола алады.

Үшіншіден, мемлекеттік тілді білу мем­лекеттің амбициясын білдіреді. Өзін құр­мет­теген ел, өзгенің құрметіне ие болады.

Төртіншіден, елшінің ана тілімізде сөй­леуі мемлекеттің имиджін қалыптас­тыруға септігін тигізеді.

Шынын айту керек, қазір біздің елдің имиджін биіктетіп жүрген – Елбасымыз. Өйткені Президентіміз шет мемлекеттерге ресми іс-сапарларға барған кезде Ән­ұранымыз шырқалып, қазақтың тілі, қа­зақ­тың музыкасы әуелейді. Мұнан кейінгі кезекте бұл үнді спортшыларымыз ғаламға паш етіп жүр. Егер де бұл сапқа елшілеріміз де қосылып, шет мемлекет­термен қарым-қатынас тілін қазақ тілі етсе, үшінші «көзіріміз» күшіне мінер еді. Өйткені елшілердің өз тілінде сөйлеуі – ежелден қалыптасқан дәстүр.

Түйін

 Жүсіп Баласағұн: «Елші ердің төрт құбыласы тең болсын, елде – кісі, сыртта бүтін ел болсын!» депті-міс. Сол бабамыз өзінің «Құтты білігінде» елшіге қойылатын талаптар жайлы егжей-тегжейлі сипаттап, «елші ерекше зерек, өзі көрікті, көп тіл білетін шешен, жақсы аңшы, құсбегі, жұлдызшы (астролог), түс жорушы, музыкант сияқты көптеген қасиеттерге ие жан болуы қажет» екенін айтыпты. Біз бүгінгі дипломаттарымызға Жүсіп Баласағұн қойған талаптарды міндеттеуден аулақпыз. Тек өз Отанының тілін білмейтін елші болмауы қажет екенін ғана аңғартқымыз келеді.

Қанат БІРЛІКҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297