Жұма, 17 Мамыр 2024
Қоғам 7086 0 пікір 9 Қыркүйек, 2016 сағат 13:28

МҰНАЙЛЫ ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ДАҒДАРЫС БОЛМАУЫ КЕРЕК ЕДІ!...

Тәуелсіздік алғалы бір миллиард 400 млн. тонна мұнай өндіріппіз!.. Сонда қалайша ғана дағдарысқа ұшыраймыз?.. Елімізде бар болғаны 17 миллиондай ғана тұрғын бар... Тіпті түсініксіз жағдай, миға сыймайды!.. Соншама көл-көсір дүниені малданып отырып, неге біз дағдарысқа ұрындық?.. Мұнайдан басқа да қазба байлықтарымыз шаш-етектен емес пе?.. Бұл аз болса, 2009 жылы Қазақ елінің мұнай өндіруіне 110 жыл толуына орай көрсетілген деректерге үңілсек – сол өткен жүзжылдықтағы өндірілген мұнай көлемі төрт млрд. 600 млн. тоннаны құраған!.. Қараңдаршы, кең байтақ қазақ жерінде қаншама миллиардтаған тонна «қара алтын» өндірілген!.. Осындай ұшан-теңіз байлықты игерген мемлекеттің халқы неге дағдарыспен өмір сүреді? Өткен-кеткен дағдарыстарды желеулетіп, қараша халықтың басын айналдыруды қашан доғарады бұл бассыз билік?! Алдаудың да, арбаудың да шегі бар емес пе? Бұл пұшайман күйге түскен халықтың тірілетін уақыты жеткен жоқ па? Иә, өткен тоқсаныншы жылдарда, яғни тәуелсіздік бастауында экономикамыздың тұралып, қиын-қыстау кезеңдерге тап болғанымыз рас. Мұнай өндіру көлемі құлдырап, «қара алтын» бағасы түсіп, елде қаржылық тапшылық етек алып, мұнайшыларға уақытында жалақы берілмей – үлкен дау-дамай тудырғаны да есімізде. Осы кезеңдерде ғой биліктің жұртшылықты шыдамдылыққа шақырып, «өтпелі кезеңнен» өтіп жатырмыз, әлемдегі дағдарысқа тап болдық, бұл белестерден де өтеміз, алдағы күндері экономикамыздың қарыштап дамуына жол ашылады деп сендірген. Қайда қарыштап дамыған экономикамыз? Екінші Кувейт – гүлденген араб мемлекеті боламыз деп ел-жұртты елеңдетті. Қайда көркейіп – құлпырған қазақ мемлекеті? Тап бүгінгі күні менің Отанымда айтулы араб мемлекетінің жұрнағы да көрінбейді! Көрініп тұрғаны – елдегі бар дүниені тонау, талан-таражға салу! Бұл қайырсыз биліктің сын сағатта жекешелендіру деген сылтаумен кәдімгідей «прихватизация» жасап, бар дүние-байлықты армансыз бөліске салғаны тағы бар! Әйтеуір, шенді-шекпенділер білгендерін істеп, өздері де, айналасы да қарық болды! Бүгінгі күні бұл сабаздар бар пәлені тәңір атқан дағдарысқа аударып тастап, бұқара халықты мезі етті. Өйткенімен қоймай, сол алмағайып кезеңдерде өз Отанын тонап, бай-манап, миллиардер атанып жүргендерді бүгінгі билік оларды әлпештеп, тәрбиелеп өсірдік деп бүкіл елге жар салады. Бассыздықтың түрі осындай.

Мен бейшара ел байлығы талан-таражға түсті, тоналды деп неге қақсаймын? Бұлай деп жабырқауымды тереңнен қозғамай-ақ, бір-екі мысалмен ғана айғақтауға болады. Тәуелсіздік алған 1991 жылдың басында республикамызда 35 млн. бас қой болған. Бұл мәліметте сол кездегі жекеменшіктегі қой есептелмеген. Ал 2000 жылдың басында елімізде бар – жоғы 11 млн. бас қой қалған. Мыңғырған мал қайда жұтылып кетті? 2001 жылы тәуелсіздігіміздің он жылдығы өтпей жатып-ақ, ханталапайдың кесірінен қаражат тапшылығына тап болған бассыз билігіміз көлеңкедегі күмәнді мүлік пен ақшаны рахымшылық жариялау арқылы заңдастыру науқанын жүргізіп, қазынамызға 500 млн. АҚШ долларын түсірді. Уақытында қара халыққа жетпеген бұл қолды болған мол қаржының құны қымбат болғанын өздерің де білесіздер. Сөйтіп, қаржы көзін тауып, елдегі жағдайдың ушығып кетпеуінің алдын алды. Ушықпағанда қайтеді, Маңғыстау экономикасының күретамыры – «Маңғыстаумұнайгазды» тойымсыз билік қитұрқы әрекеттермен мардымсыз пұлға жекеге өткізіп, өздері иеленіп алса! Ал аймақтың мұнайшылары болса тоқсаныншы жылдардың аяғында, жоғарыда айтып өткендей, бей-берекет жекешелендіру тұсында жалақыларын ала алмай, дәрменсіз күйді бастарынан кешті. Ашынғаннан, басқа амал таппағасын, мұнайшылар Ақтау қаласындағы «Маңғыстаумұнайгаз» кәсіпорны орналасқан даңғылды жауып тастап, билікті арнайы ұшақпен жедел түрде ақша әкелуге мәжбүрледі. Міне, көрдіңдер ме, оларға жетпеген қаржы, яғни нәпақа көзі бүтін бір ұшақтың жүгіне айналған. Уақыт оздырмай, екінші рет ұрлық-қарлықпен қолды болған капиталды заңдастырғанда бюджетімізге тағы да 5 млрд. доллар топ етті! Бұл миллиардтаған қаржылар қайда тығылған, кімдердің қоржындарында жасырынбақ ойнаған? Әрине, бұл сомалар «айсбергтің» үсті ғана, ал астына үңілсек – талай миллиардтарға тап болатынымыз айдан анық ақиқат. Бұл уәжіме төмендегі дерек айғақ болар. Алдыңғы жылғы басылымдарда жарияланған Бас прокуратураның мәліметі бойынша – тек қана соңғы он жылда елімізден 140 млрд. доллар шетел асқан! Міне, қазағымның байлығы тоналды, ханталапайға түсті деуіме бұл фактілер нақты дәлел. Бұл – өмір шындығы. Осындай сорақы жәйттар, қылмыстық әрекеттер етек алып тұрғанда – бұл ұятсыз билік, бар шаруаны тындырғандай, бай-бағландарды тәрбиелеп өсірдік деп көлгірсиді. Халқымның 50-60 пайызы кедейшілікте өмір сүріп жатқаны, ешкімнің басын ауыртпайды. Сөйтіп, бұл озбыр алаяқтар аласапыран кезеңді ұтымды пайдаланған, «жығылғанға жұдырық» дегендей, одан сайын құлдырап жатқан елін тонап, Отанын сатқан нағыз қылмыстылар болып шықпай ма? Бұл бай-манаптардың істеген қылмыстарының мерзімі заңдылық тұрғыда еш уақытта ескірмейді. Қалай ескіреді, олар тонаушылық әрекеттерін одан сайын үдетіп жатса, алдағы жекешелендірудегі мемлекеттік активтерді «Қазмұнайгаз» ҰК», «Қазатомөнеркәсібі», «Қазақ темір жолы» т.б нысандарды бөліске салу пиғылдары көрініп тұрса, яғни заң-законды белден басып жатырса! Бұл жебір биліктің бүгінгі күнгі қарекеті ел-жұртты бір негізсіз қиялдарға жетелеп, халықты түрлі күмәнді жобалармен, нанымсыз ұрандармен тойдырып, сайқымазақ сайлаулармен бастарын айналдырып болды. Басқа түк те емес! Бір мысал. Биылғы жылғы еліміздегі кедейлік шегінің мөлшері ең төменгі күнкөріс шамасының (22859 теңге) 40 пайызын құрайды, яғни 9143 теңге ретінде белгіленген. Енді бұған не айтуға болады?.. Осындай бейшара тірлікпен қайдағы бір 2030, 2050 ж.ж. темірқазық етіп, жалаулатып, дамыған елдердің арасындағы отыздықты дәметіп жүріп, экономикасы жылармен халге түскен елдердің отыздығына кіріп кеткендерін бұл биліктің өздері де білмей қалған сияқты! Мұнайдың айналасындағы былық-шылықтар жөнінде менің «Мұнайым бар – мұңым бар!..» атты кітабым жарық көрген болатын. Осы еңбегімде еліміздегі «қара алтын» өндірісі төңірегіндегі адам айтқысыз заңсыздықтар біршама қамтылған!

Жаңа ғасырдан, жаңа жүзжылдықтан бастап елімізде мұнай өндіру көлемі артып, бағасы едәуір өсіп, мемлекетіміздің қазынасы молая түсті. Яғни экономикамыздың күретамырына қан жүгіріп, еңсеміз көтерілді. Сонда да дағдарысқа байланысты өз ой-тұжырымдарымды білдірмекшімін. Жан-жағымызға қарап отырсақ, дамыған әлем елдерінде, нақтырақ айтсақ, АҚШ пен Еуропа мемлекеттерінде экономикалық ахуал тұрақты, даму көрсеткіштерінде өсім бар, дағдарыс деп жанталасып жатқан билік басындағылар көрінбейді. Батыс елдері миллиондаған босқындарды қабылдап, ауқымды қаржы бөліп, оларға тұрмыстық жағдай жасап, қол ұшын беруде. Ал біздің билік болса, дағдарыспен күресіп жатырмыз, қайтсек те жеңеміз, «ақшаны үнемдеп» үйреніңдер деп қараша халықты алдарқатудан танбайды! Ұят дегеннен жұрдай! Биліктің ендігі бір уәжіне сенсек, Ресейдегі жағдай біздің елімізге кері әсерін тигізген. Бұл енді ежелгі көршімізбен экономикалық одаққа бірігуіміздің салдары. Мұндай ауыртпалықты, жайымызға қарап отырмай, өзіміз тілеп алдық. Қалай болғанда да, менің пайымдауымша, қосақтағы екі мемлекет шикізаттық дағдарысқа ұшырап отыр. Шикі мұнайды толассыз экспорттап, одан түскен мол пайдаға құнығып, «қара алтын» бағамына байланып қалғанын өздері де сезбегендей. Қалай шикі мұнайдың бағасы әлсірей бастады, бұл екі елдің экономикасы да шатқаяқтап, тығырыққа тірелді. Сонда деймін-ау, өткен жылдарда мұнай бағамы шарықтап, «қара алтын» дәуірі жүріп тұрғанда экономикамыздың жан-жақты дамуына неге көңіл бөлмедік? Мені осы жәйттер көп ойландырады. Тіпті толғандырады. Әлде шенді-шекпенділеріміз қалталарының қамын ойлап, елдік мүддені ұмытып кетті ме? Талай рет теледидардан көрдік қой – әкімдердің миллиардтаған қолда бар мол қаржыны игере алмай, биліктің сын сағатына іліккенін. Тағы да қайталаймын, 2001 жылдан бастап елімізде мұнай өндіру көлемі аспандап, жылдық мөлшері 40 млн.тоннадан асып, тіпті, тәңір атқан дағдарыс деп қақсаған 2008-2009 жылдарда да 70 млн.тоннадан артып, соңғы бес-алты жылда, жыл сайын 80 млн.тоннадан кем «қара алтын» өндірілмеген. 2014 жылдың төртінші тоқсанына дейін мұнай бағасы барреліне жүз доллардан кем түскен жоқ, сонда бұл – қайдағы дағдарыс? Біздің жауапкершіліксіз биліктің осындай мол байлықты игеріп отырып, қалайша дағдарысқа тап болдық деп айтуға ауыздары барады. Бұндай көпірме сөздер нағыз бассыздардың айтатын уәжі дер едім. Тап сол кезеңдерде, яғни мұнайдың құны бағаланып тұрғанда – шикізаттық ресурстарға тәуелсіздіктен құтылып, экономикамызды әртараптандыруға әбден болатын еді. Бұған кім кедергі болды? Қытайдан, Түркиядан, Қырғызстаннан тауар тасытып, жұртшылықты тентіретіп, сергелдеңге түсіргенше, жеңіл өнеркәсіпті өркендетіп, халыққа жұмыс орындарын ашып, олардың жағдайын бір көтеріп тастайтын уақытты өткізіп алдық. Басқа да жаңа өнеркәсіп салаларын дамытуға баға жетпес мүмкіндіктер өтіп кетті. Мүмкіндік болған деп қалай айтпайсың, бір сәттерде, мұнайдың бір баррелі 150 долларға дейін көтеріліп, «қара алтыннан» түскен есепсіз қаржыға көміліп қала жаздадық қой. Осы мезгілдерде көп ақшаның буымен «ауыл жылдары» деп 150 млрд. теңгені желге ұшырдық. Бұлай деп неге айтпаймын, одан кейінде «Ақ бұлақ» бағдарламасы деп – ауылдарға тағы да миллиардтаған қаржы бөлінді. Бәрібір елді мекендеріміз ауызсуға жарып отырған жоқ. Мен айтар едім, осы 150 млрд. теңгені еліміздегі бар болғаны 150 ауданның әрқайсына бір миллиардтан тікелей бөліп, аударылған қаражаттың жұмсалысын қатаң бақылауға алғанда, кім біліпті, ауыл-аймағымыз көркейіп, ел қатарлы өмір сүрер ме едік? Билік олай етпеді, ортада қаржы жымқыратандардың жемсауын ойлаған болар. Сондай-ақ, сол кезеңдерде қаржы-қаражаттың молшылығының арқасында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры дүниеге келген жоқ па? Сөйтіп, үй ішінен үй тіккен жоқпыз ба? Бүй деп қалай айтпаймын, үкіметпен пара-пар құрылымды дүниеге әкелсек. Осы аталмыш қордың 500-ден аса еншілес кәсіпорындары бар көрінеді. Президенттің өзі тәптіштеп көрсеткендей, бұл кәсіпорындар өзіне қосалқы ұйымдар ашып қоймай, солардың ішінен тағы да еншілес компаниялар ашып құтырған!.. Көрдіңіздер ме былықбайды? Бұл жүздеген компанияларда, шамамен, 400 мыңдай қызметкер нәпақа тапқан!.. Ақпарат көздеріне қарап отырсақ, «Самұрық-Қазына» қорының активтері жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын құрайтын көрінеді. Сонда деймін-ау, бұл құрылымның үкіметтен қай жері кем? Сонымен, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «Қаз-Агро» холдингтерін құрып, триллиондаған қаржы жұмсап, экономикалық тұрғыда қандай жетістіктерге жеттік? Егер аталған холдингтер тиімсіз болса, неге құрдық? Ал тиімді деп құрсақ, неге дағдарысқа жол береміз? Сөйте тұрамыз да, бұл құрылымдардағы топ-менеджерлерді арқаларынан қағып әлпештеп, оларды айына 1,5 миллион жарым жалақымен жарылқадық!.. Ал, республика бойынша орташа жалақы көрсеткіші – 118638 теңге ғана. Міне, осындай тиімсіз құрылымдарды ашып, уысымыздағы мол қаржы-қаражатты оңды-солды шашып, елді тығырыққа тіредік. Енді бұл биліктің қалған шаруасы – мемлекеттік меншіктегі активтерге ие осы компанияларды жекешелендіріп, бөліске салу. Әрине, бұл – бай-бағландарға таптырмайтын мүмкіндік! Қара халық нан табуға шамасы келмей, сергелдеңге түсіп жүргенде, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтерін қайтіп сатып алады. Мен бұл жерде айтар едім, биліктегілердің әуелден көксегені – мемлекеттік меншіктегі активтерді белгілі қитұрқы жолдармен түрлі құрылымдар құру арқылы иеленіп, өз ойларын іске асыру. Басқа түк те емес! Осылайша елді тақырға отырғызу. Отырмағанда несі қалды?!

Ақпарат көздеріне үңілсек, тек 2000 жылдың басынан бері қазақ еліне 203 млрд. доллар инвестиция құйылған. Сонда, бұл мол қаржының елімізге тигізген пайдасы қайда? Егер пайдасы болса, дағдарыстың болмауына, яғни, оның алдын алуға осы миллиардтардың көмегі неге тимеді? Ал, осы аралықтағы беймәлім инвесторлардың (бұл жерде аюдың терісін теріс жамылып жүрген өзіміздің инвесторлар да жоқ емес) біздің елден тапқан табысы, яғни, құйған ақшаларының қайтарымы190 млрд. долларды құраған. Бұған енді не айтуға болады. Менің пікірімше, осы инвестиция тарту деген нарықтық қатынастың «жаңалығы» бар ғой, алаяқтарға нағыз майшелпек болып отыр. Жалпы, біздің мемлекетімізге инвестор болып жүргендердің көпшілігі – өз Отанын тонап, байлығын шетел асырады да, айналып келіп, өз еліне инвестиция құйып, пайда тауып жүрген өзіміздің сатқын алаяқтар. «Форбс» тізіміндегі атышулы өзіміздің миллиардерлер, өз елімізде тіркесіп жүрген ұзын саны елу миллионерсымақтар да тап солардың дәл өздері.

Қазақ елі сыртқы қарызға белшесінен батып бара жатыр. Бүгінгі таңдағы бережағымыз 200 млрд. АҚШ долларынан асып кеткен. Бұл дегеніміз, халықтың жан басына шаққанда, тіпті, дүниеге келетін әр сәбидің мойнына 12 мың доллардың шамасында қарыз ілінеді деген сөз. Дағдарыстан шыға алмай айналшақтап жүргенде – еселеніп өсіп жатқан борышты қашан өтейміз? Берешектер уақытында өтелмесе – жақын болашақта жарты триллион долларға жетіп жығылып, мемлекетіміз қарызға одан сайын көміліп, ел экономикасы дефолтқа ұшырап қала ма деп қорқамын. Сонда деймін-ау, құлдық санаға бейімделе түскен халқымыз не ойлап жүр екен осы? Бүгінгідей дағдарыстан-дағдарысқа ұрынып тұрған шақта – қарыздан құтылудың жолдарын да, басқа да амалдарын мен көрмей тұрмын. Сіздердің не ойлап жүргендеріңді мен білмедім, халқым-ау!..

Сөз соңында айтарым, әу бастан Алаш азаматтарының армандаған қазақ мемлекеті құрылғанда, Алаш жеріндегі өткен жүзжылдықта игерілген 4 млрд. 600 млн. тонна мұнаймен, яғни осындай маңдайымызға біткен мол байлықпен, бүгінгі күні, гүлденген Араб Әмірліктерінің жетістіктерін он орап алатын едік деп назданамын! Бүгінгі биліктегі алаяқтар Алаш арыстарының басып кеткен іздеріне де тұрмайды-ау! Қайтейін, бар дүниені ұқсата алмадық!

Қайран халқым! Менің жанайқайым дұрыс па, әлде, бұрыс па, неге ой-пікір білдірмейсіңдер?!.      

Қамысбай Бесінбергенұлы, Ақтау қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2104
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2517
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2209
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1625