Жұма, 22 Қараша 2024
Әңгіме 4442 4 пікір 30 Қазан, 2019 сағат 12:07

Айгүл Жұбаныш. Кек

Олег бұл таңды ұзақ күтті. Кірпік қақпай таңды қарсы алу – ұзақ жылдарды өткізгенмен бірдей екен. Әншейінде қамшы тиген сәйгүліктей зулайтын уақыт қазір меңіреу xалге түскендей баяу қозғалады. Қарны шұрылдап барады. Үйде тіске басар түк жоқ. Байғұс шешесі бақилық болғалы үйден береке кетті... «Тым болмаса бір кесе ыстық су болғанда ғой бой жылытатын», – деп газ жаққа мойын бұрды. Жуылмаған ыдыс-аяқ пен қоқыстан газ үсті тау төбе болып тұр. Үй-іші азынап кеткен. Ол дірілдеген күйі орнынан тұрып, терезеден сығалады. Көшеден тірі жан өтсе – тиын-тебен сұрамақ ойы. Бірақ бұл уақытта есі дұрыс адам көрпе астында тәтті түс көріп жатады ғой, елдің бәрі Олег дейсіз бе?

Шешесі марқұм ізін басатын жалғызының маңдайына шаң тигізбей өсірді. Бұл он жасқа толғанда әкесі ауыр дертке ұшырап, келместің кемесіне мініп кете барды. Сұлу жесір қалса, айналасындағы әйелдерге қауіп төнеді емес пе? Оның үстіне анасы көп еркектің көз құрты еді. Мүсіні мен келбетінде ғана емес, мінезінде де мін жоқ. Марқұм ақкөңіл, сабырлы әйел еді. Әкесінің жылынан соң көшенің арғы бетінде тұратын Сергей ағасымен «дос» болды. Сергей ағасы қысылтаяң шақта отбасының тауқыметін иығына арқалаған анасының тірегіне айналды. Өз отбасын да, бұларды да қамқорлығына алды. Екеуінің «достығын» Олег те теріс көрмеді. Сергей ағасы артық сөзі жоқ, бірбеткей азамат. Бірақ зайыбы Валя күйеуін анасынан өлердей қызғанып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын. Сергейден қанша таяқ жесе де, тілін тартқан емес. Мұны көрген сайын: «Қу жетім! Сайқалдың сапалағы, жолың болмасын!», – деп маза бермейтін. Валя тәтесінің сөзіне ызаланған Олег бірде анасына: «Мама, Валя тәтейге айтыңызшы, мені қарғамасын», – деді. Анасы мұның алдында өзін кінәлі сезінді ме, әлде шу шығып кетпесін деді ме, әйтеуір, сабырлы түрде: «Қайтесің оның сөзін?! «Жүйелі қарғыс жүйесін, жүйесіз қарғыс иесін табады», – деді.

Анасы қателесіпті. Қарғыс иесін емес, адаспай Олегті тапты. Валяның тілегі орындалды. Арада 3-4 жыл өткенде Сергей кенеттен арақтан уланып қалып, фәниден бақиға аттанды. Аядай ауылда түтіні түзу шыққан екі шаңырақ осылай «азаматсыз» қалды. Валяның ашуы тіпті күшейді. Сергейдің жамбасы жерге тиген күні мұның үйіне келіп, анасына: «Өшімді өзіңнен, не ана сүмелегіңнен аламын», – деді. Анасы ашуға булыққан күйі тіс жармады. Валя кеткен соң ғана екі көзіне ерік берді... Ал, Валя айтқанында тұрды.

***

Уақыт – асау аттан да жүйрік. Көзді-ашып жұмғанша кешегі жастар бой түзеді, ал, ересектердің жүзін әжім торлап, шаштарын ақ шалды. Олег мектеп бітірді. Анасына қолқабыс етем деп, ауылдағы теміржол мекемесіне қызметке орналасты.

«Балам азамат болды» деп марқайып, жаны жадырап жүрген анасының қуанышы ұзаққа бармады. Валяның қорасына ұры түсіп, қара сиырын қолды қылыпты. Шағын ауыл осылай аяқ асты апыр-топыр болып, полицейлер жиналып, істі тергеуге көшті. Қара сиыр ұшты-күйлі жоқ. Үш күннен кейін тергеу тобы тұқымына қарасан келгір қара сиырдың бас-сирағын Олегтің үйінің дәретxанасының жанынан таппасы бар ма? Сірә, біреулер малды сойып, бас-сирағын осы үйдің жанына көміп кетсе керек. Онсыз да тіс қайрап жүрген Валя: «Осы пәлені ұнатпаушы едім. Түбінде маған кесірі тиетінін білгенмін», – деп арызды қарша боратты. Анасы екеуі қанша ақталғанымен, шындыққа құлақ асар тірі жан болмады. Заң қызметкерлері арыз иесінің сөзіне мән берді. Солай болуы да тиіс. Айғақ бар – жоғалған мал күдіктінің үй маңынан табылды. Бұдан әрі істі тергеудің қажеті де жоқ. Полиция қызметкерлері Олегті машинаға салып, аудан орталығына алып кетті. Аңырап анасы қалды ауылда. «Тағдыр» десті жұрт. Бірақ, жұрт не демейді?! Бірі тілдеді, бірі жанашырлық танытты. Ал, қара сиырды қолды қылған нағыз ұры ақыры табылмады. Олег жазықсыз жабылған жаланы арқалап, 2 жылға бас бостандығынан айырылды...

Олег терезе жапқышын сырғытып, айналаны тағы бір шолып шықты. Міне, анасының жүзін топырақ жапқанына да үш айдан асыпты. Көзіне іркілген жасты сүртті. Анасынан ажырағалы Валя кемпірден кек алғысы келеді де тұрады. Бірақ бұл әрекетін анасы кешірмесі анық. Өйткені ақтық сапарға аттанар алдында марқұмның соңғы тілегі: «Тыныш жүр! Менің жанымның жайлы болғанын қаласаң, өткенді ұмыт, бүгінгіні ойлап, келешекке жоспар жаса!» болды. Ана тілегін орындауға бұл уәде етті. «Уәде – Құдайдың сөзі» деген. Алайда Валя кемпірге өзінің жазықсыз екенін қалай дәлелдемек?!

Тоңғанына қарамай, краннан суық су ішіп алды. «Ұйқыашар болсын» деп өзін-өзі зорлап жымиғандай болды. Газдың астыңғы суырмасынан қайрақ алып, үстел үстіндегі пышақты дұрыстап қайрады. Бұл пышақтың керегіне жарары хақ! Есік тықылдады. Беймезгіл шақта бұл үйге кім келуі мүмкін? Қайрап отырған пышағын қолына қыса ұстап Олег есік ашты. Қонаққа келген Дима екен. Өзінен жасы кіші болса да, аз күн ішінде екеуінің әңгімесі жарасып, дос боп кетті. Дима — Валяның көршісі. Жақында түрмеден шықты. Тағдыры ұқсас болған соң, Олег оның мұңын жақсы түсінеді.

Түнделетіп неғып жүрсің? — деді Олег Димаға таңырқай қарап.

Ұйқы келмеді. Далада бой жазып жүріп, сенің ояу екеніңді сездім. Дима жымия күліп, қойнынан арақ шығарды.

Бас жазарға қалайсың?

Қарсы емеспін, тек үйде тіске басар түк жоқ.

Су болса болды, ­- деді Дима тағы жымиып.

Қырлы стакан бірнеше мәрте түйістірілгеннен кейін іштегі шер тарқатылды. Олег өзінің жанын жегідей жеген қиналысының сырын ашты. Сөйтсе, Дима да Валяға тіс қайрап жүр екен. Бұл бала кезінде осы кемпірдің кесірінен үлкен ағасы бақилық болыпты. Ол Валяның үлкен қызымен сөз байласса керек, бірақ екі жастың қосылуына осы кемпір кедергі келтіріпті. Сүйгеніне қосыла алмаған ағасы өз-өзіне қол жұмсаған. Баласынан айырылғаннан кейін Диманың шешесі сал ауруына шалдығыпты. Қызығы, Валяның сол қызынан туған жиені Нинаны қазір өзі ұнатып жүр екен. Бірақ Валя немересін өлсе де Димаға қоспасы анық?!

«Нина деген нағыз хас сұлудың өзі! Көздің құрты ғой, құрты», — деді тарқылдай күліп...

Ағаңның кебін киіп жүрме! Қыз көп қой, сол отбасынан аулақ жүрсең қайтеді?

«Жооо-оқ!» Дима сұқ саусағымен мұрнын басып, басын ұзақ шайқады. «Мен отбасымның кегін алуым керек. Егер менімен бірігем десең, қарсы емеспін!»

Сәл үнсіздіктен соң екі жігіт қол алысып, ертең таң сәріде осы үйде жолығуға уәде етісті...

***

Аш қарынға ащы су ішкеннен кейін Олег тез масайып қалды. Ол ұйықтаған кезде Дима үй-ішін тінтуге кірісті. Шкаф ішінен Олегтің қоңыр көйлегін алып, қойнына тықты. Үстел үстінен әлгінде Олег қайрап отырған сабы былғары қоңыр пышақты алды. Бұл пышақты Олег қолдан жасаған еді. Былғары сыртында «Олег С» деп жазылған таңбасы да бар. Үйден өзге құнды дүние таппаған соң Дима жөніне кетті...

***

Таң ата Валя кемпір түзге шығады. Кек алушы екі жігіт үшін бұл ең оңтайлы сәт. Мұны екеуі алдын ала бақылаған болатын. Сондықтан олар таң қылаң бере бастаған шақта Валя кемпірдің үйінің қақпасынан қарғып кіріп, бірнеше уақыт жемтігін аңдыған жолбарыстай сақтықпен күтіп отырды. Жоспар екеуі ойлағандай-ақ басталды. Дегенмен, Валя сақ екен. Енді іске кірісеміз дегенде кемпір аулада өзін аңдыған біреулердің барын сезгендей, жалма-жан жан ұшыра айқайға басты.

– Бұл кім ей? Қайсысың? Кім бар мұнда?

Жан дегенің мұнша тәтті болар ма? Кемпір даусынан көрші иттері «әнге» салып, үйден жарық жанды. Жиені Нина жүгіре шыққанда жігіттер бой тасалап үлгерген еді.

– Нина, әй, Нина, қайдасың?

– Не болды, әже?

– Аулада біреулер жүр.

Нина тың тыңдады. Сосын ауладан шығып, сыртты қарады.

– Әже, өзіңіз «Қорыққанға қос көрінеді» дейсіз де, әр нәрседен үркіп жүресіз.

– Шын айтам, аулада біреулер мені аңдып тұрды.

– Тү-уй, әже-ай, сізді кім аңдиды? Қорқасыз да жүресіз...

– Мен ана қанішер Олегтен қорқамын. Баяғы қара сиырдың кегі деп ...

– Әже-ай, бір нәрсені айта бересіз, айта бересіз...

– Қарағым, менің ажалым сол әлгі...

– Түуй, әже, мен сәл тынығайыншы. Бүгін қалаға кетуім керек. Қазір автобусқа мінемін ғой.

Қыз кемпірді жетектеген күйі үйіне алып кірді. Олег шапкасын шешіп, терін сүртті. «Үйінде адамдар бар екен», — деді. Дима міз бағар емес. Сазарып тұрып алған. «Бұл іс бүгін бітпеді, еңсеңді түсірме, ертең де күн бар», - деді Дима мұны жұбатып.

Олег желке тұсын қасып, біраз үнсіз тұрды да: «Дима, біздің бұл әрекетіміз дұрыс емес. Өткен іс өтті. Кісі қанын мойнымызға жүктемейік!», — деді. Дима мұның бетіне бақшия қарап тұрды да: «Жасықсың! Еркек бірсөзді болуы керек! Кемпірден кегіңді ала алмасаң, несіне жер басып жүрсің?!», — деді. Олег серігінен мұндай сөз күтпеді. Дем арасында не айтарын білмей абдырап қалды.

Мен ертеңімізді ойлап тұрмын. Оның үстіне шешемнің аруағы тыныш жатсын деп...

Өлген адам өлді... Ал сен аруақ деп былжырайсың. Ендеше өзімнің және сенің кегіңді мен-ақ алайын!..

Олег досының мына сөзіне шамданып, алқымына жармасып еді, Диманың қарулы қолдары оны қағып тастады.

Кетші әрі! Сендей адамның жанында жүрмек түгілі, бетіне де қарағым келмейді.

Дима ашулы күйі қараңғы қуысқа қарай сүңгіп, көзден таса болды. Олег басы салбырап үйіне келіп, төсегіне жатты.

***

Олег қорқынышты түс көрді. Түсінде бір сұлу қыз мұнан жанұшыра көмек сұрайды. Қыз қолында өзінің сабы былғары қоңыр пышағы тұр. Пышақ қанға боялған. Қыздың басынан аққан қан мұның бетін жуып кетті. Ол бастырылып қалыпты. Ұйыған аяқ-қолын уқалап отырып, есіне пышағы түсті. Үйді он ақтарса да таппады. Жүрек тұсы сыздады. Пышақ сол түні Валяның ауласында түсіп қалмаса игі...

Тысқа шыққанда Валяның үйінің алдында жиылған жұртты көріп, дегбірі қашты. Жылаған, күңіренген дауыс мұның жүрегін одан бетер сыздата түсті. Бір шикіліктің болғанын сезді. Жалма-жан Диманың үйіне келді. Есік алдында әкесі Николай жүр екен. Есен-саулықтан соң жөн сұрасты.

Естімеген екенсің ғой. Валяның жиенін біреулер айуандықпен өлтіріп кетіпті. Олар, сірә, адам емес шығар. Бойында мейірімі бар адам кісі қанын төкпес еді ғой.

Николай ауыр күрсінді. Ал Олег мелшиіп тұрып қалды.

Түрің бұзылып кетті ғой. Жүр, үйге кір, шай ішейік.

Дима... Дима қайда, әкей?

Сол жүгірмектің қайда екенін кім білсін? Бүгін үйге қонбапты ғой...

Олег  ауладан жүгіре шықты. Бұл кезде ауылға полиция қызметкерлері жиналған еді. Олар тергеу жұмысына кіріскен. Олег үйіне келіп, жол сөмкесіне киімдері мен құжаттарын салып, енді тысқа шықпақ болғанда, полицейлер сау ете қалды...

***

Олегпен ренжіскен Дима үйіне  қайтпай, Нинаның жолын тосты. Әлгінде қыздың әжесіне: «Бүгін қалаға кетуім керек. Сәлден соң автобусқа мінемін ғой» деген сөзін есіне алып, кемпірден кекті басқаша алуды көздеді. Ол ел тәтті ұйқыда жатқанда аялдамаға қарай аяқ басқан Нинаның ізінен ерді. Қыз қоқыс салынған контейнерге жеткен шақта жүрісін жеделдетіп,  тарпа бас салды. Пышағын көрсете қорқытып, тамағынан сығымдай буындырды. Қарулы қолға шамасы келмеген қыз талықсып кетті. Қаңбақтай салмағы жоқ қызды арқасына салған Дима ауыл сыртындағы иесіз ескі үйлердің біріне әкеліп, әуреледі. Құмарын басқаннан кейін қыздың жалынғанына, жылап, жалбарынғанына қарамай, басын құбылаға бұрып, Олегтен алған сабы былғары қоңыр пышақпен тамағынан орып жіберді. Пышақтағы қанды Олегтен алған қоңыр көйлекке сүртіп, тазалап, қыздың бас-сирағын кесіп, сол қоңыр жемпірге орады. Қыз денесін үй іргесіне көміп, жемпірге оралған бас-сирақты Валя кемпірдің есігінің алдына қойып кете барды.

«Ағамның, анамның кегін алдым! Ал кінәсін байғұс Олег көтереді. Әкесіз өскен жасық неме мен қолды қылған қара сиыр үшін де жабылған жаланы мойнына алып, жазасын өтеп келді емес пе?», - деді мысқылдай күліп. Содан соң таза ауада біраз тынығып, қалаға қарай жол тартты.

***

Валя әдеттегіден ерте оянды. Жүрегі аузына тығылып, өзін жайсыз сезінді. Қара телефонның тұтқасын құлағына жабыстырып, жан-жақтағы балалары мен туыстарының амандығын білді. Сонда да жүрегі құрғыр тыншымады. Нинаның үйіне бармағанына алаңдап, байыз тауып отыра алмады. Далаға шығып, таза ауада сергуді жөн санады.

Таяғына сүйеніп, тысқа шыққаны сол еді баспалдақ үстінен матаға оралған түйіншекті көрді. Жақында ғана асыраған күшігі ыр-ыр етіп, әлгі затты тартқыштап әлек. Алдымен күшігі әкелген шығар деп ойлады. Бірақ мұндай ауқымды затты күшіктің баспалдақ арқылы үй алдына алып келуі ақылға қонымсыз. Валя таңданған күйі түйіншектің жанына келді. Бәлкім кеше біреу ұмытып кетті ме екен? Ол кешегі күнді еске түсірді. Бірақ үйге сырттан бөгде адам келмеген. Түйіншек затты қолына алғанда матаның сырты қан екенін сезді. Бойын үрей биледі. Басы солқылдап, жүрегі аузына тығылды. Қанға боялған түйіншекті ашып қалғанда жиен қызының басын көріп, мелшиіп отырып қалды. Кемпір сол отырған күйі жиенінің басын құшақтап,  о дүниеге аттанды.

Күшік шәуілдей берді, шәуілдей берді...

***

Тергеуге дейінгі анықтаушы тарап сабы былғары қоңыр пышақтың және қоңыр көйлектің иесін қамауға алып, істі тергеушіге тапсырды. Қанша сауалдың астына алғанымен Олегтің жауабы — «Валядан кегімді алғым келгені рас. Алайда анамның аманатына қиянат жасай алмадым. Қыз қанын төккен мен емес!» болды. Күдіктінің көзінде ауыр мұң бар еді. Ол әр сауалға жауап берген сайын заң қызметкерлеріне жаутаңдай қарап: «Қылмысты жасаған адам табылса екен, байғұс қызға обал болды», - дей берді. Ал оңашада өз-өзінен күбірлеп:  «Апыр-ай, бұл қалай болғаны?! Қара сиырдың қанын мойныма алғаныммен, Нинаның кінәсін қалай көтерем? Кешір, ана!» дей берді күбірлеп. Қызмет саласында 20 жылға жуық тәжірибесі бар, білімді, көзі қырағы тергеуші Жолдас Искаков осыны аңдай білді. Ол істі тергеу барысында Олегтен кімдермен араласатындығын және соңғы рет кіммен кездескенін сұрады.

Олег ауылда Димамен ерекше араласатындығын, онымен стақандас екендігін және Валядан бірігіп өш алмақшы болғандығын айтты. «Диманың бұл іске қатысы бар дей алмаймын. Өйткені ол Нинаға ғашық. Ал ғашық адам мұндай айуандыққа жол бермес болар?», - деп досына шаң жуытқысы келмеді. Олегтің жауабынан-ақ заң мамандары оның ішкі тазалығы мен адалдығын аңғарды. Істі тергеу барысында күдікті ретінде қолға түскен Олегтің жазықсыз екенін білген тергеуші Искаков: «Мына жас жігіт Олегтің тағдыры қыл үстінде тұр. Істі қайта тексергеніміз абзал. Димадан жауап алуымыз керек», - деді. Искаковтың сөзін тергеуге дейінгі анықтаушы тарап та құптады. Осылайша  қылмыстық іздестіру тобының мамандары Диманың ізін кесу керек деп шешті.

***

Нина мен Валя әжейдің мүрдесі жер қойнына тапсырылған күні ауылда ауа райы да күрт өзгеріп, арты қалың жауынға айналды. Табиғат ана да қандықол қарақшының әрекетіне налығандай...

Қанды оқиғадан кейін ауыл тұрғындары көпке дейін үрейден арыла алмады. Аядай ауылдың тыныштығы бұзылып, жантүршігерлік оқиғаның болуы кім-кімді де алаңдатпай қоймады. Бірі Олегті қанішер деді, бірі Валяның қателігі десті. Ал Никита ұлы Диманың үйіне қонбай жүргеніне алаңдады. Ұлы Олегпен араласатындықтан көңілін жайсыздық басты. Жан сырын кімге айтарын білмей сары уайымға салынды. Ал Дима қалада достарымен бас қосып, өзінің істеген қылмысын өзгенің мойнына ілгеніне риза болып жүрді. «Бұл жеңісті атап өту керек» деген ұйғарымға келіп, достарымен тойлауға кірісті.

Мен бүгін өзіме екінші рет риза болып отырмын, - деп сөз бастады Дима.

Достары елең етісті. Ащы су бойға жайылып, қызғындап алған Дима достарына ішіндегі сырын жайып салды. «Ауылда Олег деген жігіт бар. Аты еркек болғанымен, өзі - ез. Өзін-өзі қорғай алмайды», - деп әңгімесін бастаған Дима сөз соңын: «Ол - қорқақ. Қара сиырды бауыздаған, Нинаны да өлтірген ол емес. Нағыз қанішер, міне, алдарыңызда! Мен қан ағызамын, ол жазасын өтейді», - қуанып стақан түйістіру үшін орнынан тұрды. Араққа масайғанымен, достарының арасында оның қателігін айтушылар табылды. «Сенікі еркектікке жатпайды! Жазаңды мойында», - деді бірі.«Сатқын, арамзасың!» Енді енді бір досы осылай қаралады. «Біз кіммен жолдас болып жүрміз, нағыз қанішер екенсің», - деді қалғандары.

Ешкімнен артық сөз естіп көрмеген Димаға бұл ауыр тиді. Ол қарсы алдындағы досына тарпа бас салып, ұрмақшы болғанда өзгелері қарап қалмады. Әділетсіздікке шыдай алмаған стақандастары Диманы аяусыз тепкінің астына алды. Далаға сүйреп алып шығып, кафе жанындағы қоқыс салынған контейнердің жанына тастап кетті...

...Дима таң ата есін жиды. Денесін көтере алмай, ыңырсып біраз жатты. Полицияның қолына түсіп қалмас үшін сүйретіле орнынан тұрып, әпкесінің үйіне жетіп алуға тырысты. Алайда жедел қылмыстық іздестіру тобы оны қолға түсірді.

***

Искаковтың алдына келген Дима Нинаның өліміне еш қатысы жоқ екенін айтып жалтарды. «Пышақ пен киім Олегтікі болса, менің бұл іске қатысым қанша?», - деп сауал қойды тергеушіге. Ал Олег екеуінің достығы туралы сұраққа: «Мен Олегпен мүлдем араласқан емеспін. Жасы үлкен болған соң аға ретінде сыйлаймын. Ал мына оқиғадан соң оны сыйлағым да келмейді», - деп ашуланған сыңай танытты. Алайда 20 жыл бойы талай істің бетін ашқан тергеуші Диманың да қылмысын мойындатты. Қыздың мүрдесін сараптамаға жіберген кездегі алған анықтаманың жауабын, пышақтағы қолтаңбаның Димаға сәйкес келетіндігін дәлелдеп берді.

Іс жан-жақты зерттеліп, күдікті қылмысын мойындағаннан кейін сот отырысы өтті. Олегтің жазықсыз екенін білгенде Валяның отбасы тұрмақ, ауыл адамдары жағаларын ұстады. Сот үкімі бойынша Дима 25 жылға бас бостандығынан айырылды.

***

Олег бостандық алып, туған үйіне оралғаннан кейін өзін кең дүниенің қожайынындай сезінді. Алдымен анасының, Сергей ағасы мен Валяның, Нинаның бейітінің басына барып, гүл шоқтарын қойып, кешірім сұрады. Ал үйіне қайтар жолда қыр басына шықты. Күн сәулесі қырдан төмен түсіп, ұясына батып барады екен. Бұған күлімдей қарап, қоштасқандай. Ол екі қолын жоғары көтеріп, «Мен қанішер емеспін!», - деп бар даусымен айқай салды. Мұның даусын Табиғат-Ана анық естіді...

Айгүл Жұбаныш

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5303