Сенбі, 23 Қараша 2024
4348 1 пікір 13 Қараша, 2019 сағат 11:27

Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовты еске алу шеруі өтті

Жамбыл облысы Полиция департаментінде полиция капитаны, Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовты қаза болғалы 8-ші жыл салтанатты түрде еске алу шеруі өтті.

Еске алу іс-шарасына облыстық Полиция департаменті басшылығы және жеке құрамы, Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев, ішкі істер органдары ардагерлері мен батырдың туған-туыстары және Төле би атындағы №8 мектеп-гимназиясының кадеттік сынып оқушылары қатысты.

Салтанатты гүл қою рәсімінен кейін сөз алған Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Арман Оразалиев:

- Ел бейбітшілігі мен қауіпсіздігі жолында қаза болған әрбір полиция қызметкері Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары тарихында ерекше құрметпен сақтаулы. Олардың ішінде  террористі құрықтау кезінде өз кеудесін оққа тосып, көзсіз ерлік көрсеткен  полиция капитаны Ғазиз Байтасов есімі айрықша орын алады.

Бүгінгі күні ІІМ-нің барлық құрылымдық бөлімдерінде Ғ.Байтасов ерлігіне арналған бұрыш қойылған. Оның жанқиярлығы кейінгі ұрпаққа, ішкі істер органдарына жаңа аяқ басқан әрбір қызметкерге, әріптестеріне мәңгілік үлгі-өнеге болып қала бермек.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың сәуір айында Тараз қаласындағы батырдың есімі берілген көшеде мемориалдық тақта орнатылды. Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастамасымен және Ғ.Байтасов білім алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығының қолдауымен Заң факультетінің аудиториясына есімі берілді. Бүгінде аталған жоғары оқу орнында батырдың ұлы Арманжан білім алуда. – деп атап өтті.

Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың  жары  Гүлжамал Тажиева жиналғандарға бейбітшілік пен тыныштық, ал полиция қызметкерлеріне – қызметтерінде абыройлы болып ,аман  болуға тілектестігін білдірді.

Шара барысында сөз алған Облыстық ішкі істер органдары ардагерлер  кеңесінің және Ұлттық Ұлан төрағасы, отставкадағы полковник Тұрдалы Шералин өз сөзінде алдағы күндері ҚР ІІМ-нің ғимараты алдында Даңқ Аллеясы ашылатынын және сол жерде Ұлы Отан Соғысы батырларымен қатар Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың бюсті де қойылатынын баяндады.

Іс-шара соңында Полиция академиясының  жас мүшелері салтанатты түрде ант қабылдап, Департамент  бастығының қолынан куәліктерін алуы да ерекше маңызды болды. Олар да алдағы уақытта ержүрек полицейлердің лайықты ізбасарлары болып,  барлық жамбылдық полицейлердің даңқты дәстүрлерін жалғастыратын болады деп сеніммен айтуға болады.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5496