Тарихи фотосуреттегі қыз - Анар Рахымжанова
«Төмендегі тарихи фотосуреттегі қыз табылыпты, тірі екен» деген сүйінші хабарды естігенде жүрегім елжіреп кетті. Сол кездегі бойжеткен Анар Рахымжанова екенін естідім.
«Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» дегендей, сол сәтте Үржар ауданындағы бір танысым: «Мынау менің құдашам» деп қалды. Оған кенеше жабысып жүріп, қайсар қыздың телефон нөміріне қол жеткіздім. Жүрегімді толқытқан жан өзіміздің шырайлы Шығыстың қызы, жерлесім болып шықты.
Қазіргі күні Анар Рахымжанова ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты ана, аяулы жар. Сол кездегі солақай жүйенің салдарынан талай арманына балта шабылса да сағы сынбаған.
«Мұғалім болып, бала тәрбиелеу арманым еді. Желтоқсанға қатысқаным үшін мені жоғары оқу орнына бес жыл көлемінде жолай алмайтындай етіп шешім шығарған болатын. Сағымды бір рет сындырғаннан кейін ары қарай ниетім де болмады. Бастысы халқымның кәдесіне жарасам болды» - деген сөздерінен оның бойынан қазақы қарапайымдылығы аңғарылып тұрды.
Қалай десек те, қазақ қыздарының бойында әйел баласына тән нәзіктікпен қатар жаудың мысын басатын қайсарлық та бар. Әрине, бұл қасиет, әсіресе ұлттық тәрбиемен сусындап өскен ауылдың қыздарынан аңғарылып тұрады.
Осы күнге дейін тарихи сурет ерлігі мен өрлігін дәлелдеп келе жатса да, тәуелсіз мемлекетінен еш марапат көрмеген (тіпті, дәметпеген) алтын жүректі апайымызға қарапайым халықтың атынан алғыс айтуға рұқсат етіңіздер!
Кенжегүл Тергембаеваның әлеуметтік желідегі парақшасынан
Abai.kz