Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3367 0 пікір 25 Тамыз, 2011 сағат 11:18

Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫ. Ұлтымызды қорлап жатқанда құзырлы орындар неге үнсіз?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Қазақтың қасиетті жерінде келісті ғұмыр кешіп жатса да, үй ішінен үй тігіп қана қоймай, Қазақстанның елдігіне, мәдениеті мен тіліне күмәнмен қарайтын ұйымдар аз емес. Тәуелсіздігіне 20 жыл болған дербес ел мемлекеттік тілін өркендетуге бет бұра бастаса, төбе шашы тік тұрып, байбалам салатын «ЛАД» славян қозғалысы Еуропа елдерінің бірінде қызмет етсе, баяғыда-ақ «сепаратистік қозғалыс» аталатын еді. Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы мен тіл туралы жаңа заңның жобасына қатысты қазақ тілінің қолдану аясының кеңеюіне ашықтан-ашық қарсы шыққан бұл ұйымға жақында Ресей социологі Максим Акимов «Орыстар, ояныңдар!» деп хат жазып, отқа май құя түсті.

Шын мәнінде ел бірлігін ойлайтын болса, шындыққа жанаспайтын, ұлт араз­дығын қоз­ды­ра­тын шикі зерттеуді «қа­нын сор­ға­латып» біздің елдегі орыс қауымы өздерінің www.russianskz.info сайтына жариялайтын ба еді?!

Жолданған хаттан орыс ұлтшыл­дығының иісі мүңкиді. Ұлан-ғайыр жері бар бейбіт жатқан көрші елге келіп килігеді. Әлгі ғалым­сымақ өзге мемлекет­тің ішкі ісіне араласып, тұ­рақсыздыққа әке­летін әрекетке барғаны бір бөлек, Ұлы қа­зақ халқының кәрі тари­хына қиянат жа­саған. Құр сөзден қуырдақ қуыр­ған са­баз­дың хатынан үзінді келтіре оты­­райық.

«Қазақстанда қазақтар «бірінші ұлт», яғ­ни негізгі мемлекетқұраушы ұлт, ал орыс­тар сырттан келуші деп жария­ланғаны - ғылымға қайшы келетін өтірік дү­ниелер... Бұл жерлерге орыстар кел­генше ештеңе бол­маған. Болса қазіргі Қазақстанның оңтүстік өңір­лерінде бірді-екілі ауылдар болған шы­ғар, алайда ешқандай қала да, өркениет те болмаған. Ресейдің ішкі губернияларынан кел­­ген орыстар (славяндар) алғашқы тұр­ғын­­­дары болды. Міне, солар аталған жер­лер­­дің нағыз түпкілікті әрі жергілікті халқы са­налады».

Өзін социолог деп таныстырған ғалым осы бір хаты арқылы арғы тарихынан да, бергі жылнамалардан да мақрұм екенін көрсетіп отыр. Арғы тарихымыздағы Алтын Орда, түркілердің империясы болғаны туралы тіс жармайды. Бергісі үш жүздің басын қосып, қазақты Ұлы мемлекетке ай­налдырған ұлт көсемі Абылайдың ерлігі мен ғасырлық саясатын жоққа шығарады. Көкше жерінде хан ордасының тігілгенін және сол өңірдегі солтүстік қазақтарының сақалды көпестерге мұрнын шүйіре мен­сінбей сауда жасағанын ұмытса керек. Жуырда www.namys.kz сайтына «Отарлау: деректер мен дәйектер» атты мақала жарияланған еді. Сайт материалындағы мына материалдар Акимовке жауап деп ойлаймыз.

Г.Д.СОКОЛ, американ тарихшысы:

- Шындыққа жүгінсек, орыстар азиялық көшпелілерге (қазақтарға) мәдениет үлгісін беруге жарамсыз халық болатын. Ресейдің үстем тап өкілдеріне жұққан батыс мәдениетінің мөлшері «пышақтың қырындай» ғана еді. Ал қалған бұқарасы мәдени дәре­жесі жағынан азиялық тұрғын­дардан онша жоғары емес. Ресей көрші халық­тарды отарлағанымен, оларға ағыл­шындар сияқты рухани һәм мәдени ықпал әкелген жоқ.

Л.ПАРК, Колумбия университетінің профессоры:

- Кеңес өкіметінің алғашқы жыл­дарынан-ақ мұсылман халықтары саяси дискриминацияға ұшырады. Кеңес өкіметі олардың жері мен малын тәр­кілеп, жаңадан қоныстануға келген ор­ыстарға бөліп берді. Жетісу жерінде қа­зақтарды түгелдей ауылшаруашылық жұмысына жұмылдыру деген желеумен құлдық тәртіп орнатылды. Шын мә­нін­де, қазақтарды орыс шаруаларына ба­ғынышты етті. Қашқандарды өлім жазасына кесті.

Әлеуметтану ғылымында этникааралық қатынастардан диссертация қорғаған Максим Акимов өз сөзінде былай дейді:

«ҚазССР мен қазіргі Қазақстанның негізін тек қана орыстар қалады. Егер орыстар қалалар салмағанда, жаңа технологиялар әкелмегенде, шаруашылық пен өндіріс ошақтарын салмағанда қазақтардың тағ­дыры қазіргі Моңғолия, Қытай, Пәкістан мен Ауғанстан халқының өміріндей болар еді... Басы ашық даулы мәселе болса да, қазіргі Қазақстанның территориясы - бұл «байырғы қазақ жері» деп жарияланды!.. Ресейде Ломоносов пен Менделеевтер болғанда, қазақтар көшпелілер деңгейінде мал бағып жүрген. Орыс халқы интеллектуалды күші мен барлық мүмкіндіктерін салып, мәдениет пен елдікті қалыптас­тырды...»

Бұл - енді көпе-көрінеу айтыла салған сөз. Ұлтты ашықтан-ашық қорлау деп түсінген жөн. Әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің кіндік қаны тамған жерде өркениет болмады дегенге көр соқыр, тас керең болмаса, ешкім сене қоймас. «Оң­түстікте бірді-екілі қоныс-қорымдар ғана болған шығар» деген әлеуметтанушы ұлы түркілердің қасиетті орталығы Түркіс­танның 2000 жылдан астам тарихы бар екенін белмейтін болса керек. XII ғасырдың өзінде әлем бойынша Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орын алатын бай кітапханасы болған Отырарда өркениет болмады дегенге кім сенеді?! Әл-Фараби, Аббас Жаухари, Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Ясауи орыс мәдениеті арқылы адам болған ба? Жергілікті орыстардың қол­тығына су бүркуді ғана мақсат еткен хат жазушы бергідегі Қасым хан салған қасқа жолдан да хабарсыз екенін көрсетті. Акимов Қасым хан кезіндегі қазақ жерінің оңтүстігі - Ташкентке, батысы Астраханьға дейін созылғанын, сол кездегі 1 млн ғана халқы бар Қазақ елімен бірінші болып Мәскеу мемлекетінің дипломатиялық қатынас орнатқаны жазылған тарихты қайта оқып шығуы керек. Сол кездің өзінде мүлік заңы, қылмыстық заңы, әскери заңы мен елшілік дәстүрлері болған елді өр­кениетсіз, шекарасыз болды деп айтуы - барып тұрған қаскөйлік. Қасым ханның ке­зінде қазақ жері Түркістан (Оңтүстік Қа­зақстан), Жетісу (Жетісу өңірі), Сарайшық (Батыс Қазақстан) Ұлытау (Ор­талық, Сол­түстік және Шығыс Қазақстан) әкімшілік-территориялық уәлаяттарына бөлінді.

Еліміздегі бірқатар ақпарат құралдары еліміздің Сыртқы істер министрлігі Максим Акимовтің заң алдында жауап беруін талап ету туралы бастама көтеріп отыр. Бұл - өте құптарлық бастама. Мұндай арандатушы­лық әрекеттер бір емес, бірнеше рет қай­таланып отыр. Осындай сәтте құзырлы ор­гандар неге үнсіз?

Осы ретте алдағы аптада іргелі мем­­лекетіміздің бірлігі мен тұтасты­ғына кепіл болып отырғанына 16 жыл толатын Кон­ституциямыздың қажетті баптарын келтіре кетпекпіз:

ҚР Конституциясы II бөлім, Адам және азамат. 20-бап, 3-тармақ:

Республиканың конституциялық құры­лысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлт­тық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихат­тауға немесе үгiттеуге жол берiлмейдi.

ҚР Конституциясы II бөлім, Адам және азамат. 39-бап, 2-тармақ:

Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.

Ресей жақтан бұған дейін де бірқатар мәселелер айтылып қалған еді. Естеріңізде болса, ҚазСАТ-1-дің жырынан кейін «Қаз­САТ-3», «ҚазСАТ-4-ті» франциялық мамандармен бірлесіп жасаймыз» деген Талғат Мұсабаевтың пікірінен кейін іле-шала «Біртұтас Ресей» партиясының Мемлекеттік Думасындағы мүшесі Михаил Ненашев мәлімдеме жасап, қазақтың дер­бес ғарыш саясатына қарсы шыққан еді. Демек, ресейлік кейбіреулер біздің бар­лық салада жеке іс жүргізуімізді құп­тамай­ды. Өзге елдің ішкі саясатына араласып, Ресейдің бірқатар мемлекетпен араздасуына құш­тар болып отырған сая­саткер­сы­мақтардың көздегені не?

Түйін

Жалпы, Ресей ұлтшылдығы туралы аз жазылып жатқан жоқ. Қазақтың ақпарат құралдары скинхидтердің әрекеттерін мемлекет деңгейіне дейін көтерді. Азиялық келбеті бар кез келген адамның соққыға жығылып, тапа тал түсте Мәскеу көшесінде қан жоса болып жататыны айтылып та, жазылып та жүр. Біз ғана емес, сонау Еуропадағы газеттер де осы тақырыпты айналып өтпеді.

Жақында Испанияның El Mundo газеті Ресейдің ішкі ахуалына тоқтала келіп, қарапайым футболшылардың өзі нәсіліне бола таяқ жеп жатқанын тәптіштеп тұрып баяндады. Италияның La Stampa газеті 2005-2006 жылдар аралығында 45 шетелдік орыс жерінде азапталып өлтірілгені туралы деректер ұсынды. Асқынған орыс ұлтшылдығы көршілес жас мемлекеттерді ғана емес, ғаламды да алаңдатып отыр деген сөз.

«Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5314