Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4254 0 пікір 27 Тамыз, 2011 сағат 10:23

Ақтан Төкіш. Мәңгүртстан (жалғасы)

Шынымды айтар болсам, туған үйіңдей болып етің үйренген колонияны тастап кету қиын нәрсе екен. Өз арамызда біз оны «қыстау» деп атайтынбыз (шынына келгенде оны песхана деген дұрыс). Олай деп атағандағы ойымыз   -   бір күні жаз жайлауға көшерміз деген үмітіміз болғандықтан. Жалғыз мен ғана көшіп жатырмын. Бұл «қыстауды» тастап бара жатқан жалғыз мен емес. Көпшілігіміздің мұндай кезде білгіміз келетін нәрсесі  -  бізден бұрын босанғандар бұрынғы өмірге қалай орналасты екен? Қалай және қайда өмір сүріп жатыр? Бұрынғы таныстарынан кімді тапты? Сұрақтарымыздың жауабы жоқ  еді. Енді мен сол «қайта оралғандардың» тағдырын білсем деп ойлаймын. Осы белгісіздік мені қорқыта бастады. Мені ана  ЖАҚТА не күтіп тұр? Ол  ЖАҚТА бәрімізді не тосып тұр?

II

Шынымды айтар болсам, туған үйіңдей болып етің үйренген колонияны тастап кету қиын нәрсе екен. Өз арамызда біз оны «қыстау» деп атайтынбыз (шынына келгенде оны песхана деген дұрыс). Олай деп атағандағы ойымыз   -   бір күні жаз жайлауға көшерміз деген үмітіміз болғандықтан. Жалғыз мен ғана көшіп жатырмын. Бұл «қыстауды» тастап бара жатқан жалғыз мен емес. Көпшілігіміздің мұндай кезде білгіміз келетін нәрсесі  -  бізден бұрын босанғандар бұрынғы өмірге қалай орналасты екен? Қалай және қайда өмір сүріп жатыр? Бұрынғы таныстарынан кімді тапты? Сұрақтарымыздың жауабы жоқ  еді. Енді мен сол «қайта оралғандардың» тағдырын білсем деп ойлаймын. Осы белгісіздік мені қорқыта бастады. Мені ана  ЖАҚТА не күтіп тұр? Ол  ЖАҚТА бәрімізді не тосып тұр?

II

Босанар алдында менімен арнайы түсіндіру жүргізілді. Мақсаты  -  маған жаңа өмірге бейімделуге көмектесу болса керек. Тиісті құжаттарымды алдым: жаңа үлгідегі төлқұжат, ол өзі компьютерлік минидискіге ұқсайды. Түсінгенім  -  оның ішінде мен жайлы барлық деректер бар, саусақтарымның таңбасынан бастап көз қарашығымның барлық сипаттамалық деректері берілген. Берілген қоныс куәлігі бойынша Астананың маңында тұруға тиіс екенмін. Сонымен біргеи банкілік карточка берді, карточка арқылы зейнеткер есебінде маған мемлекет белгілі бір сомада ақша аударып тұрады. Бұл ақша маған ең қажетті  деген нәрселерге жетеді: «old people-hause» атты баспанаға, үш рет тамақ, дәрігерлік қызмет, киім-кешек, көлікпен жүру билеті, жылына бір рет ел аймағында бару-келу жол қаражаты. Инструктордың тағы бір айтқаны, елімізде зейнеткерлер жақсы өмір сүреді, себебі мемлекет оларды өз қамқорына алған, балалары да көмектеседі. Сондықтан да олар ел аумағында көп қыдыруына, тіпті жеке үй сатып алуына да болады екен.

Міне, осы жерде инструктор маған менің отбасым жайлы айтып берді. Қызымның 15 жасар ұлы мен 12 жаста қызы бар екен. Ұлдарымның үлкенінің екі қызы, кіші ұлымның 2 ұлы бар көрінеді. Мен үшін ең жақсы жаңалық осы болды. Қалған жаңалықтары онша маңызды емес. Колонияда жатқан кезімде балаларымның жас шамасын есептеп, немерелерім бар шығар, оларды да көретін күн туар деп армандайтынмын. Енді сол арманыма жетіп отырмын. Өз бақытыма өзім сенер емеспін. Менің бір түсінбегенім,   «old people-hause, қарттар үйі» деген немене?  Нұсқаушының түсіндіруі бойынша, бұл өзі қарияларға барлық  жағдай жасалған үйлер көрінеді. Асханасы, арнайы бөлмелері, тұрушыларға барлық жағдайлар жасалған. Мұндай үйлер барлық қалаларда бар, сондықтан мен қайда барсам да, үймен қамтамасыз етіледі екенмін. Бұл жаңалық маған ұнаған жоқ, мен өз балаларыма барып солардың қолында тұрамын дедім. Бірақ нұсқаушы маған кәмелетке жетпеген отбасылық үйлерде тұруға болмайды деді. Балаларымның үшеуінде  де кәмелетке жетпеген немерелерім бар, сондықтан мен олардың үйіне күндіз және кешкі уақыттарда ғана бола алады екенмін. Бұл не сандырақ?! Сонда мен өз балаларыммен бірге тұра алмаймын ба?!

Нұсқаушының тағы бір айтқаны, орналасып алған соң және әлеуметтік қамқор жасау орындарына тіркеліп болған соң істейтін бірінші ісім  -   қызымның үйіне бару (балаларым солай шешіпті), сосын ұлыма баруым керек, онан кейін қайда барсам да өз еркім. Егер мен басқа ордаға барғым келсе (облыстар осылай аталатын болыпты), онда виза алуға тиіс екенмін. Орданың шекарасынан өткен кезде банкілік карточкам автоматты түрде сол орданың валютасына айналады. Қалайша әр облыстың өз ақшасы болады деп таңданған сұрағыма  «біртіндеп үйренесің, олд пипл хауздағы қарттар көмектеседі деген жауап алдым.

Қызыма баратын жол билетімді нұсқаушы сол жерде қолыма берді, сүйтті де баратын жерге апаратын автобусқа мінуімді өтінді. Билетке қарасам, баратын жерім Қостанай, қызым ешқайда көшпепті.

Көп ұзамай көлігіміз жолға шықты. Жылдар бойы тек аяғыммен жүрген мен бейбаққа микроавтобусқа мінудің өзі бір ерекше нәрсе. Көптеген нәрселерге жаңадан үйренуге тура келеді. Нұсқаушының түсіндіргендерінің ешқайсысы маған ештеңені айқындаған жоқ, жол бойы жүздеген сұрақтар миыма кіріп-шығып жатыр. Не боларын алдағы уақыт көрсетер.

Маған ең алдымен көз құмарымды тойдырып алуым қажет. Терезе сыртындағы табиғат көрінісіне тояр емеспін. Жылдар бойы көргенім тек төрт қабырға, темір шарбақ, тікенек сымды қоршау мен бетон шаңырақ. Енді, міне - бостандық туды. Көзімді алысқа, қиырға тастап, ой мен толғанысқа беріліп келемін, естелік пен қиял, арман бәрі қабаттасып жатыр. Менің ой, толғаныстарыма қиыр дала өзінің шексіздігімен, байсалдылығымен және үнсіз бейтараптығымен  жауап беріп жатқандай. «Тар етік кимеген, өмірдің кеңдігін түсінбейді» деп қазекем бекер айтпаса керек.

Сәуір айы болатын, ауада көктемнің исі мүңкіп тұр. Жаттанды сөз деңіздер мейлі, әрбір жұтым ауаны кеудеме тартқан сайын көктем менің тұла бойыма еніп жатқандай сезінемін. Кең дала ұялған секілденіп, беті жасыл тартып, жайбарақат әдемілене бастағандай көркем көрініп барады. Даланың мұндай күтпеген жерден сұлу қыздай көрікті тартқанын бірінші рет көруім. Жан-жағындағы өзгерістерді түсінбейтін пәк мінезді қылығымен, сұлулығымен, толысып жарасқан бой бітімімен жұртты таңдандырған бойжеткен сұлуға ұқсап кетті. Бір кездерде мен көрген кең шексіз, қар басқан, тіршілік белгісі жоқ ұланғайыр кеңістік бір сәтте жарқыраған жұмсақ шуағымен, кең аспанның астындағы жұмсақ көк майса кілемін қонақжайлылықпен жайып тастағандай. Бір ғана сәтте болған осы өзгерісті түсіну маған сол сәтте мүмкін емес-ті. Менің көктем айында бостандыққа шыққаным қандай жақсы болған десеңші.

Баратын жерге кешкі 5 шамасында жеттік. Үйдің кіреберісінде мені үй коменданты алдымнан шығып күн тәртібімен таныстырды. Ең маңыздысы, тамақ ішетін уақытты айтты. Тамақ ішу уақытын бұзуыма болады екен, ондай жағдайда тамақ дайындау өз мойнымда  екен. Маған барлық жағдайлары бар кішкентай екі бөлмелі пәтер бөлініпті, бөлмелерден бөлек ас дайындайтын жері бар.

«Үй»  деген нәрсе менде болмағаны қанша заман. Содан болса керек, бұл екі бөлме маған ерекше үлкен әрі әдемі болып көрінді, іші тап-таза, қажет деген дүниелердің бәрі бар: жиһаз, телевизор, телефон, көрпе-төсек, бәрімен жабдықталған ас үй. Кешкі сағат 7-е асханаға түстім. Тезірек біреумен танысып сөйлесуге асығып келемін. Әрине, өз қатарымнан болса жақсы болар еді. Ол жағынан мазасызданудың еш қажеті жоқ екен. Жас жағынан қатарлар ғана емес, колониядан босанғандар да бар екен. Кейін осы жәйттар есіме түскенде, не себептен мен сияқтыларды өз пікірлестерімен бір шаңырақтың астына жиған деген ой біраз ойлантты.

Менің «жаңа адам» екенім бірден көрініп тұрса керек, үстел басында отырған үш ер кісі қастарына шақырды. Бүгін ғана бостандыққа шыққанымды естіген олар, өздерінің жағынан маған қажетті көмек көрсетуге, білгім келетін сұрақтарға жауаптары дайын екенін айтып жатыр. Бұл кісілердің босанғанына біраз уақыт болыпты (алды екі, арты бір жыл), елдегі жағдаймен танысып үлгіріпті. Ондаған жыл бұл өмірден оқшау болған адам үшін жаңа ортаға бейімделудің қаншалықты қиын екенін түсінетін адамдар. Алдымен өздерін қысқаша таныстырған соң, маған сұрақтарыңды қоя бер деді. Сұрақтарым бірінен соң бірі жапырлай бастағанын көргенде  жаппай ішек-сілесі қатып күліп жатыр. Қасымызда жақындау үстелде отырған, себебін түсінгендер жымиып күледі. Атым Мұхтар деп таныстырған бір кісі, бүгін мен ертең бәріміз саған кезекпен Қазақстан жайлы түсіндіру әңгімесін жүргізейік, сосын ғана сенің сұрақтарыңа жауап берген дұрыс болар дегенді айтты. Маған ең бірінші  білгім келетін сұрақтарға - елде «не бар», сосын «қалай», «неге», «қайдан пайда болдыға» жауап алу. Кешкі тамақтан соң бәріміз «сұқбаттасу» бөлмесіне барып әрқайсысы бірін бірі толықтыра отырып әңгімені бастадық. Әңгімені бастау оңай емес-ті, бұл кісілер оның оңай еместігін түсінген адамдар, талай рет осындай әңгімелерді жаңадан келгендерге айтып машықтанғандар. Кейбір кездерде олар менің көзқарасыма, әңгіменің маған қалай әсер етіп жатқанына күдікті қауіппен қарағандай көз тастайды. Мүмкін арнайы жіберілген адам болармын. Қаншалықты менімен ашық әңгіме, пікір бөлісуге болатынын анықтағысы келетіндей болып көрінді маған. Олардың бұл мінезінің сырын кейінірек, әңгіме барысында аңғара бастадым. Біздің қасымыздағы журнал үстелінде шағын аптечка және бұрын дәрігер болған Андрейдің «мүмкін бүгінге осы әңгіме жетіп қалар? Жағдайыңыз қалай?» деген сұрақтарынан кейін ғана түсіндім.

Осы кеште естіген әңгіме маған ешқандай қисыны жоқ сөздер сияқты болып көрінді. Алғашында, осылар маған күліп, мені ойнатып отыр ма ( жаңа келгендермен ойнау, әзілдеу өмірде жиі кездеседі) деп қателесіп отыр екенмін, естігендерімнің бәрі ақиқатқа толы өмір шындығы екен. Қорқа бастадым. Түрлеріне қарасам, олардың өздері де әлі күнге дейін абдыраған, абыржыған, иықтарын зіл басқандай сезініп жүргендерін байқадым. Сүйтіп менің естігендерім, менің күлкіге теңеп жүргендерім бізді опық жегізетін, опат қылатын жағадайға апаруы мүмкін нәрселер екен.

III

Алғашқы таныстыру әңгімесі менің алдыма Қазақстанның картасын жайып қоюдан басталды. Оны  «Қазақстанмен қысқаша таныстыру» деген тақырыппен атаса да болады.

- Таныстыруды ұзаққа созбас үшін саған елдің жалпы сипаттамасын айтып берейін. Майда-шүйдаларды тәптіштей берсек, бұл бітпейтін әңгіме, олар сосын... -  деді Мұхтар.

Әңгімеміз бес сағатқа созылды. Тыңдап отырмын, бірақ оны естіген сайын денем тітіркеніп, олардың сөздері құлағыма күңгірлеп, ұйқы мен ояу арасындағы жағдайда отырмын. Жаңа ғана танысқан, бұрын танымайтын кісілердің маған осы айтқандары шындыққа жуыспайтын әңгімелер деген ой санамнан кетпей тұрып алды. Бірақ, өзімді өзім ұстап аяғына дейін тыңдауға көндірдім.

Бірінші білгенім, Қазақстанның жері 11 елге жалға беріліпті. Олар елге 2015 пен 2020 жылдары аралығында кірген. Бірінші болып қытайлар «кіріпті». Олар Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарын жалға алған, қазір бұл аймақ «Қытай орда» деп аталады. Осы уақыт аралығында бұл аймаққа 7 миллион қытайлықтар келіпті (нақты цифрды ешкім білмейді). Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатын жұмысшылар, саудагерлер, мекеме қызметкерлері. Айналысатын қызметтері   -    Қазақстан мен Ресейді арзан тауармен қамтамасыз ету, егістік өнімдерін Қытайға жіберіп тұрады. 20 жыл жалға берілген уақытта ресми дерек бойынша 6 миллион қытайдың баласы дүниеге келіпті.

Қазақстанға ең соңғы болып кірген Өзбекстан Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорда облыстарын жалға алған. Бұл аймақ «Өзбек орда» деп аталады. Бір ерекшелігі сол, жалға алған жерлерге өз адамдарын ең көп кіргізгендер, осы өзбектер мен қытайлар екен.Олар барлық жұмыс салаларына өздерінің топ-менеджерлерін алып келген, жұмыс істеуге қазақстандықтарды жалдайды. Жалға алған бес жыл уақыттан кейін өзбектер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласында Қытаймен бәсекеде олармен теңесіп Азия аймағының  кеңістігін тауармен толтыра бастады. Өзбектердің шығарып жатқан өнімдері бүгін қытайлықтардікінен қымбат емес, олар Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина және басқа елдерде сұранысқа ие өнімдерді өсіріп сатып жатыр. Олардың көкөністері мен жемістері бүгін Батыс Европаға да жетті, өтімді, себебі экологиялық тұрғыдан алғанда таза әрі арзан. 3 миллион көшіп келген өзбектер жергілікті  халықты ығыстыра бастады

Жапония Павлодар облысына келді. Олар уран кенін өндіруді көздеп келіп еді, енді соған қолын жеткізіп отыр. Уранға байланысты бірнеше халықаралық дау-жанжалға түскен Қазақстан әлемдік державалардың қойған шарттарын қабылдауға мәжбүр болып «таза жұмыс істейтін» жапондарды кіргізді. Бірнеше ірі жапон фирмалары электр приборларын құрастырумен айналысады, өнімдерін көрші елдерге сатады.

Маңғыстау облысында  -   Иран. Бұл келісімдер көптеген елдердің наразылығын тудырды, бірақ одан ештеңе шықпай жалға беру процесі тоқтамай, керісінше Қазақстанның жерлерін жалға беру үдей түсті.

Ресей Павлодар облысын өзіне алмақ болып Жапониямен таласта жеңіліп қалған соң, үлесіне Солтүстік Қазақстан облысы тиді, Байқоңырға қожайын болып қалды. Байқоңырды жалға берудің мерзімі 2040 жылда бітеді, енді оған иелік етуге  -  Қытай, Франция, АҚШ кезекте тұр. Кейінірек Германия Қостанай облысын, Франция  -  Атырауды, АҚШ  -  Батыс Қазақстанды алған соң Ресей  неміс, француз, американдардың тықсыруын тоқтату мақсатында Ақтөбе облысына «кірді». Сүйтіп, өзінің оңтүстік шекарасын «қауіпсіздендіріп» отыр. Ресей жалға алған жерлерге өз отандастарын шақыруды белсене жүргізіп жатыр. АҚШ Ресеймен шекаралас аймағына 3 әскери базаны орналастырды, француздар мен немістер өз жеріндегі зиянды өндіріс орындарын жалға алған жерлерге көшіріп әкелді. Енді ол аймақтың топырағы, суы, ауасы   -   барлығы уланған. Бұл жерлердің жарамсыздануы енді бірнеше ондаған жылға созылмақ. Олардың бір ғана айырмашылығы  -  корейлер мен индустармен салыстырғанда зиянды өндірісте істейтін жергілікті  жұмысшыларға еңбекақыны жақсы төлейді.

Қырғызстан Жамбыл облысын жалға алды. Олар әскери база салу құрылысына, бірнеше кішігірім аэропорттар салуға қаржы салып оларды сұраныс жасаған елдерге жалға береді. Бұл аймақта Орталық Азиядағы ең жақсы үлгіде салынған халықаралық аэропорт орналасқан. Осыдан түскен пайда мен Қазақстанға төлейтін жалдық пұлының айырмасынан түскен табыстың арқасында қырғыздар өз экономикасын әжептәуір жақсы көтеріп алды. Бірнеше жаңа кәсіпорындар ашып, ол жерлерде алғашқы бес жылда шетелдік мамандар жұмыс істеп, кейін оларды өз адамдарымен ауыстырды. Мата өнеркәсібін дамытты, түскен табысқа туризмді дамытып оны халықаралық деңгейге дейін көтерді. Құрылыс өнеркәсібі жақсы дами бастады, жұмыс қолы жетпей жатқанын байқап, арнайы мемлекеттік бағдарлама жасап шетелдегі қырғыз гастарбайтерлерін елге қайтару  жұмысын жүзеге асырды. Аз ғана халқы бар осы кішкентай ғана мемлекет өз халқының тұрмыстық деңгейін шығысевропалық  дәрежеге көтерді, білім беру мен денсаулықты қамтамасыз етудің жағдайы Орталық Азиядағы ең тәуір елге айналды.

Қарағанды облысының оңтүстігі мен солтүстігін индустар мен корейлер бөліп алды (мемлекеті емес, бізге баяғыдан таныс алпауыт компаниялар). Олар бұрын жабылып қалған ескі рудниктер мен шахталарды (Қоңырат, Саяке, Сарань, Абай, Сәтбаев, Қарсақбай мен Жезді) қайтадан ашты. Қарағанды, Жезқазған, Сарышаған, Ақтау, Мойынты, Қарқаралы, Атасу, Жарыке, Қаражал, Шет, Бектау-Ата шатқалынан жаңадан 27 кен орындарын ашты. Жерімізде қойнауы қазылмаған сау жер қалған жоқ. Еліміздің бар байлығы: көмір, түсті және қара руда, осмий, рений, мыс, алтын, күміс, уран, хром, молибден, гранит, күкірт және басқа байлықтарды жыртқыштық әдіспен сорып жатыр. Жерімізде табылмаған байлық жоқ! Бәрі де асығуда. 49 жылдық жалдық мерзімде олар барынша алып қалуға асығуда. Болжамдар бойынша олар бұл мақсатына 49 жылдан бұрын жетсе керек, себебі қор мөлшері жыл санап азаюда. Киік пен архар түгелімен құрыды. Аймақта адам өлімі көп. Бұл «бәсекеде» Абай, Сәтбаев шахталары, Балқаш атом әлектр стансасы және Балқаш мыс қорыту және цинк комбинаттары алдыңғы орындарда. Осыдан төрт жыл бұрын шахтада болған апат кезінде 537 адам өлімі орын алғаннан кейін жергілікті халық бұл жерден көше бастады. Олардың орнын түріктер мен индустар алды. Бірақ, олар біздің экологияға, жергілікті ауа райының қолайсыздығына бейімделе алмады. Амалсыздан, қайтып келер деген оймен жергілікті кеншілердің жалақысын 3 есеге көтерді. Денсаулығын көп ақшаға айырбастағандар да табылып жатыр.

-  Сонда бізге на қалды? - дедім шыдамай.

- Бұл әңгімені ертеңге қалдырсақ қайтеді? Қазір өте кеш уақыт.

- Жігіттер-ау, не деп тұрсыңдар? «Ертеңдерің» не? Мені бұлай қалдырмаңдар!

- Жарайды, абыржыма. Бәрін айтамыз, бәрін түсіндіреміз.

Сәбит үстелді қоршап отырғандарды көзімен шолып шықты да маған назарын тоқтатып:

- Қазақстан негізінен алғанда қазіргі  Ақмола облысының аймағында ғана қалған.

Ол осыны айтты да, осы айтылғандарды ой елегіңнен өткізіп түсініп ал дегендей үндемей қалды. Мен болсам, қандай ойға тоқтарымды білмей отырмын. Түк түсінбеген күйіммен картаға қараймын, ештеңе көріп тұрған жоқпын. Андрей қолымды ұстап тамырымды басқысы келгендей болды. Қолымды жұлып алып, өзіме өзім келмек болып картадағы елімнен қалған бишара аймаққа көз салдым. Көзімнен үнсіз жас шықты. Мені таңдандырған не дейсіз ғой? Олар осы ұзын кеште жалға берілген облыстарды атап өтті. Сонда мен аңсаған үміт қайда қалды, мен нені аңсадым? Ақсақалдар мені басқа жағына қаншама бұрғысы келгенімен, мен ол әңгімеге дайын болмадым.

Аяғыма тас байлағандай болып тұрдым да есікке қарай беттедім. Баратын жағымның жолын ұмытқандаймын. Мұхтар мен Сәбит мені шығарып салуға түрегелді.

-  Қатты уайымдама. Енді ештеңе істей алмайсың. Біз 20 жылға кеш қалдық. Үйренуге тура келеді, әйтпесе өмір сүре алмайсың. Қаласаң, бүгінгі түн біреуміз қасыңда болайық?

-  Жоқ, жоқ. Қажет емес. Мен жалғыз болғым келеді.  Қоштасарда Сәбит:

-  Ертең қалаға шығамыз. Жан-жағыңа көз сал, мен қасыңда боламын.

-  Жоқ, бара алмаймын. Мен оған әлі дайын емеспін.

-  Тыңдашы, мені. Сен олардың өмірін көруге тиіссің, қорықпа. Күн асқан сайын қалаға шығуың қиындап кетеді. Осы үйдің ауласынан шықпағандар бар бізде. Олар «шығуға» ұзақ дайындалып ақыр соңында шыға алмай қалғандар.

-  Сәбит, менің естігендерім сендердің айтқандарыңнан ұққаным ғана, менің оған сенбеуге құқым бар. Ал, егер сендердің айтқандарың шын болса қайтемін? Мен сенгім келмейді, сенуге қорқамын!

-  Сол себептен де сен өз қорқынышыңды жеңіп қалаға шығуға тиіссің. Нағыз өмір шындығын көріп сол өмірде тұрмыс кешу үшін, қиял-арманыңның тұтқыны болып қалмау үшін. Әрекет жасап көр, сосын қалай өмір сүресің, оны өзің шешесің. «Қалай өмір сүруді өзің шешесің». Дәл осылай айтты. Ал, біз өз болашағымызды, қалай өмір сүртінімізді өзіміз шеше аламыз ба? Біз үшін бәрі шешіліп қойылған, бірнеше болашақ ұрпақтың өмірі де шешіліп қойылған.

Таңертең ғана бақытты адам едім, бақыттымын деп қуанғаным рас па, осы? Түрмеде бекер өткен жылдарым үшін өз тағдырыма, әділетсіз сотқа барлық өкпемді, ренішімді қалдырып кетіп едім. Мен колониядан шыққанда жаңа туған адамдай сезініп шықтым, мен жаңа өмірді қабылдауға, жаңа өмір сүруге бел байлап шықтым. Неге солай ойлағанымды білмеймін, жаңа өмір мен үшін тек қана бақытты болады, енді тек жақсылық болады деп күттім. Тек қана жақсы өмір, басқаша емес.

 

Жалғыз қалған жағдайым  -   есеңгіреген күй, басым мең-зең, тұрақты бір ойға тоқтала алатын емеспін. Болған жағдайдың маған еш қатысы жоқ сияқты. Жаным да, тәнім де, сана-сезімім де жаңа пәтердің ішіндегі бөтен адамдікі сияқты. Бір өзім екі бөлменің егесімін, талай жыл бірге отырған жігіттер қасымда жоқ. Көз алдымда ондаған жылдар бір камерада жатқан әріптестерім тұр. «Камера» деген сөз камералық музыка деген сөзден шыққан деп әзілдейтін едік. Себебі бір камерада отырған төрт адам («квартет» сөзі де музыкалық термин) тату тұрдық. Айтпақшы, бүгін менің шәй дайындайтын кезегімнің келген күні. Кетер кезімде жігіттер маған: «шәй қою кезегіңнен қашып барасың» деп әзілдеп шығарып салған еді. Қазір олар не істеп жатыр екен? Рашид пен Нұрлан шахмат тақтасында шайқасып жатқан болар, ал Аман арамыздағы нағыз эрудит, колония үшін кезекті кроссвордты дайындап жатқан болар. Айтпақшы, қазір өте кеш уақыт. Олар ұйқыда болар. Кенеттен жігіттерге оралып қастарында болғым келіп кетті. Жан-жағыма қараймын, менің әмбебап пәтерім маған түрме сияқты болып көрінді. Мұндағының бәрі мен үшін бөтен, тұрмысы да, адамдары да, өзім де бөтенмін.

Керуетіме қисайдым да бүгінгі естігендерімді ой елегінен өткізе бастадым. Сонымен, енді жалға беру мәселесі 49 жылдан 75 жылға дейін деп белгіленіпті. Қазір 2035 жылда өмір сүріп жатқанымызды ескерсек, жалға берілген жылдарды қайтару процесі енді 28 жылдан кейін ғана басталады, яғни 2063 жылы басталып 2090 жылға дейін созылады. Осындайды көзге елестету мүмкін бе? Жоқ! Бұл алаяқтық істі кім жасады, қашан? Қап, соны сұрауым керек еді, енді соны ойлап ұйықтай алмайтын болдым-ау. Қандай шарттар негізінде жалға берілді? Қазақтар қалай және қайда өмір сүріп жатыр? Шынымен-ақ бәрін айдап әкеліп бір облысқа тыққаны ма? Біздің жерімізде отырып басынғандары қалай? Жоқ, жоқ, бұл жерде басқа бір гәп бар. Ақсақалдардың айтқаны өтірік! Бұл жерде бір арамзалық тірлік бар. Олар мен сияқты талай адамның миын айналдырған! Өздері айтты емес пе, бірақ неге олай айтты? Бізден не күтеді? Осындай ойларды миға сіңдіріп есімізді ауыстырғысы келетін шығар? Әдейі бізді осы үйден шықпасын деп, басқалардың көздеріне көрінбесін деп шығарғысы келмейді. Осы ойым шындыққа жуысатын сияқты. Шынында да, не болғанын білу үшін не істеу керек? Әй, алжыған кәрі шал! Тез, қос телевизорды! Сағат түнгі  3 екен, бірақ түнде де телеарналар жұмыс істей беретін болар дегенім дұрыс екен, елу шақты арналардың 20-а жуығы істеп тұр. Барлығында көңіл көтеретін бағдарламалар, фильмдер, әртүрлі музыкалар. Арналар әртүрлі тілде сөйлеп жатыр. Бір арнадан екінші арнаға ауыстырып жатқанымда бұрын естімеген бір ән айтып жатқан әншіні көрдім. Бірнеше тілдің басын қосып жаңа интернационалдық тіл ойлап тапқан ба деген ой келді. Мұндай данышпандық жаңалық тек біздің қазақтан ғана шығуы мүмкін. Бұрынғы кездерде қазақ және орыс тілдерінде сөйлеуді «қоспа» дейтұғын. Енді бұл «қоспада» үш тіл біріктіріліпті. Бұл немене? Үш тұғырлы тілдің жемісі ме? Танымал қазақ әншісі былай деп шырқап тұр:

You're маган  -   a superman,

Everything отдам for сен!

Мен  - bride-келін  жуз per cent

You're маган  -  the better Кент!

Wait me, please! Тохтановись!

Married me, өтінемін, женись!

 

Ашуланғаннан түкірдім де телевизорды сөндіріп тастадым.

 

Әйтсе де, ақсақалдар айтқан әңгіме шындық емес болар деген ой есімнен шықпай қойды. Олар маған бұл әңгімені  алжығандықтан айтып отыр, осы жерге тұруға жібергендер мені де сол шалдар сияқты алжып кетсін деп істегені  деп ойладым. Колонияда 23 жыл тұрған өмірімде арамызда 4 рет «алжып» кету жағдайы орын алды. Ондайларды арнайы аймаққа алып кететін. Бірақ, мен алжыған жоқпын ғой, ақыл-есім дұрыс. Енді бір ғана нәрсе бар: сыртқа шығып, айтылған әңгімелердің рас-өтірігін, менің қандай Қазақстанға келгенімді анықтау!

Ұйықтауға тырыстым. Түс көрдім, түсімде «қыстау»-колония. Барлығымызды түрмеден босатып жатыр екен, мәз-мейрамбыз. Түрме қақпасының сыртында туысқандарың күтіп тұр деген хабарды естіп одан да бетер қуандық. Бір жағынан, ойламаған жерден пайда болған қуаныш іштей үрейлендіріп, ол жақта күтіп тұрған кімдер екен, сыртта не болып жатыр екен деп күдіктендіреді. Бәріміз де бостандыққа шығып елімізге пайдамызды жаратамыз, бір жеріне кірпіш болып қаланамыз деген ойдамыз. Бір кезде мені қараңғы тар қапас бөлмеге алып кепті, дәл солай боларын өзім де білетін сияқтымын. Тек мені ғана қалдыратынын сезгендеймін. Жабылған темір есікке жүгіріп барып оны тарсылдатып ұрып жатырмын. Есікті жұдырығыммен ұрып, аяғыммен теуіп, басыммен де соғып жатырмын, көзімде жас...

Есіктің қатты тарсылынан оянып кеттім. Біразға дейін өзімнің қайда екеніме түсінбей, сосын барып есімді жиып есікті аштым. Мұхтар, Сәбит және Андрей үшеуі келіп тұр. Менің сау екенімді көріп қорыққан түрлері тез жадырап кетті. Таңертеңгі асқа барайық, сосын жолға шығамыз деді.

Романның басын мына жерден оқи аласыз: http://old.abai.kz/content/aktan-tokish-meng-rtstan-roman

Жалғасы бар

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322