Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2965 0 пікір 1 Қыркүйек, 2011 сағат 07:48

Серiк ҚИРАБАЕВ. ҚАСЫМ – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ АҚЫНЫ

Қасымды қазақтың ұлттық ақыны дегенде, мен басқа да қазақ ақындарының ұлттық сыпатын, халқының тарихы мен бүгiнгi өмiрiн, тiлiн, әдет-ғұрпын жырлағанын, сол қазақтың көзi, құлағы, тiлi бола бiлгенiн жоққа шығармаймын. "Халық ақыны" мен "Ұлт ақыны" дегеннiң айырмашылықтары бары рас. Белинский Ұлт ақынын биiк қойған. Ұлт ақыны сол ұлттың рухынан жаралған, елдiктi, ерлiктi, дәстүрдi жырлағанда сол рухтың күшiнен нәр алатын, жiгерленетiн, оның биiктiгiн танытатын, қысқаша айтқанда, рухтың тiлiмен сөйлейтiн ұлтжанды ақын болуы керек. Ол қазақтың өнерiн, көркем тiлiн де жасытпай рухпен тұлғаландырып, ойындағысын жасқанбай айтуға тиiс. Бүкiл халықтың, ұлтының бойына сонымен қайрат, қайсарлық дарытып, бәрiмiздiң бойымыздағы мүлгiп, қалғып жатқан рухты оятатын ақын - Ұлт ақыны. Белинский Пушкиндi "Ұлт ақыны" дегенде осыны айтқан. "Здесь русский дух, здесь Русью пахнет", - дейдi ол. Осындай ойды Пушкин өлгенде сөйлеген сөзiнде Гоголь де айтқан. "Ақынның ұлттығы тiптi ол өз ұлты емес, басқа бiр өмiрдi суреттеудiң өзiнен көрiнедi, - деген ол. - Өйткенi ол өмiрге өзiнiң ұлттық стихиясы тұрғысынан, өз халқының көзқарасымен қарайды, оны оқи отырып, отандастары одан өз ойы мен сезiмiн таба алады".

Қасымды қазақтың ұлттық ақыны дегенде, мен басқа да қазақ ақындарының ұлттық сыпатын, халқының тарихы мен бүгiнгi өмiрiн, тiлiн, әдет-ғұрпын жырлағанын, сол қазақтың көзi, құлағы, тiлi бола бiлгенiн жоққа шығармаймын. "Халық ақыны" мен "Ұлт ақыны" дегеннiң айырмашылықтары бары рас. Белинский Ұлт ақынын биiк қойған. Ұлт ақыны сол ұлттың рухынан жаралған, елдiктi, ерлiктi, дәстүрдi жырлағанда сол рухтың күшiнен нәр алатын, жiгерленетiн, оның биiктiгiн танытатын, қысқаша айтқанда, рухтың тiлiмен сөйлейтiн ұлтжанды ақын болуы керек. Ол қазақтың өнерiн, көркем тiлiн де жасытпай рухпен тұлғаландырып, ойындағысын жасқанбай айтуға тиiс. Бүкiл халықтың, ұлтының бойына сонымен қайрат, қайсарлық дарытып, бәрiмiздiң бойымыздағы мүлгiп, қалғып жатқан рухты оятатын ақын - Ұлт ақыны. Белинский Пушкиндi "Ұлт ақыны" дегенде осыны айтқан. "Здесь русский дух, здесь Русью пахнет", - дейдi ол. Осындай ойды Пушкин өлгенде сөйлеген сөзiнде Гоголь де айтқан. "Ақынның ұлттығы тiптi ол өз ұлты емес, басқа бiр өмiрдi суреттеудiң өзiнен көрiнедi, - деген ол. - Өйткенi ол өмiрге өзiнiң ұлттық стихиясы тұрғысынан, өз халқының көзқарасымен қарайды, оны оқи отырып, отандастары одан өз ойы мен сезiмiн таба алады".
Ақындықтың осындай биiк рухын бiз басқаларға қарағанда Қасым бойынан анығырақ көре алатынымыз даусыз. Алдына Мағжанды ұстап, соңынан Мұқағалиды ертiп, Қасым осы парадта оқшау келетiнiн әркiм-ақ сезiнедi, мойындайды. Бұлардың өлең-жырларынан, ең алдымен, қазақ иiсi аңқып тұратыны, қазақ жанының кең көрiнiс табуы олардың шығармашылығын ерекше орынға қояды.

Қазақстан дейтiн менiң бар елiм,
Жатыр алып жарты дүние әлемiн.
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл даланы анам жаспен суарған.
Бұл далаға жылап келiп уанғам,
Бұл даланы көрiп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман.

Қасым осыны жазғанда, Қазақстан өзiндiк оңаша отауы ғана бар, бiрақ тәуелсiз ел дәрежесiне жете алмаған республика болатын. Қасым заманынан оза сөйлеп, оның рухын көтерiп, отаудың өзiн үлкен үй дәрежесiне қойып мадақ тұтты.

Елу жылда "елiм бар" деп айта алмай,
Кетпес естен күйiнгенiң, мұңлы Абай.
"Елiм бар" деп айтатұғын туды күн,
"Елiм бар" деп шырқатайын мен бүгiн,
Қойсын ендi Қорқыт бабам сарнамай.

Асан ата, желмаяңа бер тыным,
Сен таппасаң, бiздер таптық жер тыңын.
Гүлжазира жер ұйықтан кем бе екен,
Мынау дала - бiздер өскен кең мекен,
Қызыл тулы ел Қазақстан дейтұғын.

Автономиялық құрылымнан одақтық республика дәрежесiне көтерiлiп, Ұлы Отан соғысының майдандарында Отан қорғау iсiнде, әсiресе Мәскеудi қорғауда, жанқиярлық ерлiктер жасап, елдiгiн, ерлiк дәстүрiн жаңғыртқан, ұлттық батырларды көп шығарған Қазақстанды Қасым осылай таныды.

Кең пейiлдi, кең далалы қазақпыз.
Құл емеспiз, еркiн жанбыз, азатпыз.
Қас тағдырдың қиқаңына көнбеймiз,
Ел намысын кескiлеспей бермеймiз,
Сертiң осы - азат жiгiт, азат қыз.

Қасымға осы сөздердi айтқызып отырған да ("Елiм бар деп айтатұғын туды күн", "Қас тағдырдың қиқаңына көнбеймiз, Ел намысын кескiлеспей бермеймiз") жоғарыда айтқандай, ауыр соғыс майданынан қазақтардың өз орнын табуы едi. 1941 жылдың соңғы айларында Мәскеудi қорғауда басталған ерлiгiн қазақтар бүкiл соғыс бойында жалғастыра бiлдi. Қазақтан 500-ден астам Кеңестер Одағының Батыры шықты. Олар Мәскеу түбiнде-ақ кiм екенiн көрсеттi. Панфилов басқарған қазақ дивизиясы қиын сәттерде Отанның астанасын қорғап қалды. 28-панфиловшы батырлар, Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Мәлiк Ғабдуллин, Мәншүк пен Әлия, Мартбек, тағы басқалар, Қасымша айтқанда, "Қас тағдырдың қиқаңына көнбеймiз, Ел намысын кескiлеспей бермеймiз" деп шықты.
Соғыс Қазақстан тарихына үлкен өзгерiстер кiргiздi. Ең алдымен, ол қазақтарға деген бұрынғы көзқарасты өзгерттi. Кеңес одағы басшыларының, әсiресе Сталиннiң көңiлiнде қатқан қазақтарға деген мұзды жiбiттi. Бұлай деуге бүгiн бiздiң толық хақымыз бар сияқты.
Сталин Кеңес өкiметiнiң алғашқы жылдарында-ақ қазақтармен талай рет кездескен. Алғаш ол Кеңес одағының құрамына автономиялық құрылымын сақтап кiрмек болған Алашорда өкiлдерiмен келiссөз жүргiздi. Келiсе алмай, Алашорданы таратып тынды. Екiншi рет Кеңестiк автономия құрушылармен кездестi. Олармен де тiл табыса алған жоқ. Соңғы сөздi Ленин айтуға тиiс болды. Ол Қазақстан делегациясын өзi қабылдап, олардың дегенiн жасады, шекарасын бекiтiп бердi. Сталиннiң келiсiмiн алып, Қазақстанда "кiшi октябрь" жүргiзбек болған Голощекин саясаты да күйреуге ұшырады. Оған С.Қожанов, С.Садуақасов, Ж.Мыңбаев, т.б. тiк тұрып қарсылық көрсеттi. Осыдан кейiнгi Сталиннiң қазақтарды ұлтшыл халық деп түсiнуi әбден мүмкiн. Ол 26 жыл бойына Қазақстан билiгiне өз ұлтының өкiлiн жуытқан жоқ. Қазақтарды кiм билемедi дейсiз - орыстар да, украиндықтар да, еврей де, грузин де, армян да басқарды. Соғыстың алғашқы кезеңiнде де қазақтарға деген сенiмсiздiк бой көрсеттi. Қазақтардан әскер алынбады. Дихан Әбiлевтiң "өзiмнен өзiм жүрiп жай, сыймай-ақ қойдым көшеге, соғысқалы нелер ай, арыз бердiм кеше де. Жiбер менi, военком, жiбермейсiз несiне?" деп өлең жазғаны бар. Соғыс ауырлаған кезде ғана Қазақстанда 100, 101-атқыштар дивизиялары мен 104-105-атты әскер дивизияларын құруға рұқсат етiлдi. Олар майданға 1941 жылдың аяғына таман жетiп едi. Бiрден Мәскеу түбiндегi ұрысқа араласып кеттi.
Соғыстан кейiн ғана Сталин қазақтарға жiбiдi дейтiн себебiмiз де осыдан. 1941 жылдың аяғында ерлiк жасаған Мәлiк пен Төлегенге 1943 жылы ғана "Ұлы Отан соғысының Батыры" атағы берiлдi. Содан кейiн қазақтарға деген көзқарас өзгерiп жүре бердi. 1946 жылы Қазақстан Компартиясының орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып қазақ Жұмабай Шаяхметов сайланды.
Мiне, Қасым ақынның ұлтжанды жүрегiн қозғаған, оны ұлттық мәселелердi жырлауға жiгерлендiрген жағдайлар осындай едi. Қасым да ақындық творчествосында осы ерлiктi қайталады, жаңа заманның батыр ұлдарын танып жырлады. Оның майдан жырларының өзi де қайсарлық пен ерлiкке толы сезiмдi, қазақ рухының биiктiгiн паш еттi. Сол ерлiктi ашар жаңа образдар тапты. Ұлт ақынының дауылды сөздерi таудан құлап келе жатқан сарқырамадай ағылып, төгiлiп, сол биiк рухты әйгiледi. Сол батырлардың, ер қазақтардың iшiнде Қасымның өз бейнесi де елестейдi.

Менiң бiр бар едi ерке тентек ұлым,
Өлi ме, тiрi ме, әлде сол құлыным.
Дейтiндей болдың ғой сен, Отан-ана,
Жоғалдым зым-зия боп шықпай үнiм.

Бармын мен бұл дүниеде жүрмiн тiрi,
Жоқсың де жала жабар қудың бiрi.
Түссем де отқа, суға, майыр емен
Солдаттың етiгiндей жаным сiрi.

"Елге хат" өлеңiнде Қасым осылай қазақ майдангерлерiнiң қиыншылық пен азапқа төзiмдi бейнесiн отқа да, суға да, батпаққа салса да, мыңқ етпейтiн солдаттың керзi етiгi түрiнде көредi. Дәуiр, соғыс тудырған образ. Осыдан бастап Қасым қазақ солдатының ерлiк сыпатын танытар өлеңдердi көп жазды.

Жанымды күйдiрсем де жалынға сап,
Қасқыр боп таласа да менi азап.
Туған жер топырағында тiп-тiк өскен,
Қара емен қасарысқан - мен бiр қазақ.

...Бiлмеймiн қайда жоғалттым
Сескену, қорқу дегендi.
Есiгiн қақтым тозақтың
Өлеңмен келiп мен ендi.

...Солдатпын мен де өзiңдей
Қан қатқан шинелiне.
Қасарып келем көнбей,
Ажалдың дегенiне.
Қасарып келем көнбей,
Қажысам, еш сыр бермей.

Мiне, Қасым солдатының характерi осындай. Ол - жай қарыспа емес, соғыстың ауыр күйiн жанымен сезiнiп, оған қасарыса қарсы тұрушы, өлiммен талай бетпе-бет келiп, оны жеңген ерлiктiң образы. Оның Берлин көшесiнде фрицтердi жөнге салып жүрген "Жылқыайдары", подполковник Альпинi, балдақты жiгiтi де - ерлiктiң үлгiлерi, соғыста жүрген қазақ солдатының бейнелерi.
Соғыстан кейiн Қасым "Балдақты жiгiт" деген өлең жазды.

Балдағы бар бiр жiгiттi көрдiм де,
Қасақана сұрау бердiм келдiм де,
Бiр аяғың көрiнбейдi, қарағым,
Кешегi өткен сұрапылда бердiң бе?
Жiгiт екен жауап бердi тосыннан
Бiр ғажайып күлкi ойнады ернiнде.
- Бiр аяғым көрiп тұрсыз осында,
Екiншiсiн басып тұрмын Берлинде.

Ұлы Отан соғысынан кеңес адамы тым биiктеп шыққанын, Кеңес елiнсiз әлемдiк мәселелердiң бiр де бiреуi шешiле алмайтын дәрежеге көтерiлгенiмiздi ескерсек, бiр аяғын елде, екiншiсiн Берлинде басып тұрған Қасым солдаты дүние картасының үстiнде талтайып тұрған жеңiс иесiн елестетедi.
Сонымен бiрге Қасым алапат соғыстың қатал шындығын да жасырмайды.

Бiр долы от ауызды, темiр тiстi,
Қыршын жас өмiрлердi жатты асап.
...Сырылдап қос өкпесi iздеп жемтiк,
Самолет сумаң етiп келсе жетiп.
Бұлттағы долы сайтан найзасындай,
Қадалса қара бомба жерге кеп тiк.

Мұндай суреттiң өзi - ақынның жаңалығы. Ондай соғыс суретi қазақ әдебиетiнде бұрын болмаған.
Осындай сұрапыл iшiнде отырған солдаттың iшкi сезiмi қандай болуы керек? Бұл да Қасым жырының тақырыптық ауқымын кеңейте түседi.

Қан қақтаған жалпақ дала,
Жанымдай боп жатты өртенiп.
Кешкi аспан қызыл ала
Төмен түсiп тұрды төнiп.

Оралғандай тұмша бұлтқа
Отырдым мен бейне құз-тас.
Iшкi толқын теуiп сыртқа
Шашырады көзiмнен жас.

...Түрткiлеп жапырағын оқ жегенде,
Қараушы ем аянышпен сорлы еменге.
Жанымның жаннат туын жалын шарпып,
Достарым сол емендей болдым мен де.

Бұл өлеңдер Қасымның мұңы мен сағынышын, жақсы-жаман сезiмдердiң арпалысына түскен күйiн анық танытқандай. Оның елiне деген сағынышы осындайда анық көрiнедi. Атамекенiн ол өзiн өлiмнен арашалаушы деп ұғады.
Жылытып бауырымды ып-ыстық қан.
Кезiмде өлi досты барып құшқан
Үстiме сен кеп төнiп тұрғандай боп,
Қалушы ем, атамекен Қазақстан.

...Туған ел, сен дегенде жаным жайлау,
Орнашы зердеме кеп Ұлы Алатау.
Құйылшы жүрегiме Есiл мен Сыр,
Өтейiн қаптатып сел, қиратып жау.

Оның өлеңдерiндегi туған жердi еске түсiретiн Ертiс, Есiл, Сыр, Сарыарқа, Орал т.б. жер-мекендер қазақ солдатын тәрбиелеп, ерлiк жолына аттандырған аруақтың бейнесiн танытады. Бәрi де қазақ иiсi аңқып, қазақ жерi, Қазақстан табиғаты, атамекен екенiн байқатып тұр. Ақындық сезiмдi де, оқырманның ойында жанып тұрған образдар.
Қасымның осы жырлары адам табиғатын тұтас тануға, ондағы патриоттық сезiмдердiң орнығу процесiн түсiнуге себеп бола алады. Қазағын, Қазақстанын, Атамекенiн осылай таныған ақын мұрасы осынысымен қымбат. Ол әркiмнiң-ақ патриоттық сезiмiн қозғайды.
Шықшы тауға, қарашы кең далаға!
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.
О шетi мен бұ шетiне жүгiрсең,
Шаршайсың ба, құмарың бiр қана ма?
О, дариға! Алтын бесiк - туған жер,
Қадырыңды келсем бiлмей, кеше гөр.
Жата алмас ем топырағыңда тебiренбей,
Қасым болмай, тасың болсам мен егер.

Неткен байтақ, неткен ұлы, жер едiң,
Қандай күйге жүрегiмдi бөледiң.
Сенде тудым, сенде өстiм, сенде өлсем,
Арманым жоқ бұл дүниеде дер едiм.

Мен де өзiңдей байтақ едiм, кең едiм
Қызығыңды көрiп еркiн келемiн.
Сен де аямай бердiң маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремiн.

Болдым ғашық, туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем, арманым сен аңсаған.
Жақын жүрсем, мен төрiнде жаннаттың
Алтын дiңгек - өзiм туған босағам.

Осы өлеңдердi бүгiнгi ұрпақ оқыса, жаттап өссе, туған жер қасиетiн Қасымша сезiнсе, патриоттық тәрбиенiң ең үлкенi сол болар едi.
Сондықтан Қасым - бiздiң ұлтымыздың туы, елдiгiмiздiң паспорты, тәуелсiздiгiмiздiң жыршысы. Оны қазақ атаулы түгел бiлуге, оқуға тиiс. Сонда бiз ұлттығымызды, елдiгiмiздi сезiнемiз.
Қасым өлеңдерi өлеңдiк құрылымы, ой ағымы жағынан да шебердiң қолынан қашалып шыққан мүсiнге ұқсайды. Оның "жүректе жарқылдаған жыры", "Құлақта саңқылдаған үнi" қалды. Мұндай образды кезiнде ол В.Маяковскийге қолданған едi. Ендi оны бүгiн өзiне арнаймыз. Сөйтiп

Жыр керек қой дүниеге, жыр керек қой,
Неге ғана өледi ақын адам! -
деген өз сөзiн қайталаймыз.

Сөз басында мен Қасыммен үндес, туыс ақын деп Мұқағалиды еске алып едiм. Сөз аяғында ол жөнiнде бiр-екi ауыз пiкiр қосайын.
Қасым мен Мұқағали тағдырлары да, сөз өнерiндегi орны да, ақындық пафосы мен сөз тұлғаландыру жолындағы тiршiлiгi де ұқсас, үндес ақындар. Мұндай ұлт ақындарын Алла тағала арасына дәл 20 жыл салып берiптi. Екеуiнiң мерейтойлары да бiр мезгiлде өтiп келедi. Қасым - 44, Мұқағали - 45 жыл ғана жасады. Қасым ағасын жақсы таныған Мұқағали кезiнде бұл ұқсастықты сезген де сияқты.

Дейсiңдер-ау, Қасымның несi Қасым,
Қасым солай болмаса, несi Қасым?
Ақынмын деп қопаңдап жүргендердiң
Әммасынан Қасымның мысы басым, -

дегендi ол жай айта салмаған. "Қасым деген жанартау - жанды да кеттi өртенiп" дейдi Мұқағали. Екеуiнiң мұңы да ортақ, халқымен бiрге. Екеуi де - мұңды болған соң ұлтшыл. Көкейiнде мұңы, аузында ұлтының тiлi қабат төгiлiп, ұлт жүрегiн жаулап алды. Екеуi де рухты биiк қойды, оның тасқын күшiн сезiндi. Қасым пiр тұтқан дауыл Мұқағалидың рухына да дәл келетiн едi. Сондықтан екеуi де ағыл-тегiл тiл байлығын, сөз образдарын қазақтың бай тiлiнiң кәусар бұлағынан алып сусындады. Айтқанын басқа бiреу айта алмайтындай етiп, бұлтартпастай қашап айтты.
Ұлы ақындар туралы қашан да аңыз көп болған. Сәкен, Мағжан жөнiндегi аңыздар елге мәлiм. Қасым туралы да аңыз көп тараған. Бүгiн Мұқағали туралы да аңыз туып жатыр.
Бұл - екi ұлы ақынды жақындастыра түседi. Олардың өлмейтiндей етiп жазып кеткен өлеңдерi - өздерiнiң де өлмейтiнiнiң белгiсi.

Серiк ҚИРАБАЕВ,
ҰҒА-ның академигi

01.09.2011 ж.

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=31&id=6485

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396