Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 7219 28 пікір 23 Желтоқсан, 2019 сағат 16:07

Нұрлан Сәдір: Сталинді дәріптеуге жол жоқ!

Халқымыз қасиетті Тәуелсіздігі мен қасіретті Желтоқсан оқиғасына құрмет білдіріп жатқанда, тағы бір топ қазақ даласының хас жауы Иосиф Сталинді еске алып, ереуілге шықты. Қазақ халқы тәуелсіздігін сол Сталиндер басқарған Кеңес одағынан алды, қазақ жастарын сол Сталиндер басқарған Кеңес одағы қанқақсатты...

Ендеше, дәл тәуелсіздік мерекесі тұсында тәуелсіздіктің жауын ұлықтау елдің егемендігін мойындамау емес пе?! Егер сүйікті көсемдерін үйлерінде отырып еске алса ешкім қой демес еді. Бірақ бұлар әлеуметтік желіде хабарлама жариялап, қала халқын алаңға шығып, гүл қоюға шақырды. Бұны істеп отырған «Поколение» деген қоғамдық бірлестік екен.

Оксана Терновская деген адам жиналатын орын мен уақыты көрсетілген хат жазып таратқан. Онымен қоймай, жергілікті әкімдіктен рұқсат сұрамайтындарын да ашық айтқан. "Бұл митинг емес, жай ғана гүл шоқтарын қою рәсімі ғана, сол үшін ешкімнен рұқсат сұрамаймыз" депті. Бірақ, біздің ойымызша, хабарлама таратып, қаланың қақ ортасында неше ондаған адамның басын қосып, плакат және КСРО туын көтеріп жүру ың-шыңсыз өтетін рәсім деңгейінен шығып кеткен секілді.

Аталған хабарлама әлеуметтік желіде жариялана сала, көпшілік барынша қарсылық танытты. Біз де БҚО әкімі мен Орал қаласы әкімінің атына бағыттап "Сталинге тағзым ету - Тәуелсіздікті мойындамаудың демонстративті формасы!" атты мақала жаздық. Онда жауапты қызметкерлерден мұндай провокациялық әрекеттердің алдын алуды сұраған едік.

Алайда Сталинді сағынушылар бұған құлақ асқан жоқ. Ел-жұрттың көзін бақырайтып қойып, айтқандарын жасады, дегендеріне жетті. Он неше адам келмеске кеткен Кеңес одағының қызыл жалауы мен Сталиннің үлкейтілген фотосуреттерін көтеріп алаңға шықты. Мәңгілік алауға гүл қойды. Бастамашылары ортаға шығып жалынды сөз сөйледі. Иосиф көсемдерінің атына сансыз мақтаулар айтты. Ал тәуелсіз елдің полицейлері бұларға кедергі келтірген жоқ.

Бірақ пагондылар бұл алаңнан құр қол қайтқан жоқ. Жат идеологияны жақтаушыларға жақ аша алмаса да, бұларға қарсылық білдірушілерді қолтықтап алып кетті. "Сталинді дәріптеуге жол жоқ" деп наразылық танытқан азаматтан түсініктеме алды. Қатар тұрған Сталиншілер мен наразыларға жақындаған қалалық ішкі саясат өкілі соңғыларға ғана ескерту жасады. Белсендінің "мыналар неге қайтпайды, не үшін оларға ескерту жасамайсыз" деген сұрағын жауапсыз қалдырған шенді, "сіз бұл әрекетіңізді тоқтатасыз ба, тоқтатпайсыз ба" деп зіркілдеп кетті.

;t=888s

Біз бұны Yоutubе желісінде жарияланған видеожазбадан байқадық. Бір белсенді сталиншілердің қолынан Иосифтің портретін алып қойған еді. Полицейлер ол азаматты қоршап алып, қолындағы суретті тартып алды. Видеодан бұл фотосуретті сталиншілерге қайтарып бергенін аңғаруға болады. Басқаша айтқанда, полицей Сталинді еске алушыларға ешімнің кедергі келтірмеуін қамтамасыз етіп жүрді.

Сталинді еске алушыларға наразылық танытып жүргендердің бірі Нұрлан Сәдір есімді азамат екен. Біз Нұрлан мырзаның өзіне хабарласып, істің мән-жайын сұрадық.

Нұрлан Сәдір, белсенді:

- Бұл шараның өтетінін ести сала облыстық ішкі саясат басқармасына барып, наразылығымды білдірдім. Олар ұйымдастырушылармен кездесіп, сөйлесетінін айтқан. Бірақ 20 желтоқсан ұйымдастырушылардың алған бетінен қайтпай отырғанын айтты. Бұларды полицейлер неге тоқтатпайтынын сұраған едім, ол үшін белгілі бір негіз керек дегендей жауап берді. Сол үшін мен 20 желтоқсан кешқұрым полиция бөлімшесіне барып арыз жаздым. Арыз мазмұны: біздің елде 31 мамыр сталиндік репарация құрбандарын еске алу күні өтеді. Демек Сталинді ұлықтау мемлекет саясатына қайшы. Сол үшін бұл іс-шараның өтуіне қарсы екенімді айтып, тоқтатуды сұрадым. 

Ал 21 желтоқсан бір топ белсенді алаңға барсақ, Сталиншілер ештеңе болмағандай жиналып жатыр. Бір топ болып гүл шоқтарын қойып жатыр. Біздің елде сталиндік саясаттың зардабын тартпаған, ашаршылыққа ұшырамаған бірде-бір отбасы жоқ. Сондай елде Сталинді ұлықтау әруақтарды қорлаумен бірдей іс. Осыған ашуланып кеттім де, аналардың қолындағы Сталиннің портретін тартып алдым. Осы кезде полицейлер жүгіріп келіп менің қолымдағы плакат пен портретті алып қойды. Плакатты қайтарған жоқ, ал ана фотосуретті сол жерде сталиншілерге қайтарып берген.

Ішкі саясат басқармасының, полицейлердің осындайларға неге сөзі өтпейтіні мені таңқалдырады. Әдетте тіл туралы, ұлттық мүдде туралы осындай жиналыстар өте қалса полицейлер қаптап, тарқатып жіберді. Тіпті Тәуелсіздік күні алаңға гүл шоғын қоюға да рұқсат бермейді. Ал мыналар Сталинге гүл қойып, жиналыс жасап жүр. 

Мені алып кеткен полицейлер бөлімшеге апарған жоқ. Көлікте отырып, түсініктеме алып босатты. Не үшін шыққанымды сұрады. Күні кеше осы шараның алдын алуды талап етіп арыз жазған едім. Соған байланысты полицияның әрекетін көргелі келгенімді айттым. Осыдан әрі көп ештеңе сұрай қоймады, бос екенімді айтты.

Енді мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың атына ашық хат жазып отырмын. Шара ғой өтіп кетті. Бірақ кеш те болса мемлекет тарапынан бір жауап болса деймін. Менің ойымша, бұлар Сталинді ұлықтау ісін осымен тоқтатпайтын секілді. Келесі жылы жеңістің 75 жылдығы. Соны пайдалана отырып, Сталинді ақтауға тырысуы мүмкін. Сол үшін бұл мәселеге бей-жай қарамағанымыз жөн. Бұл шара өтіп кеткенімен, мемлекет тарапынан құқықтық баға беріліп, Сталинді дәріптеудің дұрыс-бұрыстығын айтса деймін.

Өткен жылы ғана көне коммунистер қызыл империяның қынсыз қылышы комсомол ұйымының 100 жылдығын дүркіретіп тойлап, тәуелсіз елдің сүйегіне таңба салған еді. Ескі күннің елесіне есі кетіп жүргендер тәуелсіз елдің төрінде отырып, Сталиндердің сойылын соғудан жалығар емес. Негізі егемен елдің азаматы бұрынғы билікті аңсап, бүгінгі идеологияға жат қадамға барса саяси жауапкершілігі қузастырылуы керек еді. Бірақ біздің елде әркім ойына келгенін істеп жүр. Сталинді дәріптеу де Тәуелсіздікті мойындамаудың бір көрінісі екені шындық. Сол үшін ел идеологиясына жауап беретін органдар бұған бей-жай қарамағаны жөн...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394