Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 9124 18 пікір 21 Қаңтар, 2020 сағат 22:25

Қазақ өз мұнайын сатайын десе, Кремль келіспей отыр...

Қазақстаннан мұнай импорттауға Ресей рұқсат бермей отыр. Бұл Белоруссия президенті Александр Лукашенконың мәлімдемесі. РИА Новости хабарлады.

"Егер Ресей келісетін болса, Қазақстан бізге мұнай жеткізуі мүмкін. Қызық... Біздің одақтасымыз басқа одақтасымыздан мұнай тасымалдауға келісім бермей отыр. Мұнай жеткізуге байланысты жағдай осындай. Және біз бұл мәселені шешуіміз керек", депті беларус басшысы.

2019 жылдың 31 желтоқсанында Белоруссия мен Ресей басшылары телефон арқылы мұнай мәселесін талқылаған. Сөйтіп, тараптар ортақ келісімге келе алмағандарын мәлімдеген.

2020 жылдың 1 қаңтарында Ресей Белоруссияға мұнай экспорттауды тоқтатты. Сол күні Белоруссия Ресей мұнайына шектеу қойған.

Сосын Александр Лукашенко қарамағындағы құзыреттілерді жиып, шұғыл кеңес өткізді. Ресеймен келіссөздерді тоқтатып, орыс мұнайына балама табуды тапсырды.

Осының алдында Белоруссия басшысы егер Ресеймен келісім болмайтын болса, Минскі мұнайды Польша арқылы реверспен тасымалдайтынын және "Дружба" мұнай құбырын кәмпескелейтінін айтқан. Сондай-ақ, Минскі жаңағы "Дружба" магистралімен АҚШ немесе Саудия мұнайын Польша арқылы тасымалдау жолын да қарастырып жатқаны белгілі болған.

Белоруссияның вице-премьері Дмитрий Крутой Украинадан, Польшадан, Балтық елдерінен, Қазақстан мен Әзірбайжаннан мұнай жеткізу мәселесін талқылап жатқанын хабарлады. Кейін Беларуссия норвег мұнайының 80 мың тоннасын сатып алғаны туралы ақпар тарады.

Бұған дейін, 10 қаңтар күні Александр Лукашенко орыс мұнайын сатып алу бойынша Ресеймен келесімге келе алмаудың басты себебі - Ресейдің өте қымбат баға ұсынып отыруы деген.

"Мұнай бойынша Ресей президентімен не үшін келісе алмағанымызды екі ауыз сөзбен айтуға болады. Себебі, Ресей мұнайды олардан сатып алғанымызды және әлемдік нарық бағасынан әлдеқайда қымбатқа сатып алғанымызды қалап отыр. Мұнайды қайдан көріп едіңіздер?! Сондықтан мен бас тарттым.

Егер Ресей өз мұнайын әлемдегі нарық бағасымен жеткізбейтін болса, біз мұнайды басқа жақтан іздейтінімізді айттым. Қазір біз іздеп жатырмыз және таптық та!", деді Лукашенко.

15 қаңтар күні  ҚР Энергетика министрлігі Белоруссияның "Белнефтехим" концерні мұнай жеткізу бойынша сұраныс жібергенін хабарлаған.

"Бізге "Белнефтехимнің" өтініші келіп түсті. Аталмыш ведомствоның өкілдері мұнай жеткізу мәселесі бойынша бізге келмекші. Белоруссияның сұранысын да қарастыратын боламыз", деді министр Нұрлан Ноғаев.

Айтпақшы, 2019 жылдың желтоқсанында ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Белоруссия мұнай шикізатына қызығушылық білдіріп отырғанын айтқан.

"Белоруссия мұнай шикізатына қызығушылық білдіріп отыр. Олар нафта, газойл секілді зауыт жұмыстарына қажетті шикізаттарға, сондай-ақ мұнайға сұраныс білдіруде. Келіссөздер барысында жалпы көлемі 3,2 миллион тонна мұнай шикізатын түрлі транспорт түрлері арқылы жеткізу жайы айтылды. Келіссөздер әлі жүріп жатыр. Ортақ консенсусқа келдік. Енді біз мемлекетішілік процедураларды жүргізуіміз керек. Атап айтқанда, басқа министрліктермен ақылдасуымыз керек. Ғылыми-құқықтық сараптама жасалуы керек. Біз Белоруссиямен ортақ көлемге келіскен соң, ол мұнайды жеткізу маршрутын Ресейлік әріптестерімізбен сөйлесуіміз қажет", деген еді Мағауов.

Айтпақшы, бүгін Белоруссия мұнай экспортына қойған шектеуді алып тастағаны белгілі болды.

Тақырыпқа тұздық. Абырой болғанда Құдай қазаққа мұнайды беріпті. Әйтпегенде қайтпек екенбіз... Қазір сол мұнайды шетелге саудалап күнімізді көріп отырған елміз ғой. Ұлттық қорды да сол мұнайдың ақшасымен толтырамыз. Бюджеттің де жыртығын сол мұнайдың ақшасымен жамаймыз. Күн демей, түн демей қара жерден сорып жатқан сол мұнайдың 80%-ға жуығы экспортқа кетеді екен. Бюджеттің 50%-ын мұнай саудасынан түскен қаражат құрайды-мыс.

Біз мұнай сатуды 100 жыл бұрын бастаған едік. Әлі сатып келеміз... Осы уақытқа дейін кімдерге мұнай сатпадық?! Италия, Франция, Голландия, Швейцария, Испания, Румыния, Греция, Қытай, Хорватия, Корея, Үндістан, Португалия, Жапония, Литва, Мальта, Польша, Канада, Ұлыбритания, Түркия т.б. біздің мұнайды сатып алып жатқан елдер. Жұрттың бәрі құмартқан қазақ мұнайын енді белорустер да сатып алмақ болып еді...

Былтыр Белоруссия басшысы Ресейден ластанған мұнай келіп жатқанын айтып дабыл қақты. Құны 2,5 миллиард долларды құрайтын, 37 миллион баррель мұнайдың ластанғанын айтты. Құбыр Ресейдікі. Белоруссия Ресейден сол үшін өтемақы сұрады. Мәскеу мойындады. «Мұнай құбырын жарамсыз ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. 4 адам қамалды.

Ресейдің ластанған құбырының кесірі қазақ мұнайына тимеді дей алмаймыз. Өйткені, Қазақстан «Атырау-Самара» құбыры арқылы Белоруссияға одан әрі Еуропаға жылына 15 миллион тонна мұнай жіберіп отыр. Ол мұнай жаңағы Ресейдің құбыры арқылы өтіп жатыр. Осының бәрін егжей-тегжейлі сараптаған Александр Лукашенко енді мұнайды қазақтан сатып алғысы келетінін айтқан.

Қазақтан мұнай сатып алу Лукашенконың қалауы. Біздікілер де бұған кетәрі емес. Құдай берген мұнай бар. Сатып алсаң, мінекей дегелі тұр. Қазақстан да, Белоруссия да, Ресей де экономикалық одақты құрушы елдер. Одақ аясында бір-біріне тауар сатуға құқылы елдер. Сөйте тұра Кремль көнбепті.  Александр Лукашенконың өзі айтты.

Қазақстанның да, Белорустің де Кремльге кіріптарлығы жасырын емес қой. Құбыры ластанып, қып-қызыл шығынға батып жатқанына қарамай Ресей бәрібір өз мұнайын қымбатқа сатқысы келеді. Екі теңге болса да, Мәскеудің қалтасына түскенін қалайды. Қазірдің өзінде «ақ орыс пен сары орыстың саудасына қазақтар таласып жатыр» деп, орыс ақпараты ойбайға басқан.

Мұнай – Қазақстан экономикасын өлтірмей тұрған ең негізгі тауар. Біз әлем бойынша мұнай сатушы елдердің алдыңғы қатарындамыз дейді астана жақтағы ақ жағалылар. Бұл мақтаныш па, әлде сіз бен бізді қойшы, өздерін-өздері алдарқату ма, әйтеуір өңделмеген шикі мұнайды аямай сатып жатырмыз. Иә, Қытайға да, басқасына да сатып жатқан сол мұнайды Ресей рұқсат берсе белорустерге де сатар еді. Бірақ, Ресей тісіндегісін оңай бере қоятын ба еді... Осымен тәмам.

Бюджеттің 50 пайызы сол мұнайдың ақшасы екенін де, сол мұнайдың 80 пайызы шетелге экспортталып жатқанын да жоғарыда айттық. Мұнай сату мемлекет үшін мұқтаждық. Ал қатардағы сіз бен біз үшін ше? Одақ ортақ дейді. Сөйте тұра сатылатын мұнай үшін де Кремльдегі кіжірейгендердің қас-қабағына қарайды... Әне, көрдің бе?!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502