Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2642 0 пікір 16 Қыркүйек, 2011 сағат 07:25

Қанат МАХАМБЕТ. Алаш арыстары мемлекеттіліктің негізін қалап кетті

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Әлихан Бөкейхановтың 145 жылдығына орайластырылып Тәуелсіздік сарайында өткізілген «Алаш мұраты және Тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде алты Алаштың аяулы азаматы, көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 7 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Сонымен қатар «Алаш: Тарих. Тағылым. Тәуелсіздік» деген тақырыпта көрме ұйымдастырылып, жиынға қатысушылардың жинағы жарық көрді. Бұған қоса марқұмның аруағына Құран бағышталып, ас берілді. Ас барысында ұлт-азаттық һәм Алаш қозғалысы жетекшісінің немере інісі Сырым Бөкейханов қатысушыларға сәулетші Марат Әйнеков жасаған Әлихан Бөкейхановтың бюстін көрсетті.

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Әлихан Бөкейхановтың 145 жылдығына орайластырылып Тәуелсіздік сарайында өткізілген «Алаш мұраты және Тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде алты Алаштың аяулы азаматы, көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 7 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Сонымен қатар «Алаш: Тарих. Тағылым. Тәуелсіздік» деген тақырыпта көрме ұйымдастырылып, жиынға қатысушылардың жинағы жарық көрді. Бұған қоса марқұмның аруағына Құран бағышталып, ас берілді. Ас барысында ұлт-азаттық һәм Алаш қозғалысы жетекшісінің немере інісі Сырым Бөкейханов қатысушыларға сәулетші Марат Әйнеков жасаған Әлихан Бөкейхановтың бюстін көрсетті.

«Нұр Отан» партиясы мен «Азат­тық» радиосы және «Абай.kz» ақпараттық порталы мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті ұйымдастырған жиын­ның ашылу салтанатын би­лік пар­тиясының хатшысы Ерлан Қа­рин жасады. Ол тәуелсіз Қазақ­стан­ның 20 жылдығы мен Алаш үшін «түнде ұйықтамаған, күндіз күлмеген» ұлы тұлғалардың бір емес, бірнеше ме­рейтойы тұспа-тұс келіп отыр­ғанын атап көрсетіп, биыл Абылай ханға - 300, Әлихан Бөкейхановқа - 145 және Желтоқ­сан көтерілісіне - 25 жыл екен­ді­гіне назар аудартты. «Тізе берсек, бұ­дан да басқа аталып жатқан, аталмай жатқан мерей­той­лар мен атаулы дата көп. Қалай болғанда да бұл оқиғалардың қатар келуі кездейсоқтық емес. Салта­натты жиынның Тәуелсіздік сара­йында өтуінде де үлкен мағына бар. Әле­кең бастаған Алаш арыстары тә­уелсіздік үшін күреспесе, өзде­рі­нің жандарын ұлы күресте құрбан қыл­маса, бүгінгі күн болар ма еді, бол­мас па еді?», - деді Е.Қарин.
«Тәуелсіздік қазаққа үлестіріле сал­­ған енші де, сыйлық та емес» де­­генді айтқан партия хатшысы: «Қа­зақстан мемлекет ретінде тә­уел­сіздігін 1991 жылдың 16-шы жел­­­тоқсанында жариялады. Алай­да бұл - 1991 жылға дейін қазақ ба­ласы еркіндік үшін арпалыспа­ды де­генді білдірмейді. Біздің қа­зіргі тәуелсіздігіміз бұрынғы ба­ба­ларымыздың жанкешті күресінің нәтижесі. Алаш арыстары мемле­кет­тіліктің негізін қалап кетті. Әлихан және оның жақтастары Қа­зақстанның қазіргі аумағын Ке­ңес билігіне ресми түрде мо­йын­дата білді. Бүгінде бәзбіреулер «Алаш партиясы партия емес, оқы­мыстылардың клубы ғана болған. Олардың қазақтың азаттық алуына қосқан үлесі шамалы» - деп жазып жүр. Бұл - жаңсақ пікір. Осының сал­дарынан қоғамда қазақ халқы дер­бестікке 1991 жылы ғана қол жет­­кізгендей түсінік туады. Біз осы тектес теріс түсініктерге соққы бе­руге тиспіз», - деді.
Бұдан кейін Е.Қарин аға буын Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен шығармашылығын өскелең ұр­паққа үлгі әрі өнеге қылу міндетін абы­рой­мен атқарса нұр үстіне нұр бо­латынын жеткізіп, мектеп оқу­шы­ларының оқулықтарына Алаш қоз­ғалысына, Алаш Үкіметіне қа­тысты тың деректер енгізілмей келе жатқанына қынжылды.
«9-шы сыныпқа арналған «Қа­зақстан тарихы» оқулығында Алашорда үкіметіне қатысты мәлі­меттердің көлемі екі бет қана. Айта кету керек, мұнда Әлиханның ма­қалаларынан үзінділер келтіріліп, Алаш қайраткерлерінің Кеңес өкі­метімен бірлесе жұмыс істеуге ке­ліскен сәттері баяндалады. Алайда Алаш идеясының не екендігі, оның мақсаты, міндеті турасында бір ауыз сөз айтылмайды. Керісінше кі­тапта Қызыл әскердің ерліктерін сипаттау басым. Қазақстан тари­хының 11 сыныпқа арналған оқу­лы­ғында Алаш тақырыбына сегіз бет бө­лінген ал жаратылыстану-мате­ма­тика бағытындағы 11 сынып оқу­шыларына арналған кітапта Алаш тарихы бес-ақ бетте қарас­ты­­рылған. Әрине, бұл жоқтан жақ­сы. Десек те, бұл деректер жастарға Алаш идеясының мәнін ашып көрсетуге, Алаш қозғалысын толық тү­сіндіруге мүмкіндік бермейді. Бүгінгі конференцияның мате­риалдары болашақта әдістемелік құралдар мен оқулықтарға енеді деп үміттенеміз», - деді еліміздегі жетекші партияның өкілі.
Бұдан кейін алқалы топтың ал­дына шыққан алаштанушы ға­лым Тұрсын Жұртбай: «Мен оп­позиционер емеспін, қазақ мем­ле­кетіне ешқашанда оппозиционер болмаймын, бірақ өз отанымның тағдырына қатысты, оның ішінде «Алашорда» мен Әлихан Бөкейха­новты «рушыл», «жүзшіл» етіп көр­сетуге тырысып, сыпсың тара­тып жүрген қасиетсіздікке төзгім де келмейді. Сол пікірді оңаша пыш-пыштап айтып, интернет арқылы та­ратып жүргендердің өзі нағыз «сасық рушыл», ұлттық идеяны аз­дырушылар және кезінде айты­лып жүрген: қазақ өзін-өзі билей алмайды, оларды ру арқылы та­лас­тырып, тәуелсіздігін әлсіретіп, қай­тадан Ресейге тәуелсіз ету керек - деген тоқсаныншы жылдардағы Кеңестік одақты жақтаушылар жа­саған 950 әскери-саяси доктрина­ның жеміс бере бастағаны деп са­наймын», - дей келіп Әлихан Бө­кейханов және біртұтас Алаш идеясы деген тақырып төңірегінде толғанды. Біртұтас Алаш идеясында мұқым алаш жұртының, иісі алаш қайраткерлерінің демі мен аңсары бар екенін алға тартқан Т.Жұртбай тарихшы Мәмбет Қойгелдиев қа­зақ қоғамының Сун Ят Сені мен Ма­хатма Гандиі - Әлихан Бөкей­ханов екенін дәл тауып айтқанын жеткізді.
«Алаш» партиясының ұлттық ұс­танымы бес түрлі тұжырымға не­гізделді.
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бо­йын­ша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игер­мейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Яғни бұл ұстаным: Жер - Отан, ал Отанды сатуға да, жекеменшікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жырты­лып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген - деген тұжырымға саяды. Екінші ұстаным: жердің ас­тындағы, үстіндегі, аспанындағы бар­лық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейханов­тың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын. Яғни бұл - өз жерінің игілігін - әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат - де­ген емеурінді танытады. Үшінші ұс­таным: Ә.Бөкейхановтың жо­ба­сы бойынша, «Қазақтың жерінде өн­дірілген «бір уыс жүн сол мем­ле­кеттің азаматтарының үстіне то­қыма болып киілуі» керек, яғни то­лықтай экономикалық тәуел­сіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді. Ал біздегі сатыл­майтын құндылық - тек «жалданып тірлік құру» ғана болып қалды. Төртінші нысана: қазақ мемле­ке­тінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни Х.Досмұхамедовтің пайым­да­уына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын. Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім, - деп Сара ақынның сал Бір­жанға қарата айтқанындай, бұл 3 мәселеге келгенде, біздің де үніміз шықпайды. Егер қоғамның дамуы осы бетімен кете берсе, күні ертең біз «Құранды» да орыс тілінде оқитын боламыз. Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
1990 жылғы «Қазақстанның суверенитеті» туралы мәлімдемеде қамтылған осы бес түрлі ұлттық ұстаным бұтақтала келіп, 2002 жыл­ғы жерді сату туралы заң жоба­сынан кейін қазақ мемлекеті ұлт­тық идеядан толық арылып, бей­ма­рал мемлекеттің құрылымына көшті. Соншама азап шеге жүріп аң­саған тәуелсіздік идеясынан не­ғып соншама тез жеріндік? Ал «Жа­пония сияқты ғылымға сүйен­ген ұлттық-демократиялық мем­лекет құру керек» - деген ұстаным үшін анық емес деректерге сүйен­сек, 60 мыңдай адам «жапон шпио­ны» ретінде ату жазасына кесіліп­ті», - деді жиында жасаған баянда­ма­сында алаштанушы ғалым.
Өз кезегінде ЕҰУ «Алаш» мә­дениет және рухани даму инсти­ту­тының директоры Дихан Қамза­бекұлы «Әлихан Бөкейханов және ұлт руханияты» деген тақырыпты қаузап: «Бүгінгі саналы қазақ Әли­хан Бөкейхан десе, ойланып һәм тебіреніп қалады. Өйткені қазір бізде білтенің жануға шығарылған бөлігіндей зиялылық болса, соның негізін Әлихан мен Ахметтер қала­ғанын іштей сезінеді. Сондықтан да шығар Алаш аты естілсе, сергек қазаққа бағзы замандағы ұран емес, Әлиханның аты мен заты елестегендей болады. Расында, ол - әл-әзірге елес қана. Ішіміз бен сыр­тымыз шын зайырлыққа тол­ғанда, Әлиханның арман-мұраты да орындалар. Әлихан қазақпен бірге жасап, идеясы санамызда өріс­тер. Өскен, еңсе көтерген хал­қын сезініп, рухы марқаяр. Соңғы кезде біз бір құбылысты байқап жүрміз. Елде оқыған-тоқыған жас­тар, тіпті білікке тілеуқор қара­па­йым адамдар дүниеге келген пер­зент­теріне «Әлихан» деп ат қоя бас­тады. Солардың төрт-бесеуін та­н­ушы едік, «Неге осы есімді таң­да­дыңыздар?» деп сұрасақ, бәрі де: «Алаш серкесінің өзіндей болмаса да, сөзін түсінетіндей болсын!» дейді. Осы тақылеттес жауапты ес­тігенде, біз толқып кеттік... Ерте­ңі­мізге сенгендіктен! Бір кезде «Ә.Бөкейхановтың еңбектерін ауыз­ға алған, бүгінгінің мәселесіне Әле­кең­дердің пайымымен ой сабақ­таған бірде-бір қайраткерді, депу­татты көрмедік» деп түңіле жазсақ, қазір ел ықыласын сезініп, жақсы­лықтан үміттеніп отырмыз», - де­ген пікір білдірді. Сондай-ақ ол «Қыр баласының» қазақ ау­да­нында ғана қалған қаламгер емес екен­дігіне ерекше тоқталып: «Ол әр кез­дерi Л.Толстойды, Ги де Мо­пас­санды, А.П.Чеховты, Д.М.Ма­мин-Сибирякты, Н.Марксты ана тiлiне аударды. Әркез ойын ше­телдiк ғұ­ламалар сөзiмен дәйектеп отыр­ды. Аталған жазушыларды «өз жұр­тының бетiнiң қызылы, ұяты» деп жазды», - деді.
Бұдан кейін Жапониядағы Хок­кайдо университеті жанындағы Славян зерттеу орталығының про­фессоры Томохико Уяма «Әлихан Бөкейханов пен оның дәуірлес­терінің ХХ ғасырдың басындағы халықаралық ахуалды ұғынуы туралы» деген тақырыпта қазақ, орыс тілдерінде баяндама жасады. Ол Алаш арыстарын оның ішінде Әлихан Бөкейхановты 20 жылдан бері табан аудармастан зерттеп келе жатыр екен. «Айқынға» берген сұхбатында Томохико Уяма: «Әли­хан Бөкейханов бір ғасырда бір рет туатын феномен. Оның даралығы мен даналығы мені қатты қызық­тырады. Ол үлкен саяси фигура. Ол көшбасшылардың көшбасшысы. Оның көзқарастары мен ұста­нымдары прогрессивтігімен ерек­шеленеді. Әлихан Бөкейхановтың ұлттың ұлы, ұлттың нағыз жана­шыры деп білу керек. Өйткені ол туған халқы үшін басын қауіп-қа­терге тіккен. Туған халқының бос­тан­дығы үшін шейіт болған. Өмірде мұндай тұлғалар көп кездесе бер­мейді. Әлихан - қазақтың қа­һар­маны, ол нағыз батыр. Оны әлі де зерттеу керек. Себебі Әлиханның ашылмаған, айтылмаған ақиқат­тары болуы мүмкін», - деді.
Өз кезегінде АҚШ-тың Ва­шинг­тон штатындағы Корнеги қо­рының ғылыми қызметкері, Орта Азия елдеріндегі америкалық сарапшы Марта Бриль Олкот пен Ресей Федерациясы Туризм және қонақжайлық институтының Қо­ғамдық ғылымдар кафедра­сы­ның меңгерушісі, профессор Дина Аман­­жолова Алаш қозғалы­сы­ның көсемі туралы ой өрбітіп, сырт көз ретінде Қазақстанның өткені мен бүгінгісін байыптаса, «Азаттық» радиосының Прагадағы тілшісі Сұл­тан-Хан Аққұлұлы, Білім және ғы­лым министрлігі жанындағы Мем­лекет тарихы институтының ди­ректоры Бүркіт Аяған және та­рих ғылымдарының докторы, про­фессор Ханкелді Әбжанов Алаш­орда автономиялы үкіметі төра­ға­сының тарихи тұлғасын аша түсті.

Қанат МАХАМБЕТ

Астана

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=9879&Itemid=2

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5547