«Екібастұздың білім саласын облыс әкімі өз бақылауына алсын!»
Екібастұздың білім саласы біраз былыққа батып жатқан сыңайлы. Оқтын-оқтын әлеуметтік парақшалардан өңірдің білім мекемелерінде орын алып жатқан жайсыз оқиғалар жайлы хабарлар қылаң беріп қалады. Және әр оқиғадан басшылықтың оны жауып-жасыруға тырысушылығы аңғарылмай қалмайды.
Бір мысал. 2019 жылдың қазан айында Екібастұз қаласында ересектеу балалар 3-сынып оқушысын ұрып-соғып, бейнетүсірілім жүргізген. Соққыға жығылған баланың анасы Шолпан Әбетова бұл жағдайды айту үшін мектепке барғанында, мектеп директоры оның сөзін құлағына ілмеген. Білім бөлімі басшылығы да немқұрайдылық танытып, тек мәселеге құқық қорғау органдары қызығушылық танытқан соң ғана амалсыздан мойын бұрған.
Былтыр жыл соңында Павлодар облысы бойынша тексеру комиссиясы Екібастұз қаласының орта білім беру ұйымдарына бөлінген бюджет қаражатының және мемлекеттік активтердің пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындыларын жария етті. Аудит жасаушылар көптеген мектептердің бухгалтерия жұмысы заңға қайшы жүргізілгенін анықтап берді. Бәрінен сорақысы – желтоқсан айы туғанына қарамастан, Екібастұздың білім мекемелерінде тариф жүргізу кестесі бекітілмегені белгілі болған.
Беті ашылған қаржылық кемшіліктің бәрі кейін жергілікті депутаттардың отырысында талқыға түсіп, білім саласындағы осыншама былық халық қалаулыларының ызасын тудырды. Депутаттардың бірі Екібастұз қалалық білім бөлімінің басшысы Жазира Хамзабаеваны өз лауазымдық қызметіне сай емес деп танып, көпшіліктен оның біліктілігіне сенімсіздік білдіруді сұрады. Депутаттың ойы жүзеге асса, мәселенің салқыны, әлбетте, қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Наталья Нефедованы айналып өтпес еді. Өйткені білім саласындағы шаруаның уыстан шығып кетуін қадағалай алмағаны үшін ол да жауапкершілік арқалайды емес пе. Дегенмен Наталья Владимировна ширақтық танытып, сол жерде отырған депутат құрбыларына уотсап желісі арқылы «Көмектесіңіздер, мархабат!» - деп жазып үлгерсе керек. Ал депутат Татьяна Шмидтің құрбысының сөзін жерге тастауы мүмкін емес: ол сол кезде ғана Нефедова ханымның сүйемелдеуімен ведомстволық жоғары награда алған.
Ал енді әуелгі ойымызға оралайық. Шмидт сияқты достардың арқасында Хамзабаева «сенімсіздік қамытынан» аман шығып, депутаттардың оның айыбын жеңіл-желпі түрде хаттамалаудан өзге амалы қалмады.
Аудит кезінде анықталған кемшілік көп, оны бір мақалада тізіп шығу мүмкін емес. Бір-екеуін атап өтсек. Басы ашық жайт - бюджеттен бөлінген қаржының орынсыз жұмсалу фактілері. Мысалы, 2015 жылғы 31 желтоқсанда ҚР Үкіметінің №1193 Қаулысымен бекітілген қазынашылық кәсіпорындар қызметкерлеріне, мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен қызмет ететін ұйымдар қызметкерлері мен азаматтық қызметкерлерге еңбекақы төлеу Жүйесінің 3-пункті 2-тармағы бұзылып, аудит жүргізілген кезеңде «Екібастұз қаласы әкімдігінің білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі орталықтандырылған бухгалтериясының есепшісі А.Айгазиноваға есепшілік лауазымының сатысы мен тобын айқындауда жалақы біліктілік санаты жоғары маманға сай мөлшерде төленген. А.Айгазиновада жоғары білімін растайтын құжат жоқтығына қарамастан, оған 140, 3 мың теңге, яғни, артық еңбекақы төленген. ҚР Салық кодексінің 346-бабы 1-тармағы талабын бұза отырып, «Екібастұз қаласы әкімдігінің білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қосымша жұмыс істейтін 4 есепшісіне жеке баж салығын қате есептеу салдарынан 69 мың теңге көлемінде артық жалақы есептелген.
ҚР Бюджеттік кодексінің 4-бабы 14-тармағы, 67-бабы 12-тармағы, ҚР Қаржы министрінің 2014 жылғы 24 қарашадағы №511 Бұйрығымен бекітілген Бюджеттік өтінімді құру және ұсыну Ережелерінің 4-пункті талаптары бұзылып, республикалық бюджеттен бөлінетін мақсатты трансферттерге бюджеттік өтінімде көрсетілетін ақпарат пен есеп дәйекті қамтамасыз етілмеген. Нәтижесінде 2019 жылға республикалық бюджеттен бөлінетін трансферт артық жоспарланған және бөлінген. Сонымен қатар, 2019 жылдың 9 айы ішінде мұғалімдердің қосымша жалақысына республикалық бюджеттен бөлінген қаржы өз мақсатына жұмсалмаған. Айта берсең, аудит қорытындысында мұндай өрсекелдік толып жатыр...
Жә. Әзірге аудит жайлы әңгімені доғара тұралық. Осы аптада Екібастұз қалалық білім бөліміне қарасты Абай атындағы №28 жалпы орта білім беретін мектептен ши шықты. Бұл – әлгі, Солнечный қалашығындағы Жамбыл Жабаевтың портретін күйшілер стендіне іліп қоюмен аты шыққан мектеп. Сол мектепте «атышулы» кездесу болды. Білім бөлімінің басшысы Жазира Хамзабаева мен білім бөлімі кәсіподақ комитетінің төрайымы Әлима Рахымжанованың қатысуымен өткен шағын жиында бір топ мұғалім өздерінің мектеп директоры Айман Кенжебаеваға деген талай жылдан қордаланған қыжылдарын жарыса айтты. Айтуларынша, «директор өзінің МАЭС-2-де еңбек ететін жұбайына мектептен бір жарым мөлшерлемемен қызмет беріп қойған». Өзінің қызын да зертханашылық қызметпен молынан жарылқаған. Директор өзіне сағатты алуын алып алады екен де, мандытып жұмыста болмайды-мыс... Зертханашы қызы білімінің бар-жоғына қарамастан оның орнына сабақ бере беретін көрінеді. Жалпы, қазіргі уақытта кентте Айман Кенжебаеваның төңірегінде алыпқашпа сөз қарша борап тұр. «Мұғалімдердің ауырған уақытына ақша төлемейді», «Сұранған күндеріміздің ақшасын өзіне жазып алады», «ауырған педагогтар орнына тек қана соның қызы кез келген пәннен бейберекет сабақ жүргізеді» деген ұзынқұлақ арқылы желдей ескен әңгіме құзырлы орындардың кірісіп, анықтауын қажет етеді.
Мұғалімдердің бұрыш-бұрышта сымсыз телефонмен сөз етіп жүрген тағы бір тақырыбы – «былтыр мектеп ашылатын кезде мұғалімдер қауымынан қонақ күтуге деп 15 мың теңгеден ақша жиналды» деген сөз. Мұның соңынан «Жиылған ақшаның қайда жұмсалғанын ешкім білмейді. Артынан Кенжебаева, Хамзабаева және тағы біреулер мейрамханада ас ішіпті» деген қаңқу ілесті. Мейрамханада кімнің кіммен бірге отырып ас ішкені – әркімнің жеке шаруасы. Ал 15 мың теңге шынымен жиналды ма, жиналған күннің өзінде қаражаттың қайда жұмсалғаны жөнінде есеп берілді ме, жоқ па - оны да құзырлы орындар тым болмаса мұғалімдерден анонимді сауалнама алу арқылы анықтап, күмәнді күбірді сап тыюы әділетті шешім болмақ. Сол сияқты, жастарға тиесілі сағаттарды арқалап шаршап-шалдығып жүрген мектептегі үш зейнеткердің де жайын қарастыратын уақыт жеткен сықылды. Химия сабағын орысша жүргізетіндер де бар дегенді де осы мектептен естіп, таңғалмасқа лаж жоқ.
Ұзын сөздің қысқасы, мектепте өткен кездесуден кейін Айман Кенжебаева директорлықтан бір-ақ күнде кетіп, директордың міндетін атқарушы болып басқа адам жұмысқа кірісті. Бірақ көп сұрақ жұмбақ күйде қалып отыр, бұл, шамасы, білім бөлімі басшылығының мектеп ішіндегі дау-дамайды көпшілікке жария еткісі келмегендігінен болар. Екібастұздың былыққа батқан білім саласын Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өз бақылауына алып, біз атаған сұрақтардың жауабын ұстаздар қауымына ашып айтады деген сенімдеміз.
Аслан Шайқыұлы,
Павлодар облысы
Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз.
Abai.kz