Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» (жалғасы)
«Ол менiң көп замандар бойында ұлтшыл - алашордашы негiзiнде төңкерiстiң жауы болған таптың салт-саналық бағытымен байланысты болып едi. Осы халмен тарихи нық байланысқан нәрсе - менiң саясат пен әдебиеттегi iсiмнiң мазмұны мен қалпы - соңғылардың саяси бағытына бастады. Бастағанда, анықтағанда пролетар төңкерiсiнiң тiрегiне жау болған барынша қарсы бетке бастады», - деп «қателiгiн мойындады».
Әрине, еркiмен мойындаған жоқ, зорлықпен мойындатты. Әйтпесе, шын көңiлiмен қарсы болса, онда Әлихан Бөкейханов, Әлiмхан Ермеков сынды «Алашорда» көсемдерiмен хат алысып, хабарласып, қонаққа шақырып, сырласып жүрмес едi.
Екінші бір маңызды құжаттардың бас чекист Кашириннің қолына түсу тарихы З.Валидовтің «Қатираларында» былай баяндалады. Колчактік Сібір үкіметінің құрылтайының құзырына ұсынылуға тиісті Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын мемлекеттік құрылымының жобасы Семейде талқыланады. Оған Башқұртстаннан - Сейтгерей Мағазов, «Алашордадан» - Әлихан Бөкейханов, Түркістан Қоқан автономиясының төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қатысады. Бұл бағдарламаны халықаралық қауымдастыққа жария ету үшін оның бір данасын Жапон елшілігіне табыстау ұйғарылады.
«Ол менiң көп замандар бойында ұлтшыл - алашордашы негiзiнде төңкерiстiң жауы болған таптың салт-саналық бағытымен байланысты болып едi. Осы халмен тарихи нық байланысқан нәрсе - менiң саясат пен әдебиеттегi iсiмнiң мазмұны мен қалпы - соңғылардың саяси бағытына бастады. Бастағанда, анықтағанда пролетар төңкерiсiнiң тiрегiне жау болған барынша қарсы бетке бастады», - деп «қателiгiн мойындады».
Әрине, еркiмен мойындаған жоқ, зорлықпен мойындатты. Әйтпесе, шын көңiлiмен қарсы болса, онда Әлихан Бөкейханов, Әлiмхан Ермеков сынды «Алашорда» көсемдерiмен хат алысып, хабарласып, қонаққа шақырып, сырласып жүрмес едi.
Екінші бір маңызды құжаттардың бас чекист Кашириннің қолына түсу тарихы З.Валидовтің «Қатираларында» былай баяндалады. Колчактік Сібір үкіметінің құрылтайының құзырына ұсынылуға тиісті Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын мемлекеттік құрылымының жобасы Семейде талқыланады. Оған Башқұртстаннан - Сейтгерей Мағазов, «Алашордадан» - Әлихан Бөкейханов, Түркістан Қоқан автономиясының төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қатысады. Бұл бағдарламаны халықаралық қауымдастыққа жария ету үшін оның бір данасын Жапон елшілігіне табыстау ұйғарылады.
«Содан кейін екі жылдан соң (1920) астрахандық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пунктен тұратын біз қабылдаған құжаттың және «Алашорда» үкіметінің құжаттары кеңес өкіметінің қолына түсіпті, олар біздің ұлттық күресімізді Ресейдің ішкі мәселесі ретінде қарастыруымызды қолдапты. Кеңес саяси қайраткерлері де сол патша тұсындағылардай орыс ұлтшылдары болғанын кейін мен Чичериннің аузынан естідім», - дейді З.Валидов.
Жапония үкіметіне қатысты бұл оқиғаны тәпіштеп отыруымыздың себебі, осы оқиға 1922-1953 жылдардың арасындағы қазақ зиялыларына «Жапон милитаристік мемлекетінің шпионы» - деген айып тағуға мүмкіндік бергендігінде. Сондай-ақ «Алашорданың» «Жапония үлгісіндегі ұлттық салт-дәстүрге, ғылымға сүйенген ұлттық демократиялық республика» құру туралы мақсаты да ол «үкімді» заңдастыруға, «жапонияның шпиондарының» қаптап кетуіне түрткі салды. Тарих үшін бұл да құжаттық мәні бар оқиға. Ал мұндай кездейсоқтықтардың кесіріне ұшырағандар қаншама.
Сөйтіп тергеу тұйыққа тіреледі. Тергеушi Балдаев (қолы анық танылмады, фамилиясы өзгеше болуы да мүмкiн - Т.Ж.) Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың бастығының орынбасары Альшанскийге берген есебiнде:
«Қолдағы деректердiң жеткiлiксiздiгiнен Бөкейхановты табан астында шұғыл түрде тұтқындауға мүмкiндiк болмады, сондықтанда бiз тергеу жұмысын мынандай тәсілiмен, егерде тағылған айыптауларды мойындамай, терiске шығарса, оны тұтқындамай босатып жiберуге мүмкiндiк алатындай есеппен жүргiздiк», - деп жазды.
Әр сөзiн шегелеп, дәлелдеп, бұрынғы және бүгiнгi Ресей өкiметiнiң әрбiр әрекетiн қысқа ғана талдап: «Мен - „Алашорда" үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов қызылдарға қарсы болған себебiм мынау, оған кеңес өкiметi былай қарады», - деп түйiп-түйiп айтып, тұқырта жауап беріп отырды. Әлекеңнiң мысы басқаны сондай: «Кеңес өкiметi жер мен аз ұлттар туралы қаулы шығарардың қарсаңында менi тұтқындап, ақыр соңында Бутыркадан - Кремльдiң төрiне бір-ақ шығарушы едi. Бұл жолы қайтесiңдер. Иә, мен ұлтшылмын», - деп алып, бұл пікірін хаттамаға:
«1919 жылы «Алашорда» тарқағаннан кейін біздер, ұлтшылдар, бұрынғы алашордашылар, қандай да бір ұйымға бірігуге ұмтылған емеспіз және астыртын күрес ұйымдастыруға, ұйымдасқан түрде кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізуге ұмтылыс болған емес. Ұлтшылдық бағытындағы мәселелер туралы бөтен адаммен ашылып әңгімелесе бермеймін, тек ұлтшылдармен ұлтшыл ретінде екі-ақ адаммен - Байтұрсыновпен және Дулатовпен ғана әңгімелесуім мүмкін, бірақ олармен арадағы әңгімеде ешқандай ұлтшылдық әрекет жөнінде пікір қозғағамыз жоқ, ал «ұлтшылдық» туралы сөз қозғала қалған күннің өзінде де, тек тағдырға өкпелеп көз жасын төгетінбіз», - деп түсіріпті.
Осы қысқа да нұсқа жауаптан-ақ Әлихан Бөкейхановтың әбден ысылған саяси күрескер екені байқалады. Көрсетіндісінде өзіне де, өзгеге де күдік келтіретін қылаудай артық жарықшақ жоқ. Өзiн-өзi ұстай бiлген ұлт көсемiн ОГПУ тергеушiлерi ақыры тұтқындауға бата алмады.
Тергеушілер мұнымен де шектеліп қалмай, күдіктілердің қатарын молайта берген. Сол кездегі жас геолог Қанышқа да күдік көзі түскені байқалады.
«18 қазан. 1927 жыл. Қызылорда.
Тергеуге алынған Елдес Омаров қосымша сұраққа былай деді:
"Сәтбаев Қанышты мен білемін. Ол Семейдің бір губерниясынан келген, инженер. Мен онымен 1923 жылы, ол Қазақ Оқу-ағарту комиссариатының Академиялық орталығына қазақ тілінде жазылған алгебра оқулығының қолжазбасын табыс еткен кезінде таныстым. Мен академиялық орталықтың жанындағы ғылыми комиссианың хатшысы ретінде алгебра терминдерін жасау жөніндегі жұмысқа қатыстым және Сәтбаевтің қолжазбасы жөніндегі хабарламашы болдым. 1927 жылы мен Сәтбаевпен еш жерде және қандайда бір жағдайда жүздескен емеспін. Мен оны соңғы рет 1926 жылы Қызылорда қаласында Дулатов Міржақыптың пәтерінде көрдім. Ташкенттегі Қазақ Мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орынында сабақ берді: мен - Омаров - қазақ тілінен сабақ бердім, Досмұхамедов Халел - ректордың орынбасары болды, барлық шаруашылық мәселелерді сол жүргізді. Ермеков Әлімхан - математикадан дәріс оқыды әрі нақты ғылымдар мен математика факультетінің деканы міндетін атқарды".
Бұдан әрі академияның қызметі айтылады. «Тынышбаев Мұхамеджан және басқалар жауапқа тартылған істің» екінші томына алдыңғы Байтұрсыновтың ісінде қатталған Елдес Омаровтың 1927 жылы 16 қазан күнгі берілген жауабы және одан да басқа құжаттар қоса тіркеліпті. Соның ішінде мына бір деректі қаперге іле кетуді жөн көрдік.
«1927 жылы 16 қазан. Қызылорда. Мен, Омаров, 1926 жылы Қазақ оқу-ағарту комиссариатының ұйғаруымен Қазақстанның өкілі ретінде Баку қаласында өткен түркітанушылардың құрылтайына іссапармен бардым. Менімен бірге Біләл Сүлеев пен Ғазиз Байсейітов қатысты. Ахмет Байтұрсынов пен қазақтың ұлттық әндерін орындаушы ретінде Әміре Қашаубаев ресми түрде шақырылды. Ол Бакуге бара жатқан жолда маған - Омаровқа және басқаларға өзінің Парижге барған сапары туралы әңгімелеп берді».
Бұл арада тергеушілердің суыртпақтап білгісі келіп отырғаны - Әміре Қашаубаев Парижде этнографиялық концертке барғанда Мұстафа Шоқаевпен кездесті ме, жоқ па, соны анықтау. А.Байтұрсыновқа, Ғ.Бірімжановқа, М.Дулатовқа, М.Әуезовке және тағы да басқа «айыпкерлерге» осы сұрақ қайталап берілген. Сол арқылы ұлтшылдардың «қылмысын» халықаралық деңгейге көтеруге тырысқан. Ал Әлихан Бөкейханов Әміремен Францияға бара жатқан жолда Мәскеуде жолығады. Ол бұл туралы А.Байтұрсыновқа:
«...Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бірде-бір ән сөзін білмейді ғой. Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны әншілердің арнайы үйіне апарып, ән салдырттым. Дауысын мақтастық, әйтсе де, ән салған кезде, мен қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде мән болсайшы. Парижде ойлы әнді талап етеді. Әншіні Парижге жібере отырып, бір әннің сөзін болса да жаттатқызуға болатын еді ғой. Әміре орыс мещаны сияқты киініпті. Оны дұрыстап киіндіру де соншалықты қиын іс пе еді?», - деп жазды.
Әншіге әннің түгел сөзін жаттатқызып, «әншілердің арнайы үйіне апарып», дауысын граммафонға жаздырды. Соның арқасында ғана ұлы әншінің дауысының жаңғырығы бізге жетті. Сондай-ақ Еуропа жұртының талғамына сай киім сатып әперіп, тиісті ақыл-кеңесін айтып, жолға шығарып салады. Парижге барғанда Мұстафа Шоқаев Әмірені іздеп тауып алады. Ән салдырады, ұзақ әңгімелеседі. Елге қайтып келгеннен кейін әнші өзінің әріптестеріне:
«Сендер қазақпын деп мақтанасыңдар. Нағыз қазақты Мәскеу мен Парижде көрдім», - деген екен.
Бұл сөз құпия мекеменің құлағына шалынады. Сөйтіп, Әміре «қалпақ астына» алынып, соңына тыңшылар түседі. Ақыры театрдағы қызметінен шығарылды. Қысымға шыдамаған әнші дүниеден баз кешіп, өмірден күдер үзеді. Тағдыры салындыға ұшыраған Әміренің өлі денесі 1934 жылы қараша айының 4-нен 5-не қарағанда («Қыз Жібек» операсының премьерасы өткен күні), түн ортасында белгісіз жағдайда өз үйінің табалдырығының алдынан табылған. Әйелі Оразке таңғы тықырдан оянып, есік ашқанда босаға арқасы сүйелген күйеуінің денесін көрген.
Айғақтары жеткіліксіз әрі дәлелсіз деген жалған желеумен Елдес Омаровты 28-31 қазан аралығында үйіне босатқан. Мұның басты себебі: бостандықта жүргенде кіммен кездеседі, онда қандай пікірлер қозғалады, соны білу үшін әдейі жіберілген сияқты. Тыңшылардың мәліметіне қарағанда сол күндердің ішінде оны Қадырбаев Сейдазым қонаққа шақырыпты. Қонақта болғандар: "Нұрымов Ғаббас, оның ағасы Ахмет Бузинов, Юсупов Ахмет-Сафа, қайтыс болған Бірімжанов Ахметтің әйелі - Жәкен, Байменов Ілияс, Ақбаев Жанат т.б. (Бұл көрсетінділердің соңына қол қойылмағандықтан да пайдалана алмадық).
Әрине, бұл уақытша ғана алдарқату болатын. Өйткені үш күннен кейін Е.Омаров қайта абақтыға қамалды. Елдос Омаров ұсталған 15 қазан күні «Алашорданың» көрнекті қайраткері Халел Ғаббасов та жауапқа тартылды. Бірінші тергеуде Елдес Омаровқа: а) коллективтендіру саясатына қарсы астыртын әрекет ұйымдастырды деген, екінші жолы: ә) «1921 жылы Орынбор, Ташкент қаласында контрреволюциялық ұйым құруға қатысты-мыс» деген айып тағылды. Бірақ та бұл жолы жоғарыда айтылғандардың ішінен Халел Ғаббасовтан басқалары тергеудің құрығына ілікпеді.
Ал Халел Ғаббасовтың тұтқындалуы Голощекиннің сол жылы күзде басталған конфискациялау науқанымен тікелей байланысты болатын.
Жалғасы бар
«Абай-ақпарат»