Жеңіс Баһадүр. Соғады жүрек
Мамырдың мамыражай күндерінің бірінде сəскелік сəтте Жақан үйінің ауласында кеше кешкілік пəйітте базардан əкеп отырғызған гүлдері мен безендіргіш бұтақ көшеттерінің түптерін қопсытып, оларға су құйып, күйбеңдеп жүрген-ді. Зейнеткерлер қатарын толықтырғанына үш айдан бері есік алдындағы бес-алты сотық жерін, жалпы үйінің айналасын қайта құрылымдап көркейтуді ерте көктемнен қызу қолға алып еді. Бұрын өкіметтің жұмысы деп шапқылап жүріп, жеке шаруасымен бір мезгіл болса да жүйелі айналысуға мұршасы тимеді. Үйдің тірлігін балаларына тапсыратындай болған жоқ, əдібұлыққа жеткен үш ұлы ұрымға, екі қызы қырымға қонып, бəрі де үйленіп, тұрмыс құрып, бірі Алматыда, келесісі Астанада, кейбіреуі басқа қалада дегендей, əр сақта өз арбалаларын өздері сүйретіп, күндерін көріп жатыр. Ал зайыбы Бағиланың денсаулығы дімкəс, жүрегі қағады. «Маған сенің амандығың керек. Екеуміздің ас-суымызды əзірлеуге жарағаның да жетеді» деп өзінен бес жыл бұрын құрметті еңбек демалысына шыққан жұбайын үйдің күшке түсер шаруасына араластырмайды. Тұңғышы отбасымен жаңа елордаға көшерде жеті жастағы үлкен ұлын бауырына басып, алып қалып еді. Сол бопатай бесінші сыныпқа барар кезде «Көке, апа, айып етпеңіздер. Енді өзіміз оқытайық. Бұл жақ қанша дегенмен биліктің көз алдындағы орталық. Ел басшылығына жақын жердегі жағдай да, тəртіп те, сана да қашанда жақсы, тіпті жоғары емес пе. Осындағы мықты мектептердің біріне береміз. Провинциялық деңгейде қалмай, озық білім алып шықсын» деп ата-əжесіне көзайым болып, əжептəуір қолқанат болып жүрген баланы алды да кетті. Олардың бұл ниеттерін көңілдері қаламаса да, қарсы уəж айтып қайтсін, перзент солардікі, болашақтағы тағдырын қамдастыруды қалай кесіп-пішетін де өзінің əкесі мен шешесі. Содан «жарайды, жолы болып, бағы жансын» деуден əріге аспай, іш дерті іштерінде, дымдары шықпай қала беріп еді. Көнбеске шара қайсы. Қазір заман бөлек. Жастар өз білгенімен жүреді, өз дегендерін істейді. Жоралғыға салып, белден баспақ болсаң, беттен қағып тастауы бек мүмкін. Айтқаныңды тыңдамағансын, босқа əуре болып қажеті не. Қайта кешірім сұрап, алдарынан өткеніне де шүкір.
Қолдарында өсіп, қуаныштарына айналған сол жаман неме Астанаға ауысқалы көңілдері кəдімгідей қоңылтақсып қалған қос зейнеткер Жақан мен Бағила бір-біріне демеу болып, бес бөлмелі хан сарайындай далиған үйде екеуден екеу бір-біріне арқа сүйеп, өз тіршіліктерін өздері күйттеп тұрып жатыр. Отағасының бұл күнгі басты ермегі – сыртқы дүниемен биік тас қорғанмен қоршалып бөлінген даңғарадай үйінің доланында ертелі-кеш қыбырлап, гүлдің түр-түрін егу, бірді-екі жеміс ағаштарын баптау, көкмайса алаңын арам шөптен аршу. Отанасының əзірлеген ертеңгі, түскі шай-суынан кейін бір уақ газет-журнал оқып, «саяси сауатын» аз-кем жетілдіріп алады да, күндізгі көп уақытын тыста өткізеді. Теледидарды негізінен кешкі астарын ішіп болғаннан соң əйелімен қосылып қарайды. Рас, Алматыдағы, Астанадағы, Талдықорғандағы ұлдары «Үйді қимасаңыздар, жалға беріңіздер де, бізбен бірге тұрыңыздар» деп ата-анасына қолқа салды.Бірақ, əкесі «Əзірге жерге қарап қалған жайымыз жоқ. Оның үстіне өнген-өскен қарашаңырақтарың. Сыртта қанша жайлы, тамаша өмір сүріп жатырмыз дегендеріңмен туған елін сағынбайтын жан жоқ шығар. Кіндік қандарың тамып, кірлеріңді жуған жерге, ағайын-туғанға келген кездеріңде түсетін, емін-еркін аунап-қунайтын бір үйлерің тұруы керек емес пе. Ау, сонда бұл дап-дайын үй болып тұрмай ма! Бəлкім біреуіңе түбінде туған еліңе түпкілікті оралуға дəм-тұз жазып қалар. Тап қазір бізді қаншама жыл табан тіреген топырағымыздан, қарашаңырақтан қозғап əуре болмаңдар» деп, көшу мəселесіне нүкте қойғандай еді.
* * *
Бауды баптаудың қызығына қатты беріліп кетіпті, біреудің темір қақпаны саусақпен шерткендей тықылдатып тұрғанын кейін барып аңдады. Қартайғанда құлақ құрғыр дыбысты бəлкім қағыс шалды ма деп, зейінін қайтара қадап еді, дарбазаны əлдекім үздік-создық тырс-тырс ұрғылағанына көзі жетті. Іштен əйелі шығып ашатын шығар деген дəмемен есікке қайта-қайта көз тастап алаңдап еді, ол да естімеген-ау шамасы, үй жақ тым-тырыс. Жұбайы ортаңғы бөлмеде теледидарды ермек етіп отырған болар-ау, сірə. Шыны керек, жұмыс істеп жүріп, шашыраған судан, жұлған арам шөптің тамырындағы нам топырағынан жұққан лайдан үсті-басы сағалданған соң келіп тұрған адамның алдында көрінуге ыңғайсызданып еді. «Бірақ кім болса да көп күттіріп қою жарамас. Өзім-ақ барайын» деп асығыс шая салған қолын киімдеріне жүре сүйкей сүртіп, дарбазаға қарай беттеді.
Күндіз ішінен өмірі ілініп көрмеген қақпаны ашып еді, арғы жағынан бейтаныс бозбаланы көрді. Бұрын жолықтырмаған көкөрімге əдепкіде сүйсіне көз тігіп үнсіз тұрып қалыпты.Осы заманғы жастарға лайық үлгімен жинақы, əдемі киінген, бойы сұңғақ, шашын қысқа қидырған, қара қасы қалың, түбіт мұрт, қарағанға көз тойдырғандай көрікті жас түлек. Елден ерек, алтын асықтай екен.
– Сəлеметсіз бе? Маған Жақан аға керек еді,- деп өндірдей жігіт соншалықты биязылықпен ізет сақтап тіл қатқанда барып ұйқысынан оянғандай əнтек селк етті.
– Иə... иə... менмін... Мен Жақанмын. Кел, айналайын. Ішке кір,- деп жас ұланның алпыстан асқан бұны аға атап, басын ие амандасқан сыпайылығына, инабаттылығына ет-жүрегі елжіреді.
– Сіз мені əрине, танымайсыз, аға. Бұрын мені еш жерде, ешқашан да көрмегенсіз. Сондықтан маған таңданып қарауыңыз заңдылық. Есімім – Ақберен. Қостанайдан келдім. Менің келуімнің себебі..,- деп əңгімесін бастай берген қонақтың сөзін бөлген Жақан:
– Жүре ғой, қарғам. Үйге кіріп сөйлесейік. Қазақ емеспіз бе? Мейманды сырттан жібергеніміз жараспас. Қысылма. Қане, табалдырықтан бері атта. Ішке өт, шырағым, - деп отағасы бəйек болып, баланы қолтығынан демеп, үйге бастады.
– Əй, Бағила! Қайдасың? Қонақ келді алыстан. Алдынан шығып, қарсы ал,- деп үйдің есігін ашып жатып, ішке дауыстады. –Е-е, Бағила деп апаңды айтып жатқаным ғой. Үйде екеуміз ғанамыз. Кешігіп жатқанына қарағанда апаң əлдене шаруамен əлек болып, естімей қалды-ау, осы. Əйтпесе көрші-қолаң бас сұққанын, мейман келгенін білсе, алдарынан құрақ ұшып елбелеңдеп шығар еді. Біздің Бағила сол əдетінен ешқашан жаңылмаса керек-ті,- деген үй иесі самбырлай сөйлеп келеді.– Міне, апаң да шықты, балам. Алдымен төрлет. Анау диванға жайғас. Мен киімдерімді ауыстырып келейін. Апасы, сен дастархан қамда. Содан кейін құдайы қонақпен шай іше отырып, кең-мол əңгімелесейік,- деп Жақан залдың бір қабырғасындағы есікке еніп кетті.
Отағасы киімін өзгертіп келіп, мейман бозбаланың қарсы алдына жайғасты. Отанасы қаздаңдай жүріп, ортадағы үстелге дастархан жасау қамымен екеуі отырған бөлмеге кіріп-шығып жүр.
– Е-е, балам, атым сөйтіп, Ақберен дегін. Сонау қиырдағы Қостанайдан Оңтүстікке жолың түсіпті. Бірақ, қазір Қазақстанның алысы не, не жақыны не, жол жүремін дегенге түк болмай қалдыемес пе. Ұшағың баратын жеріңе көзді ашып-жұмғанша жеткізеді. Пойызың да діттеген тұсыңа зуылдатып тез-ақ апарады. Ал, қарғам, жайыңды айта отыр. Өзің сол солтүстіктенсің бе? Қай туған боласың?- деді қонағын асықтырмай байыппен, сабырмен сөйлеп.
– Иə, түбіміз – қостанайлық. Руым – арғынның қаракесегі, аға.
– О-о, айналайын, Мəди ақынның, Мəди батырдың ұрпағы екенсің. Бүкіл қазаққа мəлім текті тұқымның баласы болдың онда. Бəрекелді, балам. Мектепте оқитын шығарсың?- деді Жақан бейтаныс жасөспірімді жаңа ортаға бойы үйренсін дегендей көтермелей сөйлеп. Əрі уыздай түріне қарап, соңғы сыныптардың оқушысына балағанын да білдіріп.
– Колледжде оқимын, аға. Бірінші курсын бітірдім жақында ғана. Каникулға шыққан бетте осы жаққа мамам екеуміз келуді жыл басында жоспарлап қойып едік. Оның жол жүруге денсаулығы көтере алмайтын болған соң өзім келдім. Менің сіздерге сапарлауымның себебі...- деп мейман бала күмілжіді.
Жас түлектің енді бастап келе жатқан əңгімесінің аяғын жұтып, əрі қарай жалғастыруға батылы бармай кібіртіктеп қалғанын сезді. Көкөрімнің көкейінде кілкіткенін емен-жарқын ақтаруын демеп жіберуді құп көрген отағасы:
– Қымсынба, қарағым. Мұнда өз шаңырағыңда отырғандай, бізді өз туысқандарыңдай көр. Қазақ баласы бір-біріне қаны бір бауыр емес пе. Ұялма, сөзіңді іркіме. Не айтпақ едің? Жаңа құлаққағыс еттім ғой, үйде апаң екеумізден басқа ешкім жоқ. Бұйымтайың болса, оны да бүкпей ашық айта бер,айнам,- деп қолымен жеткіншекті іш тарта иығынан жайлап қаққылады.
– Аға, менің сіздерді іздеп келгенім... Бұдан он жыл бұрын Алматыдағы Сызғанов атындағы хирургиялық аурулар институтында емделіп едім. Барлық жағдайды мамам былтыр түсіндірді. Мен сіздерге алғыс айтуға келдім. Ұлдарыңыздың басына барып, рухына құран бағыштасам деген тілегім бар еді, аға. Рұқсат, мүмкіндік болса, қазір Жеткергеннің аруағына білген аятымды оқысам деп едім.
Отағасының күтпеген қонақтан қапелімде естіген əңгімесінен жүрегі ток соққандай солқ етіп, тұла бойында лықсып-лықсып ала жөнелген ыстық қанағыстан көз алды бұлдырап жүре берді.
Осы сəтте ас бөлмеден залға ене берген отанасы да бейтаныс жігіттің əлгі сөзін құлағы шалып селк етіп, состиып тұрып қалды да, кептірілген жеміс-жидек салып əкеле жатқан ыдысы қолынан түсіп, еденге тарс ұрылды. Ішіндегісі жан-жаққа тарыдай шашырады. Іле «И-и, жарыққанам-ау» деп күйеуінің қасындағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
Тосын жайдан əп дегенде санасы тұңғиыққа тарта бастаған Жақан есін тез жиды.
– Алда, жарығым-ай! Сол бала сен екенсің ғой... Өй, айналайын-ай... Оқы, жарқыным, оқи ғой...
Қырағаттап оқылған сүренің қасиетті сөздері даңғарадай бөлме ішін құдіретті əуезге бөлеп, үй иелерінің көңілдерін ұйытты. Келгелі бері көкқауырсындығына қарамай сыпайылығымен, көргенділігімен тəнті еткен бозбаланың сондай жағымды, жұмсақ, əуезді үні бойларын ерітіп бара жатты. Нақышты даусымен, келісті мақамымен үйлескен киелі əуен күші егде жастағы ерлі-зайыптының жандарын шамырқандырып, тербетіп, терең шыңырауға шым батырып еді.
* * *
Сол бір зар илеткен ауыр қайғылы күндерден бері бақандай он жыл өтсе де, бəрі де екеуінің көз алдарында қаз-қалпында, айна-қатесіз тұр. Жарты өмірлерін опырып кеткендей болған сол қасіретті оқиғаның əрбір сəті дəл кешегідей көрінеді, бастарынан тап жаңа өткергендей сезіледі. Баяғылар «Уақыт – емші» деп жатушы еді. Бұлар үшін бұл сөз жұбату үшін ғана айтылған құр сөз. Əйтпесе жүрекке беріш болып қатқан бітеу жара осы кезге дейін жазылар болмас па. Ал қос мұңлықты он жыл бұрын шарпып өткен алапат өрттің табы əлі бір мысқалдай да өшер емес. Төтеннен запыран жұтқызып, тақсірет тартқызған, содан бері бітпес күйікке айналған сол бір зардапты жағдай бүгінге шейін жандарын қабырға астына біткен сыздауықтай сыздатып, саналарын сансыратып келеді. «Жүрек дертін тəңірі де жаза алмайды» дейтін көнеден қалған тəмсілдің растығын жұбайлар мойындағандары қашан.
Отағасы қанша дегенмен шаңырақтың егесі. Қақпақыл сынын оқыстан тосқан қатал өмірдің басқа салғанына барынша сабыр сақтап, өзін-өзі қайрап, белді бекем буып көтеруге тырысып-ақ бағады. Өзін осалдыққа жеңдірмей, өзін ес тұтқан отбасын болған іске күйретпеу жағын ойлайды.Əйткенмен жұбайы, иə, заты əйел емес пе, қатігез тағдырдың төтеннен төндірген талқысына төтеп бере алмай, ішқұсалыққа бой алдырып, көзде – жас, көңілде – шер, өзін-өзі іштей мүжіп бітті. Қыз кезінен жайдары, мінəйім мінезді, жастайынан құдай қосқан қосағы сол оқыс жайдан кейін қатты есеңгіреп қалып, ұнжырғасы мүлдем түсіп, суға шыланған бордай езіліп, айықпас дертке ұшырады. Отанасы отағасының əңгімеге қанша тартқысы келіп, əр нəрсенің басын шалып көңілін аулаған сұрақтарына қысқа қайырады. Бұрынғыдай жарқылдай сөйлесіп шүйіркелесу жоқ. «Құдайға шүкір делік, Бағила, басқа балаларымыз бар. Енді солардың амандығын тілейік, тəубе ет» деп тілдесуге шақырып, уайымын уатады, төзімге шақырады. Мұндайда зайыбы: «Неғыл дейсің маған. Өзгелері бөлек, өзегімді жарып шыққан соңғы Жеткергенімнің орны ерек еді ғой. Үйде ойнап жүрген баланы сен де ойда жоқта əкете қалып...» Əрі қарай сөзін жалғастыра алмай «аһ» ұрып, булығып-тұншығып өксіп қоя береді. Басу айтамын деп, қайта қанталаған жараның аузын тырнап алғандай бола бергесін, Жақан бұл тақырыптың туындап қалуынан мейлінше сақтанатын, абайлайтын, қашқақтайтын болды.
Иə, əйтеуір əрқайсысы өткеннің өкінішін қаузап, жан азаптарын қоздырып алмаудың қамын жасап, бір-бірінен жасқаншақтап, шеркөкірекпен, ішқұсалықпен томаға тұйық күн кешіп жүрген жайлары бар.
Қалай десе де бала-шағасының ортасында біреуден ілгері, біреуден кейін ел қатарлы тіршілігін күйттеп, өздеріне бақ қондырып, бақытқа бөленген өмірлеріне бұлтсыз күнде найзағай түсірген сол жойқын жағдайдың жалынына əрқайсысы əйтеуір өз əл-қадерінше шарпылып келеді.
Он жыл бойы ерлі-зайыптыны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып, жүректерін шаншытып, өзектерін удай ашытқан сол өкінішті оқиға көздеріне елестеген сайын еңселері езіле түседі.
Сондағы барлық қасіретті көріністер жанарды жарқ еткізіп, көктей өтіп, жадыны жаңғыртып, құдды бүгін болғандай арқаларына аяздай батып, жандарын шырқыратады-ай.
* * *
Мектеп табалдырығын алғаш аттаған жылдың күзі еді Жеткергеннің. Қаршадай болса да қатарынан алғыр, ерекше зерек, құймақұлақ зейінді, тілі бал. Отағасының қырық үшінде көрген кенже ұлы, құдай бере салған несібесі еді. Бетіне жел тигізбеді. Аспандағы жұлдызындай, маңдайдағы құндызындай санап, аға-əпкелерінен бөле-жара мəпеледі. Жігіттік желең шақтан асып, ел ағалығына қадам басқанда құдай жеткізген сүйкімдісінің ныспысын да азан шақырып Жеткерген деп атап еді.Əкесі мен шешесі, үлкен бауырлары түгел алақанда аялаған, өлердей жақсы көрген сол еркін, ерке құлыны бірінші сыныпқа барғанына ай толғанда кенеттен жазымға ұшырады...Жауқазындай жайқалып, жайнап өсіп келе жатқанда кездейсоқ мертікті...
Отағасы жексенбідегі демалысында ауылдағы туған-туыстарында бір шаруасын тындырып қайтуға шығып, қасына Жеткергенін де ала кетіп еді. Даланы таспадай тілген асфальтта су жаңа жеңіл машинасымен жүйткітіп келе жатты. Күре жолдың қиыршық тас төгіліп, жаймаланып жөнделген тұсына жеткенде жылдамдығын баяулатты. Осы мезетте төбедей «КамАЗ» жаудан қашқандай азынаған арынының күшті екпінімен бұлардың көлігін шайқалтып, апшыны қуырған қара құйындай оң қабатынан зу етіп өте шықты. Іле қасындағы баласы оқыстан отқа түскендей «папалап» шар етті де, басын қос қолдап ұстаған бойы сол жағына қисая кетіп, үнсіз қалды. «Ой, ой! Не болды, балам? Не болды?» деп қапелімде ештеңеге түсінбей сасқалақтап қалған əкесі «Тойотасын» таппа тоқтатты да, ұлының басынан екі қолымен демеп көтермек болып еді, алақанына жып-жылы қоймалжың сұйықтық білінді. Жүрегі тарс төбесіне шығып, зəресі ұшып, қолын тез тарта қойып қараса... қан!
Жақан қас-қағымда тап болған сұмдық жағдайды бірден аңғарып, жаны түршікті. Қастарынан əлгінде жер-дүниені қақыратып, төңкеріп тастардай тасырлатып ағызып өткен əлгі дөңкиген дəу машинаның доңғалағынан ыршып, оқтай атылған ноқаттай түйір тастардың бірі баласының тура құлақ шекесінен тесіпті. Кабинаның баласы отырған жақтағы əйнегі түсірулі еді.
Қаңғыған қиыршық тастың басына қаншалықты дендеп енгені белгісіз, қарауытқан, үңірейген тесігінен бүлк-бүлк аққан қан баланың мойнын, омырауын, иықтарын шылқытып, көйлегін қызыл жоса етіпті. Жігіт ағасы аяқасты кесірге байбаламдап, бебеу қақты да қалды. Бұрын мұндай əлеметті көрмеген əке байғұс асып-сасып əбжіл қимылдап, орындық арқалығын астындағы тетігінен босатып жіберді де, артқа қисайтып, ес-түссіз былқ-сылқ еткен ұлын соған шалқалатты. Өзі жалма-жан кабинадан атып шығып, қалбалақтап автокөліктің алдын айналып келіп, жандəрмен баласына көмекке ұмтылды. Автокөліктің оң жақтағы есігін ашып, артқы қалтасынан беторамалын сопаң еткізіп суырып алып, ұлының қан шапшыған басына басты. Содан жылдамдатып машинаның жүксалғышындағы аптечканы абдырап жүріп ақтарып, қобыраған көп ем-дом заттары ішінен иод пен дəкені алды. Өң мен түстің арасында өзінің білгенімен жөпелдемелетіп құтыдағы қарақошқыл сұйық дəріні бір уыс мақтаға тамызып, қып-қызыл қан шым-шым сорғалаған жараның аузын сүрткіледі. Иод ашытқан болу керек, баласы көзін ашпаған күйі қиналып ыңырсыды. «Қап! Атаңа нəлет-ай! Қап, ит-ай! Қатты тиген екен-ау!» деп бір пəсте байғұс болып қалған жан бармағын тістелей берді.
Баласының əлі есін жинай алмай жатқанына аяғы жерге тимей жаны шырылдаған əке бейшара қолдары дірілдеп, жаралы басты бинтпен орап тастады. Өзіне əлі келе қоймаған ұлын көтеріп, артқы салонның орындығына ұзынынан сұлатып жатқызды. Желкесіне өзінің костюмін шешіп, екі бүктеп төседі де, енді сəл де аялдауға болмайтынын түсініп, көлігін келген жағына шарт та бұрып, бақытсыздыққа кездейсоқ душар болған перзентін қалаға жедел жеткізуге асықты.
Бір тəуірі, əлгінде өздері шыққан шаһардан көп ұзаған жоқ еді. Құстай ұшып, жаушы-жаламда облыстық ауруханаға жетті. Обалы не керек, мұндағылар зыр жүгіріп қызмет етіп, оқыс жазым болған балғынды дереу доңғалақты зембілге салды да, жансақтау бөліміне ала жөнелді. Сол жерде жан-жақты тексеруге алды. Бір сағат бойы есі кіресілі-шығасылы баланы жабыла қараған əртүрлі маман дəрігерлер «Көлемі ноқаттай тас тереңдеп кіріп, дəл мидың қабатына тақала тиіп тоқтағанын рентгеннен көрдік. Бұған ота жасауға біз дəрменсізбіз. Бұл тек Алматыдағы Сызғанов институтының нейрохирургтерінің қолынан ғана келеді. Уақытты ұтқызбай, облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы науқасты сол жаққа тез жеткізу керек. Біздің қорытындымыз дайын» деп кеңес берді.
«Ауру кірді, əлек кірді». Жаппар құлда жан бар ма, содан қажетті құжаттарды зыр жүгіріп жүріп əзірлеп, ұлын арнайы бөлінген санитарлық авиациямен сол күні-ақ Алматыға шұғыл алып ұшты. Көзді ашып-жұмғанша жер сабап қалған жұбайы да қалмай ілесті.
Басынан қан шып-шып тамшылаған, кірпігі зорға қимылдаған шалажансар баланы оңтүстік астанадағы дəрігерлер дереу ота жасауға ұйғарды. Алдымен жөпелдеме консилиум өткізді. Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі əкесімен əңгімелесіп, бар ахуалды баян етті. Науқастың халі өте ауыр, мүшкіл екенін, отаның да аса қауіпті жəне жасамаса тағы да болмайтынын, мұндай жағдайда сəттілігі жүз пайыз сенімді шыға бермейтіндігін де қоса ескертті. Əбден болып қалуы мүмкін осындай қатерге мойынұсынып келіссе, кешіктірмей отаға жедеқабыл кірісетіндерін мəлімдеді.
Бар тілеуі баласының үстіндегі əкенің хирургтер шешімін қабылдамасқа амалы бар ма. Алладан медет сұрап, баяғыда сүйектері қурап кеткен ата-бабасының, əке-шешесінің əруақтарына сыйынып рұқсатын берді.
* * *
Ота ұзаққа созылды. Жылға жалғасқандай бір... екі... үш... төрт сағат өтті. Іштен хабар жоқ. Ота жасау блогы мен жан сақтау бөлімшелерінің есіктері алдылары түйіскен алаңда Жақан мен зайыбы жəне олардың қасында жасы өздерімен қарайлас бейтаныс əйел мен оған əлпетінің өте ұқсастығына қарағанда сіңілісі болса керек, тағы бір жас келіншек əлде бойжеткен тұрды. Аты-жөндерін сұрасып, танысып жатуға көңіл хошы қайда! Олардың шыбын жандарын шүберекке түйіп, бір қолдауды тəңірден жалбарынып, көз жастарын парлатып тұрып, бұларға шаққан мұңдарынан білді. Бастарына қою уайымның қара бұлты төніп, осында соңғы үміттерін жалғап жетіпті. Əңгіме арасында еміс-еміс естігені –екі əйелдің өздері құралпының жар дегенде жалғыз, əкесі жоқ, жеті жасар ұлының туғаннан дімкəс жүрегінің сырқаты соңғы кезде асқынып кетіп, Алматыға əкелгендеріне бір апта болыпты. Қазір аппараттың күшімен ғана ілдалап жұмыс істеп жатқан көрінеді. «Бірден отаға алмай əзірге байқап бағамыз. Емдеудің жолдарын ойластырып, қарастырамыз. Бірақ, əй, қайдам, дерт əбден меңдеген əлсіз ағза жазылып кете қоюы неғайбыл» деп дəрігерлер өздерінің дүдамалымен күдікті қалыңдатыпты. Содан бері тағдырлары шырғалаңға түсіп, балаларының маңында бастары қатып шырмалып жүргендері екен. Ал енді баласының жүрегі осы жатысында алда-жалда жасанды жолдан ажыратылса, одан табанда айырылатынын айтып, зар илегенде онсыз да уайым жұтып, «О, құдіретті Раббым, рақым етіп, кішкентай ғана бейкүнə періштемізді есіркей гөр» деп «е-е, құдайымдап» əзер тұрған ерлі-зайыптының сай-сүйегін сырқыратты.
Иə, кемедегінің жаны бір. Екі отбасының да басына түскен тауқыметтері өте ұқсас. Перзенттерінің өмірлері қыл ұшында тұр. Мүсəспір күйде бір-бірлерінің қиын-қыстау жағдайларын көзбен көріп, іштей ұғысады. Əрқайсысылары əр шалғайдан. Бұлар – оңтүстіктен. Олар – солтүстік жақтан. Бейтаныстарды кездейсоқ қатерге душар болған, енді ажал қармағын салғалы тұрған балаларының мүшкіл халдері тоғыстырды. Екі əулеттің де бар үміті – өрімтал көзайымдарының өмірлерін қолдарына үлкен үмітпен үздігіп тапсырған дəрігерлерде. Соларға Алладан жəрдем сұрап, «емдерінің шипасын бергізсін» деп жалынады.
Бұлардың Жеткергеніне таңертеңгі тоғызда күрделі ота жасау басталды. Əрбір минуты сағатқа, сағаты күнге созылды. Жақан хабарын тосып, пұшайман күй кешіп, өзін қоярға жер таппай, тар жерде əрі-бері сенделіп, теңселіп жүр. Ал қостанайлық қайғыластар да тынысы жасанды құралға қосылып, хал үстінде жатқан ұлының қайырын тілеп, дегбірлері қашып отыр. Күтушілер іштен біреу шығып қалар ма екен деп, операция залының тарс жабылған есігіне тықырши телміреді. Табандап тұрған орындарынан бір елі ұзауға дəттері жетер емес.
Жан күйзелісіне түсірген азапты уақыттың жылжуы да əсте қиын. Өзара сөйлесуге де зауықтары жоқ. Өз дерттері өздерінде. Лəм-мимсіз тұншығады. Бір орында байыз таппай, олай-бұлай тынымсыз сандалған Жақан шыдамы таусылуға шақ, үнсіз жылап, көз жасын көлдетіп отырған жұбайының қасына оқтын-оқтын жақындап: «Қорқа берме. Бəрі дұрыс болады. Жақсылығын, сəттілігін тосайық» деп қайта-қайта басу айтып қояды. Балапандарының қылға ілінген жанына байланып тұрған ата-ананы күйіп-жандырған мүшкіл сəттер бітіп болар емес. Бір ұшын ұстатпай тым алыстап барады. Өзімен-өзі арпалысып, аласұрған Жақанның жаны мұрнының ұшындағы Бағилаға ақыл қосып, қарқарадай болып, ес танытқаны да əйтеуір демеу.
Тығырыққа тіреген осы бір қысылтаяң мəурітте талай күн мен түнді асырғандай, мазасыз алаң көңілді дəмелендіріп əрі үрейлендіріп бір заматта саңыраудай мелшиген есік жайлап ашылып, дəрігер де шықты-ау ақыры. Бір орында байыз байырқалай алмай санасы сансыраған Жақан да, сары уайымға батып, кеудесі өртеніп, ебіл-дебіл болып отырған Бағила да өлген əкелері тіріліп келгендей, ақ желеңді жанның алдына құстай ұшып барды. Қос қолын қалтасына салған жас хирургтің аузынан өздерін қуантатын жақсылық сөз күтті. Бір қуанышты тағатсыздана тосып тұрған екеуі бірдей қосарланып: «Қалай болды? Не болды? Шырағым, садағаң кетейін! Айтсаңшы, тезірек!» деп күндері түскен доктордың жүзіне ентіге емінді. Алайда ... шаршаңқы, қабағы салыңқы дəрігер басын шайқап алды да: «Бекем болыңыздар. Қолдан келген бар амалды қолдандық. Лажымыз қайсы, бар мүмкіндік жасасақ та, аман алып қалуға мүмкін болмады. Клиникалық ауыр халге түсті. Өмірінің санаулы минуттары қалды. Бөлім меңгерушісіне жолығам десеңіз, екінші қабаттағы бөлмесіне барыңыз. Жаңа ғана өзіне кетті» деп суық кескінмен сұмдық хабарды жеткізді де, ішке қайта кіріп кетті.
Ерлі-зайыптының басына қара бұлт үйірілді. Орындыққа сылқ құлап түскен ана: «Құлыным-ау!.. Жарығым-ау! Қапияда қыршын кеттің-ау, ботақаным! Жаратқан ием-ау, титімдей баланың не жазығы бар еді, көктей солатын? Бесік табы арқасынан кетпеген күйі қара жерді төсек қылатын болды-ау, қошақаным!» деп дауыс салып, ботасын жоғалтқан бозінгендей боздады.
Қақ төбесінен бір ұрып, қолқасын суырып əкеткен жаманаттан есеңгіреген əке: «Қарғашым-ау! Бəріне мен... мен... кінəлімін... Ойнап жүрген жеріңнен нем бар еді сені жолға алып шығып. Е-е, Жаратқан ием, қызығы енді басталған балауса құрақты қайтіп қана қидың. Сол атаңа нəлет таспен күнаһар мені атпадың ба? Ай, Құдайым-ай! Не жазып едім саған мені сорлататындай!» деп опық жеген өкінішпен қабырғаны жұдырығымен соққылай берді. Көзінің ағы мен қарасынан қапыда айырылып, күңіреніп жоқтау айтып еңірегенде етегі жасқа толған қосағын тарс құшақтап алып, өзі де аңырап ағыл-тегіл жылады-ай келіп.
Бір шамада жанарынан жаңбырдай селдеген жасты алақанының сыртымен сүртіп тұрып, көршілеріне назары түсті. Қан жұтқан жұптың зарына өз балаларының да көрер таңы қылмойынға тақаған пұшайман халіне қобалжып тұрған қостанайлықтар да үнсіз, қоса егіліп тұр еді. Осы сəтте топ əйелдің ортасында ес танытар жалғыз еркек жəне жасы үлкені де өзі екенін түсінді. Дел-сал күйдегі Жақан бұдан соң тез серпіліп, өзін-өзі ұстамдылыққа шақырды. «Қайтейік, шадыман шағында төтеннен судай тартылып, гүлдей солды. Бір жұлдызымыз кенеттен сөнді. Жоқ жерде пайда бола кеткен дүлей дауыл бəйтеректің бір бұтағын жұлып жерге түсірді.
Бордай езілгенмен жоғалтқанды қайтарар лаж қайда. Бұрынғылар: «Пендеңіз не жазса соны көрер, ешкім де тағдырынан басқа болмас» деп бекер айтпапты-ау. Естілердің ескірмей келе жатқан бұл сөзі, міне тура менің отбасыма айналып соққанын қарашы. Е-е, Жасаған ием, аяқастынан жазатайым пұшайман жеп қалған біз бейбақтарды сабырға жеңдіре көр... Құдайдың бұл да бізге салған бір сынағы» деп іштей ширықты. Көзінен парлаған жастан көзалды буалдыр тартқан отағасы бір мезетте солқылдап, өксігіне шашалып, қайта-қайта деміге берген отанасының қатты қиналғанынан шошып кетіп, өзіне-өзі тез келді. «Қазаны аза тұтып, аурухана ішін азан-қазан еткенмен, өкініштің өртімен басты тоқпақтай бергенмен Алланың əміріне қарсы жасар қауқар мен қайла қайсы. Тағдырдың тосын талқысына көнбегенде қайтеміз!? Елден алыстамыз. Енді алда не істемек керектігін қамдайық. Жетпесті қума, келмеске жылама. Ей, жалған да қатал дүние-ай! Қайтейін-ай, қайтейін. Бес батпан сорын біздің маңдайға жапсырыпты да. Егіліп, есеңгіреп отырған Бағилам мынау. Екі ортада қасірет азабын көтере алмай белі опырылып, əлдеқалай майып болып жүрмесін. Күйреп қалмасын. Алдын алайын. Өткенге салауат айтайын...»
Сүт бетіндегі қаймағынан қапияда көз жазып, қабырғасы қақырай сөгіліп, «аһ» ұрып қалған қосағын бауырына басып шайқалып тұрып: «Болған іске болаттай берік болайық, Бағила. Қойшы, жаным. Есіңді жинашы. Басқа перзенттеріңе керексің. Соларды ойла. Жеткергеніміздің жаны пейіште болсын, иманын саламат етсін. Ажал төтелеп келіп, мені емес, жасты алды. Əттең дүние-ай! Қайтеміз енді. Белді бекем буалық. Егіле берме, бізді де егілтпе. Əлпештеп өсірген шыбынымыз мəңгіге көз алдымызда.
Аққу ұшып көлге кетті, ақсұңқар ұшып шөлге кетті. Ол адасып кеткен жоқ, бəріміз баратын жерге кетті. Түбінде жолығамыз, көрісеміз құлынымызбен. Қарашығымыз қасымызда, жарығымыз жанымызда. Соған тəубе ет, Бағила» деп жан-жарын қысып-қысып жұбатты.
Анадай тұста үнсіз шерленіп тұрған келіншек пен қыз бұларға тақап, қайғыларына ортақтасып қолдарын ұстап, көңілдерін білдірді. Олардың да көздерінде мөлтілдеген жас.
Қайғыға уланып, ойы онға, санасы санға бөлініп, өзімен-өзі арпалысып тұрған Жақан бір мезетте: «Бағила, өзіңді-өзің ұста, болды енді. Ертеңіңді ойла... Ал мен... мен... дəрігерге барайын... Сөйлесейін... Мен қазір...» деді де, ойына əлдене оқыс шешім келгендей, жұбайын қысқан құшағын жазып, арқасынан бір-екі қақты да, шалт бұрылып, екінші қабатқа қарай баспалдақпен тездетіп көтеріліп кетті.
Баласын осында кеше əкелгелі бері танысып-білісіп қалған бөлімше меңгерушісінің кабинетіне кіргенде, ол ақ желеңін шешіп, киім ілгішке енді іліп жатыр екен. Əлгінде ғана қолынан бақилыққа аттанған баланың қаралы əкесіне дəрігер ілтипат көрсетіп:
– Кіріңіз, кіріңіз. Біз қолдан келген амалдың бəрін жасадық. Баланың миы... – деп келе жатыр еді, оның лебізін бөлген Жақан:
– Бəрін түсінемін... Доктор! – деді салғаннан. – Егер менің ұлымның жүрегі қажет болса, Қостанайдың хал үстінде жатқан баласына салыңдар. Керек құжаттарыңа қолымды қойып берейін.
Жасы өзі құралыптас дəрігердің көзі бұлаудай болып ісіңкіреген бұның бетіне аңтарыла тесілді. Жүзіне бірауық барлай қарап тұрып, оның бір тосын əрі нық шешімге келгенін байқады да:
– Солай ұйғарсаңыз, онда бұл əрекетіңіз үлкен парасаттылық. Рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Олай болса біз шұғыл іске кірісейік. Екі баланың да анализдері дайын. Салыстырып, қаншалықты сəйкестігін тексеріп көрейік. Əзірге бара тұрыңыз. Хабар бізден болады. Ал, жігіттер, тез төмен түсіңдер, – деп бөлмедегі əріптестерін асықтырды.
* * *
Иə, иə, иə... Бейсауат келіп, қарсы алдында отырған бұл сүйкімді бозбала жайы белгілі болды. Ботақаны Жеткергенінің жүрегін салдыртқан сондағы балақай болып шықты.
–Алда, айналайын-ай! Сол сен екенсің ғой... бар екенсің ғой... Ау, Бағила! Бағила деймін! Естимісің!.. Міне, қарашы! Жеткергеніміздің бауыры келіпті. Кірсеңші енді бермен!..
Өлгені тіріліп, өшкені жанғандай, жүрегі жарыла жаздап қуанғаны соншалық, Жақан орнынан жас баладай атып тұрып, жасөспірім қонақты айқара құшағына алды...
«Ой, жарқыным менің! Ой, балапаным сол!..»
Қарт өзін қоярға жер таппай балаша мəз-мейрам.
Бұдан бақандай он жыл бұрын...
Иə, иə... сол жолы өзінің аяулы көгершінімен түйдей жасты екенін естігенімен, бұл жасөспірімнің өзін көрген жоқ еді. Жағдайдың артын тосуға мүмкіндік қайдан болсын. Сол азалы мезетте мұны біліп жату тіпті қаперлеріне кірді ме. Ұлдарының жүрегі алынған мəйітін елге зəуметте алып кетпеді ме.
Сондағы өзінің қоңыр қозысымен тағдырлас болып, бір ауруханада қатарлас жатқан бейтаныс бала енді міне қараса көз тоятындай сүп-сүйкімді, бойшаң болып ер жетіпті.Өзі қандай ибалы тағы. Аққұба ашық жүзінен ізеттіліктің ізгіліктері, имандылық шапағаты төгіліп тұр. Өн бойынан жақсы тəрбиенің, көргенділіктің жұпар иісі аңқиды. Өзінің əне-міне үзілуге шақ тұрған жүрегін тірілтіп, өмірін жалғастырған өзі тақылеттес бейкүнə балғынның жұртын, əке-шешесін, туған-туыстарын сонау алыстан... қияннан іздеп келіпті. «Ақылыңнан, мейірбандылығыңнан, кісілігіңнен айналдым, жарқыным. Зекетің кетейін де болмысыңнан. Оң-солыңды танып, ат жалын тартып мінуге жарап қалған деген əне осы...»
Қос қария бейтаныс мейман бозбаланың келісіне еңсені езген қою бұлт арасынан күнді көргендей, жоғалғаны қайта оралғандай шаттанды. Қайғылы оқиғаға өзін күнəһар санап тұйықтау болып кеткен отағасы да шешіліп, қонақты əңгімеге тартып, аяқастынан сөзшең болып кетті. Əншейінде ыңқыл-сыңқылы көп, қозғалысы шабандаған отанасы да кенет сырқатынан құлантаза айығып кеткендей, жайраң қағып, жүзі жадырап, алғаш көріп отырған жеткіншекке жүрегін ашып өбектей берді.
* * *
Арнайы келген қостанайлық жолаушы Жақан мен Бағиланың үйінде екі күн болды. Ақберен ата-анадан жалғыздығын, əкесінің ерте, өзінің сəби кезінде дүние салғанын, қазір шешесі екеуі тұратынын, осында бірге келуге жиналғанда жол жүруге денсаулығының жарамағандығын айтты. Ал Жеткергеннің қандастық сырын шешесінен естігенін, бірақ оның əке-шешесінің аты-жөнін, тұратын облысын білгенімен, қай қала, қандай мекенжай екенін тап басып айта алмағандықтан, бар мəліметті ғаламтор арқылы тапқанын да жасырмады.
Үшеуі жарасты бір отбасындай емен-жарқын шүйіркелесті. Ашықтығы, мінезі құдды Жеткергеніне ұқсайды.
Жас жігіттің қалауымен Жақан оны Жеткергеннің зиратына ертіп апарып, ұлының аруағына зиярат етіп қайтты.
* * *
Ақбереннің еліне қайтатын кез де келді. Екі қарт қысқа уақыттың ішінде-ақ өздеріне де, өздері де өз ұлдарындай болып бауыр басып кеткен бозбаланы қимай пойызға шығарып салды. Алма-кезек маңдайынан иіскеп, бетінен сүйіп, құшақтарына қайта-қайта қысып, қоштасар сəтте:
– Жортқанда жолың болсын, жолдасың қыдыр болсын, балам. Жайлы жүріп, жақсы жет. Дəйім алдыңнан жарылқасын. Хабарласып тұр, айналайын,-деп отағасы тамбурға көтеріле берген Ақберенді қолтығынан сүйемелдеді.
– Алла жар болсын, жарқыным. Тіл-көзден сақтасын өзіңді Жаратқан ием. Қайда жүрсең де аман-есен бол. Шығар тауың биік болсын, шырағым! Апаңа сəлем айт. Хабарыңды үзбе, - деп отанасы шыланған көзін орамалының ұшымен сүртті.
– Қайыр-қош, менің көкетайым мен апатайым! Мен... мен міндетті түрде келіп тұрамын. Бауырларыммен əлі танысатын боламын. Сау болыңыздар. Мен келемін... Сіздерге... келемін..,- деді тамбурда тұрып қол бұлғаған Ақберен.
Пойыздың доңғалағы сарт етіп қозғала берді.
Жеңіс Баһадүр
Abai.kz