Жұма, 22 Қараша 2024
Аңыз Абай 4936 4 пікір 2 Наурыз, 2020 сағат 12:48

Абайдың ғылыми дүниетанымы

Абай «кәмәләтті шеберлік» хақындағы пікірлерімен бөліседі. Табиғат – оқулық. Табиғат – қазына. Табиғат – суретхана, яғни қисапсыз бояулар мен дыбыстар дүниесі. Жаһан «жүргізіп қойған сағат сияқты» деседі. Табиғатты 1) тыңдау 2) оған бағыну, тағылым алу 3) ақыл жұмсап, құрметтеу парыз. Онда ғажайыпты ұлы үйлесім, көркемдік келісім бар. Ішкі гармония қатаң сақталған, ақыл-ой қуаты шамалай алмайтын, жанды-жансыз дүниенің құрылымында әмбебап өзара әрекеттестік бар, мыңдаған, миллиондаған байланыстар мен қарым-қатынастар жүйесі бар.

Ғалам ғаламаты, Жаратушы құпиясы, жаратылыс сыры, жеті қат көк, жеті қат жер, адам болмысы Абайдың «Жиырма жетінші сөзінде» Платонның ұстазы Сократ хакімнің атынан соншалықты түпсіз тереңдікпен қисынды баяндалған. Данышпан Сократ шәкірті Аристодимге адамның денесі, оған ақылдың қайдан бұйырғаны жайында мынадай пәлсапалық түйіндемесін, тұжырымын айтады: «Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің». Шынында, айрықша күрделі байланыс, тәртіп, жүйе бар. Тылсымның тұңғиығына ден қойған ойшыл Абай: «Бұлардың иесі бір өлшеусіз ұлы Ақыл ма? Егер ақылменен болмаса, бұлайша бұл есебіне, өлшеуіне ой жетпейтұғын дүние түрлі керекке жаратылып һәм бір-біріне себеппен байланыстырылып, пенденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законге қаратылып жаратылды» – дейді. Сократтың пайымынша, «Жаратушы артық ақыл иесі». Ойланып көріңіз. Адамның интеллектуалдық түйсігі, ақылы табиғат әлемімен және оның тамаша көріністерімен өзектес екен. Жұлдыздардың нәзік сәулелері адамның ақыл-ойын жарықтандырады. Аспан төріндегі жарқырауық нүктеден шыққан есепсіз сәулелер – ұйымдасқан тастүйін әскер деуге болады. Қазақ тіліндегі «шұғыладай өрілген» дейтін фраза осы бір реттілікті көрсетіп, танытпай ма?! Абайдың он сегіз мың ғаламның «мықты көркем законға қаратылып жаратылды» дегеніне мысал ретінде қызыл түс құбылысына ден қойсақ, бұл бір секундтың ішінде төрт жүз миллион мәрте тербелістер тудырады екен. Ғаламның әрбір бөлшектеріне дейін энергетикалық өріске бағынып, ішкі гармония мен сұлулық заңдылықтарына құрылған. Атақты жаратылыстанушы Анри Пуанкаренің (1854-1912) көзқарасынша, сондықтан әлем гармонияға кемелдігімен де Тәңірлік сипатқа ие. (Анри Пуанкаре. О науке. М: Наука, 1990. с. 202.).

«Ұлық Құдайға» «құлшылық» жасауды мойындау – әбден дұрыс. Себебі, Алла адам баласының өзін де, дәулетін де, барша керек-жарағын жаратты. Иә, «бір-біріне ғылым үйретерлік шешендік салахиятты», «сыпайылық шеберлікті» және «ғажайып ақылды», «ғажайыппенен жасаған денеге кіргізіп, мұнша салахият иесі қылғаны хикметпенен өзге хайуанға сұлтан қылғандығына дәлел емес пе?» деп, жинақылықпен түйіндеп отырып, Жаратқан Иенің «адам баласын артық көріп, қамын әуелден Алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма? – депті». Абайдың даналық дүниетанымы, жаратылыстану ғылымы бойынша озық көзқарасы, тереңдіктердегі құпия сұлулық, құбылыстар, заттар, бөлшектер арасындағы күрделі байланыстарды қуатты ақыл көзімен саралауы, әлемдік гармонияның негізін, мәнісін түсіндіруі, Ай мен Күннің жарығындай «жанының жарығы», үздік тәжірибесі мен кемел қабілеті осындай байламдар жасауға мүмкіндік берген. Адамзаттың мәңгілік мекенін, мырзалықпен үйіп-төгіп мәңгілікке берілген ырыздығын (жер, су, ауа, от, рух, әулет және т.с.с.) мұқият қорғау, сақтау, байыту, гүлдендіру керек екендігін мына бір пікірінен «біреу сенің қамыңды жесе, сенің оған қарыздар екендігіңе де ұстаз керек пе?» дегенінен де телегей сыр мен мағына ишараттары «Отыз сегізінші сөзінде» бұған жан-жақты толық, терең түсінік-сипаттама берілген: «Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз емес пе? Ақыл көзімен қара: күн қыздырып, теңізден бұлт шығарады екен, ол бұлттардан жаңбыр жауып, жер жүзінде неше түрлі дәндерді өсіріп, жемістерді өндіріп, көзге көрік, көңілге рахат гүл-бәйшешектерді, ағаш-жапырақтарды, қант қамыстарын өндіріп, неше түрлі нәбатәттәрді (өсімдіктерді) өстіріп, хайуандарды сақтатып, бұлақтар ағызып, өзен болып, өзендер ағып, дария болып, хайуандарға, құсқа, малға сусын, балықтарға орын болып жатыр екен. Жер мақтасын, кендірін, жемісін, кенін, гүлдер гүлін, құстар жүнін, етін, жұмыртқасын; хайуандар етін, сүтін, күшін, көркін, терісін; сулар балығын, балықтар икрасын, хатта ара балын, балауызын, құрт жібегін-һәммасы адам баласының пайдасына жасалып, ешбірінде бұл менікі дерлік бірнәрсе жоқ, бәрі – адам баласына таусылмас азық». Асылы, хакімнің асыл, мағыналы байлам-толғамдарының түп-төркіні «сәуле беруші кітаптың» «шыншыл ақыл-кеңесімен», «мүбәрак бір насихатымен» үйлеседі: «Жерді төсеп, онда әртүрлі көркем нәрселерді өсірдік» (50-Қаф сүресі, 7-аят). «Сендерге көктен, жерден, ризық беретін кім? Ендеше, Алладан басқа қандай құдірет бар» (27 – Нәміл сүресі, 64-аят).

Абай адамзат тарихындағы, дүние тарихындағы Жаратушының керемет қызметін, «Артықша ғажайыптауға лайықты», «ақыл иесі», «адам баласының үзілмес нәсіліне таусылмас азық болсын дегендік» ұлы тілегін дәйектілікпен ұғындырған. Бұл Заманға, Қоғамға, Уақытқа мәңгілік қағида, ұран ететін «құдайлық құдіреттің», жаратылыстың атынан айтылған қасиетті лебіз. Әрі қарай ілгері жылжысақ, алтын бесік, Жер-Ана, сұрқия, сұм, әзәзіл саясат ойлап тапқан радиацияның, терроризмнің, экстремизмнің, сеператизмнің, лаңкестіктің, бейдауа жұқпалы дерттердің құрбанына, жеміне айналды. Құрлықтар тозақтың отына шарпылды, адамзат тағдыры ойыншық іспетті. «Ессіздердің насихаты» белең алып, берекесіздікке душар етуде. Бұл тұрғыдан келгенде, Абай пайымдары – кемеңгерлік кеңестің нақ өзі. Жақсылық іс істеуші, жарылқаушы, «ғаламды қандай хикметпенен жарастырып, қандай құдіретпенен орналастырған» және «бірінен-бір пайда алатұғын қылып жаратыпты», «ғалам Алла тағаланың ішінде», «Бір» мен «Бар» да «ғаламның ішінде», «кәмәләтті шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өсіп-өнсін деп жаратқан», «ерінбеді, келісімменен, хикметпенен, кәмәләтті бір жолға салып жасады» деп, білгірлік пен көсемдік танытады.

Ғалам жүзіндегі барша құбылыстардың, заттардың, нәрселердің өзіндік тағылымы, қасиет-ерекшеліктері, «құдіретті сипаттары» бар. «Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар...» дейді. Бірінен бірі туындап, өрбіп қолдап-қорғап, жалғасып, басқа бір түрге, күйге алмасып жатқан дүние.

«Ғақлия дәлелім Құдайтағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан – деп пайымдайды Абай – онан басқа бірінен-бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты».

Адамзат пен ғаламзатты ғаламат сұлулықпен, үздік көркемдікпен, терең де парасатты тағылыммен жаратқан Алланың құдіретін жан-жақты сипаттап жеткізу үшін, Құран Кәрімде көрсетілгендей, төрт мұхитты сия етсең де, көк аспанды қағаз етсең де, Ұлы Жаратушының ғажайып шеберлігін түп-тамырынан қопарып баяндау мүмкін емес. Әр құбылыстың, әр нәрсенің сыры мен сымбаты, мәні мен сәні, ақиқаты мен шынайылығы бар. Даналық пен тілі бар. Бұлай болмағанда әлем көріксіз күйге түсер еді. Асылы, ғаламның құрылымдық жүйесі Абайдың танымында «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Алла өзгермес», «Алла мінсіз әуелден...», «Құран рас, Алланың сөзі дүр ол», «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?», «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті», «Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек», «Әуелі аят, хадис – сөздің басы», «Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер», «Алла мықты жаратқан сегіз батыр» деген қисынды қағидаттарын айрықша атауға болады.

Суреткер Абай жансызға жан бітіріп, қара тасқа тіл бітіріп, тілсіз табиғатты сөйлетуге келгенде ақындық даналық танытады. Ой тереңдігіне сезім мөлдірлігі мен сөз шеберлігі әдемі ұштасқан. Мысалы: «ЖАЗҒЫТҰРЫ» өлеңінде былайша өрілген:

Безендірген жер жүзін Тәңірім шебер,
Мейірбандық дүниеге нұрын төгер.
Анамыздай жер иіп емізгенде,
Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер.

Табиғатты тамылжытып жаңартқан, жайнатып жасартқан – Тәңір Ием. Жасаған жер мен аспанды бір-біріне ғашық қылып, жарастықта тудырып табыстырған, дидарластырған. Жер –Ананың құшағы тап-таза нұрға толып, бақыт құсы қонып, бейне бір жұмақ қорығына айналған.

Әрі қарай:

Күн-күйеу, жер қалыңдық сағынысты,
Құмары екеуінің сондай күшті, 

деп сәтті сабақтастырады. Күнді күйеуге, жерді қалыңдыққа ұқсатып, бір-біріне құмарландырып, қауыштырып, тағдырлас етіп қояды. Дөңгеленген дүниенің кеудесін керіп, қорғасындай еріп, гүл атқан қосағымен қоса ағарған қызықты шағының сұлулығын Абай барынша тереңдете ашады.

Күн – күйеуін жер көксеп ала қыстай,
Біреуіне біреуі қосылыспай
Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,
Жер толықсып, түрленер тоты құстай.

Нағыз суретшілдік. Шынайы сыршылдық. Ол исламдық-ғылыми дүниетанымды меңгерген. Оның ұлттық дүниетанымының тереңдігінің бір қыры осыған байланысты. Себебі, Аллатағала әлемге махаббат, ғашықтық сыйлаған. Осы бір ұғым – түсінікті Абай оттай маздатып, кемеліне келтіре суреттеген. Ойшыл ақынның осынау жырында қазақы болмыс та, пәлсапалық ой да, сыр да, сурет те біртұтас түзілген.

Осылайша ұлы жаратылысты сөйлетіп, құпиясын төгілте суреттеп жеткізіп, ғаламат қуаттың көзін тауып, ой-сезім мұхитының ағыс-толқындарын тудырған.

Абай дүниені, болмысты, өмірді, тұрмыс-тіршілік толқындарын екі тұрғыдан да сабақтастырып жырлайды. Біріншісі, образдылық-бейнелілік тұрғыдан; екіншісі, логикалық-пәлсапалық заңдылықтар арқылы.

...Жыршы құстар әуеде өлең айтып,

Қиқу салар көлдегі қаз бен қулар – дегенінде сыр дестесі, көркемдік кестесі де келісті. Бұл сөйлемдердің ішкі мазмұнында, рухында Алла кітабының ғибраттары, сыр-сипаттары көрініс бергендей:

«Аспандағылардың, жердегінің барлығы, қанатын кең жайып ұшып жүретін құстардың да Алланы дәріптеп, зікір ететінін сен, білесің бе? Бәрінің де өз тілінде айтатын дұғасы, мадақ сөздері бар. Олардың не істейтіні бір Алланың өзіне аян» (24-Нұр сүресі, 41-аят).

Ғаламның, болмыстың әрі құпия, әрі сырлы, әрі нәзік таңғажайып құбылыстары ересен өлшеусіз. Табиғатты түсіну, әсерлі құлшыныспен қабылдау, мұқият тыңдау, тәлімін адами таным мен тәжірибеде мықтап ескеру – адамзаттың асыл парызы. Жасампаз рухани құндылықтар, имандылық, ізгілік – жер мен көк амандығының кепілі. Жаралған әрбір затта және жаратылыстың өзінде терең мағыналардың бар екенін, онда әрбір жан иесі және әрбір зат сол ғаламат кітаптың бір-бір әріптері екені ақиқат. Негізінде, біртұтас дүниенің ішкі жүйесі бойынша, барша құбылыстар, заттар бір-бірімен рухтас, тамырлас. Жанды-жансызға, мағынауи кеңістікке үйлесім, келісім, тәуелділік, жауапкершілік тән.

Жаратушы мен Жаратылыстың жарасымды ырғағын нәзік үйлестіруші, ретке, жүйеге түсіруші, шын мәнісінде, Құдіреттің ісі. Хакім Абай осы бір жұмбақ жайттердің тұңғиығына барлау жасағандай.

а) Масатыдай құлпырар жердің жүзі

ә) Безендіріп жер жүзін Тәңірім шебер...

б) Көбелекпен, құспенен сайда ду-ду,

в) Жер жүзіне өң берер гүл-бәйшешек

г) Қырда торғай сайраса, сайда бұлбұл,

 Тастағы үнін қосар, байғыз, көкек

д) Масатыдай құлпырар жердің жүзі!

ж) Жер толықсып, түрленер тоты құстай.

Абай жаратылыстың гүлзарын, Жаратушының көркем безендіру шеберлігін, табиғаттың тамылжыған шағын осылайша толғаса, оның түпсіз терең тамырында,көзқарасында, ойлау жүйесінде Құран аяттары сырларына жүгінгендік те бар.

«Олар жер жүзіне қарамай ма? Онда әртүрлі көркем өсімдіктер өсірдік» (26 – Шұғара сүресі, 7-аят)

«Айталық, біз жер бетінде алуан түрлі әдемі өсімдіктер өсірдік. Мұны олар көрмей ме? Мұнда көп ғибрат бар ғой, бірақ олардың көбі сенуші емес» (26-Шұғара сүресі, 7-8 аят).

«Құран рас, Алланың сөзі дүр ол» деген Абайдың күрделі ойларының астарында Құран қағидаттарының ұлы ұшқындары бар. Сұлу жаратылысты сыңғырлатып сөйлеткен Абайдың «Ата-анадай елжірер күннің көзі» дегенінде Алланың нұры жайында толғанып, ой бөліседі. Мүмкін мына бір аятпен де асыл байланыс бардай:

«Алла – аспанның да, жердің де нұры. Ол бейне бір бүркеудегі (қуыстағы) сәулеге ұқсайды. Айталық, бүркеу бар жерде шыны-шиша тұр, шишаның ішінде шырақ бар. Әлгі шиша – інжу-жұлдыз дерсің. Шырақ – шығыста, батыста болмаған ғажайып бір зәйтүн ағашының майынан тамызық алады. Әлгі май от тимей-ақ жалындап кеткелі тұрады, ал от тисе, нұр үстіне нұр қосылмақ». (24 – Нұр сүресі, 35-аят).

Абайдың түсіндіруінше, асылдардың асылы, магниттік қасиеті бөлекше металдардың төресі – темір. Мұны былайша жұмбақтап сипаттайды:

Қара жер адамзатқа болған мекен,
Қазына іші толған әртүрлі кен.
Ішінде жүз мың түрлі асылы бар,
Солардың ең артығы немене екен.
(Шешуі: Темір)

«Сондай-ақ темірді пайда қылдық. Онда мықты күш әрі адамзат үшін хажеттер бар. (Соғыс құралдары тағы басқа аспаптар темірден жасалады). Тіпті темірсіз өмір болмайды.) Алла онымен дініне, елшілеріне көрмей-ақ көмек еткені кісіні мәлім етеді». 57 – ХАДИД сүресі, 25-аят)

Темірде Жаратушының ғаламат сыр-құпиясының бары аятта айқын айтылған. Ақжан Машани «жүректің соғуын, қанның қозғалысын басқаратын темір атомдары» және Жердің ішкі өзегі де темірден деп жазады «Әл-Фараби және Абай» дейтін еңбегінде. Алла адамның қан тамырларындағы темір арқылы (бұған электромагниттік толқындар жазылады) ой аңсарын, ниет қалауын, жан жұмбағын жазбай таниды. Бұл жайттер Хакім Абайға беймәлім емес. Өйткені, ол Ислам өркениеті тарихындағы ғылыми дәстүрлерді, әсіресе, Мұхаммед (с.ғ.с.) медресесінің сандаған саф таза ғұламаларының, кемеңгер тұлғаларының, хадисшелерінің, жаратылыстанушыларың, стратегтерінің, дипломаттарының, құқықтанушыларының және олардың жолын ұстанғандардың ілім-білімін қабылдаған.

Сондай-ақ, жаратылыстану ғылымдарының айнасындай Құранда математикаға қатысты – 61 аят, салыстырмалы теорияға тиесілі – 61 аят, физикаға арналған – 64 аят, ядролық физикаға байланысты – 5 аят бар екенін Ливан оқымыстысы Юсуф Мураван анықтаған. (Қ.Мықтыбекұлы. Қазанат, 2001. 61-бет).

Абайдың «38-ші қара сөзіндегі» ғылыми ой-тұжырымдары мен исламдық құндылықтарының мән-мағынасы түбегейлі зерделеп-зерттеуді қажет ететіні сөзсіз.

Серік Негимов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5324