Бұл туралы The Guardian газеті хабарлады. Газет мәліметі бойынша, БҰҰ мамандары Ресей әскерилерінің әскери қылмысқа қатысы барын бірінші болып әшкереледі.
Арнайы комиссия баяндамасында 2019 жылы Мааррат-эн-Нууман қаласындағы базарға әуеден жасалған шабуыл туралы тың мәліметтер жарияланды. Базарға екі мәрте шабуыл жасалған делінген баяндамада. Екінші шабуыл кезінде алғашқы шабуылдан зардап шеккендерге көмектесуге барғандар зардап шеккен. 43 адам қаза тапты, олардың арасында төрт бала бар. Ал Хас қаласындағы босқындар лагеріне жасалған әуе соққысынан 20 адам қаза тапты.
"Ресей ұшақтары шабуылдардың екеуіне де қатысты деуге негіз бар" делінген есепте.
The Guardian газеті Вашингтондағы Таяу Шығыс институтының сарапшысы Чарльз Листердің сөзін келдірді. Ол БҰҰ мамандарының қорытындысын өте маңызды деп атады, өйткені бұл ұйым мұндай шабуылдарға жауаптыларды өте сирек атайды.
Abai.kz