Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 9793 13 пікір 3 Наурыз, 2020 сағат 16:10

Қытайдағы қазақтар және көші-қонның келесі кезеңі

2010 жылғы жалпы халық санағында ҚХР-дағы қазақтардың жалпы саны 1.64 млн болған, қазір 2 млн-ға жақындаса керек. Олар Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарынан құрам тапқан Іле қазақ автономиялы облысы, Санжы хэйзу (дунгань) автономиялы облысы, Баркөл және Мори қазақ автономиялы ауданы мен Гансу провинциясының Ақсай қазақ автономиялы ауданында өмір сүреді.

Қытайдағы қазақтардың басым көп сандысы ауыл шарауашылығы және мал шаруашылығымен шұғылданады. Олар егістік және жайылым жерлерді заң бойынша 49 жылға пайдалануға алған. Соңғы 40 жылда Қытайдың экономикалық өрлеуіне байланысты ондағы қазақтардың да әлеуметтік жағдайы мен тұрмыстық деңгейі біршама жақсарды. Қытайдағы экономикалық реформалар мен ашық есік саясатының арқасында, ондағы қазақтар арасынан кәсіпкерлікпен, саудамен шұғылданатындар шықты. Олардың ішінде Шыңжаңда ғана емес, Қытайдың ішкі ірі қалаларында кәсібін дөңгелетіп отырған жастар бар.

ҚКП ОК қазір экологиялық ортаны қалпына келтіру саясатын пәрменді жүргізуде. Сонымен олар орманды, жайылымды сауықтыру – деген науқан бастап, кезінде заңды түрде қазақ малшыларға пайдалануға берген жайылым жерлерді қайтарып алу, жайлауға мал шығармау шараларын қолдануда. Сондай-ақ, қазақтар қоныстанған шұрайлы жайлауларды мемлекет қайтарып алып туристік орындар ашып, қазақтарды тіршілік қайнарынан айырды. Өйткені үкіметтің туризмды дамытуға бөлінген орасан зор қаржысы жергілікті тұрғындарға тимейді, оны ішкі Қытайдан келген  кәсіпкерлер жемқорлық жолмен иеленеді.

Қазір Қытайда шаруа қожалықтарын ірілендіру үдерісі жүріп жатыр. Соған байланысты жердің бағасы көтерілді, сонымен жер мен мал қалталы қытай кәсіпкерлерінің қолына біртіндеп өте бастады. Мұның салдарынан тек мемлекеттің ең төменгі күнкөріс жәрдемақысына сүйеніп жан бағатын қандастарымыз пайда болды. Бұдан былай ауылдағы қандастардың жағдайы тіпті де қиын болатын түрі бар. 

2016 жылдан бері Шыңжаңда жергілікті ұлттарға бағытталған саяси қысым жүргізілуде. Қазір ішінара өңірлерде қысым сәл жұмсарғанымен, ол саясатың тоқтайтын түрі жоқ. Керісінше, ҚКП Чжунхуа ұлтын (中华民族) қалыптастыру стратегиялық саясатын жүзеге асыру үшін күштеп ассимилияциалауды қарқынды жүргізуде. Қазақ, ұйғыр тіліндегі мектептерді жауып, тек мемлекеттік тіл – қытай тілінде білім беруді және тұрмыста қолдануды қатаң талап етуде. Шынжаңдағы бүкіл елді мекендерден тегін балабақша ашып, 2 жастан жоғары балаларды баруға міндеттеді. Тәлім-тәрбие тек қытай тілінде жүргіледі. Сонымен қатар мұсылмандардың дәстүрлі ислам дінін ұстануына қатаң шектеу қойды. Бұл үрдіс енді 10-15 жыл жалғасса, ұлттық тіл мен мәдениет, дәстүр мен исламдық сенім-наным жойылатыны сөзсіз. Бұл қатерді сезген қандастарымыз елге қайтайын десе, жергілікті орындардан әртүрлі кедергілерге ұшырауда. 

Қытайдағы қандастарымыздың ауыр жағдайына байланысты, олардың отанға оралту жөнінде төмендегі ұсынысты айтқымыз келеді:  

Бірінші, халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, ҚХР-дағы қандастарымызды бірден көші-қон шақыртуымен көшіріп алу жөнінде үкіметаралық келісім жасалса. Бұл мәселені түпкілікті шешудің ұтымды жолы. Бұған келісуге ҚХР-дың жағдайы мәжбүрлейді. Қазір ҚХР мен АҚШ арасындағы сауда соғысының шиленісуіне байланысты Қытайдың энергетика, жасыл ауыл-шаруашылық өнімдеріне сұранысы арта түсуде. Бұл сұранысты Қазақстаннан шешуге мүдделі. Екі ел арасын екі темір жол желісі мен Батыс Қытай – Батыс Европа магистралды жолы жалғап жатыр.

Қытайдың Орта Шығыстан теңіз арқылы тасымалдайтын мұнай жолының 4 бағыты да АҚШ бастаған батыс елдерінің толық бақылауында тұрғандықтан, құрлықтағы көлік тасымалына көбірек сүйенуге мәжбұр. Біздің қолымыздағы көп көзірдің бірі осы. Сондықтан дипломаттарымыз осындай жағдайды пайдалана отырып, ҚХР үкіметін ондағы қандастарымызды елге жіберу жөнінде Келісімшарт жасауға көндіруге болады.  Қытайда мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер өз еркімен жұмыстан бас тарта алмайды. Демек, олар қызметін тастап елге келе алмайды. Сондықтан оларға екі елдің бірлескен кәсіпорындарының шақыртуын жіберу арқылы, ондағы қызметін ауыстыруға мүмкіндік беруге болар еді. Бұл өткен 90 жылдардағы Моңғолиядан еңбек шартымен жұмыс қолын тартудай өз тәжірибемізде де  болған тәсіл. 

Екінші, Қазақстан мен Қытай да Вена, Женева, Хельсинки келісімдеріне қол қойған. Бұл келісімдер де бөлініп-жарылған отбасылардың қалаған еліне көшіп барып, қоныстану құқығы қарастырылған. Тәуелсіздіктен бері Қытайдан 300 мыңға жуық қазақ елімізге көшіп келді. Осы адамдардың бәрінің туған туыстары, тіпті отбасы мүшелері түрлі себептермен Қытайда қалып қойды, олардың бір-біріне еркін келіп-кетуіне, қалаған елінде отбасымен бірге тұруына қақы бар. Сондықтан үкіметаралық келіссөздерде, дипломаттарымыз Қытай тарапымен көші-қон, туысшылау, оқу, еңбек және туристік визаларды заңды түрде бір жүйеде беру Келісімшартын жасасын. Өйткені қазір Қытайдың әр жері әртүрлі талаптар қойып, сылтау айтып елімізге келейін деген қандастарға төлқұжат бермейді, әкімшілік кедергілер жасайды. 

Үшінші, Қытайда көп жыл жүргізілген «бір отбасы - бір бала» саясаты қаладағы қазақтарға қатты әсер етті. Қала қазақтары жалғыз баласының қытайласып кетуінен қатты алаңдайды. Олар бар жиған-тергенін жұмсап, балаларын Қазақстанда оқытқысы келеді. Бірақ бұл балалар елге келген соң тілден қиналады. Сондықтан ҚР БҒ министрлігі жоғарғы оқу орындарындағы дайындық курстарын кеңейтіп, арнайы оқу бағдарламасын қабылдап, ана тілінен айырылған қазақтың мектеп оқушыларын оқытуға арналған жаздық курстар ашып, оны саяхат, спорт, өнер жарыстарымен ұштастырып, жас ұрпақа ұлттық сананы сіңіретін болса, нұр ұстіне нұр болар еді.

Төртінші, Қытайлар ежелден халықаралық қарым-қатынаста тұлғалар мен дипломаттардың жеке бастық қарым-қатынасына баса мән береді. Өзара сыйластық пен достық мемлекеттің кейбір саясаттарына ықпал етеді. Бұл сыйластықтың үлгісін Елбасымыз қытайдың үш буын басшысымен қарым-қатынаста көрсетіп келеді. Қытай тілін жеттік білетін, Сингапурда, Қытайда елші болған, кәсіби дипломат, қазіргі Президентіміз бұл үрдісті жоғарғы деңгейде жалғастыратынына сеніміміз кәміл. Американың экс-мемлекеттік хатшысы Киссинджир мырза жеке тұлға ретінде Қытай-Америка дағдарысын талай тығырықтан алып шықты. Сол үшін Еліміздегі «Отандастар» қоры,  Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, Қазақстан халықтар ассамблеясы сияқты қоғамдық ұйымдар мен жазушылар, суретшілер, киноматографисттер одағы қатарлы шығармашылық ұйымдарды Қытайдың тақылеттес ұйымдарымен «Бір белдеу - бір жол» жобасы аясында халықтық дипломатияны дамытып, Қытай билігіне олардың өз эксперттері арқылы ықпал жасап, екі елдің тату көршілік ынтымақтастығын ортақ сақтау үшін жұмыс жасау қажет деп санаймыз.

Бесінші, Дүниежүзі қазақтарының 5 құрылтайынан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен шетелдегі қандастарды қолдау мақсатында «Отандастар» қоры құрылды. Қор қандастарды түрлі бағыттағы қолдаудың жоба-жоспарларын жасап, өз жұмыстарын бастап кетті. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірге шетелдегі қазақтармен қарым-қатынастар орнатып, қандастармен мәдени байланыс жасайтын «Абай» мәдени орталықтарын ашуда. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының көптеген елдерде қазақтармен байланыс орталықтары бар. Қазірше мұндай орталық Қытайда жоқ. Сондықтан, Қытайдағы қазақтар орналасқан ШҰАР орталығы Үрімжі қаласындағы ҚР Төлқұжат-визалық қызметі жанынан «Отандастар қорының» бөлімшесін ашып, Қытайдағы қазақтармен мәдени-экономикалық қарым-қатынасты күшейтуді ұсынамыз.  Осы бағытта біздің бірлестік дәнекерлік рөл атқаруға дайын. 

Алтыншы, Елге оралып, ҚР азаматтығын алған қандастарымыздың Қытайға баруға қойылған визалық кедергілерді жою керек. ҚХР-нан келіп ҚР азаматтығын алған адамдарға бұрын Қытай Консулдығы ешқандай шақыртусыз топтық және жеке виза ашатын. Үш жылдан бері Қытайда туған ҚР азаматтарына топтық визаны тоқтатты, жеке визаны тек Қытайдағы тіке туысқандарынан туыстық қатынасын анықтайтын анықтамасы бойынша ашады. Бұл анықтама (шақыру) облыс орталығының растауынан өтетіндіктен көптеген қандастарымыз оны ала алмайды. Көптеген көшіп келген қандастардың Қытайда тіке туыстары қалмады. Сонымен олар Қытайға виза ала алмауда. Сондықтан ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытай тарапымен келіссөздер жүргізіп, ҚР азаматтарын Қытайда туған және Қазақстанда туған деп бөлмей, кемсітпей, бәріне бір тәртіп бойынша Қытайға  топтық, жеке, электронды виза беруге көндіруін ұсынамыз. 

Жетінші, Қытай әлемде сауда саласында бай-кедей, үлкен-кіші деместен, барлық елмен оң сальдо қалыптастырып отыр. Арамызда 4 кеден, екі темір жол желісі жалғап отырған бізбен де кеден қызметінде көптеген теңсіздіктер бар. Олардың тауарлары 15% кеден салығы, 12% ҚҚС салынғаннан кейін елімізге келе береді. Ал біздің тауарларымызға қабат-қабат салық, санитарлық-винитарлық кедергілер қойып тастаған. Ауыл шаруашылық және мал шаруашылық өнімдерінің кіруіне квота қойып тастаған.  Осы тұрғыдан еліміз қатысты мекемелерден арнайы комиссия жасақтап, саудадағы осы теңсіздікті жоюды сұраймыз. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуы, еліміз Сыртқы істер министрлігінің келіссөздері, парламент мүшелері мен саяси қайраткерлердің үндеуі, баспасөз бен қоғамдық ұйымдардың атсалысуы арқасында Қытайдағы қандастарымыздың жағдайы біршама оңалды. Саяси үйрену орталығында кіргендердің 90 пайызы отбасына оралды. Елімізге туысшылап, көшіп келушілердің қарасы көбейді. Демек, қазақ көшінің жаңа бір кезеңі басталу алдында тұр. Осы көштің өз арнасына түсіп, кедергісіз дамуы үшін бірнеше ұсыныстарымызды айта кетейік. 

- ҚР Көші-қон заңы бойынша Қазақстанда 183 күн тұрмаған ықтиярхат иелері, оралман куәлігінің мерзімі өтіп кеткендер  Қазақстан азаматтығына өтініш бере алмайды. Осы мәселе жөнінде биылғы жылдың 16 наурызындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы бойынша осы санаттағы қандастарға жыл соңына дейін жеңілдік берілді. Бірақ, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында түрлі әкімшілік бюрократиялық кедергілердің кесірінен көптеген қандастарымыз азаматтық ала алмай отыр. Әне-міне дегенше жыл соңы да болады, қандастарымыздың жаңа легі келеді. Жаңа мәселелер туындайды. Болашақ 2020 жылды ескеріп, алдын алу шараларын қолдануларыңызды сұраймыз. 

- Қазір еліміздің солтүстіктегі 5 облысы мен батысындағы 2 облысқа қандастар көшіп барса мемлекеттің қолдауына ие болады. Мемлекет белгілеген  облыстарда кәсіпкерлікпен айналыстатын қандастарға салықтан жеңілдіктер жасалса, елімізге келіп білім алған жастардан ауыл-аудан әкімдерін тағайындаса  осы өңірлерге қоныс аударатын қандастардың қарасы анақұрлым артар еді.

- Жаңа көшіп келген қандастарымыз тілден, жазудан қиналады. Сонымен жаңа ортаға тез бейімделе алмайды. Сондықтан әр облыстағы бейімдеу орталықтарының көлемін кеңейтіп, тіл үйрететін, жазу үйрететін, қолөнер, тігіншілік, көлік жүргізуді үйрететін курстарды көбірек ашса. 

- ҚР «Көші-қон» туралы заңын жазғанда қандастарымыз орналасқан елдердің көші-қон және басқа да заңдарын толық зерттеп, біздің көші-қон туралы заңымыздың қандастарға берер мүмкіндігі бұрынғы тұрған елдерінің заңдары қандастарымызға кедергілерінен айналып өтетіндей жол ашса.

- Қандастарымыз ҚР азаматтығын алғанда жеке куәлігінде туған жері жазылады. Бұл қандастарымыз ҚР азаматтығын алса да түрлі кедергілерге алып келеді. Туған жері жеке куәлігінде жазылмаса да кез-келген тұлғаның барлық мәліметі электорнды үкімет базасына толық кіреді. Сондықтан жеке куәлікке туған жерін жазудың қажеттілігі туа бермейді. Шетелден келген қандастардың туған жеріне тұрақты тіркеліп, ҚР азаматтығына құжат тапсырған мекенжайын жазуға да болады. Бұл тәжірибе батыс елдерінде қолданылады. 

- Елімізге келіп білім алатын оқушылар мен студенттерден бұрынғы тұрған елдеріндегі оқу үлгерімі туралы анықтама (транскрипт) талап етіледі. Қытай елі қазір мектеп бітірушілерге тек диплом ғана беріп, транскриптерін бермейді. Сол үшін екі ел арасындағы білім саласындағы селбестікті пайдалана отырып, транскрипт сияқты қосымша қағаздарды еліміздің Білім және ғылым министрлігі арқылы мектептер мен жоғарғы оқу орындары өздері Қытай тарапына сұрау салса, өйткені қазіргі кезде Қытайда білім жүйесі толықтай сандық жүйеге көшкен. ҚХР Білім министрлігінің базасында оқушылар мен түлектердің барлық мәліметтері сақталған. Бұған жеке азаматтардың қол жеткізуіне қарағанда министрліктің мүмкіндігі зор. 

- Көші-қон бағдарламаларын, көштің жалпы барысын, мемлекеттің тиімді саясаттарын, мемлекет белгілеген өңірлердің жалпы жағдайын толыққанды таныстыратын материялдар барлық ақпарат құралдарында үнемі беріліп, осы бағыттағы жобаларға мемлекеттен қолдау болса. 

- Қытайдан келген қандастар бір партиялы билік үстемдік құрған, ақпарат жағынан жабық елде өмір сүріп келген. Елге келген соң түрлі ақпарат тасқынында шын ақпарат пен жалған ақпаратты ажырата алмай, фейк ақпараттардың жетегінде кетіп жатады. Осы жағын ескере отырып, қандастарға  еліміздің ішкі-сыртқы саясаттарын нәсихаттайтын, заң-түзімін түсіндіретін арнаулы бағдарламалар жасалып, жұмыс істеп жатқан газет-журналдар мен сайттарға, теле арналар мен радиоларға қаржы бөліп, міндеттер жүктелсе дейміз. 

Жебеу Республикалық қоғамдық бірлестігі

2019 жыл, маусым

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053