Қазақстанға коронавирус келмеді дегенге сенесіз бе?
Коронавирустың инкубациялық ең ұзақ уақыты - 14 күн. Шетелдегі тәжірибе, орташа есеппен 10 күнде вирустың бар-жоғы белгілі болатынын көрсетті.
Денсаулық сақтау министрлігінің шетелден келген жолаушыларды кемінде 14 күн карантинде ұстап, ауру жұқтырмағанына көз жеткізіп барып оларды босатып жатқандары рас болса, онда неге мұндай ақпарат таратады?
Халықты дүрліктірмеуге шақыра тұра, осындай кеңес беруі, керісінше көңілге күмән ұялатпай ма? Бұдан кейін қалай бейқам отыруға болады?
Министрліктің бізде коронавирус жоқ деп берген кепілі рас болса, онда неге халыққа қаралыңдар деп қосымша кеңес береді? Ауру белгілері әдеттегі тұмаудан еш айырмашылығы жоқ. Түшкіріп, мұрнынан су аққандардың бәрі жаппай ауруханаға баратын болса, дүрмектік көкесі сонда болмай ма? Әрі ол жерде ауруды қалай анықтағалы жүр? Маңдайынан сипап? Әлде келгендердің бәрін жаппай карантинге жаба ма?
Ауру аспаннан келмейді. Адамнан адамға жұғады. Әлде бұл шекаралық бақылауға деген сенімсіздіктен туып отыр ма? Сіз қалай ойлайсыз? Жалпы, бізге бұл індет келмеді дегенге сенесіз бе?
Ертай Нүсіпжанның әлеуметтік желідегі жазбасынан
Abai.kz