Бейсенбі, 28 Қараша 2024
46 - сөз 2787 1 пікір 12 Наурыз, 2020 сағат 15:29

Көші - қон саласына маңызды өзгерістер енгізіледі

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне көшi-қон процестерiн реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңның жобасы екінші оқылымда қаралып, мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілетін болып шешілді. Бұл заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобына жетекшілік жасау маған тапсырылған болатын.

Көші-қон саласында алдағы уақыттта мынадай маңызды өзгерістер енгізілмекші:

«Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы «Оралмандар» деп аталып жүрген тұрғындарымызбен жұмыс істейміз, оларды біздің қоғамымызға бейімделіп, жақын тарту үшін қандастар деп атауды ұсынамын» деген ұсынысын қолдай отырып, Заң жобасына тиісті түзету енгізді. Сөйтіп бір кезде ойдан шығарылып, жағымсыздау атауға айналған «оралман» сөзі алдағы уақытта тілдік қорымыздан шығарылып, оның орнына Мемлекет басшысы ұсынған әрі әлеуметтік желілерде талқылау кезінде көпшіліктің қолдауына ие болған «қандас» атауы қолданылатын болады.

Заң жобасында шет елдерден көшіп келетін этникалық қазақтардың Қазақстан азаматтығын алу тәртібін одан әрі жеңілдететін жаңа нормалар да бар.

Атап айтқанда, қандастарымызға елімізде тұрақты тұруға рұқсат алу және азаматтық алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыру мүмкіндігін беру қарастырылып отыр. Бұған дейін олар екі рет құжат жинап, әуреге түсуге мәжбүр еді.

Сондай-ақ Қазақстан азаматтығын алуда елімізде 183 күннен кем тұру және әкімшілік құқық бұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санатына этникалық қазақтарды қосу көзделіп отыр. Бұл жаңа норма да алдағы уақытта қандастарымыздың азаматтық алуын жеделдетуге және отбасыларының ажырап қалуын болдырмауға септігін тигізеді.

Бұған қоса, «қандас» куәлігінің мерзімі өтіп кеткендіктен, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алмай жүрген ағайындардың кейін кез келген уақытта өтініш беріп, аталған куәлігінің мерзімін алты айға дейін ұзартып алуына рұқсат етілетін болады.
Депутаттар ешқандай құжаты жоқ шетелдік азаматтарды елден шығаруға мүмкіндік беретін жол жүру құжатын енгізуді ұсынды. Мұның да өз себебі бар. Мысалы, 2018 жылы соттардың шешімімен елден шығарылуға тиісті 959 шетелдік ешқандай жарамды құжатының болмауына байланысты Қазақстан аумағынан шығарылмай қалған. Ондай шетелдіктер полицияның қабылдау-бөлу орындарында мемлекеттік бюджет есебінен тегін тұрып жатқандығын айта кету керек.

Көші-қон саласының осы заң жобасында қамтылмаған кейбір көкейкесті мәселелері бары анық. Алдағы уақытта оларды жан-жақты зерттеп, өз бастамашылығымызбен әзірлейтін жаңа заң жобасында қарастыруды ұйғардық.

Кәрібай Мұсырманның әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1562
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3367
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6405