Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Коронавирус 2244 2 пікір 15 Наурыз, 2020 сағат 13:57

Елімізде тағы екі адамнан коронавирус табылды

Қазақстанда коронавирус жұқтырудың тағы екі жағдайы тіркелді.

«Қазіргі таңда Қазақстанда 8 науқас бар. Бәрі оқшаулауда», - деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Хабар 24» арнасынан тікелей эфирде.

Министрдің айтуынша, бүгін анықталған екі адамның бірі Оңтүстік Кореядан келген ер кісі.

«Бүгінгі таңда қосымша тағы екі адам тіркелді. Бірінші науқас - 1959 жылы туған әйел адам. Біздің инфекциялық стационарда оқшаулауда жатқан пациент. Бұрын күйеуінде диагноз анықталып, жақын байланыстағы адам ретінде оқшаулауда жатқан. Қосымша диагностиканың нәтижесінде коронавирус инфекциясы анықталды. Оның отбасындағы жақындарының бәрі оқшаулауда.

«Ал екінші науқас кеше «Сеул-Алматы» ұшағымен елге келген. Ұшақта келген 130 жолаушының ішінде транзитпен кеткені бар. Бәрі де 100 пайыз инфекциялық ауруханаға және стационарға жатқызылды. Сонымен қалаға ешкім кірген жоқ. Ішінде бір пациентті анықтадық», - деді Біртанов.

Айта кетейік, 14 наурыздағы есеп бойынша Қазақстанда барлығы 6 адамнан коронавирус анықталған. Қауіпті вирус белгілері анықталған тағы бір қазақстандық Германияда.

ҚР ДСМ мәліметінше, Алматыда қауіпті вирус анықталған алғашқы екі адам 1974 жылы туған ер адам мен 1984 жылы туған әйел адам еді. Олар Германиядан келген. Коронавирус жұқтырған алғашқы қазақстандық 9 наурызда Германиядан келген. Екінші адам 12 наурызда келген.

Ал 12 наурызда Мәскеу арқылы Миланнан Нұр-Сұлтанға ұшып келген әйелден де қауіпті вирус анықталған.

Коронавирус жұқтырған төртінші адам Алматы тұрғыны. 1976 жылы туған. Ол 13 наурыз күні Германиядан ұшып келген. Бесінші адам - Алматыда. 1958 жылы туған ер адам. Жеке кәсіпкер. Ол 10 наурыз күні Мәскеуден ұшып келген. Ал алтыншысы - Нұр-Сұлтанда. Ол Варшавадан (Польша) ұшып келген.

Abai.kz

2 пікір