Қарағандыда карантин жариялана ма?
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қарағандыда екі адамның коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Осыған орай облыстық Денсаулық сақтау басқармасы вирус жұқтырғандардың жағдайы туралы айтты.
Коронавирус жұқтырған екі адам Қарағандыға 18 наурыз күні Минск - Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшақпен келген.
- Әуежайдағы жолаушыларға барлық қауіпсіздік шаралары қабылданды. Оларды ұшақ трапының жанынан арнайы автобус қарсы алды. Жолаушылар тексеріліп, карантиндік ауруханаға жатқызылды. Сонымен қатар, 1А санатындағы елдерден келген адамдар бөлек бөлімдерге орналастырылды.
Бүгінгі күні жұқтырғандардың жағдайы қанағаттанарлық. Әзірге карантин жариялауға негіз жоқ. Себебі екі адам да сырттан келіп отыр,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.
Ұшақ бортында 67 жолаушы болған. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, олардың барлығы тексеріліп, карантиндік ауруханада жатқызылған.
Ал, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаровтың айтуынша, Қарағанды қаласындағы балабақшаларға бару 20 пайызды құрайды.
- Әзірге мектепке дейінгі мекемелерді жабудың қажеті жоқ. Егер карантин жарияланса, балабақшалар жабылады, - деді ол.
Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлер жалға берушілерден жалдау ақысын алмайтыны белгілі болды.
- Бұл олар ұйымдастырған арнайы қолдау шарасы. Бүгіннен бастап барлық ірі сауда орталықтары мен басқа да нысандар жабылды. Дезинфекциялау шаралары жүргізілуде, - деді кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Татьяна Аблаева.
Ал, полиция өкілдері жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.
- Мен азаматтарды жалған ақпараттарға емес, тек мемлекеттік органдардың ресми ақпараттарына сенуге шақырамын,- деді аймақтық ДП ның ресми өкілі Жанатай Сембеков.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, Қазақстанда инфекция жұқтырғандар саны 49-ға жетті. Олардың 22-сі Алматыда, 25-і Нұр-Сұлтанда, тағы екі адам Қарағандыда тіркелген.
Abai.kz