Дін туралы Қоғамдық кеңес құрылды
Қазақстанда дін туралы Қоғамдық кеңес құрылды
Қазіргі уақытта баспасөздің қызу талқысына айналған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заң жобасын Сенат депутаттары мақұлдап жатқан тұста сарапшылар, ҮЕҰ, басқа да қоғамдық институттар тақырыптың өзектілігіне байланысты өз ой-пікірлерін білдіріп жатыр. Осыған орай бүгін, 4-қазан күні Астанада «Ұлттық баспасөз орталығында» бір топ зиялы қауым «Қоғамдағы рухани мәселелер зиялы қауым назарында» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.
«Дін тақырыбында біз де өз пікірімізбен бөліскіміз келеді» деген ақын-жазушылар Қазақстандағы діни экcтремизмге қарсы қойылып отырған дәстүрлі ислам туралы басы ашық бірнеше сұрақты мәселе етіп көтерді.
Жиынға ф.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметұлы, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы, Халық ақыны Әселхан Қалыбекова, журналист Амангелді Жұмаш, ақын Фариза Оңғарсынованың белгілі себеппен қатыса алмауына байланысты, орнына ақын Светқали Нұржан келді.
Қазақстанда дін туралы Қоғамдық кеңес құрылды
Қазіргі уақытта баспасөздің қызу талқысына айналған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заң жобасын Сенат депутаттары мақұлдап жатқан тұста сарапшылар, ҮЕҰ, басқа да қоғамдық институттар тақырыптың өзектілігіне байланысты өз ой-пікірлерін білдіріп жатыр. Осыған орай бүгін, 4-қазан күні Астанада «Ұлттық баспасөз орталығында» бір топ зиялы қауым «Қоғамдағы рухани мәселелер зиялы қауым назарында» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді.
«Дін тақырыбында біз де өз пікірімізбен бөліскіміз келеді» деген ақын-жазушылар Қазақстандағы діни экcтремизмге қарсы қойылып отырған дәстүрлі ислам туралы басы ашық бірнеше сұрақты мәселе етіп көтерді.
Жиынға ф.ғ.д., профессор Мекемтас Мырзахметұлы, жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы, Халық ақыны Әселхан Қалыбекова, журналист Амангелді Жұмаш, ақын Фариза Оңғарсынованың белгілі себеппен қатыса алмауына байланысты, орнына ақын Светқали Нұржан келді.
Қатысушылар зиялы қауым атынан Үндеу жариялады (Үндеудің толық нұсқасы қосымша беріліп отыр). Бұл құжатта дін туралы өзекті мәселе көтерілген. Авторлардың айтуынша, дәстүрлі ислам дегенде мәселе сөз жүзінде ғана айтылып, нақты тұтынатын қағидалар қоғамда қалыптаспай келеді. Президент Н.Ә.Назарбаев: «Табан тірер жолымыз Ясауи ілімі болуы керек» десе де, осы тапсырма толық іске аспай келе жатыр. Біз өз діни бағытымызды нақты анықтамағандықтан жат діни ағымдар жымысқы насихаттарын тықпалап, ел арасында іріткі салып жүр. Ал Елбасының бекітіп берген дін саласындағы бағытын іске асырушы Исматулла мақсым негізсіз қудаланып отыр.
Зиялы қауымның пікірінше, бүгінгі күні аса күрделеніп кеткен дін мәселесінің оң шешілуі қоғаммен биліктің бірігуін талап етеді. Осы бағытта жаппай ел болып, жұмылып жұмыс жасау үшін зиялы қауым Қоғамдық кеңес құратынын хабарлап, оның жұмысына үйлестіруші ретінде ясауитанушы ғалым Болат Қорғанбек бекітілді. (электронды адресі: kogam.kenes@yandex.ru).
Қоғамдық кеңеске әркім өз ұсынысын білдіріп, тіркелуі үшін арнайы сайт ашылатынын жариялады. Қоғамдық кеңестің аясында қоғамдағы ең өзекті мәселені шешуге билік өкілдерін, саясаткерлер, жазушылар, журналистер, дінтанушылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін атсалысуға шақырды.
ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІНІҢ ҮНДЕУІ
Бүгінгі діни ахуал қандай?
Еліміздің аумағында террористік іс-әрекетке байланысты қылмыс жасағаны үшін жауапкершіліке тартылғандардың саны 2003 жылы 116, 2004 жылы 220, 2005 жылы 66, 2006 жылы 333, 2007 жылы 114, 2008 жылы 222, 2009 жылы 224, 2010 жылы 331 адамға жетсе, ал үстіміздегі жылы радикалды бағытта қаза тапқандардың саны 44-ке жетті. Жауапқа тартылғандар билікті зорлықпен басып алу, терроризм, терроризмді насихаттау және терроризм актісін орындауға ашықтан-ашық шақыру, террористік топты құру, басшылық ету және оның әрекетіне қатысу деген заң бұзушылықтарға барған. Әсіресе соңғы уақытта терроризм ошақтарына барып соғысқа қатысушылардың саны арта түсуде. Ақпарат құралдарында жарық көрген мәліметтерге сүйенсек Чехияда, Дағыстанда, Вазеристанда жүздеген қазақстандық азаматтар соғыс отын тұтатуға себепші болуда. Кеше ғана Ақтөбеде, Балқашта орын алған террористік топтың жанкешті әрекеті ел жүрегін шайлықтыра түсті. Олардың мемлекетке қарсы шығатындай күшке ие болуы, бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып жүргендей, жыл сайын түрлі қорларға түсетін 15 млрд. доллар қаржының буы екені айқын. Ол қомақты қарының қандай жолмен келетіні, қандай мақсатта жұмсалатыны белгісіз болып отыр. Бұл еліміздегі діни ахуалдың аса күрделі жағдайда екенін көрсетеді.
Ұлт зиялыларының әрекеті
Жүрегінде оты бар, намысы мұқалмаған, өткенге құрмет көрсетудің қағидаларын берік сақтаған ат төбеліндей зиялы қауым өкілдері ел тыныштығы, ұлттың ұлы мұраты, ұрпақ болашағы хақында жазардай жазып, айтардай айтып келеді. Бұл - заңдылық. Өйткені кешегі Асан Қайғының Жерұйық іздеп шарқ ұруын, Абайдың «қалың елі, қайран жұртына» қайтсем дұрыс бағыт-бағдар беремін деп аласұрып, сол жолда ғұмырын сарп етуін, бес ғасыр бойындағы ақын-жыраулар зарын, ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының пассионарлық жанкештілігін оқу-білімге ерекше құштар кешегі 60-70 жылдардың жастары өздеріне шамшырақ, темірқазық ете білді. Олардың бәрі өздерінің хал-қадірінше барлық күш-жігерін, сөз өнерін елдің рухани азаттығы үшін жұмсады.
«Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірісі бар» демекші, Құдай қолдап, қасиетті тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Сол сәттен бастап жоғымызды түгендеу, тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғырту, ата дінімізге жол ашу ісіне ден қоя бастадық. Алдыңғы екі бағыттың тізгіні ескінің көзін көрген зиялы қауым өкілдерінің еншісінде болса, ал дін ісі соңғы 15-20 жыл бойы көбіне шетелге барып жүрдім-бардым, шылдыр-шатпақ білім алған, басым көпшілігі қазақтың әдебиеті мен мәдениетінен бейхабар біреулердің үлесінде кетті. Солардың арасынан суырылып шығып, жат жерде жай жатпай, шынайы білім нәрімен сусындап, елге жақсылық әкелгендері болса, бүгіндері олар да қалың көпшілікке аса танымал емес. Айдың-күннің аманында қаракөздеріміз жат жерлерде атылып-жарылып жатқанда, әй дейтіндердің бірен-cаран ғана көрінуі де көп нәрседен хабар береді.
Атадан қалған асыл дінді көлденең көк аттылардың қолжаулық еткісі келуі де бізді ерекше алаңдатып отыр.
Қазақтың сара жолы!
Қазақ руханиятының бастау-бұлағында Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің хал ілімі жатқаны ықылымнан белгілі. Бабаларымыздың жадынан өшпеген Мұхаммед пайғамбардан Ясауиге жеткен хақиқат ілім қазақ даласына келген кезінен күні бүгінге дейін Алаш ұлының Хақ тағалаға, Аллаға деген сенімінің берік ұстыны, мызғымас тірегі болып келді. Даламызда кемеңгерлігімен халықты айрандай ұйытып, көпке үлгі, көлемге өнеге болған би-шешендер, шайқы-пірлердің бәрі Ясауи бабамыздың ізбасарлары еді. Солардың іс-әрекетін басшылыққа алудан өрбіген салт-дәстүріміз, ұлағатты сөздерін жаттаудан қалыптасқан рухани жадымыз ұлттық болмысымыздың алынбас қамалына айналды. Ақжүректілік, Отанға риясыз қызмет, ұлтқа һәм өзге халықтарға құрмет, мемлекет басшысына адалдық, адамсүйгіштік сияқты қасиеттер сол рухани ілімнің топырағында көктеді. Ежелден ел тізгігін ұстағандардың қай-қайсысы болмасын Ясауи кесенесінен топырақ бұйырса деп армандады, сол зиратта қазақтың 17 ханының, асылзада билері мен сұлтандарының, батырларының сүйегі жатуы осының айғағы. Ясауи жолының біздің өз жолымыз екендігі осының өзінен-ақ айқын көрініп тұр.
Жұртымыздың алдыңғы отарлық езгі, кешегі кеңестік қысым, бүгінгі сырттан анталаған түрлі экспанцияға төтеп бере білуінің басты себебі осы ұлттық мінез бен рухани құндылықтарда жатыр. Оған негіз болған хал (ақжүректік, адалдық) ілімі бодандық кезеңінде, сыртқы қысым үдеген тұста арамыздан көпе-көрінеу аласталса да, одан туған ұлттық мәдениетіміз көпке дейін оның орнын жоқтатпады.
Елбасы көрсетіп берген бағыт қолдаусыз қалмауы тиіс!
Елбасының жарлықтары, тапсырмалары, халыққа үндеулері толықтай орындалуы тиіс. Бұл - әсіресе, мемлекеттік қызмет құрылымдарына және онымен әріптестік орнататын барлық мекемелерге қатысты шаруа.
Басшы жарлығын екі етпеу - елдіктің белгісі. Солай бола тұра, дін, руханият мәселесіне келгенде, берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын бірде-бір мекеме табылмай отыр.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев 2002 жылы Түркістан қаласында өткен Дүние жүзі қазақтарының ІІ құрылтайында діннің қоғамдағы алар орны мен ықпалы туралы тереңнен толғап, бұл жөніндегі дұрыс бағыт-бағдарды нақты көрсеткен болатын. «Ел бірлігі туралы сөз болғанда, біз, өз дініміз Исламға тоқталмай кете алмаймыз. Әрине, Исламның рухани әлемі өз алдына жеке әңгіме. Біз, бұл арада Исламның тарихи тұрғыда қазақ халқы ғана емес, бүкіл түркі жұртының қалыптасуына игі ықпал жасағанын тілге тиек етпекпіз. Діннің тұтастығы қашанда Елдің тұтастығы. Діни алауыздық ұлттық алауыздыққа соқтыратыны баршамызға белгілі. Бірнеше дін өкілдерінен тұратын халықтардың мұсылман, християн болып, ал бір дінді ұстанып отырып-ақ оның тармақ-тармағына бөлініп, өзара алакөз болған елдердің бастан кешіп отырған тауқыметтерін көріп те, біліп те отырмыз. Сондықтан, қалыптасқан дінге өзгеріс енгізбек болып, өздерінше жаңашылық таппақшы болып жүргендерге отпен ойнауға болмайды... Қазақ даласында Ислам дінін орнықтырушылардың бірі данышпан бабамыз Ахмет Ясауи осы жағдайларды ескере отырып ислам дәстүрлерін қалыптастырды. Осы дәстүрменен мінекей, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы өзінің ұлттық сана-сезімдерін қалыптастырып келеді. Сондықтан, ұлттық сипатқа айналған дәстүр мен дүние танымымызға сырттан келіп түзету жасағысы келетіндерге жол бере алмайтындығымызды ашық айтамыз».
Сол Түркістанда зиялы қауыммен биылғы кездескен жиында да Елбасы «Біздің өз жолымыз бар. Өз жолымызға түсу үшін біз Қожа Ахмет Ясауидің іліміне табан тіреуіміз керек» - деп бұрын айтқан пікірін тағы да қайталауға мәжбүр болды.
Бұл идея зиялы қауым тарапынан жазбаша түрде қолдау тапқаныменен, не Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан, не жаңадан құрылған Дін істері агенттігі тарапынан жүзеге асыруылмақ түгілі, оның ишарасы да білінбеді. Сол баяғы сарынға салып, елдің көңілін басқа арнаға бұруға тырысып, бұрын «ислам діні» деп жалпылама әңгіме айтып қана келсе, енді «ханафи масхабы» деп қана қойып, мәселені жылы жауып қоюға, көпшілікті алдарқатуға тырысып бағуда. Дінді біледі дегендердің бұл қарекетінен «Аңқау елге арамза молданың» керін көреміз.
Біздің дініміз - ислам, бағдарымыз - ахли сунна, Имам Ағзам Әбу Ханифа масхабы, жолымыз - Ясауи жолы, яғни сопылық ілімі деп айқайлап, алыстан орағытпай, оған нақты дәлелдер айтар уақыт жетті! Бұл тарихқа тағзым ғана емес, ең алдымен, баянды болашақтың басты шарты! Сондықтан да айтып қана қоймай, оны жас ұрпаққа үйретер, өзіміз үйренер уақыт жетті!
Атасын не құл, не қу жасыратыны сияқты, сол бабалар ұстаған ізгілік жолды айта білмегеніміз, тіпті айтам деген ат төбеліндей азаматтарды қудалап, соттап жатуымыз, және бұл масқараның етек-жеңімізді жидық, ел болдық деген тұста көрініс табуы ақылға сыйымсыз. Бұл - кешірілмес күнә, өз болшағымызға жасалып жатқан қиянат.
Ясауи ілімінің ізбасары
Ясауи ілімінің қоғамға ауадай зәрулігі айқындалып отырған бүгінгі таңда оның мазмұны мен практикасын терең меңгерген өкілін табу - осы қажеттілікті өтеудің ең басты шарты болса, бұл мәселеде біздің сұрамағымыз «алдымыздан тілемей-ақ табылған» еді. Ол - тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ата жұртымызға сарғайып жеткен, әйгілі Маймақ ишан немересі Исматулла мақсым болатын. Исматулла мақсымды бүгінде барша қазақ баласы біледі. Белгілі исламтанушы профессор Б.Бабаджанов ол кісіні Орталық Азия мен Қазақстандағы ясауияның ірі өкілі екенін бірнеше рет айтты. Исматулла мақсым өз тұсындағы қоғамды сауықтыра білген Қожа Ахмет Ясауидің игі істерін бүгінгі өмірге ендірді. Жуырда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ұлт жанашыры, заңғар жазушы Шерхан Мұртазаның: «Исматулла қазаққа, мемлекетке зор пайда келтірген адам! Қанша бұзылған ұяны бүтіндеді. Қанша азған адамды түзеді. Қанша жасты ұлтын, отанын сүйетін ата-қалыпқа түсірді! Елімізді дін атын жамылғандардан келетін қауіптен сақтандырды, қорғады. Ендеше, досты жау тұтқан доссыз қалады!» - дегені осының айғағы. Олай болса, мақсымды тез арада азаттыққа шығару - Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи ілімінің практикалық тұрғыдан жандана түсуінің кепілі демекпіз.
Ахуалдан шығар жол
Біз, бүгінгі осы баспасөз мәлімдемесіне жиналып отырған бір топ азаматтар және басқа да әріптес, тілектес ақындар, жазушылар, ғалымдар, журналистер жоғарыда айтылған күрделі мәселлерді күн тәртібіне қоя отырып, тұрақты жұмыс істейтін, Әзіреті Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи ілімін насихаттайтын, ағымдағы рухани ахуалды талқылайтын қоғамдық кеңес құратынымызды хабарлаймыз.
Осыған байланысты:
1. Қоғамдық кеңес отырыстарына ҚР Президент әкімшілігіндегі басшылық құрамның идеология саласына жауапты тұлғалардың, ҚР Қауіпсіздік кеңесі мен Дін істері агенттігі басшылығы өкілдерінің тұрақты қатысуын талап етеміз;
2. Қожа Ахмет Ясауи ілімін кеңінен насихаттау жөнінде ҚР Президенті әкімшілігінің тиісті бөлімдеріне, үкіметке нұсқау берілуін, ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ел тарихымен, болмысымен шынайы санасуын жөн деп есептейміз;
3. Ақиқат жол - Қожа Ахмет Ясауи ілімінің көзі тірі абызы, бірден-бір ізбасары, жеткізушісі Исматтула Әбдіғаппардың жаламен жабылып, түрмеде отырғанын елдігімізге сын, «досқа күлкі, дұшпанға таба» қалатын іс деп есептейміз;
4. Ел ішіне іріткі салып, бабалар жолын мансұқ еткісі келетін, жастарды, жалпы жұртты осы көзқараспен уландырушыларды, дәстүрлі жолымызға қарсы теріс үгіт-насихат жүргізушілерге тойтарыс беруді, жауапқа тартуды, олардың қаржыландыру көздерін, жұмсалу бағыттарын қатаң қадағалауды талап етеміз;
5. Елім деген әрбір азаматты, көзі қарақты саясаттанушы, ғалым, журналист бауырларымызды қоғамдық кеңес жұмыстарына кеңінен қатысуға шақырамыз;
6. Қоғамдық кеңес жұмысы жөніндегі ақпараттың БАҚ-та кеңінен таралуына, қажет болса, талқылануын қамтамасыз етуге билік өкілдерінің ықпал жасауын сұраймыз.
Үндеу жариялағандар:
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор;
Қажығали ҚҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, халық ақыны;
Светқали НҰРЖАН, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты;
Амангелді ЖҰМАШҰЛЫ, зерттеуші-журналист;
Болат ҚОРҒАНБЕКОВ, филология ғылымдарының кандидаты, ясауитанушы.