Халық билік трансформациясына алаңдаулы
"Біздің елде билікке деген сенім жоқ. Сенім дегеніңіз шынайылық пен адалдыққа арқа тірейді емес пе? Халықтың әбден аузы күйген. Сенім болмағандықтан да жұрт биліктің мәлімдемелерінен, әрекеттерінен астар іздейді. Сөйтіп қиялын сан саққа жүгірткен пайымдар мен болжамдар туындайды.
Кейінгі кезде Айман Мұсаходжаева бастап бірқатар кісілер Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегін мадақтай бастады. Ал бүгін Елбасының өзінің Үндеуі жарияланды. Бұдан төрт күн бұрын ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Шаралардың барлығы – азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырғаны» туралы үндеуі шыққан. Одан қалыспай спикер Д.Назарбаева да «Арандатушылар – біздің дұшпанымыз!» деп жау іздегендей үндеу тастады. Жай әншейін үнқосу болса бір сәрі, бәрі –Үндеу. Бір мемлекетке бір басшының үндеуі жетіп жатыр ғой.
Елбасы өзінің Үндеуінде «қиын кезеңде ел-жұртқа көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаражаты жинақталатын Республикалық қор құруды ұсынамын» дейді. Ол кісінің тапсырмасы бойынша Тұңғыш Президент қоры төтенше жағдайдағы халықты қолдау үшін 200 млн теңге, «Нұр-Отан» партиялық жобалары бойынша 150 млн теңге бөлетін болды.
20 наурызда Алматының айырбас пунктерінде доллар құны 495 теңге болып тұр. Сонда Н.Назарбаев айтып отырған екі көзден бөлінген 350 миллион теңге – 700 мыңдай доллар, яғни қатқан бір коттедждің құны болады да шығады.
Ал короновируспен күресуге Қытай – $15 млрд, Оңтүстік Корея – $25 млрд, АҚШ – $8,3 млрд, Жапония – $4,1 млрд, Ұлыбритания – $39 млрд, Евроодақ – 25 млрд евро. Италия – 25 млрд евро, Австралия – $11,4 млрд, Канада – $750 млн, Халықаралық валюта қоры – $50 млрд, Дүниежүзілік банк – $12 млрд доллар бөліп отыр екен. Халыққа сылдыр сөз емес осындай нақты көмек қажет.
Ал бізде әлеуметтік желіде «Астана жақта қаптаған танк» деген видеолор көрініс беріп қалды. Сонда біздікілер короновирусқа қарсы танкімен күреспек пе?
Блокпосттарға әскерилер тартылса жақсы, түсіністікпен қарайсың. Ал танкілердің қаптауы қалай?
Қалай десек те халық билік трансформациясына алаңдаулы. Короновирусқа қарсы күрес әлдебір саяси ойынның ың-шыңсыз жүзеге асуына таптырмас бүркеніш болып кетпесе жарады.
Марат Байділдаұлы
Abai.kz