Елдің арқасында байыған олигархтар неге үнсіз?
Осыдан бір жыл бұрын Францияның символына айналған Париждегі Нотр –Дам яғни Құдай ана шіркеуі отқа оранды. Шіркеу XIII ғасырда салынған. Дегенмен президент Эмманюэль Макрон өзі бас болып, халықпен қалталылар көмек беріп, сан ғасырлық тарихы бар шіркеу жөнделді. Әсіресе өз елінің символына айналған тарихи ғимаратқа француз бизнесмендері қаржы аямады. Қалталарынан 100-200 миллиондаған еуроны суырып берді. Міне елдің елдігін көрсететін мұндай жағдайға неге риза болмассың! Француз бизнесмендерін ешкім мәжбүрлеген жоқ. Олардың осылай жасауына түрткі болған отанға, ұлтқа, елдің мақтанышы болған тарихи ғимаратқа деген махаббаты, құрметі еді.
Қазір еліміз қиын жағдайда қалды. Нақтылайтын болсақ, ел қазынасына қаңтар айында мұнаймен газдан түсетін пайда 900 миллион долларға (мұнай экспортынан түскен табыс 744,1 млн долларға, газ сатудан түскен табыс 134,6 млн доллар) төмендеді. Негізгі пайда әкелетін мұнайдың бағасы наурыздың басынан бастап әлем бойынша күрт төмендеп (бір баррель 27$) кетті. Қиын кезең басталды. Жығылғанға жұдырық болғандай Коронавирус індеті елді қысып барады. Ірі кәсіпорындардың тірлігі шатқаяқтады, орта және шағын кәсіпкерлік мүлде тоқтады деуге болады. Елде төтенше жағдай жарияланды. Алматы мен Нұр-Сұлтан шаһарлары каратинге жабылды.
Індетті жұқтырғандарға көмек, халыққа демеу керек. Міне дәл осы кезде елдегі қалталылар, олигархтар көмекке келу керек еді. Шетел асырып тыққаны бар, жиғаны бар, солардан жырып елге көмекке беруі тиіс –тұғын. Өйткені мемлекет өздерінікі, халық өздерінікі. Осы елдің арқасында байыды. Бірі елдегі көлік саудасын ұстап отыр, екіншісі ірі сауда орындарына иелік етеді, тағы біреулері ондаған мың гектар егіс алқаптарына қожалық етеді т.б.
Осындай бай-бағландар мемлекет қиналған шақта, ел күйзелгенде барын бөлісуге тиіс-ті. Бірақ біздің байшыкештерде отаншылдық сезім кемшін сияқты.
Жазбамыздың басында айтқан Франциядағы Нотр –Дам өртеніп, оны жөндейтін кезде кейбір қазақстандық байшыкештер айдаладағы шіркеуге 100 мың долларлап ақша аударды. Өз елі қиыналған тұста, сол қалталылар қазір қайда? Неге қол үшін бермейді.
Әрине азды-көпті қаржы бөліп жатқандар баршылық. Жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ олардікі теңізге тамған тамшыдай ғана. Дәл қазір елім, ұлтым дейтін қалталылардың оянатын кезі, халыққа демеу болатын кезі. Қалыс қалмайық ағайын.
Азаматхан Әміртайдың әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz