Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 12725 28 пікір 25 Наурыз, 2020 сағат 14:20

Татарлар дегеніміз кімдер?

(және «Булгарлар» деп кімдерді айтқан?)

Егер біз дәлірек немесе нақтырақ айтар болсақ, татарлар деп өз уақытында орыстар (немесе славяндар) көшпелі қыпшақ тайпаларын яғни айтқанда қазіргі қазақтарды айтқан. Бұл күнгі татарлар – олар мыңдаған жылдар бойы Кама Болгарлары (немесе Булгария), - деп көнеден аталып келген. Бұлар Кама өзенінің  ұлан-ғайыр даласында тіршілік еткен, қала соғып, бала оқытып, қолөнерін дамытып және егін шаруашылығымен айналысқан, ертеден өзіндік мәдениеті қалыптасқан қалалық ел-жұрт. Булгарлардың (енді бұдан әрі оларды өздері жазып және айтатындай Булгар , - деп жазамыз) іргесіндегі славяндардан, бергі жағындағы қыпшақтардан сол кезеңдерде білім қуған сауаттылығы мен турмыстық мәдениеті шынында да әлдеқайда жоғары болған. 

 Ал енді татарлар деген кімдер? 

 Бұл атаумен - славяндар қаншама ғасырлар өздерін талай рет тығырыққа тіреп, қалалары мен елдімекендерін тонап кетіп отырған, адамдарын құлдыққа түсірген Ұлы даланың ру – тайпаларын атаған. 

Кезінде кәрі қытай өзіне маза бермеген қалмақ елін «Жуун – гар» (қарақшылар деген мағынада), - деп атаса, көшіп – қонып жүретін Қалқалық буряттарды «Мон –гол» (малшылар немесе бақташылар), - деп атаған. Еуропа ғалымдарының талай ғасырлар бойы зерттеуі осындай қорытындыны шығарып отыр. Сол сияқты славяндарда біздің көшпелі ата-бабаларымызды «татарлар»  деп үкілеген. Нақтырағы талқандаушы, күйзеліс әкелуші  қара күш деген сөз. 

Бұл сөздің шығу тарихы – Алтын Орда империясының тұсында пайда болған. Батылдың (орыстар бұл есімді – Батый, кәрі құрлық елі – Бату деп жазған) көне Русь пен Еуропаға жасаған ұлы жорығынан бастау алған. 

Ал енді татар атын иеленіп жүрген, қазіргі Кама өзені өлкесін мекен еткен ел кімдер?

Бұлар ертеден осы аймақта өсіп – өніп, тіршілік етіп келе жатқан кезіндегі Ұлы Болгария мемлекетінің тұрғындары. Ең алғаш бұл қағанаттың негізін қалап, ұзақ жылдар хандық құрған Құбырат (Кубрат) хан болатын. Осы күнгі Татарыстан бұл ханды біздің мемлекетіміздің алғашқы іргесін көтеруші, Кама жағалауын  қоныс еткен булгар жұртының (қазіргі татарлардың) ұлы тұлғасы деп біледі. Сол Болгария өз уақытында қазіргі Украина мен, Солтүстік Кавказдың да аумағын алып жатқан. Кейін дүниеден өткен соң Ұлы ханның екі ұлы таққа таласып, сыйыса алмай, өздеріне тиесілі ел – жұртты алып, екіге айырылады. Іргесіндегі тынымсыз Хазар тайпаларынан (каспий қыпшақтары) әрдайым соққы көріп және інісінің жауласуынан құса болған хан Аспарух (үлкені) елін алып алысқа жол тартады. Сөйтіп, Дунай жағасынан бірақ шығады. Осы жаңа қонысқа тоқтап, Болгария мемлекетінің негізін салады (осы күнгі Болгария). Ал інісі өз ата қонысында қалып, Кама  Болгариясы мемлекетін құрады. Яғни, қазіргі татар тарихшыларының жазатын Булгариясы (олар «О» -ның орнына «У» әріпін қолданады). Бұл хандықтың астанасы қазіргі осы елдегі Булгар қаласы болған. 

1396 жылы Булгар қаласы мен осы аттас мемлекет Алтын Орда империясының соққысынан тасталқаны шығып, қирайды және империя құрамына кіреді. Кейін бірнеше ғасыр өткен соң Булгар хандығы әзер қалпына келіп (орданың құрамында болсада), астанасы болып Қазан қаласы белгіленеді. Дегенмен, бұл қала ұзақ уақыт «Болгар – аль – Джадил»  деп аталады. Нақтырағы «Жана Булгар» .

Сонымен, бұл Булгар елі,  татарлар деп қалай аталды?  

Осы арада біз азырақ шегініс жасап,  қыпшақ елін, яғни айтқанда, Алтын Орда империясын құрушы әрі билік жүргізуші қыпшақ жұртын айта кетейік. 

Өз заманында іргесіндегі «Татар» деп жалпы түрде аталатын көшпелі қыпшақ тайпаларынан қаншама ғасыр тепкі көріп келген орта ғасырдағы орыс елінің княздықтары уақыт өте келе  біртіндеп жинақталып, біріге бастады. Бұлай етпейінше қыпшақтарға бодан жұрт болып қала беретінін анық сезді. Алтын Орда империясына үш жарым ғасырдай бағынышты болып келген славяндар орданың ішкі тартысын әрдайым пайдаланып, ақырындап тұрғындарының саның өсіріп, күшін жинап, аумағын кенейтіп бодандықтан ептеп болсада  арыла бастады. Орыстардың серпіліп, толық азаттық алып кетуі, әсіресе Самарқан билеушісі Әмір Темірдің тұсынан басталады. Темірдің Алтын Ордаға үш рет соққы беріп, жеңіске жетуінен кейін ордалықтар бұрынғы күш – қуатынан айырылып, тығырыққа тірелген еді. Сондай-ақ, ішкі таққа таласта бұларды мүлде әлсіретіп жіберген болатын. Ақыры орыстар бостандыққа шығып, дербес ел болды. Енді біртіндеп өздері  күшейіп, жаңа өлкелерді жаулап ала бастады. Дүние қашанда дөнгелек деген осы ғой. Кезінде өздері «татарлар» деп атайтын (орыстардың түсінігінде қара күш) қыпшақтарды ығыстыру және бұларға қарсы жорықтар ұйымдастыру жиіледі. Келе-келе бұрынғы Алтын Орда аумағынан асып, тіпті қыпшақ тайпаларының басты тірегі болып саналатың Орал таулары мен Сібір аймақтарын тартып ала бастады. Қыпшақ жұртының ата қонысы болып келген Еділ мен Жайық аралығы, Сібірдің сулы, нулы өлкелері, ашығын  айтар болсақ, Аштархан, Сары тау (Саратов) , Орынбор, Сіләм би (Челяби, Челябинск), Қорған, Түмен, Бай көл (Байкал), Тоң (Томск) және Омбы аймақтары 16 – 18 ғасырлар аралығында қыпшақ- түркілерден тартып алынды. Ойсырай ұтылып, кері шегінген қыпшақ тайпаларының қолында Тобыл, Қызыл жар, Көкшетау, Сарыарқа (Желтая ровнина)және Каспийдің бергі даласы, сонымен қатар, Қаратау маңайы, Сырдария өлкесі әрі Әулие ата өңірлері ғана қалды. 

Біздің тағы бір түсіндіреріміз, сол кездерде қазіргі Зайсан, Тарбағатай, Гүршім (Күршім), Жоңғар Алатауы, Жетісу өңірі (Шарын,  Кеген, Қаскелен, Боралдай, Сарқан және Алтын Емел)сондай – ақ , Іле өзенінің екі қапталы, Қырғыз елінің жартысы (Ыстық көлдің оңтүстік жағалауы, Үлкен Кемік алқабы, Түп жағалаулары) және Шәуешек, Құлжа, Үрімші өлкелері қалмақ елінің иелігінде болатын. Бұл аты аталған шұрайлы аймақтарды қалмақ елі 17 ғасырдың ортасына дейін мекендеп келген еді. Кәрі қытайдың тілімен Жуун-гар (қарақшылар деген сөз) деп аталған қалмақтар, қазақ пен Орталық Азия елдерін жаулап алу жорығын бастаған кезде, алғашында жаңғақтай шашылып қалған қазақтар,тез есін жиды. Сонау бір алыс кезеңдерде  орысқа шұрайлы өлкелерін алдырып қойған түркі-қыпшақтар ақырғы қоныстарынан айырылып қалмау үшін барын салды. Дегенмен, таққа таласып, ішкі бірлігінен айырылған қалмақтар, жасырын жоспар құрып, сендерге көмек берем деп алдаусыратқан Қытай жорығынан аяусыз қырғын тауып, хандығынан да елдігінен де айырылып тынды . Қаншама ғасыр мекен еткен ата қонысы иен қалды. Бірақ , басқаншы қытайлар қалалық ел болғандықтан, тұрғындарын қырып тастаған бұл өңірлерге бірден келе қоймады. Осы шұрайлы аймақтардың бос қалғанын аңғарған қазақ жағы Абылай ханның көреген саясатының арқасында, яғни Цин династиясымен келіссөз жүргізіп, жылына 1000 – дай арғымақ беру арқылы жаз жайлауына пайдалануға келісті.  Келе – келе осы құнарлы өлкелер қазақтың бақ қонған құтты қонысына айналды. 

Енді өзіміз сөз еткен басты тақырыпқа келейік. 

...Уақыт өте келе қос құрлыққа қанат жайған Ресей империясы өзінің құрамындағы, кезінде өзіне  үстемдігін жүргізген азиялық көшпелі тайпаларды жалпы атаумен «татарлар» деп атағанын білеміз. «Татар», - деген сөздің орыс ұғымында қандай мағына беретіндігін  жоғарыда айтып өттік. Он тоғызыншы ғасырдың басынан бастап Ұлы дала елін қырғыздар деп атады (қазақ ғалымы Ш.Уәлихановтың тұсында). Осы атаумен бүкіл Алаш елі бір жарым ғасыр жүрді. Сол кездегі  орыс географиялық қоғамының құжаттары қырғыз атаумен жазылып, Ресей билігінің іс жүргізушілері Ұлы даламен байланысын осы атаумен жүргізді. Тек, өткен 20 –сыншы ғасырдың отызыншы жылдарының орта тұсынан, ұлт зиялыларының  араласуымен қазақ атауы халқымызға қайтып оралды. 

Ал, қазіргі татар аталып отырған ел,  өзінің ежелгі мемлекетінің ұлы атауы Булгарияны қайтарып алу үшін қаншама ғасыр күрес жүргізді. 1862 жылы «Камалық   булгар мұсылмандары кеңесі» құрылып, ұзақ жылдар осы атауды қайтарып алу үшін қажымай – талмай әрекет етті. 1917 жылдың маусым айында Қазанда татардың көрнекті қайраткері  Садри Максуди бастаған осы елдің зиялы қауым өкілдері, жалпы ұлттық съезд өткізіп, өздерінің бұрынғы булгар атауын қайтарып алған еді. Бірақ, Мәскеу билігі бұл атауды мойындамай, съезде қабылданған құжаттарға қол қоймай, кері қайтарды. Тұтас бір ұлтқа күшпен таңылған  бөгде атау өзгертусіз сол күйінде қалды. Кама жағалауының жұрты мақтанышпен еске алатын Ұлы Булгария есімі қайтып оралмады. Осы арада біздің Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтурсынов және Сәкен Сейфулин бастаған қазақтың ауыз толтырып айтар басқада ақиық азаматтарының Кремльді  мойындатып, қазақ атауын елімізге қайтарып бергеніне мыңда бір рахмет айтуымыз керек- ау.

Қазіргі Татарлар өзінің ата-бабасынан келе жатқан қасиетті Булгар немесе Болгар есімін қайтарып алу үшін қаншама көтеріліске шықты. Бұл арада біздің айтарымыз, осынау құдыретті де қасиетті атауды қайтарып алу үшін олар көптеген құрбандықтарға барып, тар жол, тайғақ кешті. Әсіресе, 1753 және 1755 жылдары бүкіл Кама бойында, өзінің ұлттық атауын қайтарып алу жөнінде  орыс империясынан табанды түрде талап еткен, қанды көтерілістер ұйымдастырылды. Бірақ, ешқандай нәтиже шықпады. Кезінде Ұлы даладан бастауын алған Батылдың Русь пен Еуропаға жасаған даңқты жорығынан кейін, өздеріне масқара болып жабысқан «Татар» атынан Булгар жұрты құтыла алмады. 1922 жылы М.Худяковтын «Мусульманская культура в Среднем Поволжье» атты кітабында « - Масса современных казанских мусульман и в настоящее время не считает себя татарами, а завет себя болгарами»,- деп жазыпты.  Сондай-ақ, 1926 жылы бүкіл одақтық санақ кезінде, сол кездерде бір жарым миллиондай болатын осы күнгі татарлар өздерін болгарлармыз деп көрсеткен екен. Дегенмен, тоң мойын Кеңес Одағы олардың талап – тілегін, өтініші мен сұранысын қанағаттандырмады. 

Тіпті, ширек ғасыр бұранғы  М.С.Горбачевтың қайта құру реформасы тұсында да , дәлірек  айтқанда 1989 жылы Татарыстан билігі мен татар жұрты қайтадан өзінің төл атауы Булгарияны қайтарып алу үшін, сол кездегі Кеңес Одағының Орталық комитетіне (ЦК КПСС)  мыңдаған адамның қолын қойып, Болгар немесе Булгар есімін қайтарып беруге хат жолдайды. Дегенмен, бұл жолыда орталық билік ұлт сұранысын ескерусіз қалдырды. 

Тұтас ел-жұрттың қаншама ғасыр  өкінішіне айналған «Татар» атауын алып тастау  сөзбұйдаға салынып әлі келеді. Олар Булгар есімін мойнындағы тұмарындай қадыр – құдырет тұтады. Осы ой – пікірімізге дәлел болу үшін, бұл елдің абройлы да көрнекті азаматы Талгат Таджуддиновтың ( муфтий и шейх- уль – ислам , глава Центрального духовного управления мусульман России и европейских стран СНГ) сөзін нақтырақ болу үшін, бұл кісінің орыс тілінде айтқанын  мысал ретінде келтіре кетейік. «И так уж нас татарами обзывают, хотя на самом деле мы булгары... А болгары – (Республика Болгария) это ближайшие родственники булгар. Просто одни остались на Каме, а другие ушли дальше, на Дунай, и смешались с остальными». 

Өз уақытында Алтын Орда империясын құрған кыпшақ-қазақтардың  ұлы сардары Батылдың жорығынан кейін, өздеріне пәле болып жабысқан  осы атаумен ұзақ ғасырлар бойы аталып келе жатсада, бұл ел өзінің тілі мен дәстүрін, діні мен салт-санасын және әдебі мен әдетін жоғалтпай, Ұлы ұлт ретінде сақталып келеді. 

Бейсенғазы Ұлықбек

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435