Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4462 5 пікір 29 Наурыз, 2020 сағат 12:07

Карантин: "Тобыр" һәм "Элита"

Қазақстанда азаматтардың билікке деген сенімі бұрыннан өте төмен. Бейбіт күнде сенімге пысқырмаған билік карантиннің кезінде өз сөзін әрбір азаматқа жеткізе алмай дал болып жатыр. Ең сорақысы, азаматтармен коммуникация жасай алмаған билік өкілдері оларға “тобыр” деп шаблон тағып, өз шарасыздығын ақтауға тырысып жатыр.

Өзін “элита” санайтын кей кісілер осында полицейлер мен дәрігерлердің еңбегін әнші мен вайнерлерді ғана тыңдайтын “тобыр” дұрыс түсінбей жатыр депті. Снобизмнің иісі шығатын бұл месседж “Ертең қырылып қалсаңдар, өздеріңнен көріңдер” дегенге келеді. Логикасы “сұмдық” элита өкілдеріне келесі сұрақтарды қойғым келеді:

Полицейлерді саяси режимнің күзетшісіне айналдырған “тобыр” ма әлде “элита” ма?

Полицейлерді азаматтардың қауіпсіздігіне бейжай қарап, “мусор” аталатындай деңгейге жеткізген “тобыр” ма әлде “элита” ма?

Мұғалімдер мен дәрігерлерді саяси науқандарға пайдалану арқылы “құл” қылған “тобыр” ма әлде “элита” ма?

Мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбегін “құлдың” еңбегіне теңеп, оларға күлкілі айлық төлеп келе жатқан “тобыр” ма әлде “элита” ма?

Мұғалімдер мен дәрігерлерді “құлға” айналдыру арқылы біздің қоғамда оларды лузер қылған “тобыр” ма әлде “элита” ма?

Сөз бостандығын тұншықтырып, мемлекеттік телеканалдар арқылы әнші-пәншілерден культ жасаған “тобыр” ма әлде “элита” ма?

Әнші-пәншілерді Нұр Отанның партиялық тізіміне қосып, олардан саяси қайраткер жасаған “тобыр” ма әлде “элита” ма?

“Salem Social”-ге миллиондарды құйып, вайнерлерден “ролевая модель” жасаған “тобыр” ма әлде “элита” ма?

Елде бірде-бір тәуелсіз БАҚ қалдырмай, азаматтардың цензурасыз ақпаратты әлеуметтік желіден ғана іздейтін күйге жеткізген “тобыр” ма әлде “элита” ма?

Елдегі білім мен ғылымды және медицинаны конспирологияның жанында шарасыз күйге түсірген “тобыр” ма әлде “элита” ма?

Құдай бетін аулақ қылсын, әрине. Бірақ коронавирусты мыңдаған казақстандық жұқтыратын болса, “тобыр” мен “элита” болып бөлінудің көкесін сонда көреміз. Бөліністің көкесін онсыз да бәріміз жоламауға тырысатын мемлекеттік ауруханаларға бай-бағландардың, атқамінерлердің және “тобырдың” күні қатар түскенде көреміз.

Қазір Ресейде мемауруханаларға сенбейтін және оларда емделмейтін байлар үйлеріне орнату үшін құны шамамен $22,500 тұратын ИВЛ аппараттарын жаппай сатып алып жатыр екен (Қазақстанда да олигархтар ИВЛ аппараттарын әлдеқашан үйлеріне орнатып қоюы да мүмкін). Эксперттердің айтуынша, ол аппаратқа науқастың күні түскенде оны аман алып қалу үшін "ИВЛ"-ді дұрыс пайдалана білетін мамандар мен тәжірибелі дәрігерлер керек. Яғни, сын сағатта сыртқа шыға алмай қалған байлар елдегі мықты дәрігерлерге “құда түсуі” мүмкін. Осылайша дәрігерлер этикалық таңдау жасаумен бетпе-бет келуі мүмкін…

Қазіргі біздің дәрігерлердің жанкештілігіне қарап, әлі де болса ар-ожданын әділетсіз жүйе сындыра алмаған дәрігерлер елімізде көп деп сенемін.

П-сы: Коронавирусты жеңудің қазіргі ең тиімді жолы – үйде отыру. Адамдармен оффлайн қарым-қатынас жасауды карантин біткенше тоқтату. Осындай қысылтаяң кезде жұртқа “тобыр” деп шаблон тағудың орнына “элита” өз күшін азаматтарға түсінікті тілмен коронавирусты жеңу үшін әрбір адам өз үлесін қосуы керек екенін, мемлекеттен мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек қалай берілетін түсіндіруге жұмсауы керек.

Әйтпесе, 30 жыл бойы халықты “тобыр” көріп, логикаға мүлдем келмейтін ақыл айтудан бірнәрсе шықса, осы уақытқа дейін шығар еді ғой.

Шалқар Нұрсейіттің әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338