Қазақстан 72 сағаттық визасыз режимді тоқтатты
Қазақстан 1-шілдеге дейін транзиттік жолаушылар үшін 72 сағаттық визасыз режимді тоқтатты. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлайды.
«Қазақстан Республикасына келудің, болудың және одан кетудің 72 сағаттық визасыз режимінің қолданылуы бөлігінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 29, 388-құжат) бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларының 26-1-тармағының қолданылуы 2020 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрсын», - делінген Қаулыда.
Бұл қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске сала кетейік, 2018 жылдың сәуір айынан бастап «Нұр-Сұлтан» және «Алматы» халықаралық әуежайлары арқылы транзитпен өтетін Қытай мен Үндістан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз кіру режимі іске қосылған болатын.
2020 жылдың қаңтарында айрықша режимге Шымкент, Ақтау, Қарағанды және Тараз қалалары қосылды.
Abai.kz