Қайыржан СҮЛЕЙМЕН. «СОҢҒЫЛАРДАН» СОҢ НЕ БОЛМАҚ?..
Жаман айтуға ауыз бармайды, алайда, біздің тілдік қолданысымызда «Соңғы ән», «соңғы сөз», «соңғы би», сосын тағы да соңғы бірдеңе деген анықтауыштар көп кезедеседі. Ағымдағы ақпаратқа қарап отырып, пендеміз ғой, кейде жынды көбелектей биліктің маңын айналсоқтап жүрген кісілердің іс-әрекетінен әйтеуір бір соңғы ышқынысты байқағандай боламыз. Ненің соңы екенін қайдам, қалай дегенде де бір соңғы тастас бар. Әлде, қасақана солай етіп жүр ме екен?!.
ЖЕМҚОРЛАРДЫҢ АНТИ-ЖАРНАМАСЫ!
Бұрнағы күні «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қоғамдық кеңес елдің ішін еркін жайлаған дертті жоюға бағытталған өзінің соңғы шарасын мәлімдеді. Мәлімдеп қана қойған жоқ, біраздан бері томсырайып жатқан бұйығы елді дүрк еткізіп бір рет күлдірді. Бәлкім, бұл да соңғы күлдіріс болса керек...
Атанжілікті партия не деп мәлімдеді? Былай деді. «Біз Мемлекеттік қызмет ісі жөніндегі агенттікке бұдан былайғы жерде әрбір мемлекеттік қызметкер «Мен - сыбайлас жемқорлыққа қарсымын!» деген төсбелгіні тағып жүруге міндетті болсын деген ұсынысты енгізбекшіміз». Бұны «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы Қоғамдық кеңестің сараптау комиссиясының жетекшісі Мірболат Күнбаев деген керемет айтты.
Жаман айтуға ауыз бармайды, алайда, біздің тілдік қолданысымызда «Соңғы ән», «соңғы сөз», «соңғы би», сосын тағы да соңғы бірдеңе деген анықтауыштар көп кезедеседі. Ағымдағы ақпаратқа қарап отырып, пендеміз ғой, кейде жынды көбелектей биліктің маңын айналсоқтап жүрген кісілердің іс-әрекетінен әйтеуір бір соңғы ышқынысты байқағандай боламыз. Ненің соңы екенін қайдам, қалай дегенде де бір соңғы тастас бар. Әлде, қасақана солай етіп жүр ме екен?!.
ЖЕМҚОРЛАРДЫҢ АНТИ-ЖАРНАМАСЫ!
Бұрнағы күні «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қоғамдық кеңес елдің ішін еркін жайлаған дертті жоюға бағытталған өзінің соңғы шарасын мәлімдеді. Мәлімдеп қана қойған жоқ, біраздан бері томсырайып жатқан бұйығы елді дүрк еткізіп бір рет күлдірді. Бәлкім, бұл да соңғы күлдіріс болса керек...
Атанжілікті партия не деп мәлімдеді? Былай деді. «Біз Мемлекеттік қызмет ісі жөніндегі агенттікке бұдан былайғы жерде әрбір мемлекеттік қызметкер «Мен - сыбайлас жемқорлыққа қарсымын!» деген төсбелгіні тағып жүруге міндетті болсын деген ұсынысты енгізбекшіміз». Бұны «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы Қоғамдық кеңестің сараптау комиссиясының жетекшісі Мірболат Күнбаев деген керемет айтты.
Қалай десек те, бұл әрекетті жемқорлыққа қарсы жасалған «соңғы соққы» деп қабылдауымыз керек. Балтырының өзі біздің белімізге татитын жуан жеңгейлер жүруші еді «Арықтағың келсе, менен сұра!» деген төсбелгі тағып алып. Немесе, ілмиген шикөкпелер көнетоз көйлегінің көкірегіне «Байығың келсе, менен сұра!» деген төсбелгі тағып, автобуста қарсы алдыңа отырып алып жыныңды ұстататын. Тура сол сияқты. Өздері өле алмай жүріп өзгеге жөн сілтегіштер көп-ақ!
Қазір «Пәленше пәре алмайды екен» десе, сол Пәленшеден пайғамбар жасап алатын халге жеттік. Анықтама беретін кез-келген мекеменің күзетшісіне шейін пара алғыш. Ақшасын төлесеңіз бастығының бәтеңкесін шешіп әкеп беруден тайынбайды. Терезенің арғы жағында күмілжіп отыратын, кезектегі жұртқа жәутеңдеп қарап өтетін мемлекеттік қызметкерлерді аяйсың. Тура ит секілді сүйек дәметкен. Енді солардың төсіне әлгіндей төсбелгіні тағып қойып елестетіңізші.
Алмайды емес, алады ғой! Көкірегінде «Мен - жемқорлыққа қарсымын!» деген төсбелгі тұрғанымен, көкейінде «Мен - мына қорлыққа қарсымын!» деген ой тұратын шығар...
БАНДЫНЫ ҚУҒАН БӘЗІЛБАЕВ
Кім де болса, жемқорлықпен күресе отырып жем жейтін жақсы амал ойлап тапқан екен. Санай беріңіз, «жемқорлыққа жаны қас» бірінші адамнан бастап, балабақшадағы тәрбиешіге дейін, әкімшіліктің төрінен босағасына шейін, әр отбасындағы кемі бір мемлекеттік қызметке қатысы бар кісі, ойбай-ау, миллиондардың қалың ішіне кіріп кетпедік пе?! Солардың бас-басына бір-бір төсбелгіден. Тәйірі, біз біреуімен шектелуші ме едік? Бірі жоғалса, екіншісін тағып алсын деген ниетпен тағы да бірнеше төсбелгі. Әрбір мемлекеттік қызметкерге! Жәй ғана, 20-30 теңгеге шаға салғанның өзінде, қосалқысымен пәленбай нөлдің тізбегі. Миллиондар, миллиардтар!..
Әрине, міндетті түрде төсбелгіні соқтыру үшін не бір зауытпен, не бұйым жасаушы фирмамен келісім-шарт жасау керек. Әуелі тендер өткіземіз. Өзіңіз білесіз, бізде тендер тыныш өтпейді. Не үлкен әулетке қатысы бар бұзықпен, не шетелдік пысықпен бөлісуге тура келеді. Жәй ғана емес, жемқорлықпен күресе отырып бөлісуге. Аштан өлмес үшін ұяластарымен шайнасып жатып момын қойды бөле жейтін қасқырлар құсап...
Бұл тегін емес. Күні ертең осы төсбелгі талайдың төсін сындырып, тісін қағады. «Отанын сатты!» деген айыпты сырттағы қуларға ғана тағушы едік, мынаны желеу етіп кез-келгенді кеңірдектен ала түсуге болады. Қолға түсіп, құтылып кетіп жатқан пәреқорлардың бас амандығы үшін беретін «садақасы» өседі деген сөз. Баяғыда мойынына қызыл галстук таққан пионерлердің сәл ғана қателігі үшін жер-жебіріне қалай жетуші едік, жазасы ауыр еді ғой. Бұл да содан асып түспесе, кем соқпайды. Елді он жылдап басқарған қандауыз қызыл басшылардың кезіндегі мәнер. Кеңестік көшірме...
Бәрінен де аяйтының, күні ертең «партиямыздың міндеттеген ұсынысына қарсымысың?!» деп шолақбелсенділер қожаңдап отырып мемлекеттік қызметкерлердің айлығынан төсбелгіге деп салық жинайды. Сырт көзге сүйкімді болып көрінген мемлекеттік қызметкерлер ондай «садақаны» оң қолымен беріп тұрып, қара халықтан сол қолымен бірдеңе алмасына кім кепіл?!
ҚЫЗ ЕМЕС, КҮЙЕУ ҚАШҚАН ЗАМАН БОЛДЫ...
Кез-келген алғыштың барымтаға бара жатқан ұры сияқты «осы соңғысы болсын!» деп жемқорлық әрекетке баратыны анық. Маңдайы тасқа тиіп, ішкен-жегені көмейіне көлденең тұрғанша соңғы мәрте ант ішіп «тәуекелге» барып жүргендер көп. Қазір сонымен қатар, бүгінгі билікке де жарамсақтануда «соңғы сүйіспеншіліктер» байқалып қалып жатыр.
Жуырда Жақсыбай Бәзілбаев дейтін мықты «Президент Н.Ә.Назарбаевқа көрсеткен көмегім!» деген тақырыпта Премьер-министрдің жеке блогына хат жолдады. Кәдуілгі, Президенттіктен екі мәрте үміткер экс-кандидат Бәзілбаев! «Нұр Отан» партиясының бюросынан бастап, Парламент сенатының басшысына, Президент әкімшілігінің басшысына, Премьер-министрге, ҰҚК басшысына және Мәдениет және Ақпарат министріне бағышталған бұл хатта қашқын күйеу һәм экс-шенеунік Виктор Храпунов пен оның зайыбы Ләйлә Храпуноваларды жауапқа тарту туралы ұсыныс жарияланған.
Естеріңізде болса, былтыр Алматы қаласының төңірегіндегі заңсыз құрылыстар туралы дау туып, ол дау Астанадағы біраз кісілердің орынтағын сықырлатып кеткен еді. Алматыны басқарып тұрған Тасмағамбетовке де шүйлігушілер табылып, ақыр аяғында Үкіметтік комиссияның анықтауымен бұрынғы қала әкімі, сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі Храпуновтың біраз былығы ашылған. Үкімет отырысында премьер-министр Төтенше жағдайлар министрі Храпуновты өз еркімен қызметтен кетуге шақырып, ертесіне Елбасы сондай үкімге қол қойған. Көп ұзамай, «күйеу бала» Храпунов он сегіз тонналық ТУ-154 ұшағының белін қайыстырып барлық мүлік-мүкәмалын тиеп Швейцария асқан еді. Білгіштердің айтуынша, елден кедергісіз кету үшін Храпунов Астанадағы бір кісілерге 60 миллион доллар ауызбастырық беріп кетіпті деседі.
Швейцарияның заңы сондай, еліне миллион доллардан асатын ақша кіргізген кез-келген кісіні қабылдап, азаматтығын бере береді. Кейін сол азаматтарын да заңмен қорғайтын болса керек. Сондықтан да, Бәзілбаевтің бұл әрекеті, сөз жоқ, Елбасыға «соңғы мәрте» жағынып қалу. Әйтпесе, «Шымбұлақ» курорттық аймағындағы екі жарым гектар жерін, қала ішіндегі бірнеше коммерциялық нысандары мен тұрғын үйлерін, құны 300 мың доллар тұратын «Бентли» маркалы көлігін тастай қашқан адамды, Астанадағылардың алғауымен артына қайырылмастай болып кеткен кісіні іздегенде кім қандай опа таппақ?
Сондай-ақ, «бандыны қуған Бәзілбаев» Алматы қаласы мен облысын басқарған және Төтенше жағыдайлар министрлігін басқарған экс-шенеунік Шалбай Құлмахановты да жауапқа тарту керек деп отыр. Ақпарат министрі Құл-Мұхаммед мырзаға «тікелей эфирден мәлімдеме жасауым үшін маған БАҚ керек, сонымен қамтамасыз ет!» деген де базына айтуда. Қалай десек те, «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шабасың ба», жоқ, әлде, басқа бір нәрсеге шабасың ба, ерік өзіңізде, Бәзілбаевтің бұл әрекеті шынымен де «соңғы жағыну» екенінде дау жоқ!
ҚАБІРЛЕР ДЕ БИЛІКТІҢ ҚАЛАУЫМЕН ТАБЫЛАТЫН БОЛҒАН БА?
Біздегі асығыс әрекеттердің екпіні жойқын. Әсіресе, Елбасыға қатысты шаруалардың жылдам атқарылып жатқандығы соншалық, ойласаң ойың ілеспейді. Жанталасып жүріп мультфильм түсірдік, асығып жүріп әуежайға ат бермекші болдық, мырыштан сомсуретін сомдамақ болдық та, іле-шала Шымкенттің орталығына алтын жалатқан ескерткішін орнатуға белді бекем будық. Оны да аз көргендей, енді міне, Елбасының батыр бабасының сүйегін тауып отырмыз!
23 маусым күні www.nomad.su сайтында «Наурызбай батырдың зираты табылды ма?» атты электронды-мақала жарық көрді. Аталған сайттың тілшісі «Экспресс-к» газетіне сілтеме жасай отырып, жуырда ғана Алматы облысы Сарқанд ауданындағы Қарауыл-төбе тауынан Шапырашты Наурызбай батырдың бейітінің табылғандығы туралы сөз қозғайды. Мақалада Жантас Раштов дейтін құрылысшы мен Әбілқасым Молдабай дейтін заңгер жуырда ғана шаң басқан архивтерден 1848 жылдың 26 маусымында Омбыдағы барон Врангел дейтін ұлыққа қазақтың бір топ билерінің атынан түскен шағым-хатты тауып алғандығын жазады. Мәселе Ақсу-Лепсі өзендерінің маңындағы жайлауға үйсін мен найман руларының таласып қалуынан туындаған. Сол шағымда аталмыш өңірде Жоңғар шапқыншылығы кезінде батыр болған Шапырашты Наурызбай бидің жайлауы болғандығы, өзінің де сол жерге жерленгендігі келтірілген.
Тарихи жәдігерлерді іздеуші аса талантты екі азамат жаңағы жазба бойынша Шапырашты Наурызбайдың бейітін қиналмай тапса керек. Осыдан кейін «Қайран, Әлкей Марғұландар-ай!» дейсің, «Ғылымға бүкіл өмірлеріңді арнаған «дарынсыз» ғалымдарым-ай!» дейсің. Қай-қайдағы құрылысшы мен заңгер ешқандай ғылыми фактіге сүйенбестен Елбасының бабасы жатқан зиратты оп-оңай тауып алғанға қайран қаласың.
Бізді бір таң қалдыратыны, осы жұрт неге Елбасыны асықтырғыш болып кетті? Мәңгілік президенттің көл-көсір уақыты әлі алда емес пе?