Жұма, 22 Қараша 2024
Ерлік 12323 2 пікір 3 Сәуір, 2020 сағат 14:33

Өтеш Жалмағамбетов: Мен көрген соғыс

Ақтөбе облысында жеңістің 75 жылдығына аман-сау жеткен екі ақсақалдың бірі - Өтеш Жалмағамбетов. Қарт майдангердің сол бір сұрапыл жылдарды бастан кешкендерін өз аузынан естідік.


Мен көрген соғыс

Бір күні, 1943 жылдың ақпан айында Сакмара өзенінің бойында Сакмара поселкесінің маңында жертөле казармаға апарып, бір полктің байланысшылары сым желісімен жұмысымен таныстырды. Сол арада Жаңажолдың азаматы, жерлес Жанораз Құрманбаевпен таныстым. Сакмарада сәуірге дейін болдық. Солдат-офицерлердің шендік белгілері өзгерді. Орыстың ұлы қолбасшылары Суворов пен Кутузовтың погонын тақтық. Байланысшылардың қара погон эмблемасы бар тармақ-тармақ.

Сәуірдің аяғында 6 кек арбамен, 12 атымен, байланыс аппараттарымызбен платформаға тиеп, Мәскеуге қарай жүргізді. Күндіз тұрамыз, түнде жүреміз. Үш тәуліктей жүріп, Мәскеудің Сокольники ауданында тағы да дайындықта болдық. Жанораз да менімен бірге. Арба айдайтын екі қазақ жігіт болды. Екеуі де бізден сақалау, Шымкент облысынан, біреуі Қызылту, екіншісі Опытный станцияларынан. Есімдері - Сейдулла, Рысбек. Бұлардың жұмысы - аттарымызды жайлау. Әрқайсымызда екі аттан бар, ат бағушылар байланыспен айналыспайды.

Сокольникиден мамыр айының соңында вагонға тиеп, 930-ыншы айырықша байланыс батальонымен Псков облысы Старый Оскол деген стансадан маусым айында пойыздан түстік.

Соғыстың болып кеткен жері екен. Өрттің, түтіннің иісі, қабат-қабат үйлердің ашық-тесік терезелері өртенген, теміржолдағы вагондардың темір қаңқасы ғана қалған, адам қара атаулы көрінбейді. Түннің бір уағында вагондардан аттарымыз бен арбаларымызды түсіртті. Кезек-кезек арбаға мініп, аяқ суытып, отыз шақырымдай жер жүріп, бір деревняға келдік. Шылым шекпейсің, неміс самолетінің даусы естіліп, қай жерде жарық болса, сол жерге мина тасталады екен. Төрт-бес сағаттай дем алдық. Соғыстың дүмпуі естіліп жатты. Онша қашық емес екен. Осы деревняда жеті күндей болдық.

Неміс самолеттері біздің үстімізден ұшып, тылға қарай бомбы тастауға өтеді. 15-20 юнкерс, әр самолетте 3-4 бомбы болады. Бұларды Миссершмид атты жеңіл самолет 10-12-ден айнала жүріп кеңестік самолеттерден қорғайды.

Біздің барған жеріміз далалық майдан деп аталады екен. Белгород-Харьков бағыты. Артынан І-ші Украина майданы деп аталды. Командашы - маршал Конев. Генерал Власовтың екпінді армиясы осы бағытта қоршаудан шыға алмай, жауға соғыссыз беріліпті.

Деревняда айнала жазық. Түс мезгілінде немістің Миссершмиді жеңіл самолеті листовка қағаз шашып кетті. Екі тілде жазылыпты. Бір листовкада - генерал Власовтың неміс солдатына келіп команда беріп тұрған суреті. «Сендер соғысты тез бітсін десеңдер, бізге осы листовкамен алдыңғы соғыс линиясынан көтеріп көрсетіп өтіңдер, біздің солдаттар атпайды, шекарадан өткізеді», делінген. Екінші қағазда листовканы екі жарып жазған. Үстіңгі жағында бір қапталда тамақтың неше түрлері, екінші қапталында - мина, бомбы, гранат, патрондар салған. «Өздерің таңдаңдар, қайсысы сендерге тиімді: өлім бе, әлде өмір ме?», депті.

(Інзіпия, Өтеш, Мунира, Анар және Ұлан)

Біз алып оқып, жыртып тастадық. Бірақ сол күні түнде бір-екі солдат жоқ болып шықты.

Бұл бағытта ұрыс қатты жүріп жатты. Кешкі уақытта солдаттар жаяу, мойындарына шинель буылған, қару-жарағымен топ-топ, лек-легімен кетіп бара жатады. Келесі күні түске жуық солардан жеті-сегізі ғана жарақаттанып, басын, қолын ақ марлымен байлап шыққанын көресің.

Соғыста оқ тиіп қалады, кейбіреулері қорқып, немістерге тұтқынға беріледі. Міне, сонымен неміс самолеттері күндіз тынбай, адам қарасы көрінсе болды, соны қуып жүріп, аспаннан атқылап, пулеметтен өлтіреді, болмаса жарақаттайды. Техникасы көп, жаяу жүрмейді, мотоциклдерінде қос пулемет бар. Сонымен жеделдетіп жүреді.

Немістер еврей халқын жек көреді. Оларды тұтқынға алмай, бірден атып тастайды немесе аспаннан самолеттен: «сендерге бригадир керек болар», деп тастап жүрді.

1943 жыл. Орел-Курск шайқасы

1942 жылдың қысында немістер Сталинград шайқасында Волга бойында ешнәрсе шығара алмады. Фельдмаршал Паулюстің армиясы тұтқынға берілді. Осыдан кейін Гитлер ойлана бастады. Енді осы Курск қаласы ортада, Орел, Тула, Воронеж, Белгород бағытындағы топтасқан Кеңес армиясын қайткенде қоршауға жоспар жасады. Украинаның Харьков қаласына генерал, фельдмаршалдары Мангистейн, Гудрян, Фон-Бок, Гимлер, Геббельс, тағы басқа әскери қолбасшыларымен кеңес ашты. Содан осы жиында «Реванш» жоспарын жасады. Бұл жоспар шеткі батыс жағы Орел қаласының бағытына неміс армиясын топтастыру. Енді екінші жағы Белгород қаласының бағытына топтастыру. Содан кейін ортада Курск, Воронеж, Тула - Кеңес армиясын қоршауға алу. Соғысты Орел, Белгород бағытындағы неміс армиясын бір мезгілде бірдей артиллериялық әзірлікпен бастау керек болды. Кеңес армиясы да осы бағытта топтасып жатты.

(Өтеш ақсақал немерелерімен)

Сонымен, енді екі жақ бір-бірінен тіл хабар алып, аңдысты. Соғыстың артиллериялық әзірлігін кім бұрын бастаса, келіп тұрған атыс қарулары істен шығып, кемітіледі ғой. Белгород қаласының бағыты қаладан 30 шақырым жерде. Сары дала, қара бидай егінін жинап, баулап қойған. Егіс айналасы орман белдеулерімен қоршалған. Неміс армиясын армия Вермахт деп атайды. Артиллдериялық әзірлікті 5-6 шілдеде бастайды екен деген хабар жетті.

Ендігі мақсат сол күні олардан бұрын біздің армия сағат он бірде келіп тұрған артиллерия, миномет, катюшалардан екі сағат бойы үзбей атты. Сонда біздің жақ қарсыластардан жарты сағат бұрын қимылдапты. Екі сағаттан кейін майдан екі жарым сағат тыныш тұрды. Вермахт армиясы қалған жарақты қаруларымен қарсы шабуылға шықты. Бұл бағытта 51 армия, 48 корпус, 930 айырықша батальон байланыс бөлімі орналасқан еді. Біз байланыс жүргізгеніміз жоқ. Жерде қара бидай саломы жанып жатты. Біздің байланысшылар қатары селдіреп, алты адам шығын болды.

«Тигр» танкілері соңына кіші танкілер - «Фердинанттар» мен «Пантераларды» ілестіріп алып, оң жақ қапталымыздан сап түзеп шұбырды. Әуеде самолеттер бірімен-бірі атысып, бірсыпырасы жанып түсіп жатты. Біздің бір ат арба байланыс құралымен минаға ұрынып, екі ат арбасымен алдыңғы екі доғалағын алып қашып жөніне кетті. Ат айдаушының бірі жарақат алды. Штаб бастығы майор Красильников оны бес шақырым жердегі далалық санбатқа апаруды маған тапсырды.

Прохоровка деревнясында екі жақтан 1000-нан астам танкілер шоғырланып, темі мен темірдің нағыз шайқасы басталды. Біздің танкілердің сапасы шамалы екені білініп тұрді. Сонымен тәуліктен астам уақыт бойы тынымсыз ұрыс болды. Осы жерде немістің 600-ден астам танкісі істен шықты.

Алтыншы шілдеде немістің күші басым болғанымен, ілгері жылжи алмады. Одан кейінгі уақытта біздің армия он екі шақырымға кейін шегінді.

5 тамызда Белгород қаласы жаудан азат етілді. Сонда бірінші салют берілді. Осы қадамға байланысты Сталиннен «Алғыс хат» келді.

Курск түбіндегі соғыс 1943 жылдың шілде айының алтыншы жұлдызында басталды. Елу күнге созылған қанды шайқаста екі жақтан: Кеңес армиясынан - 1103 адам, 15502 зеңбірек, 1350 самолет, 1403 танк, неміс жағынан - 1011 адам, 10200 зеңбірек, 1216 самолет, 675 танк қатысты. Бұл бағытта екі жақтан да жаяу әскер болған жоқ.

Алтыншы шілдеде ұрыс басталғаннан кейін тынбай жауды шегіндіріп отырдық. Шілденің аяғында Украинаның жеріне келіп кірдік. Елу күндей шайқаста екі жақтан 4 миллиондай адам шығын болды. Күн өте ыстық, екі сағатта адам денесі бұзылып кетіп жатты. Оны арнайы команда жинап, жерлейді.

Украина жері. 1943 жылдың қазан айы. Харьков, Полтава қалаларынан кейін Днепр өзеніне жақындадық. Өзеннің енсіз деген жерінің әзі - 400-450 метр. Енсіз жері Кременчук қаласының маңында екен. Өзеннен 350 метр жердей бекіністе, окопта Жанораз екеуміз болдық. Судың жағасы 200 метрге тартылған, жағасы құм. Окоп сусылдай құлайтын болды. Содан қапталын шілік тоқып, талдан екі жақ бетін қымтаған болдық. Немістер өзеннің арғы бетінде, оң жағлауда, биікте орналасқан. Біз Жанораз екеуміз алдыңғы барлаушы-бақылаушы пунктінде байланыстамыз. Қасымызға снаряд келіп түсіп жатады. Кейбіреулері жарылмай құмға кіріп кетеді.

Әлі есімде, бір күні снаряд жарылып, қасымызға түсті. Оттағы каталогке жарықшағы тиіп, ішіндегі суы ағып кетті. Сөйтіп картопты шикілей жедік. Арт жақтан келе жатқан көлікті немістер зеңбірекпен атқылап жібермей қояды. Тамақ таратушы арбаны атқылап, адамдарын өлтіріп қойған кездер де болды. Екі-үш күн құрғақ тамағымыз да таусылып, аш жатқан күндер кездесті.

Күз айы. Окоптың іші салқын. Окоптың ішіне, бұрышына труба, тесік шелек секілді нәрселерді бір-біріне жалғап, от жағамыз. Немістің атқан зеңбірегінің оғы құмға кіріп жарылмайтын болғандықтан, олар шрапнель дегенді ойлап тапты. Ол аспанда жарылып, жерге шашырап түседі.

Осы Днепр өзенінің жағалауында бір жарым айдай болдық.

1943 жылдың қараша айы. Мені бұл арадан алып, қасыма Словьев, Солинин деген жігіттер келді. Олар балықшы болған, қайық есуді жақсы біледі. Соны пайдаланып Днепрден қайықпен өтіп, алдыңғы шепке байланыс желісін жүргізу керек. Бір түннің ішінде есебін тауып түнгі сағат екі-үш шамасында деген бұйрық болды. Қараша айының жиырма екісі күні тәуекелге бел байлап, судан өтуге тура келді. Бұйрықтың аты бұйрық, оны орындау керек. Өзеннен өту қорқынышты болды. Немістер өзеннің үстіне прожектор түсіріп, бақылап отырады.

Бір Аллаға сыйынып, ішімнен «А, Құдай, жар бола гер!», айтып, қайыққа міндім. Ана екеуі де мінде «Дай, бог!», деп. Көңілімізді жұбатататын - қалайыдағы түтін шығарғыш. Соған сенеміз. Оны жарып отыру керек. Судың үсгіндегі қара-құраңды көрсетпей, тұмандатып тұрады. Мен соны әлсін-әлсін жарып отырамын.

Сонымен, сағатқа жуық уақыт қайықпен жүзіп, арғы беттегі бақылау пунктіне жеттік. Аман-есен байланыс орнаттық. Жүрегіміз содан кейін орнына түсті.

Осы міндеттерді абыроймен орындағаннан кейін батальон командирі В.А. Ткачук біз үшеумізді «За отвагу» медаліне ұсынды.

Қараша айының соңғы күндерінде немістерді шегіндіріп, Украина жері - Кировоград облысы аумағына кірдік. Майданды одан әрі ілгерілетуге біздің армияның қатары азайды, Курск шайқасында шығын көп болды. Сондықтан Кировоград облысының маңында немістің бір армиясын қоршауға да қалдырған. «Херсон-Шевченковское» қоршауы. 1943-1944 жылдың қысында біздің армия Звеногородка мен Шпола деген деревняда жаттық. Қыс қатты болды. Украиндар үйді хата деп атайды. Жылы болу үшін хатаның сыртын қамыспен қоршадық. Біздің міндетіміз - жауды қоршаудан шығармай, тұтқынға алу. Түн мезгілінде неміс самолеті ұшып келіп, қару-жарақ, азық-түлік тасгайды. Аңдып жатып, немістің қолына түсірмеуге тырысамыз. Фельдмаршал Штейман әскерін қоршаудан шығара алмағасын ызаланып өзін-өзі атып елтірді. Шайқас 45 күндей болды. Немістің 100 мыңға жуық солдат-офицерлері тұтқынға алынды.

Осы кезеңде мен «Қызыл Жұлдыз» орденін алдым. Енді соның жайына келейін.

Звенигородка деревнясында Шарий деген украин жігіті екеуміз аппаратымыз бар, бір үйде байланыста болдық. Бақылау пункті жақын. Немістің «Юнкерс» самолеті екі-үш рет келіп, штабқа бомбы тастады. Содан бізге командирлер айтты: «осы деревняда немістің радисі болу керек, соны қадағалап, қалайда қолға түсіру керек», деп.

Біздің байланыс құрған үйімізде украин әйелі 8-9 жасар қызымен тұрады. Біз - екеуміз. Біздің тамағымыз одан бөлек. Үйге жалғастырып салынған мал қорасы бар. Қорадағы сиырды түнде сарайды бір бұрышына байлайды, ал күндіз бір шетіне апарып тұрғызады, яғни орын алмастырып тұрады.

Әйел қайта-қайта сарайға бара береді. Шарий сезіктенді. «Осы тегін емес, сарайда подвал болу керек шамасы, мен мұны білмеген болып аңдиын, сен мына аппаратқа ие бол», деді.

Сонымен аңдуға кірісті. Өздері екеуі болса да, әйелдің асып жатқан тамағының көлемі де көбірек.

Біз Шарий екеуміз түскі асымызды жеңіл-желпі ішіп алдық. Ол дәретке кетіп бара жатып сарайға көзін салыпты. Сиырды басқа орынға ауыстырып байлаған. Оның астына төселген саломды бұрышқа ығыстырып үйіпті. Енді әйел пісірген тамағын ыдысқа құйып алып, сарайға кіреді. Сол кезде Шарий мені шақырды. «Сарайда біреу болу керек подвалда, автоматты алып, бері кел», деді ол. Екеуміз автоматпен сарайға кірген кезде біреулерге еңкейіп тамақты ұсынып жатқан әйелді көрдік. Ол бізді көріп сасып қалды. Екеуміз де автоматымызды кезеп, подвалдың аузына барып, немісше: «қолдарыңды көтерідер, мында шығыңдар», деп айқайладық. Сөйтіп немістің 2 радисін қолға түсіріп, штабқа алып бардық. Содан кейін самолет те бомбылауын қойды. Келесі күні алға, басқа деревняға ауыстық. Штаб бастығы майор Красильников Шарий екеумізді «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынды.

Мен Ақтебе қаласындағы №6 мектепте оқығанда неміс әйелі бізге неміс тілінен сабақ берген. Содан бұл тілден кеп болмағанмен, шамалы хабарым бар еді. Ал Шарий неміс тілін жетік біледі екен.

Немістер енді шегінумен болды. Шегінер алдында деревняны оқпен атады. Патронның ұшы қызыл болса, оқ тиген жерін жандырып жібереді. Хаталардың төбесі қара бидай саломымен жабылған, оқ тисе жана береді.

1943-1944 жылдың қысы ішінде деревняда жанбаған үй қалмады. Тек қана күйген кірпіштен салған пештері қауқиып қалады. Немістен тірі қалған бірен-саран украиндар жертөле қазып, сонда қыстайды.

Немістер украин халқын көп жәбірледі. «Партизандарды жасырасыңдар», деп шал-кемпірлерді дарға асты. Жастарын неміс жерінде жұмыс істету үшін топ-топ қылып, ұрып-соғып айдады. Еш аяушылық болмады. «СС-Рейх» деген армия «Мертвая голова» - «Өлі бастар» - олардың жүрген жерінде тіршілік болмауы керек. Тек адам баласының қаңқасы қалуы керек. Сосын белбеулерінде доғада «Бог с нами» (Құдай бізбен бірге) деген жазуы бар. Олардың істеген ісін айтып тауыса алмайсың. Мен солардың бәрін де көрдім.

1943 жылдың қазаны - 1944 жылдың көктемінде Украина республикасы неміс басқыншыларынан босатылды.

Молдавия жері

1944 жыл. Көкек айының басы. Молдавия жеріне пасха мейрамы мезгілінде кірдік. Жергілікті халық шаруақор. Жері - таулы-тасты, ағын су өзендері бар. Жүзім көп өседі, жаңғақ, мейіз молынан кездеседі. Қаракөл қойы бағылады. Олардың мойнына қоңырау тағып қояды. Әр үй 15-20 қой ұстайды. Молдавандар қолдарына таяқ алып, малды өздері бағады.

Кишинев - астанасы, Котовский, Бендера деген кіші қалалары бар. Жері Қазақстанның бір облысының аумағындай ғана.

Немістер Прут өзенінің арғы бетінде, өзеннен 3 шақырым жерде, Румыния жерінде болды.

Біздің 930-ыншы айырықша батальон байланыс бөлімі Прут өзеніне 1,5 шақырым Менделин деревнясында орналасқан. Румынияның екінші қаласы Яссы қаласы Прут өзеніне 30 шақырым қашықтықта.

Кишинев пен Яссы аумағында немістің 17 дивизиясы қоршауда болды.

Көкек-тамыз айларында осы әскерді қоршаудан шығармай, тұтқынға алу міндеті тұрды, алдымызда.

Прут өзені бойындағы Менделин деревнясында тұрғанда, 1944 жылдың тамыз айында Өзбекстаннан бір топ адамдар келіп, концерт қойды. Солардың арасында қазақтың талантты қызы Роза Бағланова да бар екен.

Молдавия-Гагаузия түгелдей неміс басқыншыларынан босатылды.

Чехословакия мемлекеті

Мұндағылар өздерін орыстың туыс халқы - словакпыз дейді. Біздің қырғыз, өзбек халқы сияқты екен.

Немістер қарсыласуды қойды. Бұл -1944 жылдың қазан-қараша айлары еді. Чех халқы алдымыздан он бес шақырымдай жерден шығып, тағамдарын, нан-тұзын, ішімдіктерін ұсынды.

Мен взвод командирі Аркадий Васильевич Ткачуктің күрең қасқа тор байталының үстінде келе жатыр едім, олар мені аттың үстінен көтеріп алып, қолпаштап аспанға қақпақылдады.

Біздің бағытымыз - Братислава қаласы екен. Соның сол жақ батысында 15-20 шақырым қашықтықта орналастық. Штабымыз осы қалада болды.

Мен тор байталмен штабқа құпия пакет тасып тұрдым. Сыдыртып, бүлкілдеп, желдіртіп отырамын.

Чехословакия жерінде 3-4 айдай болдық. Тынығып қалдық. Ендігі алдағы баратын жеріміз - немістің жері. Германия шекарасы жақын.

Румыния

Румынияның Яссы қаласының маңында топтасқан қоршаудағы румын, венгер, итальян армиялары тұтқынға алынды. Немістер көп қарсылық ете алған жоқ.

Румыния жерінде жүз мыңға жуығы тұтқынға берілді. Хущи қаласында біздің батальонның байланыс белімін поезға мінгізіп, Польша мемлекетіне кірдік.

Польша

1944 жылдың қыркүйек айы. Висла өзені Баранау қаласы маңынан платформаға тиеліп, өзеннен өттік. Күздің күні Майданник деген лагерьге келдік. Немістер кеңес армиясының 22280 адамын краматория-пешке салып өртеген жері екен. Лагерьдің жан-жағы сым темірмен қоршалған. Төрт жағында төрт қарауыл итімен тұрады. Лагерь аумағы 2-3 гектардай жер. Жақында ғана немістер осы арадан шегініп кеткен екен.

Алдымыздан орыстың бір кемпірі шығып, «көретін күн бар екен ғой», деп жылап жіберді. Біздің алдымызда 3-12 жас аралығындағы 97 баланы әуелі моншаға шомылдырып, сосын газ жіберіп тұншықтырып әлтірген. Содан кейін пешке апарып табытқа салады. Етін сабынға, сүйегін жер өңдеуге алады.

Краков қаласында да бір лагерь болды. Осы Освенцимда жергілікті Кеңес халқын аямай, пешке салған. Польшаның Краков қаласы шағын шаһар екен. Әдемі, бұзылмаған. Бухг өзенінің бойында. «Краковские замки» деп атайды.

Польша жерінде орман ағаш көп, Люблин қаласын босатқан соң ар жағында Сан өзенінен өттік. Бұл да енді езен екен. Енді қыс түсті. Сандамиров қаласы Польшаның орталық қаласы Варшаваға жақын. Сол маңда немістердің топталған армиясы қоршауда қалды. Осы қоршаудағы армияны шашау шығармай қолға түсіруге біздің армияны қалдырды. Бұл қоршауды жүзеге асыруға қатыстым. Қасымда Жанораз да бар.

1944 жылдың қысында неміс армиясы шегінумен болды. Польша жері түгел тазартылды. Сандамировкадан кейін немістерден еш қарсылық болмады.

Германия мемлекеті

1945 жылдың қаңтары. Неміс шекарасының қай жері екені есімде жоқ, дүмпілдетіп аспанға оқ атып кірдік. Шекарада үлкен шайқас болған екен, біздің ақ халат киген барлаушылардың қаза тапқанының куәсі болдық, олардың денелерін арнаулы бригада жинап алды. Біздер түннің бір уағында, яғни 2-3 сағат шамасында бір екі қабатты үйге орналасып, демалуға кірістік, теменде төрт солдат күзетте тұрды.

Бұл келе жатқан бағытымыз - Одер мен Эльба деген езеннің тұсы екен. Деревнялар арасының қашықтығы - 5-6 шақырымнан, тығыз орналасқан. Деревня қаңырап қалған, неміс тұрғындары көрінбейді.

Алға жылжумен келе жатып, Бунцулау деген қаланың маңында Рубентроф деген жерде орыстың қолбасшысы Кутузов жерленген екен, соны біздің солдаттар күзетке алған.

Немістер қарсыласуды азайтты, тек шегінумен келеді. Біздің армия оларды өкшелетіп қуумен келеді. Осылайша қарқынды жүре отырып бірсыпыра деревнялардан өтіп, Лигнец деген деревняға түннің бір уағында ендік. Осы деревняның шет жағында демалып шыққаннан кейін мені мен Никитин деген байланысшыны бақылаушы станция ретінде сонда қалдырды. Қалған байланысшылар басқа жаққа ауысты.

Деревня шағын, алдыңғы соғыс желісі де қашық болмады. Шамасы 2-2,5 шақырым болса керек. Бізге белгіленген үйдің екінші қабатына байланыс құралдарымызды - телефон-рациямызды құрып алдық.

Жайғасқаннан кейін Никитин байланыста қалды, мен деревня аралауға шықтым. Көше бойынан немістің қара ала сиырларын айдап, жинақтап жүрген өзіміздің бір жауынгерді көрдім. Ол деревняның шет жағында поляк әйелдерге сиырды сауғызып, майдан шебіндегі солдаттарға жеткізіп тұрады екен. Мен солдатпен келісіп, бір сиырды алып, сарайға ұстап, өзіміз сауатын болдық. Осы жерде ай жарым тұрып, сүтке қарық болдық. Жемі қара бидай, саломы мен қызылшаны кесіп, ұнтап береміз. Етті де солардан барып алып тұратын болдық.

Майдан шебі жақын болғандықтан ба, снарядтар ауламызға түсіп жататын болды.

Деревнядағы үйлерді араладық. Олар екі қатарлы, астыңғы жағында подвал, ол да екіге бөлінген, бір жағында - азық-түлік, екінші жағында - киім-кешек. Үйде қанша адам болса, соншама велосипед.

Үйлердің арасындағы жаяу жолдарға цемент төселген, тап-таза, қоқыс дегендер мүлдем көрінбейді. Деревня сайын бір спирт зауыты, бір ұн тартатьін диірмен бар. Сарайларына су келіп тұр. Байларын барон деп атайды. Әр белменің жарында сағат, әр үйде киім тігетін «Зингер» машинасы. 1945 жылдың наурыз айында ілгері жылжыдық.

Одер деген үлкен езеннен еттік. Біздің бағытымыз - Дрезден қаласы Эльба өзенінің бойында. Бұл - немістің Берлиннен кейінгі өндірісті қаласы. Біздің армияның жартысы оң қапталдағы Берлинге қарай, екінші бөлігі Дрезден бағытын ұстанды. Біздің І-Украин майданының командашысы — маршал Конев.

Сонымен 1945 жылдың 9 мамырында Берлин бағытындағылар соғыс аяқталды деп жариялап жатты, ал біздің бағыттағылар әлі соғыс жүріп жатыр. Бүл қалай десек, немістер Власовтың қолға түскен тутқындарын Кеңес армиясына қарсы қойыпты. «Сендерді қолға түссеңдер Отанын сатқан деп жәбірлейді», деп үпттеп, фельдмаршал 20 мамырға дейін шайқасты. Берлин бағытындағы 11-механикаландырылған армияны біздің бағытқа қосып, содан 20 мамырда Дрезден қаласының бойында, Эльба өзеніне жақын Торгау деревнясында ағылшын-американ армиясы кездестік. Сонда ғана Жеңіс дәмін сезініп, демімізді бір алдық.

Сол жерде он шақты күн тұрып, содан кейін келген ізімізбен жүріп, Польшаның Ченстах деген қаласына келдік. Осы жерде жарақаты барларды, мұғалімдерді елге қайтарды. Жанораз екеумізде жарақат жоқ. Батальоннан қалған отыз шақты байланысшыны Батыс Украина қаласы Львовқа әкелді. Ар жақ жағалауы Венгриямен шектес, Карпат тауы, бер жағы Польша мемлекетімен жалғасады.

Львов қаласы мрамордан салынған, көшесі тар, көне шаһар. 1939 жылы Батыс Украинаны Польшадан алды. Кеңес Үкіметін жақсы кермейді. Себебі, өздері жеке меншік болып алған. Колхоз-совхозды жақтырмайды.

Кеңес үкіметі келсе, жерімізден айырылып қаламыз деген пиғылда. Сонан келе Кеңес үкіметінің тәртібіне бағынғысы келмейді. Өз алдына мемлекет құрамыз деп қарсы тұрды. Немістерден алып қалған қару-жарақтарымен топ-топ болып, бандылық отрядтар құрды.

Карпат тауы - үлкен тау, біздің Алтайдан кем емес. Львов қаласы, оның ар жағы Дрогович қаласы, оған шектес Самбург қаласы, Венгрияның шекарасы Ужгород қаласы. Кілең таулы-тасты, орманды жерлерді бандылар жаулап алған. Кәсіптері - өздерінің жеке жерлерін, егістік алқаптарын аңду, көпірлерді бұзу. Бағаналарды құлатып кетеді, зиянкестік жасап, солдатгарды елтірумен айналысады.

Біздің жауынгерлер осыларды тәртіпке шақырып, жауласуды тоқтатыңдар деген мақсат ұстанды. Біздің Кеңес армиясының солдаттары орман арасына орналастырылды. Біз байланыс мәселесін реттеп отырдық.

Штаб-батальон Львов қаласында. Жаноразды бөліп алып кетті. Менің қасыма белорусь жігіті Горбиль Николайды, Михаилов Василий деген Кавказ жігітін қосты. Үшеумізді Львовтан 50 шақырымдай жерде орналасқан дивизияға баиланысқа жіберді. Біз сол маңда Жолтанцы деревнясына барып, ұлты чех дядя Вася дегеннің үйіне бір белмесіне байланыс аппаратымызды оналастырдық. Үй деревняның шет жағында, теміржол стнациясына бір шақырымдай жер. Деревня үлкен, 1200-дей үй бар. Бізден басқа солдаттар жоқ. Жауынгерлер негізінен орман арасында жайғасқан. Біздер арқылы байланыс жасайды.

Біздің аржағымызда да байланыс бөлімдері бар. Арақашықтығы 40-45 шақырымдай, станцияда орналасқан.

1945-1946 жылдың қысы. Батыс Украина. Жолтанцы деревнясы.

Деревняның ортасында шіркеу бар. Жексенбі сайын шоқынып, халқы ағылып барып жатады. Біз де екі солдат болып бір күні бардық. Қызық көреміз. Бізге барлығы да аң-таң болып қарайды. Бұлар қайдан жүр дейтін шығар.

1946 жылдың қысында сайлау болды. Сайлау учаскесін бір взвод жауынгер қорғап тұрды. Тұрған үйіміздің терезесін сыртынан қалқалай жауып, терезе арқылы сым жүгіртіп, аула ішіне түнге қарай мина құрып қоятын болдық.

Василий елге қайтатын болып, жарлық шыққан. Львов қаласына базарға барып, шешеме сыйлық әкелейін деп ертеңгі пойызбен кеткен еді. Кешкісін пойыздан күтіп, таба алмадық.

1946 жылдың наурыз айы болатын. Бір күннен кейін станцияның маңындағы теміржолжол будкасынан жетпіс метрдей жерден таптық. Қылғындырып елтіріп кетіпті.

Сонымен, Горбиль екеуміз қалдық. Көп кешікпей, бір жеті өткеннен кейін станцияда жарылыс болды. Осындай жауыздық лаңкестіктер орын алып тұрды.

Бір күні желіміз үзілді. Мен атпен барып, бағана басына шығып, сымды жалғауға кірістім. Осы кезде орман арасынан төрт адам шыға келді. Менен тұратын жерімді сұрап, «дядя Васяның үйіндегі солдаттар екенсің ғой», деді. Содан соң менің атымды қарады. Олар ендігі әңгімесін хохол тілінде жалғастырды. Мен де өздерінің тілінде жауап қайтардым. Ақырында «үйіңе қайта бер», деді. Сөйтіп, аман-есен құтылып кеттім.

Жолтанцы деревнясынан осы жылы шілде айында ауыстырды. Енді байланыс желісімен қоштастық. Мен де, Горбиль де Львовтан 50-60 шақырым жердегі Дровович қаласынан 12 шақырым қашықытықтағы Тросковецтегі казармада автоматшы болдық.

Кейінгі кезде Тросковец курортты санаторияға айналдырылған. Тобымыз көбейіп, бір взвод болдық. Енді біздің взводтың міндеті бандылармен бетпе-бет кездесіп, оларды тұтқынға алу.

Түннің бір уағында оятады да, сапқа тұрғызып, іріктеп-іріктеп 20 шақты солдатты 10 минутта қару-жарағымызбен, жер қазатын күрегімізге дейін жинақтатып, алып кетті. Астымызда америкалық машина. Взвод командирі кабинада, қасында бір банды қолы кісендеулі. Бір таудың етегіндегі украинның үйіне келіп, жолдасым осында дегенімен, одан ешкім шықпады.

Енді бір күні осындай қару-жарағымызбен Карпат тауының етегінде арамыз 10 метрден жаттық, окоп қазып. Осы арадан банды Соловейдің 200-ге тарта адамдары өтеді екен. Соларды қалайда қолға түсіруіміз керек деген бұйрық болды. Біздің бақытымызға орай, бандылар ол күні өтпеді, босқа жатып, казармамызға қайттық.

Міне, осындай міндеттерді орындау жолында 1946 жылдың қазан айына дейін автоматшы болдым.

1946 жылдың қазан айында бұл арадан ауыстырды, 8-гвардиялық дивизияның қарауына, Житомир қаласындағы әскери қалашыққа жіберді. Мұнда бандыдан, оларды аңдудан ақи-тақи құтылдық. Бұл Житомирде еврей халқы укаринамен аралас.

Ендігі жұмысымыз - колхоздың егісіне, картоп қазуға көмектесу. Қаруымыз бар, қолымызда карабин.

Қыс келді. 1946-1947 жылы мені 8-гвардиялық дивизияның шаруа қожалығының бір деревнядағы 40 центнердей шөбін қарауылдауға жіберді. Осы деревняда бір жарым ай болдық.

1947 жылдың наурыз айында елге қайтуға жоғарыдан бұйрық шықты. Енді оралуға тура келді. Дегенмен қайта қоймадық. Жеті жауынгер Польшаның Промышель қаласының шекарасындағы бір деревняда іссапарда болдық. Неміс жерінен біздің тұтқындарды теміржолмен әкеліп, қазып қойған жертөлеге орналастырып жатыр. Әр ұлттың екілі бар. Қасымда солдаттар бар, елдің азаматтары бар ма екен, білейік деп сол жерге бардық. Оларды солдат милициясы күзетеді. Әйтеуір бізді жіберді. Сұрастырсақ, Ақтебе облысынан орыстар бар екен. Қазақтар да кездесті. Енді аудан көлемінен сұрай келе біреу шықты, қазақ екен. Ұзын бойлы, мұрты бар, еңгезердей, Жұрын ауданы Труд-Қаралатсай колхозынан екен. Аты-жөні - Бақыт Қожамұратов, руы Жапақ Жекей екен. Мен де жөнімді айтып, ақырында құда болып шықтық. Жапақ-Сырымбет қыз алысатын, ауылы аралас, қойы қоралас елміз ғой. Менің әке-шешелерімді толық білетін болып шықты. Осы арада оларға жеке-жеке толық тексеру жүргізді. Мен оған айға жуық күнбе-күн барып, ел туралы сұрастырып, көп мәселеге қанық болып қалдым.

Польша мемлекетінің шекарасы ағашы мол, орманды, киік көп. Біздер атып алып тұрамыз. Мен оларға ет апарып тұрдым. Бір сөзінде «тексеру жақындады, Сталин шахтысына жіберетін болды», деді.

Бір жетіден кейін барсам, Сталин шахысына жіберіп қойыпты. Мен елге 1947 жылдың сәуір айында келдім. Мен келсем, ол елде екен, ауырғасын қайтарыпты.

Мен Мәскеуден қазан вокзалынан мініп, Жұрын ауданындағы Ізімбет станциясынан түстім. Содан жаяулап аяқ киімімді шешіп, жол қапшығымды арқалап, Қаракел-Орқаштан бір-ақ шықтым. Баратын жерім - Коминтерн колхозы (Шағырай-Қостам), Қаракөлден 15 шақырым. Енді колхоздың көпшілік түсетін үйіне бардым, иесі Күленкер атты кемпір екен. Ауылдан поштальонмен бірге Коминтернге бардым.

Хұсейін ағай отбасымен осында тұрады. Колхоздың бригадирі екен. Құрманғали Ермағамбетов - басқарма. Хұсейін ағамыз Хасен ағамыздың отбасын қолына алыпты. Менімен алты жан болдық. Соғыстан кейінгі уақыт, халық күйсіздеу екен.

Көктемгі мезгілде ел егіске кірісті. Мен бір ай демалдым. Содан соң Қаракөлге МТС директоры Төремұратов Тажмағамбет хатшылыққа алатын қылып сөйлесті. Мамыр айында Хасен ағамыздың отбасы Зейнеп пен қарындасым Мерует белек үй болып Қаракөлде тұратын болдық. Мамыр айында бөлек шықтық. Мен Тажбағамбет ағаймен 1949 жылға дейін хатшылықта жұмыс істедім.

Материалды дайындағын Балнияз Әжниязов,

Ақтөбе облысы.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1454
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3217
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5259