Коронавируспен күрес: Германия&Қазақстан
Қарап жатпай неміс пен қазақтың коронавируспен қалай күресіп жатқанын ғаламтордағы жарияланымдар арқылы салыстырып көрдім.
Германия. Анасының тоқсан жасқа толған туған күніне сыйлығын көтеріп келген жалғыз қызы есіктің қоңырауын басады. Есіктің ар жағынан анасы қызына рахмет айтып, үйіне кіргізбей шығарып салады.
Қазақстан. Үйге келін түсті. Туған-туыс, көрші-қолаң жиналып, көңіл көтеріп жатыр. Бірін бірі құшақтап, тапырақтап билеген жұрт.
‐-----------
Германия. Бельгияда жұмыс істейтін ұл короновирусқа байланысты Германияға, туған қаласына оралды. Бірақ, ол сол қалада тұратын әке-шешесіне бармай, қонақ үйге тоқтауды жөн көрді. Әке-шешесін көрмегелі біраз болған. Қатты сағынды. Дегенмен солардың амандығы үшін бөлек тұрғаным дұрыс деп шешті.
Қазақстан. Астанадағы коронавирустан қашқан жас жігіт қазақ даласын көктей өтіп, жол-жөнекей талаймен шүйіркелесіп, оңтүстіктегі үйіне барып бір-ақ тоқтады. Көп ұзамай өзінен де, туған анасынан да індеттің белгілері анықталды.
--------
Германия. Қазір қалада да, далада да бейсауыт жүрген жан жоқ. Көшеге ешкім шықпайды. Үйде отырсаң өзіңе де, өзгеге де індет келмейтінін олар түсінген. Барлық жерде темірдей тәртіп.
Қазақстан. "Қазпошта",банктердің алды құжынаған халық. Ұзынсонар кезек. Бір-біріне түкірігін шашыратып даурыққан жұрт...
Әрі қарай салыстыра беруге шыдамым жетпеді. Сұмдық қой!
Арман Сқабылұлының әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz