Коронавирустың бір тағылымы
Парламент Мәжілісінде талқыланып жатқан Денсаулық кодексіндегі қоғамда қызу пікірсайыс тудырған баптардың бірі - міндетті вакциналауға қатысты екендігі мәлім.
Кейінгі кезде барша адамзатқа үлкен қайғы-қасірет әкеліп, күллі әлемді қатты абыржытып отырған коронавирус дерті міндетті вакциналауға қарсылардың көзқарасын өзгертуін талап ететін тәрізді.
Қазір пандемиядан өмірмен қоштасқандар саны медицинасы озық дамыған Еуропаның бірқатар елі мен АҚШ-та неге көп болып отырғандығын зерттеген ғалымдар бұдан бұрын туберкулезге қарсы міндетті вакциналау жаппай жүргізілген Португалия сияқты кейбір мемлекеттерде адамдардың өлім-жітімі әлдеқайда аз екендігін айтып жатыр. Коронавирустың өкпеге шабатындығын ескерсек, бір кезде туберкулезге қарсы егілген вакцина бұл дертке де біршама тосқауыл қойған тәрізді.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасына дейін елімізде емі табылмаған қызылша дертінің балаларды қынадай қырғандығын ескерсек, коронавирус халқымыз басынан кешірген сол зұлматты ұмытпауымыз қажет екендігін ұқтырып тұрғандай-ау.
...Егер таяу арада коронавирусқа қарсы вакцина табыла қалса, осыған дейін міндетті вакциналауға қарсылық білдіріп жүрген ағайындардың ешқайсысы оны өздеріне де, балаларына да ектіруден бас тарта қоймас деп ойлаймын. Коронавирустың бір тағылымы осы болар...
Кәрібай Мұсырманның әлеуметтік желідегі жазбасы
Abai.kz