Сенбі, 23 Қараша 2024
Біртуар 11203 12 пікір 7 Сәуір, 2020 сағат 13:48

Шоқан туралы бірер сөз

Ұлы тұлғаның 185 жылдығына арналады

Автор.

Шоқан туралы зерттеулер жеткілікті, бізден әлдеқайда артық ғалым-жазушылар, осы ерекше тұлғаға өздерінің көптеген шығармаларын арнаған. Дегенмен, ұлы ғалымымыз мәңгілік орнын тапқан Алтынемел өңірінің тумасы болғандықтан өзіме белгілі бірер жайтпен оқырманмен бөлісе кетсем, артық болмас деген ойдамын. Бұған түрткі болған, «Жақсының артынан сөз ереді» деп атам қазақтың айтқанындай, кейінгі кезде Шоқан туралы көптеген, зерттелген-зерттелмегені бар, дақпыртты-даңқы мол, қауесетті-желсөздердің көбейіп кеткендігі десем болады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде «Шоқан 1865 жылы өлмеген екен... 1875 жылы Америкадағы әлдебір газетте хабарлама бар екен... Орыс әскери билігі Шоқанды қойған соң, басына күзет қойып, ешкімді жолатпай тұрған екен... Шоқан шонжар тұқымы, көкірек ауруымен ауыруы мүмкін емес... т.б.» деген сияқты сөздер тіпті көбейді.

Еріксізден, сонда қалай болғаны деген ойға қаласың!

Сірә, ұлылардың артынан қандай да болсын сөз ілеспей қалмайтыны шындық! Бұл, мүмкін, қарт тарихтың, елдің өз ұлыларын ешқашанда ұмытпайтындығынан да шығар!

Алтын Емел елінде бұрыннан жеткен мынандай сөз сақталған: «Өткен ғасырдың бас кезінде «Көшен Тоғандағы» Шоқан сұлтанның басына қойған ескерткіш тасын екіге бөліп, қол диірмен жасамақ болған бір переселен орыстың басына тасты шауып отырғанда ұшқын тиіп, көзі шығып, үйіне әрең жетіп, ауырып жатып қалып, содан өлген. Одан қорыққан артындағы үй-іші, туыстары, «проклятый камень, место» деп атаған деседі. Кейінірек, уақыт өткен сайын, таспен қоса бейіті де құлап, жер болып кеткен екен. Аласапыран заманда оған қарайтын ешкімнің де мүмкіндігі болмаған да.... (сол вандализмнің тастағы шабылған орны қазір де нақ көрінеді). Бұл жерде шындық үшін айта кетелік, орыс өкіметі Тезек Төренің ұлы Батырханнан «Шоқанның құлап қалған мазарын түзетіп, жөндеуді» сұрағанда, «қаражатымыз жетіспейді» деген жауап алғаны туралы архивтік құжат бар (баланың бәрі атақты, ұлы әкесіне тарта бермес).

Сонымен, айтса айтқандай, сонау 1950 жылдары да «Шоқанның сүйегі қайда екен? Алтын Емелде деген бос сөз екен? Баласының сүйегін Тезек Төре естірткен соң, Шыңғыс сұлтан, келіні Айсарамен бірге Шоқан қазасынан кейін, алып кетіпті-мыс», деген секілді әңгімелер өрбісе керек...

Тарихи құжаттарға жүгінелік. 1865-ші жылдың 14 ақпанында Шоқанның Тезек ауылынан генерал Г. Колпаковскийге жазған хатында осы өңірдегі жалпы жағдайды, Қытайлықтардың Тезек Төреге жазған хаттарын және ол туралы жазғандарын аударып, баяндай кеткені анық. Оған қосымша Шоқанның генерал-губернатордан дәрігерлік көмек сұрағаны және әкесіне де хат жазып, халының мүшкіл екені туралы айтқаны да шындық.

...Орыс ғалымы А. Гейнстің 1865 жылғы күнделігінде Алтын Емелдегі Тезектің ауылында болғандығы былай келтірілген:

«31 қыркүйек. Бүгін таңертең бізге Албан руының сұлтаны Тезек келді. Ол – Ұлы Жүз ішінде өте ықпалды адам. Ол полковник мундирінде болды. Тезек ұзын бойлы емес. Оның жалтылдаған өткір көзі үй ішін кезе қарап отырды. Өзі тез, әрі ақылмен байыптай сөйлейді. Біз Тезекті бірге тамақтануға шақырдық.

1 қазан. Таңертең Тезекке бардық. Ол өз ауылымен күздеуде отыр. Оның қыстауы күздеуінен отыз шақырымдай қашықтықта. Сұлтанның ауылы Алтын Емелдің асуынан онша алыста емес, бір қолат аңғардағы бұлақтың басында. Тау сол арадан бірден басталады.

Алтын Емелде екі асу бар: біреуі қазір қасында Тезек отырғаны Жаман Алтын Емел; екіншісі солтүстік-шығыстау жатқан Жақсы Алтын Емел, алдыңғысынан жолы жақсылау.

Сұлтан ордасының жақын маңына бізге арнап үй тігіліпті. Көп кешікпей Тезек келді. Кішкене күттік те біз оның үйіне беттедік. Оның үй-іші өзге де ауқатты қазақтардың үйінен ерекшеленбейді. Тек кереге басына іліп қойған сан түрлі қарулар бар. Мұнда Тулада жасалған қосауыз мылтық, оқпаны күміспен күптелген өте көне штуцер, қисық қылыш, жебе толы қорамсағымен садақ және екі айбалта ілулі тұрды. Мен барлық қаруды қарап шықтым. Айбалта өте жақсы жасалған.

Киіз үйде бізді Тезектің бәйбішесі қарсы алды, оның төрт әйелі бар. Бәйбішенің қасында әдемі, бірақ беті ұйпаланыңқыраған қызы және сары қытай шапанын киген бет аузы сатпақтау ұлы отырды. Аман-саулық сұрасқан соң, Тезектің қарындасы Шоқан Уәлихановтың жесірінің үйіне кірдік. Біз оған күйеуінің ерте кеткендігіне өте өкінетінімізді, тірі болса ақылымен және мәліметтерімен, бізге аса пайдалы болатындығын айтып, шын жүректен көңіл білдірдік. Жесір, сірә, қайғыдан қайысып отырған болар, бірақ босамады, жыламсырап пысылдамады. Түсі жылы  игілі әйел екен...

Қарындасындікінде отырғанда Тезек бізге император Александр I, Албан болыстарын басқару мұрагері Хакимбек сұлтанға 1824 жылы берген грамотасын көрсетті. Грамота оқамен қапталған барқыт кітапшаға (папкаға) салыныпты және оған үлкен күміс мөрді қосып іліп қойыпты. Грамотада Ұлы Жүзді әскерге алудан мәңгі босататындығы жайында уәде көрініп тұр».

...Бұл құжаттан Тезек Төренің бет-әлпеті, тұрмысы, мінез-құлқы, мекен еткен жерлері туралы және Шоқан Уәлихановтың қай жерде, қашан қайтыс болғандығы көрінетін мәліметтер алуға болады. Осы естелігінде Гейнс, жақын маңда Шоқанның жесірін әмеңгерлік жолымен алып кетуге келген Шыңғысұлы Жақып сұлтанның да сән-салтанатты, әшекейлеген, жасау-жабдықты ордасын көргендігін айтады және Тезектің оған қарағанда өз үйін қарапайымдау ұстайтынын да сөз етеді...

Бастырушылардан кеткен қате ме, әлде Гейнс дұрыс түсінбеді ме, тек бұл жерге алып-қосарымыз, I Александрдің берген грамотасы жөніндегі мәліметтің дұрыс еместігі. Біздің ойымызша ол грамота, 1824 жылы Ұлы Жүз сұлтаны Сөк Абылайхановқа немесе Санкт-Петербургте императордың қабылдауында болған Ералы сұлтанға ғана берілуі мүмкін. Өйткені Әлиұлы Хакымбек сұлтан ондай грамота алған жоқ деген ойдамыз.

Кейбір қазақ зерттеушілері аталған грамота Әділ сұлтанға берілген деп жазатындығы қисынға келмейді, өйткені Әділ сұлтан 1824 жылы бұл өмірде болған жоқ. Әділ сұлтанға Қытай богдаханы атынан берілген грамота бар екенін алдыңғы жазбаларда айтқанбыз.

...А. Гейнстің күнделігінде көрсетілген жер – қазіргі Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек - Жаркент автожолы өтетін Алтын Емел асуы ежелден «Жаман Алтын Емел» асуы аталады. Ал одан шығысқа қарай қазіргі «Алтын Емел» ауылының басындағы асу, бұрыннан «Жақсы Алтын Емел» атанады. Асулардың былай аталуында жақсы, жаман түсінігі жоқ, тек жолдың ыңғайын көрсетеді. Бұл туралы Зибберштейн де, сәл қателескенімен, жазып кеткен. «Жақсы Алтын Емелден» шығысқа қарай Түлкілі, Қоянды таулары басталып, олардың күнгейінде Семенов-Тяншанский жазған Басши, Қоңырөлең жатыр. Ал «Жаман Алтын Емелден» батысқа қарай Қайыңды, Жұрынды, Матай, Шымылдық таулары көлбей жатыр. Одан әрі Зибберштейн өткен асу - Жүз асу, одан ары – Қыз Асу, Талды, Тамшы болып, Қарашоқыға қарай жалғаса береді.

Қосымша айтарымыз Тезек Төренің қыстауы қазіргі Кербұлақ ауданының, Басши ауылының маңында болған. Ол кезде және кейінгі Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарында ол өңір Төгерек (Төгерек болысы) аталған. Сол маңда «Дәнекер» аталған өзен бар. Дәнекер апамыздың тұрған тамының Басши-Аралтөбедегі орнын кей қариялар қазір де көрсете алатындығын айтады. Автожол өтетін Алтынемел (Жаман) асуына Сарыөзектен бара жатқан тұстан оңға қарасаңыз, Матай тауының ең биік шыңының сол жағында үлкен бел көрінеді. Шығып көрсеңіз тегістеу, нағыз жайлау. Сол жер «Би қатынның жайлауы» аталады. Неліктен солай аталғанын сұрасаңыз ел, Тезек Төренің әйелі Дәнекер апамыздың құрметіне солай аталғандығын, сол кісінің жайлауы болғанын әлі күнге дейін айтып береді...

Таудың бергі Сарыөзек жағын ел теріскей, ал Басши өңірі жағын күнгей атайды. «Жаман Алтын Емел» асуының теріскей етегіндегі, Тезек Төренің ауылы тұрған жер - бұрыннан «Мақпал» аталатынын да айта кетейік.

Тезек Төренің жатқан жері де сонда. Осы «Мақпалдан» батысқа қарай Матай тауының етегінде қазіргі Шоқан, Амангелді, Шанханай ауылдары орналасқан. Міне, сол жерлердегі «Көшен тоған» аталатын жерде Ералы сұлтан және бірталай адам жатқан себепті, қазақтың аспанында жарқ етіп аққан жұлдызы Шоқан бабамыз да жерленгендігін нақты айта аламыз.

Күллі Алаштың маңдайына жарық жұлдыз болып біткен Шоқан сұлтанның қазасы туралы, жатқан жері туралы, тіпті сүйегі туралы да кезінде неше түрлі әңгімелер болған көрінеді. Қазіргі күнде де неше түрлі алып-қашпа сөздер кейде өршіп кететіндігін айттық. Осыған байланысты да, естіген-білгендерді айта кетелік деген ойдамыз.

...Басында айтқан әңгімемізді жалғастырсақ, сонау 1950 жылдары-ақ «Шоқан сонда ма, сонда емес пе» деген сөздер шыққанға ұқсайды. Нақты анықтау мақсатында осы өңірге қазақтың белгілі жазушысы Сәбит Мұқанов келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізген. Басында ешкім аса сыр аша қоймағанмен, ол кісі де тегін адам емес қой: «әй сендердің елдіктерің қайда, төреліктерің қайда, айтыңдар білгендеріңді», деп ақыры біздің аталарымыздың шынын айтқызыпты.

Біздің Қазақ бір нәрсені ұмытушы ма еді?! Сол өңірдегі ақсақалдар білгендерін ақыры Сәбит атамызға баяндаған. Бұл жерде әңгімені көбінесе 1895 жылдары туған Бектас және Медеш аталар айтса керек. Ол әңгімелердің ұзын-нобайы есімізде: «...Ата-әкелерімізден естіген едік, Ташкен жақтан орыспен қосылып Уәли-Шыңғыстың ұлы Шоқан, Кенесарының балаларымен және Қоқанмен соғысқан екен. Өзі орыс офицері болыпты, ақыры орыспен де келіспей осы жаққа Тезекке қашып келген. Тезек оған қарындасы Айсараны беріп, жақсы қарсы алған. Бірақ, жастай, көп жасамай, көкірек ауруынан бірер жылдан соң осында қайтыс болыпты да, Тезек Төре Шыңғысқа естіртуге билерін жіберіпті. Одан Шоқанның бір бауыры келіп жесірін алып кеткен. Ал Шоқанды «Көшен Тоғандағы» төрелер бейітіне қойғанда, қазылған құдығы қайта-қайта құлай беріп, ақымына түспес үшін үлкендер құдығын қыш кірпішпен қалатып шығарған. Кейінірек, генерал Колпаковский айтып, сонау Самарқаннан қашалған, жазуы бар дәу көктасты түйеге артып әкеліп, соның басына қойған екен. Соны кейін бір орыс шауып диірмен жасамақшы болғанында көзіне тас ұшып тиіп, содан өліпті. Құрсын деп тасты қайтадан орнында қалдырыпты...». Бұл, халық аузындағы әңгімелер сол кездегі тарихи құжаттардың барысына дәл ұштасады, ескерткіш туралы сөзге, егерде сенбеймін десеңіз, құлпытастағы «вандализмнің» орны қазір де көрініп тұрғанын айттық.

...Сәбит Мұқанов бұны ести салып, әлгі кісілерді алып барып, бейіт орнын көріп, анықтап алады да Алматыдан археологтарды шақырып (шындығында бұл әңгіменің түбіне жете алмадым. Сонда қатысқан археологтарды таба алмадым), қазып жіберсе тас та шыққан, кірпішпен қаланған бейіті де шыққан. Сонымен Сәбит Мұқановтың, ауыл ақсақалдарының және колхоз басшысы болған, соғыс ардагері Игібай Базарбаев қарияның арқасында Шоқан бабамыздың жатқан жері нақты анықталып, 1958 жылы, Өкімет тарапынан ескерткіш ашылып, үлкен салтанатты жиын болып, арты ас ретінде өткізіліп, бәйге беріліп, ескерткіш ашылған екен. Сол бәйгеде менің атам Алтайдың аты екінші келіпті...

...Ал, қазіргі Шоқанның сүйегі туралы сөз дегеніміз, кейбіреулер: «...ол кісінің басы жоқ екен, өйткені Қытайлар оның орыс барлаушысы екендігін біліп қойып, арнайы адам жіберіп, өлтіртіп, басын алып кетіпті-мыс», деген әңгімесін өршітіп жүр.

Аталарымыз туралы сөз болса одан қалыс қалмайтынымыз себепті, осы әңгіменің шығу төркінін анықтадық. Сол сөзді бастаған адамды тауып әңгімелесудің де реті келді. Ол кісі былай дейді: «... 1958 жылы 5-6-дағы баламын, ескерткіш ашылатын үлкен той болған соң, ауылдан жаяу кетіп бара жатыр едім, артымнан бір машина келіп, тоқтап мені отырғызып алды. Ішіндегілер бұл жақтікі емес, қала адамдары. Мені бала санады ма, елеместен, әңгімелерін жалғастыра берді. Солардың сөзінен ұққаным, Шоқанды қазып көргендер екен және біреуі екіншісіне ол кісінің басы жоқ екен деді. Содан өзім қатты қорықтым...».  

Міне, құрметті оқушы, бұл әңгіменің шыққан төркіні осылай. 5-6 жасында шала естідім деген әңгімеге сенеміз бе, жоқ, елге еңбегі сіңген Шоқанның атын өшірмей, кейін 1958 жылдардан бастап, жүгіріп жүріп Шоқан атындағы ауылда үлкен ескерткіш қоюға, үлкен музейін ашуға үлес қосқан ата-ағаларымызға сенеміз бе? Оның үстіне сондай игі істердің басы-қасында болып, өзінің талай еңбектерін Ұлы ғалым атамызға арнаған, Шоқан бабамыздың ұрпағы, бар қазақтың аяулы ұлдарының бірі – Шота Уәлиханов (Шота Аман Уәлихан) ағамыз қателесе қоймас.

...Ел аузындағы, Көкшедегі Шыңғыс сұлтанға Жетісудағы Тезек Төренің арнайы адамдар жіберіп, Шоқан қазасын естірткен әңгімені де айта кетуімізге болады.

«Қазақтың атақты ғалымы, белгілі ағартушы, әрі саяхатшысы Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда Тезек Төре оны Шыңғыс сұлтанға елдің басты адамдары арқылы естіртеді...

Тезектің суыт хабарлауы бойынша, Жетісудан барған билер алдымен Атығай Келдібек би мен Әлібек батырға келіп айтып, бәрі көп нөкер ертіп Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе, сұлтан іштей сескеніп отыр екен. Келдібек би ойлы пішінмен жадырай сөйлеп:

- Төре, дүниеде не қымбат? – дейді.

- Адам қымбат, - депті Шыңғыс.

- Адамға не қымбат?

- Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент туса.

- Жансызда не қымбат екен?

- Жансызда қымбат гауһар деуші еді...

- Теңіздің тұңғиық түбінде жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?

- Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.

-   Егер осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсысы алар еді? – дегенде, Шыңғыс төре; «Ең күштісі, күштісі алады» - деп өз санын өзі бір соғыпты да, - «Менің гауһарым Мұхаммед-Қанапияға тағдырдың оғы тиген екен ғой», - деп өкіре жылап, жер бауырлап жатып қапты.

Келдібек би тоқтау айтып:

-  Уа, сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз берді құнсыз алды, не шара! – деп кемсеңдеп, төңірегіне көз тастағанда үйдегілердің бәрі еңірепті»... Ойлансаңыз, керемет тәмсіл-тағлым емес пе?!

...Шоқанның суретшілігі, әсіресе, өмірінің соңғы кездері өткен Тезек Төренің салынған суреттері туралы да біраз ой қозғай кетсек, артық болмас.

Осы күнге Тезек Төренің өзі көзі тірісінде салынған екі суреті жеткен. Бірі - тура қарап отырғандағы, екіншісі - қырынан салынған әр түрлі киімдеріндегі суреттер. Бұл суреттердің құндылығы, қазіргі кей суретшілердің қиялынан туған еместігінде, яғни, сол кездегі адамдардың бет-әлпетін, киім үлгілерін шынайылай көрсетеді. Олай дейтініміз, қазіргі уақыттағы кей суретшілердің өзіміз күнделікті көріп жүрген әлдебір адамдардың бейнесін қалпақ, дулыға кигізіп өткен ғасырлардағы атақты адамдар деп көрсеткеніне ішің ашиды. Күлейін десең, жылағың келеді, жылайын десең күлкің келеді. Құрысын, өзімен кетсін делік.

Қазақ зерттеушілері Тезек Төренің қырынан қарағандағы суретін атақты бабамыз Шоқан Уәлиханов салған деп табады (өзінің жазған қолтаңбасы бар). Бұған ешкімнің де таласы бола қоймас. Бақ пен өнер қатар қонған төре ұрпақтарының ішіндегі бар қазақтың маңдайына біткен біртуар ғалымы Шоқанның суретшілік өнері де зор болғаны баршаға мәлім. Әкесі Шыңғыс сұлтанның: «Құдай маған бақ берсе, інім Ханқожаға (Қорқыттан кейін қазақ арасына қобыз тартуды қайта жаңғыртып, алып келген, дәулескер күйші) өнер берген», деген сөзі бар емес пе.

Қазақ суретші-мамандары Шоқанның суретшілігін былай бағалайды: «Шоқан – адам мінез-құлқын дөп басып бере алатын психолог, жоғары шеберліктегі суретші. Оның көптеген портреттік еңбектері ішкі адам дүниесінің сезіміне құрылған озық туындылар. “Би Сартай”, “Сұлтан Мамырхан Үрістемов”, “Ханқожа Уәлиханов” портреттерінде әр кейіпкерді өзіндік тұғырда білгірлікпен бейнелей білген. Суретшінің сурет техникасы, ілім заңдылықтарын жете білетіні еңбектерінен білініп тұр. Оның, адам денесінің ара-қатынас өлшемдерін (пропорциясын, канондық өлшемдерін) жете түсінетіні, сурет құрылысын құрудың, композициялық орналастырудың асқан шебері екенін байқау қиын емес. Суретшінің шеберлігі оның техникасына көп байланысты, мысалы сызықтардың үйлесімді түсуі, нәзік те әсем із қалдыруы және жарық пен көлеңкенің жарасымдылығы. Осының бәрін Шоқан тамаша бере білген. Оның әсіресе қысқа мерзімде салған суреттері өзіндік бет-бейнесімен, әсерлілігімен, профессионалдық орындалуымен маман суретшінің өзін қайран қалдырады.

Сондай туындыларының бірі “Тезек төре” (портреті) кескіні. Мұнда қазақтың белді сұлтаны, үлкен дипломат бейнесі айшықты да ойлы, терең философиялық дәрежеде кескінделген. Шоқан суреттерін мұқият қарар болсаң, ұлы суретшілерге тән әдіс-тәсілін байқайсың. Оның көптеген суреттері «Қайта өрлеу дәуірі» суретшілерінің туындысына ұқсайды, солардың техникасы мен әдістерін қайталайды. Бұл Шоқанның ұлы суретшілер Леонардо да Винчи, Рафаэль Сантидің графикалық суреттерімен таныс болғанын дәлелдейді. Әсіресе, оның долбар суреттері (наброскілері) Леонардо да Винчидің эскиз суреттеріне өте ұқсайды.

Шоқанның шоқтығы биік жұмыстарының бірі – осы нобай суреттері. Суретшінің шеберлігі, ұлылығы оның көп картиналар жазуымен есептелінбейді, біреу де болса бірегейлігінде. Кезінде Пикассо тамаша иірімді графикалық сызықпен сызған (нобай сурет) көгершін суретімен аты әлемге әйгіленеді. Оның сол суреті бейбітшілік символы болып дүниенің түкпір-түкпіріне тарады. Пикассоның туындысындай сызықтың толқынды ізімен туындаған тартымды суреттер Шоқанда жетерлік. Соның бірі – “1856-жылы Құлжада қытай жайсаңдарын қабылдауымыз” атты топтама портреттік шығарма. Мұнда суретші жай сызықты нобай суретпен-ақ қытай елшілігінің адамдарының түр-түсін, мінез-құлқын, көңіл-күйін дөп басып бейнелей білген. Сонымен қоса картинада қуақы күлкіге құрылған көңіл де байқалады.

Осындай талғамы жоғары туындыларының қатарына “Потанин портреті”, “Қазақтың бейнесі”, “Қырғыздардың ат баптауы”, “Ұйғырлардың киім киісі” т.б. жұмыстарын жатқызуға болады. “Қырғыздардың ат баптауы” нобай суретінде бір дәуірдің ұлттық бояуын, халықтың мінез-құлқын, салт-санасын білгірлікпен, шыншыл жеткізген. Ондағы қимыл-қозғалыс аса бір нанымды сол кезеңнің өмір келбетін көрсетеді.

Жалпы алғанда Шоқан Уәлиханов өте сезімтал, көреген суретші, шеберлігі жағынан сол кезеңдегі орыстың атақты суретшілерінің алдыңғы тобынан орын алады. Оның бізге қалдырып кеткен мұра-суреттері соны айғақтайды.» (Шоқан және ғылым, өнер).

(Тезек төренің Шоқан салған суреті)

Шоқан атамыздың тағы бір көпке танылған қыры - суретшілігін адамгершілікпен, шындықпен, қызғанышсыз, шын көңілмен баяндаған қазақ суретшілеріне рахметімізді, алғысымызды айта отырып, өз тарапымыздан осы сурет туралы келесідей ой білдіреміз.

Сурет - Шоқан Уәлихановпен Тезек Төренің алғашқы кездесулерінің бірінде 1856 жылы салынса керек. Оны Тезек Төренің бас киімінде Қытай Өкіметінен берілген билікті білдіретін асыл тастардың қадалғаны білдіреді. Ол тұста Ресей билігі қазақ арасына толықтай дендей қоймаған.

Ал, Тезек Төренің тура қараған суретін Орыс зерттеушілері П. Семенов- Тяншанскийдің көмекшілерінің бірі Томскілік суретші П. М. Кошаров салған деп келтіреді және ханды былайынша бейнелейді: «...қымбат, жылы шапан киіп, асыл, жалпақ белбеумен буынған. Кең өрнекті шалбар киініп, басындағы бөркі бағалы терілермен әдіптелген. Ашық көздерінің жанары өткір. Бастырылған мұртты, сиректеу сақалды. Ашаң өңді, өр мінезі шешімді, ақылды кісіні көрсетіп тұр. Бет-әлпеті бір қарағаннан-ақ ұнамды және тумысынан асып туған зерек екендігі байқалады» (Алатауские очерки).

(Тезек төренің Томскілік суретші П. Кошаров салған суреті)

Кейінірек А. Гейнс, Тезекті: «...орташа бойлы. Өткір көзді, қарағанда жанары тіке қарап, өңменіңнен өткендей. Сөйлегенде шешендікпен ағылып, өз ойын анық жеткізеді...», деп суреттейді.

Семенов-Тянь-Шанскийдің өзінің айтуынша: «Тезек - Ұлы жүздің сұлтандарының ішіндегі ең ер жүрек әрі алғыр адам, қазақтың кең даласына тегіс танымал кісі».

Бұл атақты адамдардың ешбір саясатсыз, шындық (реализм) турасында айтқанын ескере отырып, Тезек Төренің суреттердегі бейнесіне ешқандай алып-қосарымыз жоқ.

Суреттердің сапасына, бейнелеу шеберлігіне пікір білдіруші мамандардың да сөздеріне толықтай тоқталамыз. Тек, суреттің П. Семеновтың Ыстықкөл саяхаты кезінде, яғни 1857 жылдары салынғанын айта кетелік.

Бұл жердегі тағы бір жұмбақ жағдай - осы суреттің 1889 жылғы Ташкентте шыққан Е. Т. Смирновтың «Султаны Кенисара и Садык» атты кітабында «Тезек торе. Потомок Чингисхана» деп жазылған анықтамасымен берілгендігі. Бұл кітапта Тезектен басқа хан Абылайдың, хан Кенесарының, сұлтан Сыздықтың (Садық), сұлтан Шыңғыс Уәлихановтардың да суреттері басылған. Осыған қарап Е. Смирнов Шоқан Уәлихановтың және П. Семенов-Тяншанскийдің еңбектерін қолданған болар деп ойлаймыз...

...Осы жерде өз тарапымыздан қосымша тың ой (әзірге біреу айтқанын естімедік) ұсынбақшымыз. Ол Тезек Төренің (болуы мүмкін) үшінші суреті туралы. «Шоқан және өнер» кітабында [20] (40 мың данамен шыққан) «Аға сұлтан» атты 1864 жылы Шоқанның салған суреті бар.

(1864 жылы Шоқан салған «Аға сұлтан» суреті)

Сол кездегі (1864 жылғы) Шоқан өміріне ой жүгіртіп көрелік, бұл жөнінде тарихшы С. Өтениязов (және басқалар) былай деп жазады: «1864 жылы 10 маусымда Шоқан Әулиеата қаласын қоқандықтардан босатқан соң, Черняев отрядынан шығып, Верныйға, содан соң Жетісудағы Тезек төренің ауылына келіп, оның қарындасы Айсараға үйленді. Айсараны жақын білетін Шоқанның достары оның өте ақылды әйел болғандығын айтады»[9].

Олай болса, Шоқан, 1864 жылы қай аға сұлтанның суретін салуы мүмкін деп ойлайсыздар?

Бұл жылы атақты ғалымымыз Ұлы Жүз ішінде (Жетісу, Түркістан маңы) болды, яғни Орта Жүздің сұлтандарымен кездескен жоқ деп есептейміз. Ал Ұлы Жүздегі аға сұлтан Әли Әдиловті көрді десек (егер тірі болса), ол кісі 1864 жылы 78 жаста (өйткені тарихи деректе 1846 жылы 60-та) болуы керек, яғни, суретке келмейді. Ал, Әулие Ата, Түркістан, Шымкент жағында аға сұлтан ол кезде жоқ екенін (Ресей империясы жаулап, ұрыс қимылдары жүріп жатты) ескерсек, суретте салынған тек қана, Жетісудың атақты сұлтаны - Тезек Төре болар деп пайымдаймыз.

Бұған осы үш суретті салыстыра қарап, кәсіби суретші (ұқсас штрихтарын анықтап, суретті салу техникасын зерттеп) бағасын берсе оң болар еді.

Міне, дәл осы сұрақ бойынша маман ретінде белгілі тәуелсіз суретші – Берік Жанке мырзаға суреттерге өз бағасын сараптау ретінде беруін сұраған едік. Ол кісі былай деді:

«...Шоканның шамамен 1850 жылдары салынған Тезек төре сұлтанның суретi мен 1864 жылы салынған (автордың пайымдауы бойынша - Тезек төре сұлтан) портретiн салыстырғанда салыну қолтаңбаларының өте ұқсастығы тайға таңба басқандай-ақ бiлiнiп тұр.

Суретшiнiң (Шоқан) техникалық салу әдiсi бiр iзбен өрiлген. Мысалы, бас киiм мен үстiге киген киiмнiң қалың контурлық сызықтарының ұқсастығы, штрих бояуларынын бiр iздiлiгi, сондай-ак бет әлпетiнiң арада шамамен он төрт жыл уақыт өтiп салынғанымен де, қастың, қыр мұрынның, мұрт пен сақалдың ұксастықтарында дау туғызар элемент жоқ, яғни нағыз ұқсастық байқалады. Қыр мұрын мен иектiң П.Кошаров салған суретте де қайталануы, бәрi - бiр тұлғаның бейнесiн ашық көрсетедi.

Бiр қызығы, осы үш суреттiң салыну кезеңдерiнiн арасы жетi жылдан екен, яғни 1850 жылғы салынған суреттегi адамның жас шамасы шамамен 30-35 жас деп алсақ, П.Кошаров салған 1857 жылғы суреттегi адамның жасы шамамен 37-42, ал 1864 жылы салынған портреттегi жас 44-49 жас аралығын көрсетедi. Әрине, ақшыл-қара графика жас мөлшерін нақты анықтауға қиындау, әйткенмен солай болжамдаймын.

Сол себептi, осы салынған үш суреттiң бiр адам бейнесi екендiгiне еш шүбә келтiруге болмайды, сондықтан өз тарапымнан бұл үш сурет те бiр - аға сұлтан Тезек төренiң портретi деп айта аламын.

Қазiргi дамыған заманда, мүмкiн, компьютерлiк эксперт арқылы да анықтауға болатын шығар, алайда ол сурет әлемiнде өмiр сүретiн адамға артық болар деп есептеймiн...».

Құрметті оқырман, тарихшы, суретші ағайындардың осы пайымдауымызға алып-қосарларыңыз бар ма екен деген оймен, сіздермен бөлісіп отырмыз.

Осында айтылған суретші досымыздың сараптамасына небір өздерін атақты санайтын суретшілер ештеме дей алмады... Сондықтан, осы айтқан, яғни 1864 ші жылғы Шоқан салған суреттегі «Аға Сұлтан» суретінде Тезек Төре деп айтқан уәжіммен келісетін боларсыздар...

...«Шоқан жұмбақтары» деп қазіргі сенсацияға құмарлаулардың дуылдатып жүрген бірер мәселелеріне де тоқтала кетсек.

- Шоқанның туған жылына таласатындар да бар екен, бірі – 1835 десе, бірі – 1836 деседі. Өзіміздің көзге түскен 1860 жылғы, сентябрьдегі «Қызметтік формулярында» (ол кезде әрбір қызметкерге осындай формуляр, «Послужной список» жүргізілген) Шоқанның жасы 25 те екені көрсетілген. Алайда, кейбір жерлерде бір жасы кем көрсетілгені де бар деседі. Бұл жерде мынаны ескерген дұрыс болар, ондай қағаз сол жылдың қай айында толтырылды екен және қазақы жыл санауда әлдебір бірер ай кем-артық болуы да әбден мүмкін. Сондықтан, осы күні қалыптасқан, яғни, 1835 жылы туды деген мәлімет дұрыс деп айтуға толық негіз бар;

- Кей зерттеушілер Шоқанның 1855 жылғы өмірі мүлде белгісіз деседі! Алайда, 1855 жылы Шоқанның Омбылық генерал-губернатор Гасфордпен бірге жүріп, оған адьютанттық және аудармашы болып қызмет еткені белгілі емес пе! Мүмкін, ерекше тапсырмамен Орыс Империясына әлі бағынбаған Қоқан хандығы және Ұлы Жүз қазақтары ішіне барып, олардың жағдайымен танысқан да болар. Өйткені, сол сапардан соң, Гасфордтың ұсынуымен, Шоқанға поручик шені берілгені анық қой. Ол ұсыныста генерел-губернатор атынан «Шоқанның бұл сапарда өте үлкен пайда әкелгені» туралы жазылғаны белгілі;

- 1856 жылы Шоқанның ол кезде Қытайға қарап қалған Құлжа өңіріне, Орыс Өкіметінің дипломатиялық кездесуге барған топ қатарына аяқ-асты қосылғаны туралы да түрлі қауесеттер бар. Бұл елшілік Құлжа-Шұғышақта қара халықтың орыс жақтың көпестеріне наразы болып, факторияны өртеген себепті барған еді. елшілікті мойор Перемышльский басқарып, елді қорқыта-үркіте жүргізу үшін қарулы жасақ алғаны белгілі. Міне, сол елшілікке, дәл жүрер алдында Шоқан қосылған. Шоқанның өз күнделіктерінен қарасаңыз, ол жақта өзін тіпті еркін сезінген, ешкімді қажетсінбей базар да аралайды, тісі ауырып, дәрі де іздейді, қала сыртына да шығып, балықшыларды көреді т.с.с.

Қазіргілердің осы оқиғаны неліктен түрлі қарайтындықтары, Шоқанның сол кезде қытай шенеуник-мандариндерін салған суреті сияқты езу тартқызады. Неменесі түсініксіз, қазіргіше қарағанда әскери лейтенант полковникке аса бағынбай, өз жұмыстарымен айналысып жүрсе, ол дегеніміз Шоқанның қатардағы әскерилерге қарағанда бөлек міндеттері бар екендігі көзге ұрып тұр емес пе?! Ол Шоқанның қасындағыларға бағынышты емес, жоғары империялық қызметтер (мүмкін құпия, барлау) органдарына тікелей бағынғанын көрсетеді ғой. Жаңа ашылған елдердің этнографиясынан бастап, картографиясына дейін талдау жасай алатын Шоқан, әрине, қарадүрсін әскерилерден империя мүддесіне анағұрлым артық екендігі бесенеден белгілі ғой;

- Ұлы ғалымның Қашқар сапары туралы да түрлі сөздер айтылады. Ол туралы Шоқан өзіне тән ұқыптылықпен тәптіштеп тұрып жазып, артына керемет мұра қалдырды емес пе? Ол уақыттағы жағдай, Орталық Азияны отарлауға Ағылшын, Орыс империялары, Қоқан хандықтарының қарама-қарсы мүдделері шиеленісіп тұрған кез болатын. Алтышар-Қашғар өңірі әлемге «ақтаңдақ» болып жатқаны да белгілі, міне, сол елдің барлық жағдайын өз өмірін қауіпке тігіп тұрып барған Шоқан жаңалық ретінде алып келді (оның алдында Индия арқылы барған Шлагинтвейтті билеуші Уәлихан төре өлтірген болатын. Оның Қоқан хандығына Ағылшын империясынан Орыс империясына қарсы бағытталған тапсырмалары-құжаттары болғаны да құпия емес...).

Осы сапарында Қашқардың бас қаласы Яркендке Шоқан барды ма, жоқ па деген сұрақтар да қазір бар, оларға айтарымыз, кейінгі зерттеушілердің ғалымның қандай мақсатпен болсын, барғандығын дәлелдеп отыр;

- Шоқан өміріндегі тағы бір жұмбақтың біреуі, оның Парижге барғаны, немесе бармағаны туралы өрбиді. Өмір жолына көз салсақ, Шоқан Петербургке 1860 жылдың басында барып, онда тамаша еңбек етті. Жоғары деңгейдегі «Географиялық қоғам» алдында Қашқар сапары туралы керемет жаңалықтарымен бөлісіп, талай атақты ғалымдардың аузын аштырды. Осы сұрақты Шоқан өмірін зерттеуші, ұрпағы Шота Уәлихановқа қойып, біраз әңгімелескен едік, 1860 жылғы, қарашадағы үйіне жазған хатында Шоқан «бір айдан кейін Парижге де баратынын» жазған. Шота ағаның пайымдауынша Шоқан Парижде де болған, оған оның «Колокол» журналындағы мақалары куә болады, бірақ, өз қызметіне байланысты бұл жағдай көпке айтылмаған...

...Шоқанның «Көшен Тоғандағы» мазары туралы алдыңғы жазылған мақаламыздан үзінді келтіре кетелік.

...Тарихшы досым Р. Оразов Пантусовтың 1898 жылы жазған (Ұлы ғалым қайтыс болғаннан соң 33 жыл кейін жазылғанын ескеріңіз) «Могила Чокана Валиханова» еңбегін беріп, «сол маңдағы кісі, жер аттарын жақсы білесіз, мұқият қайта қараңыз» деп ұсыныс айтты. Бұрын білсек те, талай мәлімет бар екен, кей маңызды жерін қазақшалап, көрсете кетелік: «...Мазар Қоянкөз станциясынан 5,5 км (верстьті шақырымға есептедім) жерде, Алтынемел ст. баратын почта жолдың сол жағында. Жолдан көрініп тұр. Айналасының бәрі егін, арықтар, сондықтан атпен барасыз», яғни, қазіргі Амангелді ауылынан Шоқан ауылына баратын ескі жол. Ол жерлерде бұрыннан егін, көбіне тары егілетінін естігенбіз. «...Қазіргі күнде мазар ескірген, жөнделмеген, маңайында бейіттер көп. Мазар күйдірілген кірпіштен қаланған төрт бағанадан және соларға орнатқан күмбезден тұрады. Қазіргі күнде күмбезі құлап жатыр. Құрылыстың ұзыны - 5,3 метр, көлденеңі - 4,3 м., биіктігі – 2,8 м (аршынды метрге есептедім). Шоқан бейіті басындағы төртбұрышты ақ мәрмар тас-плиаға: ...Здесь покоиться прахь... 1865 жылы қайтыс болған,  1881 жылы ескерткіш қойылған... деген жазу бар...», яғни, қазіргі Шоқан музейіндегі белгілі тас (Ұлы ғалым қайтыс болған соң 16 жылдан кейін қойылғанын ұмытпаңыз!) «...Осыған ұқсас тас-плитаны Верный қаласындағы жер сілкінісінен кейін, христиан бейітініің маңынан көргем, яғни екі ескерткіш дайындалған. Ол қалай ол жаққа барды, кімге арналды, оны білмедім. Қазір де сонда жатса, ел шатасуы да мүмкін ғой...» дей отырып, Пантусов екінші таста жазу болды ма, жоқ па оны айтпайды. «...Шоқан бейіті суретке түсірілді және екінші фотоға қалған мазарлар түсірілді...», яғни, бізге жеткен фотосуреттен басқа тағы бір сурет бар екені анықталды. Ол қазір бар ма, жоқ па белгісіз. «...Шоқан мазарынан солға қарай, майор Иралы Адиловтың үлкен, пирамидаға ұқсас мазары (қазіргі күнде үйілген топырақ, төбе күйінде жатыр), одан солға қарай Абиш Иралиннің мазары. Бұлардан басқа Ходжа-Ахмед Иралин, Мамадаир Иралин, Касым Иралиндердің бейіттерінде белгі бар» (бұл кісілерді қазіргілер естімегенбіз. Пантусов белгі бар дегенде жазуы бар тас болды ма, жоқ па... ол жағын айтпайды). «Шоқан бейіті қоршауының сыртында, бөлек қоршалған Абиш Иралиннің бейітімен бірге, Мухаммад-Ярь Абишев, Аббас Муртазин, Джунис Абдимуминов, Джабинхан Ходжа-Ахмедов сұлтандар және Сыргабай Джармухамедов, Бектемис Кыргызбаев атты төлеңгіттер жерленген...» (бұл кісілерден Жүніс Әбдімомынұлынан басқасын естімегенбіз. Кісі аттарын жазғанда, сол жазбадағы орфографияны сақтадық). Бұдан әрі Пантусов, «...Шоқанның кім екені, қандай еңбектері бар екені былай да белгілі, Өмірбаянын айтып та жатпайын...» дей келе шығу тегінің генеалогиялық схемасын келтіреді: «...Султан Аблай-хань ∞ Сайман (каракалпачка) – Валихань – Чингизь ∞ Зейнебь (дочь бия Чормана) – Джакубь; Чокань или Мухамедь-Ханафия путешеств. в Кашгарь; Махмудь...» дей келе жазбасын аяқтайды. Барлық келтірілген мәліметтерді Пантусов қайдан, кімнен алғанын айтпаған...

...Әрине, Шоқан туралы зерттеулер жеткілікті дегенімізбен, оның әлі де болса, ашылмаған құпиялары жеткілікті. Біз, осы өңірдің тумасы болғандықтан, Шоқанның «Көшен Тоғанда» нақты жатқандығы туралы, Сіздермен біраз қосымша ойларыммен, жанама деректермен бөлістік. Сөзімізді төменгі, осы жақын жылдары Шоқан музейіндегі бір оқиғамен аяқтасақ деген ойдамыз.

PS: ...«Алтынемел» етегіндегі «Шоқан мемориалды музейінде». Алдыңғы жылдары Үкімет қомақты қаржы бөліп, реставрациядан өткен. Жақсы жаңартылып, бірталай жұмыс істелініпті. Іші-сырты жөнделіпті. Қуанып қалдық.

Музей қызметкерлері білімділіктерін көрсетіп тұр, басшысы таныс еді, ізетпен қарсы алып, әңгімесін айтып жатыр:

– Еліміздің ардақтылары Димаш атаның, Мұстафа Өзтүріктің... тағы да басқалардың және көптеген шет елдіктердің келгенін білесіздер...

– Жақында қазіргі әлемнің әйгілісі саналатын, Джонатан келді. Келе салып, сағатына қарады да, «Бар болғаны 15 минут уақытым бар, не көрсетесіңдер тезірек...»,- деді.

Көрсете, түсіндіре бастадық. Біраздан соң, ол басын шайқап: «Стоп... ғалымдарыңыз 30 жыл өмір сүріп, осынша жерді көріп, соншама еңбек жазуы мүмкін емес, оның үстіне балалық шағын алып тастау керек...»,- деді.

Бұнысы намысымызға тиіп кетті де, атақты ғалымымыздың бар өмірін, еңбектерін... түгелдей құжаттармен дәлелдей, анықтап тұрып, баяндай бастадық!   

Қараймыз, таң қалғаннан басы айналып, ол 15 минутын ұмытып та кетті! Кетер емес. Мен шаршағандықтан, көмекшіме бердім кезекті. Қойыңызшы, сонымен кеш батып, түн болғанда әрең шығарып салдық»...

Дәл сол жерде еріксізден, ойыма мына бір шумақтар орала берді:

Музейде  

Қазағымның көгінде жанып тұрған,
Бар елге аты – аңыз, нағыз ұран.
Жарқ еткен, жарық жұлдыз, мәңгі өшпейтін,
Дара тұлға, данышпан, Шоқан бабам!

Талмастан, жастайынан білім қуды,
Қатарынан жарқырап, озық тұрды.
Қазағымды танытты бар әлемге,
Ақ туын адалдықтың алып жүрді.

Қазіргілер таң қалар, қарап тұрып,
Ұлан-теңіз еңбегін санап тұрып.
Сан ғылымды қалайша игерді екен,
Бар болғаны отыз жыл өмір сүріп...

Азкен Алтай

Жетісулық.

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434