Үмітжан Жапар. Күтпеген қонақтың көбейер күні таяу
1 шілдеде шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге жарияланған мораторийдің уақыты аяқталады. Түрлі әкімшілік тексеруден бір жарым жылдай демалып қалған кәсіпкерлерге бұл қадам дағдарыс уақытында өз ісін жүргізуге біраз көмек болғаны анық. Кәсіпкерлер бір жағынан осы уақытта тыныштық болса, екінші жағынан айыппұл мен параға беретін қаржымыз қалтамызда қалды дейді. Тексеруге тыйым салу көлеңкелі бизнестің ашық айдынға шығып, заңды түрде жұмыс істеуіне ықпал жасайды деп те күтілген.
1 шілдеде шағын және орта кәсіпкерлікті тексеруге жарияланған мораторийдің уақыты аяқталады. Түрлі әкімшілік тексеруден бір жарым жылдай демалып қалған кәсіпкерлерге бұл қадам дағдарыс уақытында өз ісін жүргізуге біраз көмек болғаны анық. Кәсіпкерлер бір жағынан осы уақытта тыныштық болса, екінші жағынан айыппұл мен параға беретін қаржымыз қалтамызда қалды дейді. Тексеруге тыйым салу көлеңкелі бизнестің ашық айдынға шығып, заңды түрде жұмыс істеуіне ықпал жасайды деп те күтілген.
ШОБ-тың көп болуы және жүйелі жұмыс істеуі - ел экономикасының тұрақтылығының белгісі болып табылады. Дағдарыс ең бірінші шағын және орта бизнес өкілдерін тұралатып кеткендіктен, Үкімет қиын кезеңде түрлі тексеруді тыя тұруды дұрыс көрді. Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, үстіміздегі жылдың қаңтар айында еліміз бойынша 1001376 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, 2 миллионға жуық халықты еңбекпен қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен кәсіпкерлердің біраз бөлігі әлемдік дағдарыстың кесірінен жабылып қалған. Бір ғана Алматыда кәсіпкерлерден түсетін салықтың көлемі былтырғымен салыстырғанда 10 пайызға кеміп кетіпті. Мораторий аяқталған кезде кәсіпкерлердің жағдайы қандай болмақ? Заңсыз тексерулер көбеймес үшін не істеу қажет деген сауалдарды кәсіпкерлерге қойған едік.
Жалпы, Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назхановтың айтуынша, кәсіпкерлерді тексеретін 57 орган бар екен. Мораторий уақыты біткеннен кейін кәсіпкерді қайта-қайта тексере бермес үшін заңды жетілдіру керек деп есептейді. «Мораторий кәсіпкерлерге, ең бірінші, осы органдардан тыныштық берді. Былтыр мораторий уақыты 31 желтоқсанда біткен кезде, 5 қаңтарда жұмысқа шыққанымызда тексеруші органдар бірден «тексереміз, дайындалыңдар» деді. Енді жағдай бұндай болмас үшін тексерісті реттеу туралы ұсыныстарымызды дайындағанбыз. Соның ең бастысы - барлық мемлекеттік бақылаушы орындар тексеруге келмес бұрын, бас прокуратураға тіркеліп, арнайы акт алуы қажет. 2006 жылы қабылданған «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңға сәйкес болатын Салық органы, Қаржы полициясы, Кеден, СЭС секілді бірқатар органдарға артықшылық берілген болатын. Енді барлығы бірдей болады. Екіншіден, тексеріп келерде алдын ала 30 күн бұрын хабар беруі қажет. Бұрын солай болатын. Бірақ алдыңғы жылы кейбір мемлекеттік органдар арыз жазып, оны алып тастады. Тек салық органы ғана жаңа «Салық кодексі» бойынша хабарлайды. Үшіншіден, тексеруге келетін әр органның тексеруді өткізу тәртібі, құжаттардың рәсімделуі көрсетілген нормативтік актілері бар. Әр орган соның шеңберінде жұмыс жасайды. Ал оның бәрін кәсіпкер жаттап ала алмайды. «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңның 38- бабында қалай тексеріс өтуі тиіс, қандай құжаттар қажет, кәсіпкердің міндеттері түгел жазылған. Бірақ әр орган тексеруге келгенде заң шетте қалып, өзінің нормативтік-құқықтық актілерін көрсетеді де, әйтеуір бір кемшілік табады. Сондықтан тексеруші органдардың жұмысын бір жүйеге келтіру қажет. Біздің ұсыныстарымыз бойынша, қазір жеке кәсіпкерлікті тексеруге байланысты тоғыз Кодекс пен соның ішінде 70-тен аса заңдарға өзгеріс енгізілуі керек» - дейді кәсіпкер. Сонымен қатар Тимур Күзекұлының айтуынша, мораторий жарияланғанымен, кейбір органдарға тексеруге мүмкіндік беретін қаулылар болған. Мысалға, салық органдары, өздері ресми тексеруге келмей, «мынандай-мынандай құжат керек» деп кәсіпкерді шақыртып алып отырған.
«Теміркаркас» ЖШС директоры, кәсіпкер Қайдар Байтусов бұл мораторий кәсіпкерлерге үлкен көмек болды, бірақ тексеруге тыйым салынған уақытта жалған кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны көбейіп кетті деп санайды. Сондықтан мораторийді жалғастырудың еш қажеттілігі жоқ. «Біраз уақыт мораторий жариялады ғой, сол кәсіпкерлерге жетеді. Жалған кәсіпкерлер пайда болып, біздің абыройымызға кір келтіріп жүр. Енді тексеруге келсе, тек заңды түрде келсе екен. Бізге тек жұмыс істеуге мүмкіндік беру қажет», - дейді Қайдар Қанарұлы.
Қазір кәсіпкерлерді тексеруді реттейтін «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау» туралы заң Парламент мәжілісінде қаралып жатыр. Мораторий уақыты біткеннен кейін барлық тексеру осы заң аясында жүзеге асатын болады.
Үмітжан Жапар
«Айқын» газеті 24 маусым 2009 жыл