Қырғызстан қарызды қайтаруға уақыт сұрады. Біз ше?
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қытай басшысы Ши төрағамен телефон арқылы сөйлесіп, Қырғызстанның Қытайға қарызын төлеу үшін аз-кем уақыт сұрапты.
Қазір Қырғызстанның сыртқы қарызы 3,8 млрд. доллар болған. Оның басым көпшілігі Қытайдың «Эксимбанкінен» алынған көрінеді. 2019 жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша, Қырғызстанның аталған банкке қарызы 1,7 миллиард долларды құраған.
Қазақстанның да сыртқы берешегі аз емес. Оның ішінде Қытайдың да алар ақшасы бар екені әмбеге аян. Сарапшылар Қазақстан қарыз алған мемлекеттердің ішінде Қытайдан алынған несиелер қоғамның теріс эмоциясын көбірек туғызатынын айтады. Ал, іс жүзінде Қытай Қазақстанға инвестиция салатын елдер арасында бесінші орында (2019 жылдың 1 қазанындағы дерек).
Қазақстан кімдерге қарыз?
Kursiv.kz сайты Қазақстанның Қытайға қарызы 2019 жылдың қазан айында 10,45 млрд.доллар болғанын жазады. Қытай алдындағы міндеттемелердің жартысынан көбі басқа секторлардың қарызы, яғни нақтыланбаған.
Ал, Қазақстан ең көп қарыз алған ел – Нидерланды. Бүгінде бұл елдің алдындағы берешек – 45,19 млрд. долларға жеткен. Нидерландының жалпы сыртқы қарызының үштен бір бөлігін Қазақстан құрайды.
Одан кейін – Ұлыбритания. Бұл елдің алдындағы қарыз – 24,22 млрд. доллар. Сондай-ақ, Бермуд аралдарындағы (Ұлыбританияның иелігінде) қарыз да 2,12 млрд. доллардан 6,3 млрд. долларға ұлғайған.
Ал, АҚШ Қазақстанның ең ірі несие берушілерінің үштігіне кірді. 2019 жылдың қазан айының басында Қазақстанның АҚШ-қа қарызы 13,03 миллиард долларды құрады. Бұл негізінен отандық кәсіпорындардың шетелдік компаниялар алдындағы міндеттемелері.
Одан кейінгі орында Франция. Қазақстанның бұл елге қарызы $11,74 млрд. Францияға қарыз негізінен корпоративтік қарыз болып табылады.
Одан кейінгі бестікте Қытай тұр.
Ал, елдің ірі несие берушілерінің алғашқы ондығына халықаралық ұйымдар, Ресей Федерациясы, Жапония және Гонконг кіреді.
(kursiv.kz сайтынан)
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сыртқы қарыздың бірыңғай реестрін әзірлеуді тапсырған болатын. Ұлттық сенім кеңесі отырысында сөз сөйлеген Президент сыртқы қарыздың бірыңғай түзілімін 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін әзірлеуді тапсырған болатын.
«Біздің еліміздің сыртқы кредиторлар алдындағы артық қарызы туралы алдын-ала болжам жасауды тоқтату керек. 2020 жылдың 1 сәуіріне дейін ұлттық экономика, қаржы және Ұлттық банк министрліктері сандық деректер базасында сыртқы қарыздың бірыңғай тізілімін жасауы керек», - деді ол.
Сыртқы қарыз - 156,8 млрд. доллар
Ал, LS сайты сыртқы қарыз өткен жылмен салыстырғанда 1,2%-ға азайғанын жазған. Мәселен, 2019 жылы Қазақстанның сыртқы қарызы 158,8 млрд. долларды құраса, 2020 жылдың 1-қаңтарында 156,8 млрд. доллар болған. Демек, өткен жылмен салыстырғанда сыртқы қарыз 1,2%-ға немесе 2 миллиард долларға азайған.
Тағы да қарыз аламыз
Алайда, жуырда Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін шетелдік капитал нарықтарынан 3 млрд. доллар қарыз алатынын айтты.
«Бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін 2,4 триллион теңге қарыз алу керек. Оның ішінде 3 миллиард долларды шетелдік капитал нарықтарынан алуды жоспарлап отырмыз», - деді Шолпанқұлов.
Сонымен Қырғызстан қарызды қайтару үшін уақыт сұрады. Ал біз ше?
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz