42 500 теңге: Әлеуметтік көмек алған қазақстандықтардың пікірі қандай?
Қазақстанда төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жәрдемақы беру туралы шешім қабылданды. Осы орайда, әлеуметтік көмекке қол жеткізген азаматтар мемлекеттік қолдауға қатысты өз ойларын білдірді.
Көкшетау қаласының тұрғыны Қадыр Қасымжанов 61 жаста. Ұл мен қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке. Құрылыс саласына бар ғұмырын арнаған ақсақалдың үйде жұмыссыз отырғанына 1 жылдың көлемі болған.
-Біз сияқты жұмыссыз отырған егде адамдарға үкіметтің беріп жатқан жәрдемақысы кішкентай болса да, көмек болып тұр. Осыдан бір жыл бұрын күзетте қызмет атқардым. Қазір үйде жұмыссыз отырмын. Жасыма байланысты көп мекеме жұмысқа алғысы келмейді. "Үкіметтен жұмыссыздарға осындай көмек беріп жатыр" дегенді естіген бойда 3 сәуір күні банкке барып, өтінім толтырдым. Міне, бүгін 42 500 теңгені алып отырмын. Өте қуаныштын. Осындай біз сияқты жұмыссыз адамдарға үкімет тарапынан көмек көрсетіліп отырғанына ризамын. Президентімізге алғысымды білдіремін, - деді Қадыр Қасымжанов.
42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы алғандардың қатарында Петропавл қаласының тұрғыны Балхия Жаныбекова да бар. 24 жастағы жас ана бала күтіміне байланысты үйде отыр. Бұрын-соңды ешқандай жұмыс орнында тіркелмеген.
-Төтенше жағдай кезінде жұмыссыздарға беріліп жатқан көмекті алуға қарсы болмадым. Әрине, біз сияқты жас отбасыға мұндай көмек көптік етпейді. Жолдасым құқыққорғау органдарында қызмет атқарады. Ол - отбасымыздың жалғыз асыраушысы. Біздің 1 жасар қызымыз бар. Қазір осы бала күтіміне байланысты үйде отырмын. Өте ризамын. Өтінімді толтырғаннан кейін бір жұманың ішінде ақша түсті. Жұмыссыз отырған әрбір жанға осындай ақшалай қолдау керек деп ойлаймын, - деді жас ана.
Жеке кәсіпкер Ақнұр Жамбылова да жәрдемақы алғандардың қатарында. Оның айтуынша, ол ешқайда өтінім жібермеген.
-Басында өтінім беруге ұялғаным рас. Себебі менен де мұқтаж жандар көп деп ойладым. Солардың біреуіне бұйырсын дедім. Алайда, 10 сәуір күні таңертең "42 500 теңге тағайындалды" деген хабарлама келді. Таң қалдым. Сөйтсем, жеке кәсіпкерлерге автоматты түрде жәрдемақы түсіп жатыр екен. Әрине, қуандым. Кішкене болсын көмек. Жолдасым екеуміздің төрт баламыз бар. Жолдасым төтенше жағдай кезінде де жұмыс істеп жатыр. Мен балалармен үйдемін. Сондықтан жәрдемақы берген жандарға алғыс айтамын, - деді нұр-сұлтандық жеке кәсіпкер.
Меңсұлу ЕЛАМАНҚЫЗЫ
Дереккөз: baq.kz
Abai.kz