Биылғы Рамазан айында қандай ерекшеліктер бар?
Биыл қасиетті Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Пітір-садақа мөлшері де бекітілді. Бұл туралы осыған дейін Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеген еді. Еліміздегі Төтенше жағдайға байланысты биылғы Рамазанда бірқатар өзгерістер де орын алатыны белгілі.
Осы ретте біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі бас имамы Асқар қажы Мұқановпен болған шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
– Құрметті имам, көптен күткен Рамазан айына санаулы күндер қалды. Елімізде болып жатқан қолайсыз жағдайларға байланысты жамағаттар тарапынан көптеген сауалдар туындауда...
– Ислам әлемі ерекше құрмет тұтатын Рамазан айы – айлардың сұлтаны деп аталады. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімде: «Рамазан – ақ пен қараны айырушы әрі ақиқатқа жол көрсететін айқын белгілері бар, адамдар үшін тура жол нұсқаушы Құран түсірілген ай», - дейді. Дәл осы мүбәрак айда адамзатқа ақиқат жолын көрсетуші Құран Кәрім түсе бастаған және осы айда мұсылмандарға ораза парыз етілді. Сонымен қатар, мың айдан да қайырлы Қадір түні де осы айда.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айының ерекшелігі туралы: «Егер пенделер Рамазан айының қасиетін білсе, жыл бойы Рамазан болуын қалар еді», - дейді.
Иә, биылғы 2020 жыл жалпы адамзат үшін ауыр сын болып тұр. Еліміз бір айдан бері карантинде. Мемлекет басшысының Жарлығымен жүзеге асып жатқан істер бірінші кезекте халықтың денсаулығын сақтау жолында атқарылып жатқан игі шаралар екендігі баршамызға аян. Сондықтан сабырлық танытып, береке-бірлікте болу басты міндетіміз. Әйгілі Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды», - дегендей осындай сын сағатында тәртіпке мойынұсыну басты міндетіміз.
Мешіттерде бір айдан бері жұма намазы тоқтатылды. Бұл жалғыз бізде ғана емес. Әлемдегі көптеген мемлекеттерде орын алып отыр. Жыл он екі ай мұсылман қауымы сағына баратын Мекке-Мәдина да уақытша жабылып, умра қажылық тоқтап тұр.
Қасиетті Рамазан айына да санаулы күндер қалды. Әр түрлі пікірлер де айтылуда. Дегенмен дін мәселесіне байланысты туындаған сауалдарға Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы дер кезінде жауап беріп отырады. Таяуда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде өткен брифингте көптеген сауалдардың нақты жауабын берді. Биыл Рамазан айы 24 сәуірден басталады және ораза 30 күн болады.
– Биыл ораза кезінде тарауық намазы қалай оқылады?
– Қасиетті Рамазан айында тарауых намазын оқу – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті. Еліміздегі қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Мүфтияттың тарапынан тарауық намазын әркім өзінің отбасымен бірге оқу ұсынылды.
Тарауық - сүннет намаз болып саналады. Әрине жамағатпен оқудың сауабы мол болар еді. Дегенмен, індет қауіпіне байланысты әркімнің отбасының ортасында оқығаны жөн. Хадистерде айтылғандай Рамазан айында тарауық намазын оқыған әрбір адам зор игіліктерге кенеледі. Сондықтан осынау сүннет намазының сауабынан құр қалмайық, ағайын!
Кейбір мұсылмандар бір орынға бірнеше жамағат жиналып, тарауых оқуға бола ма деген сауалдар қоюда. Адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін сәтте ондай әрекет жасауға болмайды. Тек өз отбасыңызбен ғана оқуға болады. Жалпы дінімізде денсаулық Алланың құлына берген аманаты болып саналады. Бұл туралы Құран Кәрімде Алла Тағала: «…өзіңді өзің қатерге тігіп тәуекел етпе. Жақсылық жасаңдар. Расында, Алла жақсылық жасаушыларды жақсы көреді» (Бақара сүресі 195 аят) десе Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Деннің саулығы - ең үлкен нығметтен» десе, дана халқымыз: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», - деген. Сондықтан денсаулықты көздің қарашығындай сақтау басты міндеттеріміздің бірі болып табылады.
Егерде аталмыш намазды оқудың жолдарын білгіңіз келсе, мешіттермен хабарласып кеңес алуға болады. Алдағы уақыттарда тарауых намазын үйде оқудың үлгісі көпшілік назарына ұсынылады.
– Ораза кезінде халқымыз қатым түсіріп, ас беріп жатады. Осы мәселе қалай болмақ?
– Дінімізде және ұлттық салт-дәстүрімізде қатым түсіру, ауызашар беру сауапты іс болып саналады. Дегенмен, пандеменияға байланысты адамдардың денсаулығы басты назарға алынып, ас беру, ауызашар сияқты шаралардан уақытша бас тартуымыз керек. Өзіңіз үйде құран оқып, садақа берсеңіз үлкен сауап аласыз. Әрине жылдар бойы қалыптасқан дәстүр бойынша ауызашар беру жақсы амалдан.
Жалпы Рамазан – қайырымдылық айы. Сондықтан қолдан келгенше мұқтаж жандарға көбірек жәрдем берген абзал. Әсіресе, бүгінгідей қиын сәтте көптеген отбасылары қиыншылықтарды бас кешіруде. Сонымен қатар, ораза ұстаған адамдарға құрмет көрсетіп, оларға жәрдем көрсету керек. Жалпы карантин кезінде мешіттерде, қатымханаларда, мейрамханадарда ас беруге уақытша мүфтият тарапынан тоқтау салынды.
– Карантин кезінде ораза ұстау халыққа қиындық тудырмай ма?
– Алла Тағала: «Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын» - дейді. Аталмыш аятта айтылғандай Рамазан айында ораза ұстау мұсылман адамға парыз болып саналады.
Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және сенімді дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді.
Аллаға шүкір шілденің аптаған ыстығында жұмыста жүріп ораза ұстаған сәттеріміз болды ғой. Қазір көбіміз үйдеміз және күн де салқын. Осындай сын сағатында Аллаға құлшылық етіп, Жаратушыдан көбірек жәрдем тілегеніміз абзал. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Қиыншылық сәттерінде дұғасы қабыл болуын қалаған адам кеңшілік жағдайда Алла Тағалаға көп дұға етсін» - деген екен.
Ораза адамдарды төзімділікке, сабырлыққа шыңдайды. Жаратушы Иеміз: «Адам баласының оразадан басқа барлық амалдары тек өзі үшін ғана. Ал ораза болса, мен үшін тұтылады. Құлым ішіп-жеуді, нәпсінің қалауларын мен үшін тәрк етеді, оның марапатын мен беремін», - дейді екен.
ҚМДБ төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды. Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал.
Қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен яғни 127 мың теңгесі бар адам рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Пітір садақасының берілетін уәжіп уақыты – айт намазына дейінгі меже.
Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Рамазан айының садақасы - намаздағы саһу саждесі сияқты. Саһу саждесі намаздың кемшілігін түзетсе, пітір садақасы оразаның кемшілігін түзетеді», - дейді.
Ораза тұтушылар арасында кейде пендешілікпен біреудің көңіліне кірбің түсіруі мүмкін немесе білместіктен жағымсыз қылықтар жасайды. Осындай келеңсіз жайлар оразаны бұзбаса да оразаның сауабын кемітіп, көңілге күдік түсіруі ықтимал. Ал пітір садақасы оразаның кемшіліктерін толтыруға себепкер болады.
– Рамазан айында мұсылмандар ораза тұтумен қатар, қандай амалдар жасағаны абзал?
– Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Рамазан айы келгенде жәннәт есіктері ашылып, тозақ есіктері құлыпталады және шайтан шынжырлармен байланып тасталады», - деген. Яғни қасиетті айда адамдардың молынан сауапқа кенелуіне жол ашылады.
Сондықтан Алла Тағаланың мүбәрак айда берген мүмкіндікдерін кеңінен пайдалануымыз керек. Жалпы айлардың сұлтаны атанған Рамазан айының бірнеше атауы бар. Рамазан – Құран түскен ай, сабыр айы, рахмет айы, ізгілік айы. Мүбарак айда мұсылман адам оразамен қатар өзінің рухани кемелденуіне жол ашу керек. Жақсылықта жарысып, төңірегіне мейірімділіктің шуағын көбірек шашса, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе қайырымдылық шараларына белсене араласып, мұқтаж жандарға көмек қолын ұсынудың сауабы мол. Ата-анаға, туған-туысқа деген мейірімділіктің орны ерекше. Сонымен қатар қасиетті айда Қасиетті құран кітабын толықтай қатым етіп оқып шығу сауапты амал болып табылады.
– Қасиетті айдың қарсаңында халықа айтар тілегіңіз...
– Қазіргі кезеңде елімізде біршама қиындықтар болып тұр. Ел басына түскен бұл ауыртпалықты Алланың сынағы деп қабылдағанымыз жөн. Еліміздегі ынтымақтың арқасында мемлекетіміз халқымызға қолдау көрсетіп жатыр. Ең бастысы еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын!
Халқымыз өз тарихында талай нәубатты бастан кешірді. «Абай жолы» романын оқып отырсақ Абай заманында да ел ішінде індет болып, хакім Абай бас болып, халыққа қорған болған екен. Ақиық ақын айтқандай мың өліп, мың тірілген халықпыз. Аллаға шүкір бүгінде елге тірек болар тәуелсіз мемлекетіміз бар.
Қасиетті Құран Кәрімнің шарх сүресінде Алла Тағала: «Әр қиындықпен бірге сөзсіз жеңілдік келеді» - дейді. Алла Тағала індеттің ауылын алыстатып, халқымызға бақ-береке нәсіп етсін! Қасиетті айда жасаған ғибадаттарымыз бен амалдарымыз қабыл болып, ел іргесі аман болсын!
– Мәнді де мағыналы әңгімеңізге көп рахмет! Дін жолындағы сауапты қызметіңізге табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Дәулет қажы Тілеуберді,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Abai.kz