Діни экстремизм миф емес, ол өмір шындығына айналды
Қазір жастар арасында идеологиялық бостық бар. Сол кеңістік көп жағдайда деструктивті діни мазмұнмен толтырылуда. Ал бұл үдеріс бірінші кезекте елдік сана эрозиясын туғызып жатыр. Әлеуметтану ғылымы тілімен сөйлесек, жастар дегеніміз өмірлік ұстанымын қалыптастырып үлгерген толыққанды тұлғалар емес. Пікірлері құбылмалы, тез өзгеріп кетуі де мүмкін. Бірақ соған қарамастан қоғамның ең белсенді де жас бөлігінің діниленуі күрделеніп барады. Жастарды қоғам жағдайын көрсететін индикатор десек, жетер жерімізге келіп те қалған секілдіміз. Бүгінгі таңда Қазақстандағы діни жағдай тұрақты. Дегенмен діннің қазіргі Қазақстан қоғамына айтарлықтай ықпалын атап кеткен жөн. Мұның мұсылман миссионерлері тарапынан туындап жатқанын да мойындамасқа шара жоқ. Сөз жоқ, олар жоғары көрсеткіштерге ие болып отыр. Дегенмен бізді қинайтын бір сауал: Біз осылай боларын алдын ала болжай алмадық па? Осылай боларын қалайша білмедік? Қазіргі діни бағыттағы әрекеттеріміз қойын қасқырға алғызып болып, қорасын бітеген аңғал қойшының қожанасырлығы емес пе? «Болары болды», енді нендей стратегияны басшылыққа алған жөн?
Қазір жастар арасында идеологиялық бостық бар. Сол кеңістік көп жағдайда деструктивті діни мазмұнмен толтырылуда. Ал бұл үдеріс бірінші кезекте елдік сана эрозиясын туғызып жатыр. Әлеуметтану ғылымы тілімен сөйлесек, жастар дегеніміз өмірлік ұстанымын қалыптастырып үлгерген толыққанды тұлғалар емес. Пікірлері құбылмалы, тез өзгеріп кетуі де мүмкін. Бірақ соған қарамастан қоғамның ең белсенді де жас бөлігінің діниленуі күрделеніп барады. Жастарды қоғам жағдайын көрсететін индикатор десек, жетер жерімізге келіп те қалған секілдіміз. Бүгінгі таңда Қазақстандағы діни жағдай тұрақты. Дегенмен діннің қазіргі Қазақстан қоғамына айтарлықтай ықпалын атап кеткен жөн. Мұның мұсылман миссионерлері тарапынан туындап жатқанын да мойындамасқа шара жоқ. Сөз жоқ, олар жоғары көрсеткіштерге ие болып отыр. Дегенмен бізді қинайтын бір сауал: Біз осылай боларын алдын ала болжай алмадық па? Осылай боларын қалайша білмедік? Қазіргі діни бағыттағы әрекеттеріміз қойын қасқырға алғызып болып, қорасын бітеген аңғал қойшының қожанасырлығы емес пе? «Болары болды», енді нендей стратегияны басшылыққа алған жөн?
Әлқисса, алдыңғы жылы бір топ журналист Алматыда ҰҚК-нің атсалысуымен өткен экстремизм мәселелеріне қатысты мәжіліске қатысқанымыз бар. Сонда «Сардар» қалалық жастар қоғамдық бірлестігінің экстремизм мен терроризмге қатысты қалалық ЖОО студенттері арасында жүргізген сауалнамасымен танысып, пікір айтқан да едік. Бұл ұйымның қорытындысы сол таңда мешітке жастардың көптеп баруына қарамастан 1997 жылдан бері діни ахуалдың дұрыс жағына қарай өзгермегенін, тіпті одан әрі ушығып бара жатқанын көрсеткен еді. Тіпті бірлестік төрағалары «Алматы қаласында фундаментализм идеялары сіңісті болып барады» деп дабыл қаққандай болды. Аталмыш пікір алмасуға сарапшы ретінде шақырылған Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов та анықталған деректерге қарап, өз таңданысын жасырмаған сонда:
- Сауалнама нәтижелері пайыздық тұрғыдан жастардың Конституциядан гөрі шариғат заңдарына көбірек іш тартатынын, «әділдік», «теңдік», «адам құқы», «күш қолданбау», «бөтен діндерге төзіммен қарау» деген сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды мойындай бермейтіндерін көрсетіп берген. Біздің құзырлы орындар қайда қарап отыр, университет жетекшілері қайда қарап отыр, білмеймін. Басқа да дін үшін жауап беретін имамдарымыз ше? Олар бұл тақырыпқа қатысты өз пікірлерін білдірсе жақсы болар еді, - деген еді.
Кейіннен KRAG тәуекелді бағалау тобының сарапшысы, Орта Азия шеңберіндегі экстремизм жөніндегі танымал маман Замир Каражановпен дидарласқанда, обалы не керек, ол да «Орта Азияны діни экстремизм елесі кезіп жүр» деп өз қаупін айтқан болатын. Онда да «бізде террористік ұйымдар да, оларға қарсы антитеррористік акциялар да, құдайға шүкір, әскери фазаға өтпеді» деп шүкіршілігін білдірген. Ал мұндай ескертулер мен болжамдар республикамыздың қай түкпірінде болсын айтылды. Естімедік емес, естідік. Жазылмады емес, жазылды. Санасаң саусағың жетпейді, сондайлық дәйектемелер қаншама? Елбасының өзі оңтүстікке барған сапарының бірінде аймақ имамдарына «сақ болыңдар, мешіттеріңе кімдер кіріп, кімдер шығып жатқанын мен білмейді ғой дейсіңдер ме» деп ескерту де жасаған...
Енді қарап отырсақ, сол шақта жекелеген ел басшылары, ғылыми іскери қауымдастық алда мемлекет қауіпсіздігі үшін қатерлі діни трансформацияның келе жатқанын іштей сезінгендей екен. Яки діни экстремизмнің миф емес, нақты өмір шындығына айналғанына талай боздағымыздан айырылып барып, көз жеткізіп отырмыз.
Биыл Қазақстан халқы ел ішінде нешеме алыпқашпа әңгімеге азық болған діни экстремистердің әрекеттерімен алғаш рет бетпе-бет келді. Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарында орын алған жағдай жұртшылықты дүр сілкіндіріп, талай құзырлы органның үстіне суық су құйғандай әсер берді. Жауапты тараптар селк етіп оянып, іске кірісіп кетті. Алайда соңғы оқиғалар төңірегінде Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттік басшысы Қайрат Лама Шариф айтпақшы, біраз дұрыс емес пікірлер де айтылып жүр. Діни мәселені тек батыс облыстарына телу үрдісі бой көрсетіп, оқиғаны біржақты тәпсірлеу күшейді. Баз біреулерше облыстарға қатысты «діни сауатсыздық және әлеуметтік қорғалмағандық» деп жар салған дұрыс та, әділ де емес. Әйткенмен осы аймақтардағы соңғы оқиғалардың «діни астары жоқ» деп айтуға да болмайды және де ол астарға көмкеріле тігілген тұлғалардың дені 18 бен 25 жас аралығындағы жастар болып тұр. Өз кезегінде осы дәйекті елдегі діни ахуалдың нашарлай бастағанының кезекті белгілері десек, еш қателеспейміз. Бұл басы да, аяғы да емес. Рас, бұл өңірлерде дін атын жамылып, қылмыстық әрекетке баратын жекелеген адамдар бар, ал қандай да бір діни экстремизм құбылысы туралы айту - артық кеткендік. Бүгінгі таңда бұлардың еліміздің инвестиция көп салынатын және қарқында дамып отырған аймақтары екені мәлім. Солайына - солай, дегенмен аталмыш тенденцияның бүкіл республикада жүріп жатқанын да ұмытуға болмайды. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент мүшелерін діни ұйымдардың қызметіне бақылауды күшейту мақсатында заңдық өзгертулер енгізуге шақырса, таяуда Парламент Палатасы бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған «Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңды қабылдады. Осынау заңдық актінің күшіне енгеніне де көп бола қойған жоқ. Нәтижесі де жуық арада болады деп күтілуде.
Жалпы, «діни экстремизм» тақырыбының заманауи мифологияға айналып бара жатқаны жасырын емес. Тіптен, ресми, қала берді бейресми мінберлерден айтылған осынау құбылысқа қатысты шындықпен жалған түсініктердің астарласып, араласып кеткені соншалықты, нақтылыққа жүгіну мүмкін болмай қалды. Сондықтан да, бұған дейін сыбыс сөздердің айналасында ғана ой түйіп келген бұқара кімге сенерін білмей шарқ ұрда. Енді ғана сол шырқыраған сұрақтардың жауабын алды.
Қазақстан - зайырлы мемлекет. Бірақ сонысына қарамастан мемлекет те бұл процестен тыс бола алмайды. Мемлекетте қандай да үрдіске ықпал ете алатын тетіктері бар. Үкіметке тірелетін мәселе - міне, соны тиімді пайдалану ғана. Мұның өзінде де өте көп пунктерді есепке алуы керек. Әлемдік тәжірибеде бұл бар. Мәселен, АҚШ өзінің ішкі саясатында терроризмді демонизациялап жатыр. Шындығында, осы саланың мамандары жиылып, оның Америкаға қаншалықты қауіп төндіріп тұрғанын объективті түрде анықтауы керек еді. Соңғы терактінің өзі атам заманда, 2001 жылдың 11 қыркүйегінде орын алды. Керек десеңіз, Еуропаның өзінде соңғы рет 2005 жылы Лондон мен Мадридте жарылыстар болды. Бірақ бұл елдердің Ирак соғысында АҚШ-ты қолдаған елдер болғанын ескерген дұрыс. Қалған елдерді террорлық толқындар айналып өтті. Елдегі отандық сарапшылардың бір тобының тоқтамына келер болсақ, бізге де орын алған жағдайға байланысты әуеге ұшпай, иллюзияға берілмей, үдеріске нақты баға берген жөн. Осыдан кейін ғана барып күш қолдануға соқтыратын саяси шешімдерді қабылдау дұрыс болады. «Экстремизммен күрес» деп аталатын шараның өзі кез келген сәтте деструктивтік мінез табуы кәдік. Сондықтан да терроризммен күрескенде қайсы мемлекет басшылығының болсын тұрақсыздық тудырып алмауды қадағалағаны абзал. Айталық, қазіргі кезеңнің хиттік тақырыбы - хиджаб тағу-тақпау да Шығыстану институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Муминов айтқандай, негізгі мәселе емес, бірақ жеңіл қарауға да болмайды. «Жақын болашақта, немесе алыс болашақта Түркиядағыдай бізде де хиджаб мәселесі туындауы мүмкін» дейтіндер белгілі бір дәрежеде шындықты айтады. Түрік бауырларымызда соңғы екі президенттік сайлаудың осы хиджаб мәселесін ұран етіп көтеріп өткені белгілі. Алайда мемлекетте жасап жатқан адам өмірін жақсарту, солардың мүдделерін есепке алу бірінші кезекте болуы керек. Қазақстанда онсыз да проблемалар өте көп. Экономикалық, әлеуметтік, саяси түйткілдер шаш етектен. Сондықтан да отандық сарапшының бірі жазғандай, жұрт назарын сондай күйіп тұрған кезек күттірмейтін жайлардан бұрып әкетіп, салмақсыз қағидалардың дауына шырмау үлкен ағаттық болар еді. Сырт күштерге де керегі осы болса керек. Түймедейден түйедей мәселе жасап, тұрақсыздық климатын қалыптастыру басты мақсаттары сияқты. Бұл мәселемен қазақ халқы өткен тарихында да талай бетпе-бет кездескен. Ақырында тым ашық-шашық та емес, яки тым бүркеніп алған да емес, орташа, либералды киім кию дәстүрін қалыптастырған.
Әрине, шетел тәжірибесінен үйренеріміз де, жиренеріміз де көп. Олардың жіберген қателерін де көріп отырмыз. Мысалы, Тәжікстанның тұрақтылығын жоғалтып алудағы қатесі - ислам негізінде құрылған саяси партия құруға рұқсат беруі. Әлемдік қалыптасқан көзқарас бойынша, дін негізінде ешқандай саяси партия құрылмауға тиіс. Тәжікстан бұл қағиданы есепке алмады да, ақырында опық жеді.
Ал тұрақсыздыққа бой алдырған Мысырды қарайтын болсақ, діни терроризмнің күшеюіне, ең алдымен, мемлекеттің өзі мұрындық болды. Ол көршілерді қорқыту үшін асыраған кешегі кішкентай күшіктен, бүгін өзін қабатын үлкен төбеттің өсіп шығатынын бағамдай алмай, басып тастайтын қолайлы уақытты жіберіп алды. Мәселе болса, онымен дереу айналысу керек. Айналыспайды екенсің, керісінше, көп ұзамай ол сенімен айналыса бастайды. «Пирамидалар елі» мен тәжік жұртының ащы сабағы осындай.
Әзірге заманның кеңшілігінде проблеманы басынан түбегейлі шешкен жөн. Қазақы бейғамдығымызға салып, кешірек қимылдап жатырмыз. Бірақ «ештен кеш жақсы» деген де - осы қазақ. Қатерді түгелімен болмаса да, бәсеңдету керек және де ең бастысы, Қазақстан бұл кілтипанға ұлттық мүдде тұрғысынан келуі тиіс. Бұған қатысты қандай шарада да ұлттық мүддеден келіп шығуымыз керек. Ал жуырда ел құлағын елең еткізген жаңалық «азан шақыру ел азаматтарының бір бөлігінің құқығын бұзады, оның дауысын бәсеңдету керек» деп келетін желеулерді қай қисынға сыйғызамыз? Тағы да «арандатушылық» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Не десе де, күрмектің кесірінен күріш зардап шекпеуі керек. Бес саусақ бірдей емес. «Дін ұстанды» деп көпке топырақ шаша беруге де болмайды. Біздің мемлекетімізде түрлі конфессия өкілдері өмір сүріп жатыр. Олардың арасында мұсылмандар, православтар, католиктер, протестанттар, буддистер мен иудеилер де бар. Егер тырнақ астынан кір іздей берсе, сыныққа сылтау бәрінен де табылады.
Зайырлы мемлекеттілік - бірінші орында. Оған талас жоқ. Екіншіден, өзіміздің қазақ тілі, ұлт мәдениеті, соған сәйкес болған дәстүрлі жолымыз қолға алынсын. Соны ұстанып, тұтынуымыз керек. Қазақстан жұртшылығы алдағы он жыл ішінде фундаментализм тұзағына түбегейлі түсіп қалмас үшін, дәстүрлі дінді зерттеп, қазақ даласындағы дін тарихынан хабары бар, сол дінге жаны ашитын кадрлар дайындауды жолға қоймай мәселе шешілмейді және халық та дәстүрлі исламды тұтынатын адамдар мен фундаменталистерді бір-бірінен ажырата алатын көреген дәрежеге жетуі керек. Ол үшін ел арасында дәстүрлі исламның негізінде діни-ағартушылық жұмыстар жүргізілсе, нұр үстіне нұр.
Абылайхан ҚАЛНАЗАР
Реабилитациялық орталықтар ашқан жөн
- Біз - Ирак емеспіз. Бізде басым жағдайда экстремистердің нақ өздерін емес, олардың жай ғана насихатшыларын құрықтап жатқандай көрінеді. Дәлірегі, радикалдық көзқарастағыларға кінә тағылуда. Бұл мәселе бізде көптен бері бар. Онымен күресу керек-ақ. Өкінішке қарай, оларға қарсы профилактикалық емес, керісінше репрессиялық аппарат қолданылуда. Бірақ осы орайда, екінші жағынан, қоғамға да, әркімге де өз-өзіне тікесінен қоюына тура келетін тағы бір сауал бар, яғни радикалдық көзқарас соншалық жазалайтындай қылмыс болып есептеледі ме? Біз радикалдардың ықпалына түскендердің дені жастар екенін ұмытамыз. Бұл жастардың арбалып-алданғанын түсіне алмай жатырмыз. Маған оларды түрмеге топырлатып айдағаннан гөрі, сырттан таңылған қате тұжырымдар мен жаңсақтыққа бой алдырған көзқарастарынан айықтыратын реабилитациялық орталықтар ашқан жөн секілді. Ондай жүздеген алданған бейбақты психологиялық сауықтырудан өткеріп, қоғамға қайта бейімдеу керек. Сыртқа тепкеннен гөрі құрдымнан қайтарып алу керек. Иә, олар адасқан, өз сенімдеріне өздері қамалып қалған. Олар өз діндерінің шеңберінен басқа өзге әлемді көрмейді де. Бұл олардың кінәсі емес, қасіреті десе де болады. Оларға бұл тұрғыда, шын мәнінде, көмек қолын созып, жарқын да жылы әлем дидарын жанарлары алдында қайта ашу керек. Олар да -адам, олардың да бір кездегі ортасы бар.
Еркін МАСАНОВ, саясаттанушы,
PhD докторанты
http://anatili.kz/?p=7615#more-7615