Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2885 0 пікір 24 Маусым, 2009 сағат 21:58

«Ауылдың болашағы жоқ» дейтіндерге қарсымын

 

 

Мархабат Байғұт, жазушы:
Есімі елге танылған, айтулы азаматтардың көбінің шыққан түбі – ауыл. Тұғырлы туған жерден түлеп ұшқан таланттардың Алматы, Астана сынды үлкен қалаларда шоғырлануын қалыпты құбылыс деп қарастырған дұрыс та шығар. Ауылдағы аңқылдаған ағайын «біздің ауылдан пәлен деген ақын, түген деген ғалым шыққан» деп саусағын санамалап, бөркі дағарадай болады. Бірақ сол «пәлен» деген ақыны «менің мынадай ауылым бар» деп мақтана алар ма екен? Алып қалаға аттанғаннан соң, кіндік қаны тамған ауылын тарс ұмытып кететіндер де бар. Кейбір қаламгер ағаларымыздың өзі ауылға жасамыс тартқан шағында мерейтойларын өткізуге ғана келетін сияқты. Қалай болғанда да ұлт зиялыларының ауылдан қол үзіп қалғандары аз емес. Біздің міндет – ауыл-ауылдағы мәдени ортаның ошағының отын көсеу, астанадағы ағаларымыздың ауылдағы қиялы қиянға шарықтаған өрендерінің санасына серпіліс түсіруіне сеп болу…
— Ауылда отырып-ақ әдебиет жасап жүрген қабырғалы қаламгерлеріміздің бірі Мархабат Байғұт өз ойын былайша өрбітті:
– Өнер, мәдениет қайраткерлерінің ірісі бар, ұсағы бар дегендей, ауылдарына мерейтой өткізуге ғана келетіндері рас. Бірақ бәрі сондай деуге болмайды. Олардың арасында да үнемі ауылымен байланыста болып, үлкен мәселе көтеріп жүргендері де бар. Тойлауға да, ойлауға да, жұмыс істеуге келетіндері де баршылық. Бұл әркімнің деңгейіне, пиғыл, пейіліне байланысты ғой. Әркім өз туған жерінде тұрып, жұмыс істесін деуге де болмайды. Рухани астанамыз Алматыда тұрып, шығармашылықпен айналысқан да дұрыс. Астана қаласына да барып жатыр. Сарыарқа киелі топырақ қой. Онда да мәдени орта бірте-бірте қалыптасар. Бізден барады, Алматыдан барады дегендей. Негізінен, Алматы зиялы қауымның, зияткерлік-интеллектуалдық ортаның үлкен орталығы болып қала береді.
– Мәдени ортаның шығармашылыққа тигізер әсері бар ма?
– Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының, суретшілер, Журналистер одағының шоғырланған ордасы. Ғ.Мүсірепов, Ғ. Мұстафиннің кезіндегідей мықты болмаса да, қалам ұстап жүрген қауымға тигізер пайдасы бар. Әдеби орта дегенге де әртүрлі көзқарас бар. Мәселен, біреулер «әдеби орта – менің кітапханам. Бұрынғы өткен классиктермен сырласам» дейді. Кейбіреулер басқосулардың өзін менсінбейді. «Әдеби орта – өзім» дейтіндері де бар. Қалай болғанда да, үлкен ақын-жазушылар, ақындар жиі-жиі басқосулар өткізіп тұрады. Шығарма талқылайды, пікірлеседі. Бұл басқосулар ой қозғайды, қалам қозғайды.
– Өзіңіздің Алматыға кетсем деген арманыңыз болды ма?
– Әрине, арман қала Алматыға кетсем деген ойым болған. Алатаудың баурайында тұрсам, бетон үйдің 2 не 3 қабаты да жетер еді. Бір газет-журналда жұмыс істесем, докторлық қорғасам деген қиялдарым болды ғой кезінде. 25 жастан 40-қа дейін. Тағдырдың бұралаң жолы бұйыртпады ғой деймін. Ауылда қалдық. Қазір кеш қой енді.
– Туған ауылыңызға қандай көмек көрсеттіңіз?
– Өзім Қазақстанның барлық ауылын жақсы көрем. Әр облысқа барғанда соның шалғайда жатқан бір ауылын көріп кетуге тырысамын. Ауылдың патриотымын. «Ауылдар жойылады, болашағы жоқ» дейтіндерге мүлдем қарсымын. Өзім Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туып-өстім. Хрущевтың саясаты кезінде 150-дей түтіннен 30-ы ғана қалған шағын ауыл. Клубы бар, бастауыш мектебі бар. Онда Шерхан Мұртаза мен Нәсір Фазыл бастаған жазушылар барып еккен бау бар. Клубы салынып, бітпей қалған еді. Қирап бара жатқан соң аз ғана қаржы бөліп, соны бітіруге көмектестім. Өзімнің екі ешкім бар еді. Соны сойып асарлатып, жәрдем бердім. Пәлендей қамқорлық жасадым дей алмаймын…
P.S. Ауылда жүріп рухани ортаның керегесін кеңейтуге ұйытқы болып жүрген таланттылар тапшы емес. Дегенмен… Ұлт зиялыларының Алматыға шоғырланып алып, «өйту керек, бүйту керек» деп құрғақ ақыл айтуы құмды жерге шыбық шаншығанмен бірдей. Аға буын мен кейінгі толқын арасындағы рухани сабақтастық үзіліп барады. Алдыңғы арбаның соңынан сонарлы соқпақ салып, астанаға бет түзеу емес, дұрысы – өз өлкесіне өзегін жұлып берердей жаны ашитын, дарынды жастарды тәрбиелеу. Қатарға қосу, қолдау көрсету. Айтарымыз – осы…

 

 


Гүлжан КӨШЕРОВА
«Алаш айнасы» газеті 23 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5510