Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..». Х.Ғаббасовтың тергеу хаттамасы
Бұл сұрақ-жауаптан 1905-1911 жылдар арасындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының іс-әрекеттерінен нақты мәлімет аламыз. Патшаға жолданған Қарқаралы петициясының қыр еліне ықпалы, жастардың күреске тартылу жолдары, сондай-ақ Ресей империясында ұлт ретінде өмір сүру құқығынан айырылып, тізімнен сызылып тасталған қазақ халқының азаматтық ожданы үшін күрескен алаш қозғалысының іс-әрекетінен және оған нақты кімдердің қатысқанынан мағлұмат береді.
Бір аптадан кейін Халел Ғаббасов тағы да жауапқа шақырылды. Мұнда негізінен тыңшылар арқылы анықталған мәліметтер мен Е.Омаровтың көрсетіндісіндегі екеуара әңгіменің астары тексерілген.
«Қосымша тергеу хаттамасы. 21 қараша, 1928 жыл.
Сұрақ: Сіздердің топтарыңызда Қазақ жерінің кодексін жасап шығарудың қажеттігі туралы сөз қозғалды ма?
Жауап: Бұл тақырыпта ешкіммен әңгімелеспедім, тіпті естігемін де жоқ. Омаров бұл жөнінде ештеңе деген емес. Қайталап айтамын, Омаров бұл туралы бір сөз де айқан емес.
Сұрақ:Сізге Семей қаласында Мұхтар Жалелетдинов (?) жолықты ма?
Жауап: Жолыққан емес, мен оны өте сирек көретінмін.
Сұрақ: «Алаш» аудандық одақтастығының (Семейдің сол жағалауы 1927 жылға дейін солай аталған, ал одақтастық - мойынсерік болса керек - Т.Ж.) жұмысымен қырға жиі шығып тұрдыңыз ба?
Бұл сұрақ-жауаптан 1905-1911 жылдар арасындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының іс-әрекеттерінен нақты мәлімет аламыз. Патшаға жолданған Қарқаралы петициясының қыр еліне ықпалы, жастардың күреске тартылу жолдары, сондай-ақ Ресей империясында ұлт ретінде өмір сүру құқығынан айырылып, тізімнен сызылып тасталған қазақ халқының азаматтық ожданы үшін күрескен алаш қозғалысының іс-әрекетінен және оған нақты кімдердің қатысқанынан мағлұмат береді.
Бір аптадан кейін Халел Ғаббасов тағы да жауапқа шақырылды. Мұнда негізінен тыңшылар арқылы анықталған мәліметтер мен Е.Омаровтың көрсетіндісіндегі екеуара әңгіменің астары тексерілген.
«Қосымша тергеу хаттамасы. 21 қараша, 1928 жыл.
Сұрақ: Сіздердің топтарыңызда Қазақ жерінің кодексін жасап шығарудың қажеттігі туралы сөз қозғалды ма?
Жауап: Бұл тақырыпта ешкіммен әңгімелеспедім, тіпті естігемін де жоқ. Омаров бұл жөнінде ештеңе деген емес. Қайталап айтамын, Омаров бұл туралы бір сөз де айқан емес.
Сұрақ:Сізге Семей қаласында Мұхтар Жалелетдинов (?) жолықты ма?
Жауап: Жолыққан емес, мен оны өте сирек көретінмін.
Сұрақ: «Алаш» аудандық одақтастығының (Семейдің сол жағалауы 1927 жылға дейін солай аталған, ал одақтастық - мойынсерік болса керек - Т.Ж.) жұмысымен қырға жиі шығып тұрдыңыз ба?
Жауап: Нақты айта алмаймын. 1924 жылдың не шілде, не тамыз айында шықтым.
Сұрақ: «Алаш» аудандық одақтастығының сайлауы алдында сіз қайда болдыңыз?
Жауап: 1924 жылы өз ауылымда демалыста болдым.
Сұрақ: Аудандық одақтың құрылтайын дайындауға қатыстыңыз ба?
Жауап: Қатысқамын жоқ. Мен 1925 жылғы жиналысқа шақырылушы есебінде қатыстым және ол одақ жиналысын басқарма мүшесі Қозыбағаров жүргізді.
Сұрақ: 1925-1926 жылғы науқан кезінде (қандай науқан - ?. Зады бұл Семей губерниясының шекарасы анықталып, Қазақстанға түбегейлі қосылуы туралы Сібір ревкомымен арадағы айтыс туралы болса керек - Т.Ж.) қайда болдыңыз?
Жауап: 1925 жылдың басына дейін Семейде болдым. Науқанға өз басым қатысқамын жоқ.
Сұрақ: Талас-тартыс тұсында Омбыдан ешкім келді ме?
Жауап: Жоқ, ешкім келмеді.
(Бұдан кейінгі таспаға жазылып алынған біраз сөздер өшіп кетіпті. Әңгіме Ә.Бөкейхановқа көмек есебінде жиналған қаржы мәселесі төңірегінде. Ол туралы өзге „айыпкерлердің" берген жауабында мәліметтер бар - Т.Ж).
...Жауап: Оған (Бөкейхановқа - Т.Ж.) ешқандай қаржылай көмек көрсетілген жоқ. Өйткені барлығы тарап кеткен болатын. Ол өзін өте нашар сезінетін, сондықтан да санатоийге барып емделуіне көмек жасау туралы ұсыныс айтылды. Егерде біз ойламаған жерден көмек ұсынсақ, оның мұны қалай қабылдайтыны белгісіз екендігі жөнінде Дулатов, не Қадырбаев ескерткен еді. Оның Қызылордаға ауысуы туралы әңгіме болған емес.
Сұрақ: Бөкейханов Мәскеуде тұрғанда оған қандай да бір көмек көрсетілді ме?
Жауап: Мен 1924 жылы өз қаражатымнан жүз теңге жібердім.
Сұрақ: Ол сол кезде қызмет істеп жүр ме еді?
Жауап: Иә, ол өзінің жұмысында болатын. Күншығыс баспасының қаражат жағдайы өте нашар болатын.
Сұрақ: Басқалардан көмек көрсетілді ме?
Жауап: Жоқ.
Сұрақ: Байтұрсынов қай жылы қаражат аударды?
Жауап: Өткен жылы Бөкейхановқа көмек ретінде 20 сом бердім, ол қолына тиген-тимегенін білмеймін.
Сұрақ: Әйтеуір сіз бердіңіз ғой.
Жауап: Алған-алмағанын білмеймін.
Сұрақ: Ол қаражатты кім жиды?
Жауап: Мен Қадырбаевқа бердім-ау деймін.
Сұрақ: Яғни ақша нақты бір адамның қолына жинақталғаны ғой.
Жауап: Байтұрсынов Мәскеу арқылы жүріп, тапсыру керек болатын. Дулатов, не Қадырбаев оның өте кірпияз адам екенін ескерткен, сондықтан да алды ма, жоқ па, білмеймін. Біз жан-жаққа кеттік.
Сұрақ: Тағы кімге көмек бердіңіз?
Жауап: Әуезовке 70-80 сом аудардым. Одан қаражатқа өте қат боп жүргені туралы хат алдым. Біз 10 теңгеден жиып бердік. Одан басқа ешкімге ақша бергемін жоқ.
Сұрақ: Сіздердің араларыңызда жер мәселесі туралы сөз қозғалды ма?
Жауап: Жоқ».
31 жылдың 20 қыркүйегі күнгі айыпталушы Мұхтар Әуезовтен алынған қосымша тергеу сұрағының хаттамасы.
М.Әуезов: «...Ленинградта оқып жүрген кезімде ескі танысым, менімен ауылдас семейлік Халел Ғаббасовқа қаражат жағынан қысылып жүргенімді ескеріп, ақшалай көмек көрсету тауралы хат жазғаным рас. Оны кейін қайырып беретіндігімді де ескерттім. Бұл 1927 болатын. Жаңа ғана үйленгемін, әйелім екеуміз Ленинградта тұрдық. Университеттің соңғы курсында оқитынмын. Ғаббасов маған 125 сом жіберді. Бұл менің Ғаббасовқа жеке өзімнің қайтарып беруге тиісті қарызым деп есептедім. Ұмытпасам Ғаббасов жіберген ақшаны 1928 жылдың басында алдым. Мен ол қарызымды Ғаббасовқа қайырудың реті келмеді. Студенттік жағдайда жүрген менің ақшам болмады. Ал мен Ташкентке келіп, қызмет істей бастағанда Ғаббасов тұтқынға алынды да, қарызымды қайтара алмадым. Ғаббасовтан қарызға ақша алғанда мен қайдағы бір ұйымның бар екенін, Ғаббасов ол ақшаны сол ұйымнан алғанын білгемін жоқ, бұл жөнінде ол хат та жазған жоқ, ауызша да айтпады. Егерде ол ақшаны таныстарынан жинаса, оны да маған айтқан емес. Мен өзімнің жеке танысым ретінде тек қана Ғаббасовтан ғана қарыз сұрадым, алған ақша үшін мен тек қана Ғаббасовтың өзіне қарыздармын деп ойладым».
Х.Ғаббасов (жалғасы). «Сұрақ: Өткен жылы келген Швецов есіңізде ме?
Жауап: Өткен жылы емес, одан арғы жылы келген. Оның зерттеулері сынға ұшырағаны есімде.
Сұрақ: Кім тұрғысынан?
Жауап: Халық комиссарлар кеңесінің жоспаралу мекемесінде өткен кеңейтілген мәжілісте.
Сұрақ: Сұлтанбековтің іссапары алдында жер мәселесі туралы сөйлестіңіздер ме, Омаровпен араларыңызда қандай әңгіме болды?
Жауап: Омаровпен өткен жылы кездестім. Мен кеңсемде жұмыс істеп отырғам. Дулатов екеуі келді. Демалысын пайдаланып, педтехникумдағы оқуын бітіруге Ташкентке баруды жоспарлады. Ол содан әрі Қостанайға жүрмекші болды. Мен шығарып саламыз дедім. Ол 3-5 адамды бақшаға алып барды, біз сыра іштік, тамақтандық. Бұл 1927 жылдың жазы болатын. Омаровпен арадағы жалғыз кездесуім бұл.
Сұрақ: Омаров пен Сұлтанбековтің іссапары туралы сөз болды ма?
Жауап: Әңгіме болған жоқ сияқты.
Сұрақ: Бөкейхановтың демалысқа баратыны белгілі ме еді?
Жауап: Жоқ.
Сұрақ: Сіз ол туралы кімнен білдіңіз?
Жауап: Өткен жылы күзде мен Омаровтан олардың Челябинскідегі бір қазақ ауылында демалғанын естідім.
Сұрақ: Тек Омаровтың сөзінен ғана ма? Онда не деп сөйлескенін айтты ма?
Жауап: Ештеңе де. Тек Бөкейхановтың айтқан анекдоттарын ғана айтты.
Сұрақ: Ақаев пен Байтұрсынов ұйымдастырған банкет Бөкейхановтың келуіне байланысты ма?
Жауап: Бөкейхановтың қашан келгенін білмеймін. Ол өте кірпияз адам. Ешқандай банкет болған жоқ.
Сұрақ: Ол туралы сіз ештеңе естіген жоқсыз ба?
Жауап: Сізден алғаш рет естіп отырмын.
Сұрақ: Өткен жылы қай уақытта демалыста болдыңыз?
Жауап: Шілденің аяғында ғой деймін.
Сұрақ: Қызылорданың жаңалығын айтқан жоқсыз ба?
Жауап: Жоқ, есімде жоқ.
Сұрақ: Жер мәселесі туралы да сөз қозғамадыңыздар ма?
Жауап: Жоқ.
Сұрақ: Биыл кімнің үйіне тоқтадыңыз?
Жауап: Көлік болмағандықтан да Семейде туған қарындасымның үйінде 2 күн болдым. Қозыбағаров пен Бейсембиновті көрдім.
Сұрақ: Шығарып салды ма, қарсы алды ма?
Жауап: Жоқ, мені қарындасымның күйеуі қарсы алды.
Сұрақ: Неге сіз тәргілеуді жақтайсыз?
Жауап: Демек, тұрғындарды экономикалық әлсіреуге алып келген коммунистер мен ұлтшылдардың арасындағы алшақтық мәселесі жөніндегі пікірімнің солай болғаны.
Сұрақ: Демек сіз бұл мәселе жөніндегі партияның тактикасын қолдайсыз ғой.
Жауап: Сол үшін мені кейбір жолдастарым жазғырды да.
Сұрақ: Сізді жазғырғандар кім?
Жауап: Оны еске алудың қажеті шамалы.
Сұрақ: Олар өздерінің наразылықтарын неге негіздеді?
Жауап: Бұған олар да қарсы емес, бірақ та бұл жобаның беті басқа жаққа бұрылып барады деп есептейді.
Сұрақ: Қандай бағыт туралы айтты?
Жауап: Әйтеуір бір әңгіме арасында әлді мен әлсіздің ара жігі ашылуы үшін бұл жобаны жүзеге асыру керектігі айтылды.
Сұрақ: Сонымен кім, не үшін жазғырды?
Жауап: Оның бұл мәселеге қатысы жоқ.
Сұрақ: Неге, оның тура осы мәселеге тікелей қатысы бар.
Жауап: Менің ештеңе айтқым келмейді, оның бұл мәселеге еш қатысы жоқ деп есептеймін.
Айтқанымды растап қолымды қойдым (Ғаббасов). Тергеуші ... Саенко».
Бопса мен жорамалға құрылған жоғарыдағы тергеу барысында Саенко нақты айып тағатындай «қылмысты» таба алмаған. Тек жер мәселесі жөніндегі сұрақтың тұсында Х.Ғаббасовтың сәл аптығып қалғаны байқалады. Сондықтан да жауап беруден бас тартады. Айыптау қорытындысының ұзаққа созылып бара жатқанына алаңдап Прокурорға арыз жолдайды.
«ҚССР Республикасының Прокурорына
Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің Президиум мүшесі, ғылыми қызметкер, ПП ОГПУ-дің түрмесінің №.... камерасындағы тұтқыны...
...Тергеу ісінің барысы мен оның алған бағытына қарағанда істің анық қанығына жетіп, нақты мәнісінің ашылуына, менің пайымдауымша, әлі алыс, сондай-ақ, мен қазіргі емес, өткен кездегі қайраткерлігім үшін айыпталатын сияқтымын.
Менің өмірімнің өткен кезеңіндегі, "Алашордаға" байланысты қайраткерлігім мен іс-әрекетім ЦИК-тің (1919 жылғы және 20 жылғы) қаулысы арқылы кешірімге жатқан болатын. Сондықтан ол жөніндегі (менің бұрынғы кездегі) әрекеттерім менің бүгінгі күнгі қызметімді қаралау үшін алдыма көлденең тартылып отыр деп сеніммен айтуыма болады.
Мен бұған былай деп ашық мәлімдей аламын: кеңестің жауапты қызметтерінде болған соңғы 9 жылғы еңбегімнің барысында мен мемлекетке қарсы әрекет істемек түгілі, ондай пиғылы бар-ау деп күдік келтірерліктей де мінез көрсеткемін жоқ. Бұл менің өзімнің анық сенімім. Соның ішінде, маған тағылған айыпты (малды тәргілеуге кедергі жасау туралы) арам адамдардың ойлап тапқан жәдігөйлік жаласы екенін және арандатуға үзілді-кесілді қарсы екендігімді мәлімдеймін. Сондай-ақ, кейбір қазақтардың Қытайға босып кетуіне менің қатысым барлығы және айырықша бір жер саясатын жүргізуге менің атсалысқаным туралы (тергеудегі сұрақтардың астарында осындай мән бар) жайларға да берер жауабым осы.
Жаптым-жала деп маған тағылып не қасақана маған жапсырылып отырған айыптауларға байланысты мен мынаны мәлімдеймін:
1. Мен малды тәргілеу-телімдеу туралы Заң жобасын негіздеген кейбір баптарын талқылаған комиссиялардың төрағасы және хатшысы болдым. Егерде мен бұл шараның жүзеге асуына шынымен қарсы болсам, онда мен бұл жұмысқа қатысудан бас тартқан болар едім, оның үстіне, бұл мәселенің Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне ешқандай да қатысы жоқ болатын.
2. Өз ауылымда демалыста жүрген кезімде менің іштей қарсылығымды (психологиялық жағынан алғанда) туғызатындай туыстарымның ішінен тәргіге түскен ешкім болған жоқ. Байларды кедейлерден қорғап, не оларға - байларға әсер етіп, басшылық жасайтындай және кедейлерді байларды әшкерелеуге кедергі жасайтындай мүмкіндік менде болған жоқ, себебі, тәргілеу менің ауылымнан 80-120 шақырымдай шалғай жерде өтіп жатты.
3. Мен ешқашанда (тіпті мен кеңеске қарсы адам болсам да) ешкімге де Қытайға кету туралы ақыл бермес едім, өйткені, мұндай босудың соңы неге әкеліп соққаны бұрынғы кездің бүліншілігі арқылы бәріміздің есімізде (1916, 17, 18 жылдардағы оқиғаларды еске алсақ та жеткілікті) - босқандардың барлығы да жаппай қырғынға ұшырап, талан-таражға түсті. Оның үстіне мен тұрған ауылда ондай жағдай болған емес. Жер туралы мәселемен айналысқан емеспін, ол аудан жер мәселесімен (егін салу мағнасында - Т.Ж.) айналыспайды. 1922 жылдан бастап Семей губерниялық жер басқармасынан кеткеннен кейін және Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінде істеп жүргенде де жер мәселесімен айналысудың реті келмеді, себебі мен онда сауда мен кооперация жүйесі саласында жұмыс істедім.
Жоғарыдағы баяндалған жайдың мәнісіне орай және ешқандай кінәсізден кінәсіз 55 күн түрмеде отыруыма байланысты Сізден - менің тергеуімді тездетіп, менің ісімді жан-жақты және әділетті тексеруді немесе мені түрмеден босатуды өтінемін.
9/ХІІ-28 жыл».
Прокурорға жолдануға тиісті бұл арыз көк сия қарындашпен жазылған. Халел Ғаббасовтың бұл шағымы жоғарыға жолданбаған сияқты. Өйткені арыз істе тігулі күйінде қалған. Сондықтан да Х.Ғаббасовтың сот процесін күткені және ақталып шығу туралы ұмтылысы тұтқын адамның санасындағы үміт дүниесі ғана еді.
3.
1928 жылы 28 (өз сөзі бойынша 29) желтоқсан күні Х.Ғаббасовқа тергеу ісінің аяқталғаны туралы хабарлайды. Бірақта нақты шешімді айтпайды. Айыптау қорытындысының кешіктірілуіне басты бір кілтипан, тура сол күндері, көрші камералардың бірінде Дінше Әділев:
«Халел Ғаббасов „Алашорданың" тапсырмасымен контрреволюциялық астыртын ұйым құру үшін және тәргілеуге қарсы қырда көтеріліс ұйымдастыру мақсатында Семей өңіріне жіберілді, - деп „әшкерелеп" жатқан.
Желтоқсанның соңғы тәулігінде Міржақып Дулатов та шұғыл тұтқындалды. «Алашорда» қайраткерлеріне:
а). ағылшын барлауына мәлімет беріп, олармен астыртын байланыс жасаған.
ә). СССР-дің Англиямен дипломатиялық қарым-қатынасы үзілген соң, олар қырға барып, халықты қарулы көтеріліске шақырмақ болған.
б). яғни, Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымдармен байланыс жасауға тырысқан - деген айып тағылып, екінші топтың және ең негізгі топтың тергеу ісі басталған болатын.
Дінмұхамед Әділевтің көрсетіндісіне орай Ә.Бөкейхановтың, Е.Омаровтың, Халел Ғаббасовтың тергеу ісінің жауаптарының басы қосылып, «Алашордашылар» ұйымдастырған астыртын контрреволюциялық ұйым» деген атпен бір іске тіркелді. Әрине, алашордашылардың ешқайсысының шет елмен байланыс жасап, мемлекетаралық саясатқа ықпал жүргізбегені өзінен-өзі түсінікті. Қиыннан қисындырылған «қарулы көтеріліс» дегенді желеу етіп отырғаны - Халел Ғаббасов «Алашорданың» Шығыс бөлімінің әскери жасағын ұйымдастырған әрі әскери кеңестің мүшесі болған. Бұл - Англиядан жасырын жолмен қару сатып алуға ұмтылды деуге толық "негіз" қалайтын желеудің нағыз өзі. Сондай-ақ: «Сол кезде тығып тастаған қаруы бар шығар» - деген күдіктің де қоламтасын көсеп отыр.
Ол барлық жайды енді толық түсініп, ОГПУ-дің саяси өкілі Волленбергтің атына мәлімдеме жазды. Осы мәлімдемеден ғана Х.Ғаббасовты не үшін түрмеге жапқаны, қандай айып тағылғаны, оған куә ретінде өзінен сәл ғана бұрын қамаққа алынған Е.Омаров пен қарашада қолға алынған Д.Әділевтің жауабы айып ретінде тағылғаны анықталады. Жоғарыдағы баяндалған жайларға барынша кеңінен тоқталып, тағылған әрбір айыптың заңсыздығын тиянақтап тұрып ОГПУ-дің ерекше өкілетті өкілінің өзіне түсініктеме жазған. Дәлелдерінің нақты әрі заңдық тұрғыдан сауатты жазылғандығы сондай, оған қосымша түсініктеме беріп жатудың өзі артық.
«ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкілі Воленбергке /Жеке өзіне/ №3 камерадағы тұтқын Ғаббасовтан
Өтініш
Мен, 1928 жылдың 15 қазанынан бастап түрмеде отырмын. 1928 жылы 10 қараша күні маған - байлардың малын тәргілеу науқанына кедергі жасады - деген Қылмыстық Ереженің 58/ бабының 13 тармағы бойынша айып тағылды.
1928 жылдың 10/ХІ күні басталып, 1928 жылдың 28/ХІ күні аяқталған тергеу барысында қойылған сұрақтар негізімен менің бір кездегі, бұрынғы "Алашорда" тұсындағы іс-әрекетіме қатысты болды, ал тергеушінің сұрақтарының арасында екі не үш тармақ қана маған тағылып отырған айыптың айналысын жалпылама қамтып: І. Малды тәргілеуге деген менің көзқарасым қандай және 2. Кооперация туралы байлармен кеңес өткіздім бе деген т.б.с. сауалдар қойылды. Осы тектес сұрақтардан басқа ешқандай нақты айғақтары жоқ. Қашан, қайда және қандай қылмас жасадым, менің қылмыстарымның нәтижесінде қандай зиян келтірілді - бұл туралы менің табанды түрде талап еткеніме қарамастан тергеушілер маған ешқандай да жауап бермеді.
Дәл осы жағдай сұрақ-жауап аяқталғаннан кейінгі бір айдан соң тағы да қайталанды, яғни, 1928 жылдың ХІІ.29 күні тергеуші маған істің аяқталғанын және оның ГПУ-дің коллегиясына тапсырылғанын хабарлады, алайда тергеу материалдары маған таныстырылған жоқ. Тегеушінің маған берген сұрақтарының барлығы да жалпылама жағдай болғандықтан, менің іс-әрекетім туралы толық мағлұмат алу үшін мен тергеушіге бірнеше адамға жолығып, пікір алуын өтіндім, оның ішінде Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің бұрынғы төрағасы Құлымбетов жолдастың, Халық Комиссарлар төрағасы Нұрмақов жолдастың атын атадым, өйткені менің Мемлекеттік Жоспарлау мекемесіндегі жұмыстарым олармен байланысты болды, сондықтан да олар менің жалпы саяси бағдарым мен менің жеке басым туралы толық мінездеме бере алар еді. Алайда тергеушілер бұдан да бас тартты.
Тергеушілердің ауызша айтып беруіне қарағанда (жазба түріндегі қорытындының нұсқасын көрсетумен ғана шектелді) менің негізгі айыбым - ауылды жерлерді кеңестендіруге үнемі кедергі жасап келді дегенге саяды, олар негізінен мынадай:
І. Маған дәрігер Павлов дегеннің күнделігінен үзінді оқып берді де, сондағы айтылған сөздерді - менің қазақ қызметкерлерін коммунистік партияға қарсы үгіттегенімнің, сол арқылы "тұрақты түрде арандатушылықпен шұғылданғанымның" айғағы ретінде айып қып тағыпты. 1921 жылы жазылған бұл құжатта (барлық тергеу құжаттарының ішіндегі маған көрсетілген жалғыз айғақ) мен: "біз коммунизмның қыр еліне тарауына қарсы күрескеміз-мыс" - деп айтқан көрінемін. Павловтың кепілдемесіне қарамастан мен қолымды жүрегіме қойып тұрып айтарым - мұндай жайдың ешқашанда болмағанын мәлімдеймін. Екінің бірі: не дәрігер Павлов әлдекімдермен шатастырды, не менің жадымнан мүлдем шығып кеткен болып шығады ғой. Бұл мәселені жасырудың, оның үстіне күнделікке жазылған жайды (әрине мен Павлов қастандық оймен жала жапты дей алмаймын) бүгіп қалудың ешқандайда қажеттілігі туып отырған жоқ. Мен дәл қазіргі уақытқа дейін ол адаммен таныс емес екеніме сенімдімін және сол пікірде қаламын. Маған түсініксіздігі сол, егер де ол адаммен (Павловпен) өзінің күнделігінде жазылғанындай "екі сағат бойы шай ішіп, әңгімелескен" болсам, онда оны неге жасырамын. Оның үстіне Павлов қонаққа барған Үкібаевтар 1919 жылдың жазынан бастап Семей қаласында тұрған емес, сондай-ақ, бір рет кезігіп қалған көлденең көк аттыға (Павловқа) қандай мақсатпен және қандай жағдайда оған сырымды ашуым мүмкін. Егер де бұл айғақ рас болса, онда ол кездесу 1919 жылы (Колчак үкіметінің тұсында) өткен шығар? Бұл сөздің анық дәлелі ретінде мынаны айта аламын: мен 1919 жылы Үкібаевтардың үйінің бір бөлмесінде пәтерде тұрдым, сол жылы қыс бойы мен Губерниялық Земствоның бастығының орынбасары міндетін атқардым, оны қысқартып, "Губзем" дейтін. Сондықтан да Павлов "Губзем" дегенді "Завгубземотделмен" - Губерниялық жер бөлімінің меңгерушісі дегенмен шатастырып отырмаса. Бұл жағдайдың түсініксіздігі менің ойымша дәрігер Павлов мені әлдебіреулермен шатастырды немесе менің әр кездегі істеген қызмет орынымды (1919 жылғы мен 1921 жылғы) жаңылыстырып жазып отыр деген күдікке итермелейді. Қалай дегенмен де, мен бұл құжатқа ешқандай саяси мән бермеймін, себебі, саясаттан сәл-сәл хабары бар адам өзі танымайтын, кездейсоқ ұшырасқан көлденең көк аттыға мына тергеушінің "белгілі бір саяси топтың ұйымдастырылған әрекеті" деп айыптап отырған мәселесі жөнінде айта қоюы екіталай.
2. Маған тағы да мынадай (тергеушінің ауызекі әңгімесі бойынша, әйтпесе, жазба құжаттарды мен көргемін жоқ) айыптар тағыпты:
а/. маған: 1924 жылы өткен Алаш (Қазіргі Жаңа Семей - Т.Ж.) аудандық-ауылдық одақтардың (мойынсеріктерінің - Т.Ж.) өкілдерінің құрылтайының сайлауын басқарғансың - дейді. (Мен ол мойынсеріктіктердің құрылтайына қатысқамын жоқ және сайлау өткен жерден 200 шақырымдай қашық жерде демалып жатқамын). Ал 1925 жылғы құрылтайдағы менің жасаған баяндамама келетін болсақ, онда мен қыр еліндегі қосшылар одағының мойынсеріктіктерінің (кооператив) құрылысына ғана тоқталғамын. Менің мойынсерік туралы пікірімді және ондағы баяндамамның мазмұнымен Қосшылар одағының қаулысының хаттамасынан танысуға болады.
б/. Мені осында - Қызылорда қаласында отырып-ақ, 1925-26 жылдары Семей уезіндегі Медет /Медеу-?/ болысындағы ру таласына басшылық етті, яғни, "ру басыларын тағайындады" - дейді. Мұны кәдімгі тіршілікпен қалай байланыстыруға болады өзі... Біздің өлкедегі уездік, болыстық мекемелерді былай қойып, орталықтарымыздың өзі губерниялық орталықтармен әзер байланысып, өзінің міндетін әзер атқарып отыр (Оның барлығы жердің тым қашықтығынан ғой). Жалпы алғанда, кейбір жеке адамды белгілі бір әлеуметтік топтың іс-әрекеттері үшін кінәләудің өзі әділеттілікке жата ма?
Мені сонау Медет болысындағы рулық тартысқа байланыстыру үшін де бір түйсікке түсінікті, ақылға сыйымды сылтау керек емес пе: ол үшін айғағы толық айып тағылып, уақыт пен ара қашықтықтың арасын есептеп барып кінә айтпай ма.
Ондай жағдай болған да емес және болмайды да. Медет болысында өткен оқиғалардың бәріне мені кінәлай беретін несі? Аталған рулардың өзара талас-тартысына менің ешқандайда қатысым жоқ екенін ашық мәлімдеймін және одан үзілді-кесілді бас тартамын.
Мені бұл ру таласына байланыстырып тұрған оқиға 1917 және 18-жылдары болған. Облысытық қазақ комитетінің (оның құрамында мен де бар едім) сол болыста 40 жыл бойы үзбей болыснайлыққа сайланып келген Молдабаевтарды билік тізгініне енгізбей қоюы болса керек. Біз ол кезде тек қана елдік, төңкерістік мақсатты көздедік, ешқандай да рулық мүддені көзге ілгеміз жоқ. Содан бастап заманның ығына қарай жығылып, әр қилы жолын тапқан Молдабаевтар өзінің қас жауы ретінде тек қана мені қарауылға алып (мен де сол болыстың адамымын, ал қазақ комитеті болса сол кезде-ақ тарап кеткен) аңдумен келеді. Ең бастысы - бұл арандату оған емес, сол Молдабаевтармен етене араласқан және араласып жүрген менің кейбір "достарыма" қажет болып отыр. Міне, бүкіл істің мәнісін түсіндіріп беретін жай осы. Басқаша болуы мүмкін емес.
3. Бұған қосымша мені тағыда: әлдебір жер туралы ерекше саясатты жүргізушілердің көсемі деп айыптаптды. Оған "көсемдік кесте" ретінде қалалық бақшада кешкі ас ішіп отырғанда Омаров жолдаспен әңгімелескенім алыныпты /Менің Омаров жолдасқа жазған хатымды қараңыз/.
Менің жер мәселесі туралы пікірім тергеудің хаттамасына баяндалған. Мен 1921-22 жылдан кейін жер мәселесімен айналысқан емеспін».
Осыдан кейінгі сұрақта тағы да жер мәселесіне баса назар аударылған. Кейбір жауаптардың ішінара қайталанатындай көрінгеніне қарамастан, тың деректер мен дәлелді қисындар келтірілгендіктен де қысқартпай ұсынамыз.
«Сізден өтінерім: менің Омаровпен, Сұлтанбековпен бетпе-бет кездестіру туралы тілегіме қарсы болмасаңыз екен, себебі, тергеушінің айтуы бойынша, мені Омаровтың (және) болыстың көрсетуі бойынша жауапқа тартқан екен, сондай-ақ жергілікті газетке менің Омаровқа жазған ашық хатымды жариялатуға мүмкіндік берсеңіз екен.
Маған тағылған негізгі айып бойынша (малды тәргілеуге арналған науқанға кедергі жасау) ешқандай да нақты айғақтар (қашан, қайда мен нендей кедергі істедім және қандай зиян келді) келтірілімеді, жоғарыда айтылған (тергеу жауабының хаттамасын қараңыз) жалпылама қойылған 2-3 сұрақтан басқа тергеуші маған ештеңе көрсетпеді. Ол туралы мен көп ештеңе айта алмаймын (өйткені ешқандай нақты айғақ келтіріген жоқ). Менің ойымша, жер-көктегі жаланы үйіп-төккен пәлеқорлардың жаласынан көрі, менің өзім қатысқан Тәргі туралы Заң жобасының бірнеше тармақтарын экономикалық негізге түсіру барысында істеген жұмыстарымды қарап шыққан абзал болар. (Ол құжатты тергеу ісіне тіркеуіңізді өтінемін), ал менің жалпы саяси көзқарасым туралы мәлімет керек болса, онда оны 1925 жылы Семей Губерниялық комитеніне жазған менің мәлімдемем мен тергеушіге беген жауабымнан біле аласыздар.
Менің бұл жауабыма қанағаттанбаған тергеуші (менің жауабымды медальдің жарқырауық жағы ғана деп ойлайды-ау деймін) маған (26, 27 және 28 қараша күні) барлық негізгі мәселелер бойынша баспасөзге пікір білдіру жөнінде ұсыныс жасады, мен оған үзілді-кесілді қарсы болдым, себебі, мен ең алдымен өзімнің азаматтық ар-намысымды таза сақтауды мақсат еткенмін, сондықтан да менің іс-әрекетімнен екіжүзділік байқалмауы тиіс, оның үстіне, мен "темір тордың ар жағында отырып" баспасөзге пікірім арқылы өзімнің "кінәмді" жууға ұмтылған сияқты екібетті боп көрінгім келмеді. Шындығына көшкенде, менің бұл қасарысуым түбегейлі қасарысу емес, мен темір тордан тыс, басқа жағдайда баспасөз арқылы пікірімді ашық білдіруге әрқашанда дайынмын.
Бұл тергеуге тән бір сәйкессіздік сол, жоғарыдағы келтірілген тармақтардың барлығы да бір-бірімен жалған желеу арқылы жалғанған, еш нақты айғақсыз жалаң сөзге құрылған. Бұдан келіп мынадай заңды сұрақ туады: егерде 1919-1929 жылдардың арасындағы іс-әрекетім үздіксіз зиянкестікпен астасып жатса, онда мені неге дер кезінде ұстамады, неге осы уақытқа дейін мені қызметімде тыныш жүргізді? Қандай адам (бақылау органдары жағынан) менің сондай аса қауыпты қастандығымның өршуіне жол беріп, ішмерездік жасаған?!
Жоғарыда баяндалған жайларды талдасақ, онда бүкіл тергеу барысының бір жақты үстірт жүргізілгенін, менің ешқандайда айыбымның, "үздіксіз жасаған зиянкестігімнің" жоқтығы туралы айтпағанның өзінде, өзімнің арымды өзімнің қорғауыма ешқандайда мүмкіндік берілмей отыр. Айыбымды айғақтайтындай ешқандай нақты деректер мен құжаттар маған көрсетілген жоқ, шындықты қалпына келтіру үшін тергеушілерге көмек көрсететіндей болмашы мүмкіндік жасауға да мұрсат бермей, істі ГПУ-дің коллегиясына жіберіп қойды.
Менің сенімім бойынша, мұндай сыңаржақ тергеудің жүргізілуіне, біріншіден: тағылған айыптың барлығы арам, жалақор адамдардың өсегіне құрылған (Біздің Қазақстанда мұндай жайлар өте жиі кездеседі) көрсетінділер болғандықтан да, ГПУ-дің өзін жаңсақ жолға салып жіберуі; менің өткен кезеңдегі бұрынғы "Алашорда" тұсындағы қайраткерлігім туралы, реті келгенде айта кетейін бұл іс-әрекетіміз ВЦИК Президиумының қаулысы (1919 жылғы және 1920 жылғы) арқылы кешірім жасалған, бір жақты пікір түюі болса керек. Тіпті мен бүгінгі қызметім үшін емес, сол өткен уақыттағы қайраткерлігім үшін айыпқа тартып отырған жоқ па екен деп те күдіктенемін, себебі, мен соңғы 9 жылда кеңес өкіметіне адал қызмет еттім.
Жоғарыдағы мәліметтеріме орай және 86 күннен бері ешқандай кінәсіз тұтқында отыруыма байланысты: сіздің жеке өзіңіз тергеу ісімен танысып, тиянақты әрі әділ тексеріп, менің әділетті талаптарымнан тиісті қорытынды шығаруыңызды сұраймын.
Менің бұл мәліметтерімді менің тергеу ісіме тіркеп қоюыңызды өтінемін.
Қосымша ретінде Омаровқа жазылған ашық хатты салып отырмын.
9.І. 1929 жыл. Қызылорда».
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»