«Гигиена – медицинаның өзегі»
(немесе санитарлық дәрігер – негізгі тұлға)
Премьер-министр Асқар Мамин
мырзаның назарына!
Адам – табиғаттың өнімі. Әрбір азамат өзінің өмір сүретін ортасы мен денсаулығын табиғатты аялағандай қорғауы тиіс. Ол үшін гигиеналық талаптар мен нормаларды бұлжытпай орындау қажет. Бұл – бүгінгі қоғамның, билік басындағы лауазымды тұлғалардың ортақ міндеті.
Еліміздің Ата Заңы – біздің барлық құқықтарымыз бен міндеттеріміз көрсетілген мемлекетіміздің бас құжаты. Біз осы құжатта айқындалған конституциялык кеңістікте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан Қазақстан Республикасы қабылдаған Заңдар мен Кодекстерде, басқа да нормативтік-құқықтық актілерде бекітілген талаптарды орындамауға, бұзуға ешкімнің хақысы жоқ!
Қазақстан Республикасының 2009 жылы18 қыркүйекте бекітілген «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс баптарына сәйкес, 2015-2018 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика және Денсаулық сақтау министрлерінің бұйрықтарымен бекітілген нормативтік-құқықтық актілердің негізгі нұсқасы орыс тілінде дайындалып, қазақшаға аударылған нұсқасын көргенде – оқуға ұяласың, қазақ болып туғаныңа өкінесің!
Мемлекеттік тілді, яғни Конституция мен «Тіл туралы» заңды аттап, оны таптап өтуге, Қазақстанда өмір сүріп жатқан және ел тұрғындарының 70 пайызынан асатын қазақтардың мемлекеттік тілде ақпарат алу құқын шектеу – өрескел заңбұзушылық, тіпті саяси қылмыс емес пе?! Қалың елдің жауапкершілігі жүктелген, халық үшін қызмет жасауы тиіс мемлекеттік лауазымды қызметке мемлекеттік тілде сөйлеуге арсынатын, ана тілін қадірлемейтін адамды «Мемлекеттік Бас санитарлық дәрігер» етіп кім тағайындаған?
Әлде біздің Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының заңдарын орындауды міндет деп санамай ма?! Кодекстің баптарына сәйкес, министрліктің бұйрықтары мен бекітілген нормативтік-құқықтық актілердің әр бабын оқымасаң, сыйламасаң, оған бойсынбасаң, түсінбесең, ол – жай ғана қағаз болып қалады.
Бүгінгі күні Денсаулық сақтау министрлігі құзырындағы «Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті» мамандары бекітілген нормативтік-құқықтық актілерге назар аудармай отырған әрекетсіздігінен осындай мүшкіл халге жетіп отырмыз.
«Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті» төрағасы және оның «білікті» бас маманы өз міндеттеріне селқос қарап, функциялары мен міндеттері бекітілген Ереже талаптарына бойсынбай: «Мемлекеттің іргесінің берік қалануы, нормативтік құқықтық актілер мен жай бұхара халықтың декреттелген тобындағы адамдардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайының қорғалуы Үкімет тарапынан бекітілген нормативтік-құқықтық актілердің заман талабына сәйкес болуына байланысты» екендігіне назар аудармай отырғандығы өте өкінішті!
Бұл бұдан да ауыр салдарларға алып келуі әбден мүмкін. Бүгінгі бекітілген «Санитарлық қағидаларда» орыс тілін биліктің төріне шығарып, қазақ тілін есіктен ғана сығалатып, масқаралап отырғандығы бұл ойыма дәлел.
Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының талабына Денсаулық сақтау министрі және Комитет төрағасының бойсынбай отырғандығын қалай түсінуге болады? Осы билік төбесінде отырған мырзалар қандай елдің Заңына бойсынып жұмыс істейді? Халық денсаулығын сақтау үшін бақылаудағы өндірістік кәсіпорындар мен инфрақұрылымда гигиеналық норманың орындалуын қадағалау мен ондағы жұмысшылар мен мамандарды денсаулыққа зиянды, аса кауіпті факторлардан және әлеуметтік жағдайларын қорғауға байланысты бекітілген Санитарлық қағидалар талаптарының орындалуына «Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің» мамандары нақты қадағалау жүргізуге міндетті және жауапты екендерін неге ескермейді?
Есесіне, жеке кәсіпкердің жазған өтініш хаттары, баспасөзде жарияланған мақаласы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы және Денсаулық сақтау министрінің жазбаша берген тапсырмасына «Санитарлық қағидалар талабы толық орындалды» деп, Департаменттен алған жалған мәлімдемені көшіріп жазумен шектеліп отыр. Бұл Комитеттің лауазымды тұлғасының Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің негізгі талаптарына бойсынбай отырғандығын көрсетеді!
Министрлік пен осы сала басшылары халық денсаулығын қорғау бойынша нақты жұмыстарды жасайтын, медицина инстиутының санитария гигиена факультетінде 6 жыл бойы оқып, гигиена пәнінен дәріс алған, гигиеналық нормаларды толық білетін – Санитарлық дәрігер атауын медициналық нозологиялық бірліктен шығарып тастап, оның атын толық өшірді. Қазіргі күні Комитет пен Департаменттің штаттық бірлігінде «Санитарлық дәрігер» деген атау мүлде жоқ. Оған – «бас маман, жетекші маман» деген айдар тағып отыр. Осындай арнайы атауы жоқ мекемеде Комитет, Департамент орынбасарлары – «Бас санитарлық дәрігер» деген лауазымға ие болып отырғандығы ақылға сыймайтын күлкілі нәрсе!
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті мен Департамент басшыларының мамандықтары – фармацевт! Гигиеналық норманы оқығандығы туралы арнайы білімі мен білігі болмаса, олар қалай гигиеналық норманың орындалмай жатқандығы жөнінде нақты шешім қабылдайды?! Қазақ «Лақ сойса да қасап сойсын» дейді. Арнайы білімі мен мамандығы жоқ адам Мемлекеттік санитарлық қызмет саласын қалай басқарады?
Санитарлық дәрігерлер жеке адамды емдейтін дәрігер емес. Олар – гигиена ғылымын арнайы оқып білім алған, гигиеналық нормалардан толық хабары бар, халықтың денсаулығын қорғау үшін жасалатын мынадай жұмыстарды:
– елді мекендердің санитарлық гигиеналық жағдайы мен ондағы өндірісік кәсіпорындар, әлеуметтік нысандардың жобаға сәйкес құрылуын, оларды пайдалану кезіндегі ауыз су, кәріз су, жылыту жүйелерінің гигиеналық нормаға сәйкес толық қамтамасыз етілуін;
– қоршаған ортадағы, өндірістік кәсіпорындар мен инфрақұрылымдардағы жұмысшылар мен мамандардың технологиялық құрылғылардан шығатын зиянды, аса кауіпті улы заттардың әсерінен пайда болатын созылмалы және кәсіптік аурулардан қорғалуын;
– ластанған атмосфералық ауа, ауыз су және топырақтар мен сапасыз азық-түлік арқылы жұғатын жұқпалы және паразитарлық аурулардан сақтануды;
– қансорғыш жәндіктер (кене, бүрге, бит, масалар) арқылы жұғатын әртүрлі трансмиссивтік аурулардың алдын алуды;
– тағам құрамындағы ауыр металдар мен дәрумендердің жетіспеушілігінен пайда болатын алиментарлық аурулардың және сапасыз тағамдардан уланудың пайда болу себебтерін анықтау (олардың алдын алу шараларын жүргізетін дәрігер – гигиенистер);
– халық арасында Үкімет тарапынан бекітілген нормативтік құқықтық актілер (Санитарлық қағидалар) талаптарының орындалуына жүйелі әрі жоспарлы іс-шаралар ұйымдастырып, олардың атқарылуын қамтамасыз ететін арнайы білімі бар маман!
Халық денсаулығын сақтауда осындай аса жауапты қызметке тағайындалатын Санитарлық дәрігерлер – гигиеналық білім-білігі мен жауапкершілігі жоғары, халықтың ден саулығын ойлайтын ақыл-парасаты мол, Мемлекет заңдары мен Үкімет қаулыларының талаптарын толық білетін және оны орындайтын саналы, қоғамның озық ойлы мемлекетшіл азаматтарынан тағайындалуы тиіс.
Өкінішке қарай, өндірістік кәсіпорындардағы адамдардың денсаулықтарын зиянды, аса қауіпті факторлардан қорғау үшін гигиена нормаларын сақтауға қадағалау жүргізетін санитарлық дәрігердің атын өшіріп, құқығын шектеп, оны медициналық нозологиялық бірліктен алып тастау – Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан Қазақстан Республикасы халқының денсаулығына, оның демографиялық өсіміне жасалып отырған қиянат!
Министрдің өзі бұйрығымен бекіткен «Санитарлық қағидалар талаптарында» жазылған әлеуметтік жеңілдіктерге адамдардың қолы жетпей отырғандығының дәлелі мыналар:
а) Қазіргі күні халықтың декреттелген тобындағы адамдар жарамсыз «Жеке медициналық кітапшамен» нысандарда жұмыс жасайды. Олар «Жеке медициналық кітапша беру, тіркеу және жүргізу туралы» Ұлттық Экономика министрінің 2015 жыл, 24 ақпан №126 бұйрығының №1 қосымшасында берілген Үлгіге сәйкес келмейді.
ә) Медициналық тексеріп қарау туралы ҰЭ министрінің 2015 жыл, 24 ақпан №128 бұйрығының талаптары орындалмайды. Емханаларда медициналық тексеріп қарау жүргізетін дәрігер Профпатолог мамандардың «кәсіптік патология» бойынша сертификаттары жоқ. Сондықтан да Қызылорда қаласының емханаларында өндірістік кәсіпорын және инфрақұрылым жұмысшыларын медициналық тексеріп қарау кезінде соңғы бес жылда бірде-бір «кәсіби ауру немесе іш ауруларын тасымалдаушы адамдар» анықталмаған. Бұл туралы Департамент Комитетке жалған ақпарат берумен шектеліп отыр;
б) Гигиеналық оқудан өту бойынша Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 12 сәуірдегі № 168 (бұдан бұрынғы № 449) бұйрығымен бекітілген «Санитарлық қағида талаптары» орындалмайды. Жұмыс берушімен жоспарлы түрде жасалуы тиіс Келісім шарт жасау жүйелі жүргізілмеген. Декреттелген топ өкілдері гигиеналық біліктілігін жетілдіру үшін жұмыс орындарын тастап, төлемақыны өз қалталарынан төлейді;
г) Бекітілген гигиеналық сала бойынша Санитарлық қағидаларда жазылған «қызметкерлерді екі ауысымдық арнайы киімдермен қаматамасыз ету» туралы талаптар орындалмағандықтан, декреттелген топ өкілдері арнайы киімдерін өздері сатып алып отыр. Бұл мәселе Департамент пен қалалық басқарма мамандары тарапынан бақылаусыз қалған.
Қызылорда облысының Департамент мамандарының осындай бекітілген нормативтік құқықтық актілер талаптарын уақтылы қадағаламайтын әрекетсіздігі, өз міндеттеріне жауапсыз қарайтындығы туралы «Халық» газетіне 2018 жылы наурыз айында мақала жарияланды. Осы газеттегі мақала мен өтініш хаттар Қазақстан Республикасының Бас порокуроры, облыс прокуроры мен қала прокуроры, Денсаулық сақтау министрі және облыс әкіміне жолданды. Сонда да мәселе шешімін таппады. Есесіне, орын алған заң бұзушылық әрекеттерге қарамастан, бұл мақала мен өтініш хаттарға «Қағидалар талаптары толық орындалды» деген жалған ақпарат берілді.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті мен Департамент мамандарының осы күнге дейін Санитарлық қағидалар талаптарын оқымағандығы, оларды толық білмейтіндігі өте өкінішті!
Бақылаудағы әлеуметтік нысандарда ауыр және денсаулықтарына зиянды жұмыстарды атқаратын – еден жуушы, дәретхана тазартушы, кір жуушы, ғимаратты күтіп ұстаушы, қоғамдық тамақтану орындары мен балабақшаларда жұмыс жасайтын адамдардың 95 пайызы әйелдер екенін түсінгісі келмей, бармақ арасынан қарап отырғандығы – олардың әрекетсіздігі, көнуге болмайтын жауапсыздығы! Егер біз, осылайша бекітілген гигиеналық нормалардан хабарсыз болсақ, гигиеналық білімі бар мемлекеттік санитарлық дәрігер қазір Денсаулық сақтау министрлігіне қажетсіз болса, онда еліміз халқының денсаулығын бақылауды кімге сеніп тапсыруға болады?!
Қоғам, мемлекет дегеніміз – халық! Халықсыз қоғам да, мемлекет те болмайтынын билікте отырғандар қашан түсінеді?! Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлері Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қызмет атауын жұлқыштап жұлып, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті», «Қоғамдық денсаулық сақтау комиттеті», «Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті» деп атап отыр. Сөйтіп, бұл қызметтің басшыларын өздері бекіткен құрылымда жоқ атаумен – «Бас санитарлық дәрігер» деп атайды. Бұл ешқандай құжатпен нақтыланбаған! Сонда қисын қайда, заң қайда, міндет пен жауапкершілік қайда?!
Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын қорғау үшін Денсаулық сақтау министрлігі құзырынан шығарып, тура Үкіметке бойсынатын арнайы «Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетін» құру мәселесін шешу керектігін халық қалаулылары неге ойланбайды? Медицина институтының санитария гигиенена факультетін бітірген, санитарлық дәрігер дипломы бар маманның атын өшіріп, орнына «бас маман», «жетекші маман» деген атауларды не үшін енгізіп отыр? Ал қазіргі коронавирус індеті жайлаған төтенше жағдайда барлығы «Санитарлық дәрігер» деп жар салуда. Қайда, сол санитарлық дәрігер? Ондай атау Комитетте, Департаментте немесе басқармаларда бар ма? Біз нені аңсап, кімді мазақтап отырмыз?!
Қазақ халқының «Ауырып ем іздегенше, аурмайтын жол ізде» деген дана сөзі – халықтың денсаулығын сақтауға және аурудан қорғауға арнайы айтылған. Осыған байланысты бірнеше мәселені тізбелеп айта кеткен жөн.
1.Халықтың әртүрлі ауруларға шалдықпау жолын, оның себебтерін анықтап, бекітілген гигиеналық нормаға сәйкес өмір сүруді насихаттайтын білікті маман – санитарлық дәрігер!
2.Халықтың гигиеналық біліктілігін жетілдіретін, оларға жеке бас гигиенасын үйрететін де санитарлық дәрігер!
3.Халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған мемлекет заңдары мен кодекстердің, үкімет қаулылары мен басқа да нормативтік-құқықтық құжаттар талаптарының орындалуын қадағалаушы – санитарлық дәрігер!
4.Гигиена нормалары сақталмаған нысанда санитарлық қағидалар талаптары орынлалмаған жағдайда халықтың денсаулығы болмайды. Оны да қадағалайтын – санитарлық дәрігер.
5.Санитарлық дәрігердің қоғамдағы орнын, оның қадір-құрметін түсінбеушілікке, құқығын қорлауға, қоғамнан шеттетуге жол берілмеуі керек! Оны түсінбейтін басшы халықты қасіретке ұшыратады.
6.Денсаулық сақтау министрі мен Бас санитарлық дәрігерге- халықтың денсаулығы оларға – тәжірибе жүргізетін зертхана еместігін және кері жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатындықтарын түсінулері тиіс!
7.Гигиена – медицинаның өзегі, санитарлық дәрігер – бұл салада негізгі тұлға екенін ешқашан ұмытпаған есімізден шығармаған жөн!
Бүгінгі коронавирус кезіндегі індеттік жағдайда санитарлық дәрігер қызметінің аса маңызды екенін халық түсінді. Енді мұны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі мен оның құзырындағы «Бас санитарлық дәрігер» атауына ие мырзалар мен ханымдар да терең түсініп, нақты шешім қабылдауы қажет деп ойлаймын.
Ең дұрысы, санитарлық бақылау қызметі – өз атына лайық болып, халықтың денсаулығын сақтау бойынша нәтижелі жұмыс жүргізуі үшін, жоғарыда айтқанымдай, оны Денсаулық сақтау министрлігі құзырынан шығарып, тура Үкіметке бойсынатын арнайы «Мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау комитетін» құру қажет!
Сәбит Дәрібаев,
КСРО және ҚР денсаулықты сақтау жүйесінің үздігі:
Жазып алған: Құтмағамбет Қонысбай
Abai.kz