Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2038 0 пікір 24 Маусым, 2009 сағат 22:07

Шадияр МОЛДАБЕК. Футболға миллиондап ақша шашып жатырмыз

 

 

«Ордабасы» футбол командасына бас бапкерлікке Владимир Никитенко келгелі шымкенттік аяқдопшылар ойыны жұрт күтпеген жаңалықтарға толы болуда. Өткен жылы қызылордалық «Қайсар» командасын өгізше өрге сүйреген Никитенконың оңтүстікқазақстандық команданы жаттықтыруға келгенде жанкүйерлер де, аяқдоп мамандары да үлкен жетістікті қолға қондырғандай қуанғаны рас. Әйтпесе өткен жылы 12-орынға төмендеп кеткен «Ордабасы» премьер-лигадағы орнын әрең сақтап қалған-ды. Одан арғы жылғы көрсеткіш те мәз емес: 9-орын. Бір сөзбен айтқанда, соңғы жылдардағы ең жоғары жетістікке 2005 жылы ғана жетіп, 6-орынға тұрақтаған екен. Сол себепті оңтүстікқазақстандық жанкүйерлердің үкілі үміті сағымға айнала бастағандай еді.
Рас, шымкенттіктер биыл да алғашқы ойындарын сүреңсіз өткізді. Маусымашар матчты ұтылудан бастаған «Ордабасының» ойынын өз алаңында тамашалаушылар қатары да сиреп кетті. Алғашқы жеңісіне жанкүйерлерін сағындыртып барып әрең жеткен ордабасылықтар кейінгі ойындарында ғана көзге көріне бастады. «Ертіс» командасына жауапсыз қос доп салды. Іле-шала көрші жамбылдық аяқдоп шеберлерін 5:0 есебімен қапы қалдырды. Көш басынан көрініп келе жатқан «Локомотив» командасын да 1:0 есебімен тізе бүктіргенде қонақтар жоқ жерден бүлік шығарып, төрешінің үстінен Ұлттық футбол лигасының басшылығына шағым түсірген еді. Төрешіні айыптаған арызына алаңның талапқа сай болмағанын да қосып қойды. Әйтеуір қатты шамданды. Дегенмен «Локомотивтің» бас бапкері Сергей Юранның арызы қанағаттандырылмады. Керісінше, бүйректен сирақ шығарғысы келгендері үшін бас бапкер мен ойыншы Тихонов жазаға тартылып, үлкен сомада айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Осы ойыннан кейінгі кездесуде есе қайтаруға қатты дайындалған «Ертістен» 3:0 болып ұтылып қалды. Су сепкендей басылған жанкүйерлер көңілін соңғы екі ойындағы жеңіс қайта көтергендей болды. «Оқжетпеске» жауапсыз 4 гол, «Қызылжарға» бір доп салды. Ордабасылықтар 19 ұпаймен әзірге бесінші орында келеді. Әрине, жақсы ойын өрнегін көрсетіп, көш басынан көрінгенге не жетсін! Бірақ біздің бүгінгі айтпағымыз басқа. Әлі күнге дейін әлем алдында абырой әпермеген футбол ойыны Қазақстан үшін қаншалықты пайдалы?
Атам қазақ «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар…» деп айтып кеткен. Алайда дәл қазір ала доп қуғандар озып тұр. Әлем аяқдопшыларының алдында абыройымызды асқақтатпаса да. Неге дейсіз ғой? Ендеше бірге сарапталық.
Дағдарыс доп тәріздес дүниені түгел шарлағанымен, допты төңіректей қоймаған сыңайлы. Дәлірегі, қазақстандық футболшылардың қалтасына қол салмапты. Облыстық футбол федерациясының вице-президенті Мұхтар Оразалиевтің айтуынша, клубтағы ең жоғары жалақы 1 миллион 300 мың теңгеге жетеді екен. Мәселен, Т.Нөсербаев, Д.Пархачев, О.Шкред, В.Сальников секілді команданың беткеұстар ойыншылары ай сайын осынша ақшаны сытырлатып санап алады. Бұл аз десеңіз, сыйақы көлемін тағы қосып қойыңыз. Сырт алаңдағы жеңісі үшін ойын алаңында өнер көрсеткен әр футболшыға 360 мың, өз алаңындағы жеңісі үшін 240 мың теңге сыйақы беріледі. Қызығушылық танытып, қарапайым есепке салып көрсеңіз, байлықтан басыңыз айналуы бек мүмкін. Сонда бір футболшы жылына қанша табыс табатынын есептей беріңіз. Салыстырмалы түрде алар болсақ, әлемнің аяқдопшылары қанша жалақы алады екен? Германияның Transfermarkt агенттігінің мәліметінше, Шығыс Еуропа клубтарында өнер көрсететін футболшылардың орташа еңбекақысы онша көп емеске ұқсайды. Мәселен, 2005-2007 жылдар аралығында қатарынан үш рет Венгрия чемпионы атанған «Дебрецен» – Еурокубоктарға да тұрақты түрде қатысатын клуб. Құрамында Венгрия ұлттық құрамасының бірнеше белді мүшесі ойнайды. Әлемдік футболда өзіндік орны бар көрші Ресей мен Украинаның кез-келген командасымен тең дәрежеде ойнай алады. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік аренада орны бар команда. Міне, осындай азулы клубтың үздік ойыншыларының өзі 1500 еуро жалақы алады екен. Теңгеге шаққанда бұл шамамен, 312-313 мың теңгеге тең келеді. Ордабасылық ойыншылардың жалақысымен арадағы айырмашылық –  жер мен көктей. Есесіне, елге сіңіріп отырған еңбектері де екі бөлек. «Дебрецен» десе жанкүйерлер Венгрияны қоса айтады, ал «Ордабасы» арқылы қай шетелдік жанкүйер Қазақстанды ауызға алады? Бұл тек «Ордабасыға» ғана қатысты әңгіме болмаса керек. Рас болса, «Ақтөбе» мен «Тобыл» секілді командалардың жалақылары бұдан да қомақты дейді. Сонда бұл қаражаттың қайтарымы қандай? Құмға сіңген сумен бірдей емес пе? 
Әрине, өзгенің қалтасындағы қаржыны санау әбестік болар. Дегенмен бұл қаражат сіз бен біздің салығымыздан жинақталып жатқанын да ұмытпау керек. Осынша ақша шығындайтындай футбол бізге қандай пайда әкеліп жатыр, қай жыртығымызды жамауда? Қазақстанның төрткүл әлем алдындағы абыройын асқақтатуға футбол емес бокс, күрес, ауыр атлетика секілді спорт түрлері атсалысуда. Спорт саласында қызмет ететін мамандардың айтуынша, аталған спорт түрлерімен шұғылданатын талантты шеберлердің алатын айлығы 15-20 мың теңгенің төңірегінде екен. Онда да демеушілер есебінен. Саралап көрсеңіз, еліміздің абыройын асқақтатып, түрлі додаларда көк туды көкте желбірететін осы спорт түрлерінің майталмандары емес пе? Ендеше өнуі қиын көшеттің түбіне миллионның суын құя бергенше, неге өздігінше өнуге талпынып жатқан көшеттің түбін қопсытып, көң салып, баптамасқа. Бізге қажеті өнім беретін осы секілді спорт түрлері болса керек. Әйтпесе футболға қыруар қаржы жұмсалып-ақ жатыр емес пе? Ал мақтанарлықтай қандай жетістігіміз бар?

 


Шадияр МОЛДАБЕК, Оңтүстік Қазақстан облысы
«Алаш айнасы» газеті 24 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502