Жұма, 22 Қараша 2024
Талқы 4537 12 пікір 1 Мамыр, 2020 сағат 12:19

«Жовтистің талаптары Конституцияға қайшы!»

Қазір елішілік талқының тақырыбы - «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы. Дәлірек айтсақ, жұрт талқы-таласында - заң жобасының өзінен гөрі белгілі  құқық қорғаушы Евгений Жовтистің қарсылық ауандағы пікірі. Қоғам белсенділерінің һәм сергек саналы азаматтардың пікірі екіге жарылған, қазір. Бір тобы Жовтисті жақтаса, екіншілері оның ұсынысы - еліміздің территориялық тұтастығына қауіп төндіреді, дейді.

Ал аталған заң жобасы Парламент қарауынан өтіп, Ақордаға жіберілген. 8 сәуірде Мәжіліс мақұлдап, 30 сәуірде Сенат қарады. Заң жобасы туралы баяндама жасаған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев: «Қарама-қайшы пікір көп болды. Сын-ескертпенің бәрі ескеріліп, заң жобасына айтарлықтай өзгеріс енгізілді», - деген.

Ол бойынша, митинг өткізу үшін кемі 5 күн бұрын рұқсат алу керек (бұрын 15 күн болған), ал билік өкілдері 7 күннің ішінде жауап беруі міндетті.

Аталған заң жобасына қатысты белгілі адвокат, қоғам белсендісі Абзал Құспан өз пікірін білдірген болатын...

Елдігімізді сақтап қалайық, ағайын!

Абзал Құспан, адвокат:

- Ардақты ағайын, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы Парламент қабырғасынан шықты. Шыға салысымен көптеген құқық қорғаушылар мен сарапшылар, мамандар тарапынан сынға ұшырауда. Бірден айта кетейін, осы заң жобасының бірқатар нормаларын сынап, пікірімді білдіріп келемін. Бұл туралы БАҚ бетінде айттым, жаздым, видео-аудио жазбаларым бар.

Бірақ, дәл осы қазіргі таңда Евгений Жовтис бастаған бір топ маман жаңа заң ішіндегі: «Шетелдік және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстанда митингіге шыға алмайтынына байланысты норма Еуропаның және халықаралық ұйымдардың шарттарының, адам құқығы жөніндегі бөлімдеріне сәйкес келмейді», - деп мәлімдеп, бұл заңға бойкот жариялады.

Осыған қатысты мен принципті көзқарасымды білдіргім келеді. Бұдан бұрын, әуелі, осы заң жобасының қазіргі қолданыстағы Конституцияға сәйкес келетінін, ал Евгений Жовтистің талаптары осы Конституцияға қайшы келетініне тоқталғанды жөн санадым.

Біріншіден, Конституцияның 32-бабында митингілерге қатысты былай деп көрсетілген: «Қазақстан Республикасының азаматтары бейбiт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер өткiзуге және тосқауылдарға тұруға хақылы».

Бұдан түсінетініміз, бұл жерде альтернатива болатындай норма жоқ. Қазақстан Республикасының азаматтарына ғана берілген айырықша прерогативті құқық екенін ескерткен абзал. Бұл бір.

Екіншіден, кез-келген елде халықаралық шарттардан бөлек өзінің ұлттық заңнамасы болады және оның белгілі бір ерекшеліктері болатыны жасырын емес.

Оған нақты мысал келтірсем, бірнеше жыл көлемінде екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісті сылтау қылып, Ресейдің «Ночные волки» деген байкерлер қоғамы Жеңісті Берлинге барып тойлаймыз деген мақсатпен бірнеше рет елдің аумағынан автобуспен немесе өздерінің мотоциклдерімен шерулер ұйымдастыруда. Бірақ Еуропа одағына кіре алмауда. Себебі Польшадан бастап оларды әрі қарай өткізуге тыйым салып тастап жатыр. Ал Евгений Жовтис айтқан халықаралық адам құқықтары жөніндегі нормаларға сәйкес, оларда азаматтығы жоқ немесе шетелдік азаматтың шеруге шығуына рұқсат етілген. Дегенмен дәл осы жағдайда «Ночные волки» байкерлерінің көтеріп жүрген ұраны, ол – сталинизмді, кеңес үкіметін, сондай-ақ орыс ұлтшылдығын насихаттау. Бұл Еуропа елдерінің ұстанымына қарама-қайшы келетіндіктен, бейбіт шеру өткізбек түгілі, өз аумақтарына жолатпауда. Осыған байланысты Ресейдің Сыртқы істер министрлігінен бастап әртүрлі деңгейдегі басшылары, саясаткерлері негатив пікірлерін жеткізуде.

Тағы бір мысал, 1991 жылы Орал қаласында жергілікті казактар мен сырттан, Ресейдің көптеген облыстарынан, сонау Санкт-Петербург пен шекарадағы бес аймағынан казачество өкілдері келіп, Орал казачествосының Ресей империясына қызметінің 300 жылдығын тойлауға ниет етті. Бұл жерде үлкен халықаралық жанжалдың алды алынды. Әрине қақтығыстар болды. Жергілікті қазақ халқы, сол кездегі «Азат» партиясы өте белсенді әрекет етті, аштық жариялады. Ең бастысы ұлтаралық жанжалдың беті қайтарылды.

Аталмыш оқиғалардан түйер сабағымыз, бұл заң нормасы өзгеріске ұшырап, шетел азаматтарына да, азаматтығы жоқ адамдарға да митингіге шығуға рұқсат беріп қоятын болсақ, сондай жағдайлардың қайталанбасына кім кепіл бола алады?!

Сондықтан мен заңгер, қоғамның белсенді өкілі ретінде дәл осы норманы қолдауға шақырамын. Өйткені бұл заң жобасы Парламент қабырғасынан шыққанымен, Президент Әкімшілігіне жолданып, Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін белгілі бір уақыттан кейін барып күшіне енеді. Қажетті қағиданы сақтап қалуға атсалысайық, ағайын!

;feature=youtu.be&fbclid=IwAR2dDg4_GrG7_DOy-O0YkRbHWEo7j8lLERQV9v70-S9iJ0B0udWTeUO9KAM

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5314