Екінші дүниежүзілік соғыс және қазақ жауынгерлері
Түркі әлеміндегі ең жаугер ұлт қазақтардың Ресей Империясы боданында болған шақтағы ірі әскери-саяси оқиғаларға қатысуын орыс тарихшылары 1812 жылғы «Отан Соғысы» және 1941-1945 жж. «Ұлы Отан соғысы» деген әсіре саясиланған империялық мүддені көздейтін терминдермен атап жүр. Екі тарихи-терминологиялық атау да әлемдік тарихнамада мүлдем басқаша аталады.
Алғашқысы – «Еуропа Халықтары соғысы» делінсе, соңғысы – 1939-1945 жылдардағы «ІІ Дүниежүзілік Соғыс» деп айтылып жазылады. Тек Ресей ғана «ала қойды бөле қырқуда». Осы «ала қойды бөле қырқушылыққа» Орталық Азия елдерін де тартқысы келеді.
Шындығында сол кездегі қазақ еліндегі және Ресей мен Орталық Азияда тұратын қазақ ұлтының 1893-1927 жылдар аралығында туған азаматтары ең әуелі 1939-1940 жылдардағы КСРО аннексиялаған елдермен болған әскери қақтығыстарға қатысып, қызыл империяның территориясын кеңейту операцияларына араласты. Әскери борышын қызыл әскер қатарында 1939-1940 жылы өтеушілер болса, 1940 жылғы орыс-фин соғысының дәмін татты. Қазақтар ІІ Дүниежүзілік соғысқа ол басталған бірінші күннен бастап қатысты. Неге біз оның алғашқы екі жылын алаш жұртына қатыссыз сөз етуіміз керек!?
1939-1945 жылдар аралығында әскери тұтқын болған қазақтарға «Отанын сатқан опасыз» деген ат тағылды. Өз солдатын жау қолына тастаған КСРО әскери қолбасшыларының кінәсі мен дарынсыздығы неге ауызға алынбайды!?
Ресей тарихшылары батыр бабаларымыз қатысқан, қанын төккен әм жат жерде көз жұмған, әскери тұтқында азап шеккен 1939-1940 жылғы әскери қимылдарды жадымыздан шығарып, тек 1941-1945 жылғы Шығыс майдандағы орыс-неміс (кеңес-алман) соғысын ғана әспеттеуді бізге жанын сала насихаттауда. Иә, қазақтар 9 мамырды жеңіс күні деп емес, 1939-1945 жылдары ел аумағынан тыс жерде, туған отанынан жырақта көз жұмған 1893-1927 жылдар аралығында туған қазақтардың аруағына тағзым ету күні деп атап өтсе, ал, 2 қыркүйекті 1939-1945 жылдары ел аумағынан тыс жерде, туған отанынан жырақта көз жұмғандар мен қан төккендерді жалпыұлттық ұлықтау күні ретінде еске алу дәстүрі қалыптасатын уақыт жетті.
Отандық тарихшыларымыз 1939-1945 жылғы ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ еліндегі және РФ мен Орталық Азияда тұратын қазақ ұлтының жауынгерлерінің әскери-тарихи есімдік-әліпбилік энциклопедиясын шығаратын уақыт жетті. Сонда біз РФ Орталық Азияға жөнсіз тықпалап отырған 1941-1945 жж. «Ұлы Отан соғысы» деген әсіре саясиланған империялық мүддені көздейтін ұғым-түсінігінен біржола құтыламыз.
Осы бір ұлттық мүдденің күрмеуі қиын мәселесін енді ғана «КСРО шекпенінен шыққандарды алмастырып» билікке келіп жатқан «елудегі ел ағалары» біржайлы етеді деген үміт жоқ емес. Бұл орайда Парламентте отырған саяси партиялардың депутаттары тарапынан 9 мамырды «1939-1945 жылғы ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқандарды еске алу күні», 2 қыркүйекті «1939-1945 жылғы ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқандарды ұлықтау күні» деп жариялауы Ұлт тілегі! Ұлт тілегі ешқашан аяқ асты болмауы керек!
Әбіл-Серік Әліәкбар
Abai.kz