Мұхтар ҚАЗЫБЕК. ШОНА АҒАНЫҢ БАСТАУЫМЕН...
Бiлiм-ғылым жолына шындап түскен жандардың табиғаты мүлдем бөлек. Олар атақ-мансап үшiн емес, шынайы ғылым үшiн қажымай-талмай еңбектенуде. Бүгiнде алпыс жасқа толып отырған мен бiлетiн Мұхтар Қазыбек сондай жан. Талай рет тарих, әдебиет, мәдениет, шежiре туралы пiкiр алысқаным бар едi. Бiрнеше ғылыми кiтаптардың авторы. Аудармалары қаншама. Басқаларын былай қойғанның өзiнде, оның «Бәйдiбек баба: аңыз бен ақиқат» атты зерттеу еңбегiнiң өзi неге тұрады десеңiзшi. Осы тақырып төңiрегiнде бұрын аса ескерiлмей келген қаншама тарихи деректердi алға тартып, тыңнан тұжырымды ой айтқан. Сол үшiн оны кезiнде талап-талғамы терең, қоғам және мемлекет қайраткерi Асанбай Асқаров жоғары бағалап, Мұхаммед Хайдар Дулати қоғамдық қорының директорына лайықты жан деп ұсынған едi.
Бiлiм-ғылым жолына шындап түскен жандардың табиғаты мүлдем бөлек. Олар атақ-мансап үшiн емес, шынайы ғылым үшiн қажымай-талмай еңбектенуде. Бүгiнде алпыс жасқа толып отырған мен бiлетiн Мұхтар Қазыбек сондай жан. Талай рет тарих, әдебиет, мәдениет, шежiре туралы пiкiр алысқаным бар едi. Бiрнеше ғылыми кiтаптардың авторы. Аудармалары қаншама. Басқаларын былай қойғанның өзiнде, оның «Бәйдiбек баба: аңыз бен ақиқат» атты зерттеу еңбегiнiң өзi неге тұрады десеңiзшi. Осы тақырып төңiрегiнде бұрын аса ескерiлмей келген қаншама тарихи деректердi алға тартып, тыңнан тұжырымды ой айтқан. Сол үшiн оны кезiнде талап-талғамы терең, қоғам және мемлекет қайраткерi Асанбай Асқаров жоғары бағалап, Мұхаммед Хайдар Дулати қоғамдық қорының директорына лайықты жан деп ұсынған едi.
Мұхтар Қазыбек - тiл жанашыры. Оның осыдан жиырма бес жыл бұрын көрнектi ақын Шона Смаханұлының оң қолы ретiнде, өзге де ерiктiлер тобын жұмылдыра отырып, Алматыдан қазақ мектептерiн ашу үшiн бюрократтық әкiмшiлiкпен жанкештi, ымырасыз күрес жүргiзгенiнен жұрт хабардар. Ұлттық мектеп мәселесiнде сiресiп, қатып қалған сеңдi алғаш бұзған да солар едi. Бұл шын мәнiндегi тiл үшiн, ұлт болашағы үшiн ерлiкпен пара-пар күрес әрi үлгi тұтар патриоттық iс болды. Сол күрестiң бүгесi мен шiгесi әлiкүнге толық айтылып бiткен жоқ. Жуырда Мұхтар Қазыбектен сол бiр кезеңнiң көпшiлiкке әлi де беймәлiм жақтары туралы мақала жазып беруiн өтiнген едiк. Төменде соны сiздердiң назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ
Өткен ғасырдың 85 жылына дейiн КСРО-да ұлт жөнiнде үстемдiк еткен сұрқия саясаттың қайта құру кезеңiнде iргесi шайқалғаны жұртқа мәлiм. Әсiресе орыс тiлiн жалпыға бiрдей ету үшiн, ұлттық мектептердi жауып, ұлттың өз ана тiлiнде оқып дамуына үлкен кедергi келтiрген болатын. Жариялылық кезiнде қазақ мектептерi мен балалар бақшасын ашу мәселесiн ендi жеке адамдар емес, өтiмдi әрi салмақты болу үшiн ұйымдар атынан, ұжым атынан қойыла бастады. Бұл игiлiктi шараның басында белгiлi сатирик ақын Шона Смаханұлы жүрдi. Ұлы Отан соғысының ардагерi Шона Смаханұлы Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегi хатшысы О.Сүлейменовпен келiсiп, Одақ жанынан қазақ мектептерiмен айналысатын бөлiм ашып, белсендi iс әрекетке бiлек түре, тайсалмай әрi тайсақтамай тiке кiрiстi. Шона Смаханұлы республика басшысы Д.Қонаевтың құзырына бұл мәселенi жеткiзiп, ағарту саласындағы солақайлықты, қазақ мектептерiнiң жабылып, жыл сайын оқушылар санының да азайып бара жатқанын, мұның өзi ұлтымыздың болашағына қауiптi екенiн көтерiп, дабыл қақты. Шона Смаханұлының жан айқайына Жазушылар одағының кейбiр мүшелерi, журналистер, зиялы жұртшылық жедел үн қосып, қолдау бiлдiрдi. Республиканың баспасөз беттерiнде қазақ мектебiнiң тағдыры жайында қоғамдық пiкiр көтерiле бастады, мұның да басы-қасында жүрген азамат Шона Смаханұлы болатын.
Алматы қаласындағы жалғыз №12 мектептен басқа (бұл мектептiң өзi де кезiнде жабылып қала жаздады, С.Мұқанов, Р.Бердiбаев және т.б қаламгерлер мәселенi орталықтың алдына қойып жүрiп, мектептi жабылудан аман алып қалған), кейiннен ашылған мектептердiң бәрiне де Шона Смаханұлының тiкелей қатысы бар. Шона Смаханұлы дүниеден қайтқанға дейiн қалада 24 қазақ мектебi бой көтердi. Оқушылар ана тiлiнде оқып, бiлiм ала бастады. Бiр адам үшiн бұл аз үлес емес. Шона Смаханұлы осы мектептер ашылғанша Қазақстан КП Орталық Комитетiнiң идеология хатшылары, Бiлiм министрлiгi, қалалық бiлiм беру басқармасы, қаладағы 8 аудандық (ол кезде 8 аудан бар едi) партия, атқару комитетi басшыларының, оқу бөлiмдерi меңгерушiлерiнiң бәрiнiң дерлiк табалдырығын тоздырғанын жақсы бiлемiз. Қалалық бiлiм беру басқармасы, аудандық бiлiм беру бөлiмдерiнiң ұлттық мәселеге марғау қарап, бас шұлғып келген шенеунiктерiн Шона Смаханұлы алғаш рет сiлкiп-сiлкiп, ұйқысынан селт еткiзiп оятты. Сеңдей сiрескен бюрократтармен күресiп, бюрократизммен айқасты. Талайлардың бет-пердесiн сыпырып тастады. Сол үшiн өзiн де аяп қалған жоқ. Ол ұлттық мектеп проблемасына, оқыту iсiне өзiнiң мiндеттi атқаруға тиiс шаруасындай қарады. Уақытпен есептесiп жатпады, қай жерде мектеп ашылуға мүмкiндiк болса, Шөкең сол жерден табылып, жiгiттердi, ата-аналарды ұйымдастырып, дереу класс немесе мектеп ашуға жұмылдырып отырды. Көтерген мәселесiнiң қазығын мықтап тұрып қағып жiберетiн әрi iстi өзi бақылап, қадағалап отыратын. Сөзi де, қаламы да батыл қайсар жан алған бетiнен қайтпайтын әрi қаймықпайтын жүректi азамат едi. Мектеп ашу iсiнде дәл Шона Смаханұлындай батыл күрескен қаламгер жоқ. Көбi сөзбен ғана қолдап, басын ауыртпай шығарып салып жүрдi. Ал сатирик ағамыз құзырлы мекемелер басшысы алдында "ақырып" теңдiк, әдiлдiк сұрады.
Мекеме басшыларымен қызыл кеңiрдек болып айқасқан, кейiн оларды ашық түрде газет беттерiнде аты-жөндерiн атай отырып, қатал сынап мақала да, сатиралық өлең де жазып түйреген қаламгер осы Шона Смаханұлы болатын. Елiмiздiң келешегi, ұлт болып қалудың түп негiзi отбасы мен ұлттық мектепте деп бiлдi. Ата-аналарға «Баланың тiлi ең алдымен ана тiлiнде шығуы тиiс, мектепте одан әрi жетiлiп, дамуы керек» деп айтудан еш жаңылған емес. Тiлi орысша шыққан қазақ балаларының бiлiмдi де орыс тiлiнде алатыны, ақыры туған тiлiнен, тарихынан мақұрым болып қалатынын ойлап, көкiрегi қарс айырылушы едi. Оның көз алдында орын алып отырған осы әдiлетсiздiкке қарсы аянбай күресуiнiң де мәнi сонда болатын. Смаханұлы қазақ мектептерi, балабақшалар iсiн алғаш мемлекеттiк деңгейде жоспарлы түрде қолға алу қажеттiгiн көтерген әрi соны жүзеге асырған да қаламгер.
Әлi есiмде... 1986 жылы "Айнабұлақ" ықшам ауданында жұрт көбiрек жүретiн жол бойына, сондай-ақ автобус аялдамаларында № 118 мектепте пәлен күнi, пәлен сағатта ата-аналардың жалпы жиналысы болады. Онда қазақ кластарын, балалар бақшаларын ашу мәселесi қаралады. Жиналысқа Р.Бағланова сынды әртiстер, Ш.Смаханұлы, М.Тоқашбаев, т.б. белгiлi жандар, баспасөз қызметкерлерi және ақындар қатысады деген мәтiнде машинкаға басылған хабарландырулар iлiнiп, сол күнi жиналған көпшiлiк алдында Ш.Смаханұлы ұлттық мектеп мәселесiн, қазақ кластарын, мүмкiндiк болса жеке мектептерiн ашуды алға тартып, жұрт алдында мәселенi ашық қойды. Шәкеңнiң жанында сол кездегi "Бiлiм және еңбек" журналының қызметкерi, бүгiнде "Президент және халық" газетiнiң бас редакторы Марат Тоқашбаев, "Социалистiк Қазақстан" газетiнiң тiлшiсi Сәуле Iлiмтонова және т. б. қаламгер жiгiттер бар едi. Шона Смаханұлы: - Сiздердiң мына жиынға келгендерiңiзге рахмет, - деп бастады сөзiн. - Ата-аналар көбiне енжарлық танытып, белсендiлiк көрсете бермейдi. Мәселенi бiзсiз де жоғары жақтың өзi шешедi деп самарқаулық танытады. Жоқ, жоғары жақ қазақ мектептерiн ашу мәселесiн осы уақытқа дейiн шешпей келедi. Бiздiң ұлттық мүддемiз қаға берiсте қалып жатыр. Өз мәселемiздi, өз мектебiмiздi өзiмiз тиiстi орындарға ашық қоймасақ, басқа бiреулерге сенудiң қажетi жоқ. Мынау төрт ықшамауданнан тұратын "Айнабұлақта" бiрде-бiр қазақ мектебi, не балабақшасы жоқ. Мұнда қазақтар тұрып, өмiр сүрiп жатқан жоқ па? Ал солардың мүддесiн кiм шешпек? Қаланың басқа аудандарындағы жағдай да дәл осындай. Мектебiмiз болмаса тiлiмiз жойылып, ұлттық келбетiмiзден, табиғи болмысымыздан айырылып қаламыз. Бұл намысы бар адамның шымбайына, жанына тиетiн жайт, ағайын. Сiздердiң бұл мәселелерiңiз бәрiмiзге ортақ. Бiз әдiлетсiздiктi көрiп-бiлiп отырғандықтан, намысқа шауып алдарыңызға келiп отырмыз. Ұсынысым мынау болсын: Бiрiншiден, осы ықшам ауданда қазақ мектебiн ашу жөнiндегi ынталы топ құрылсын. Ол ерiктi түрде жұмыс iстесiн.
Екiншiден, ынталы топ қазақ мектебiне баратын оқушылардың, әсiресе 1,2,3, яғни бастауыш класқа баратын балалардың тiзiмiн алатын болсын. Үшiншiден, ынталы топ төрт ықшам ауданды бөлiп алып, үйме-үй аралап, ата-аналарға жолығып, мектепке баратын балаларын қазақ класына мiндеттi түрде беруге үгiттеп, түсiнiк жұмысын жүргiзудi қолға алсын.
Төртiншiден, орыс мектептерiндегi қазақ балаларын қазақ мектебiне ауысуға үгiттеп, нақты тiзiмдерiн жасау қажет.
Бесiншiден, әрбiр ата-ана көршi-қолаңына, жақындарына қазақ мектебiнiң ашылатынынан хабардар ететiн болсын,- деп сөзiн аяқтады. Үш сағатқа созылған сол жиында кеудесiнде ұлттық намысы бар ата-аналар Шөкеңнiң бастамасын қолдап, қызу пiкiр таластырып, мәселенi қайтсе тезiрек шешуге болатыны жөнiнде өз ойларын ортаға салды.
Сөйтiп, 1986 жылдың тамыз айының басында ата-аналар жиналысында көтерiлген бұл мәселе, сол қозғалған күннен бастап қолға алынды, ерiктi түрде жұмыс жүргiзетiн ынталы топ құрылды. Нақты жұмыс жоспары жасалынды, мiндеттер бөлiсiп, уақыт өткiзiп алмау керектiгi ескерiлдi. Ең қиыны әрi күрделi iс ата-аналармен жүргiзiлген жұмыс едi. Бiрi дұрыс қабылдаса, екiншiсi "Осы уақытқа дейiн қайда жүрдiңдер? Ұйқыларыңнан ендi ояндыңдар ма?" деп өздерiне емес, ынталы топқа кiнә артып, дүрсе қоя бердi. «Балаларымызды орыс кластарына беремiз. Себебi қазақ кластарында бiлiм нашар, мықты мамандар жоқ. Балалардың бiлiм деңгейi төмендеп кетедi» - деп сенiмсiздiк бiлдiрiп, уақытымызды босқа алды.
Бiзге қатысы жоқ болса да айтқан сындарын, ескертпе-ренiштерiн, тiптi күдiктерiне дейiн қабылдап, бәрiне шыдауымызға тура келдi. Алайда бiздi жақсы түсiнген ата-ана қуана қарсы алып, өздерi де ынталы топқа кiрiп, көмектерiн аямады.
1986 жылдың бүкiл жазы мектептi қалайда ашу үшiн жүгiрiспен өттi. М.Қайырғалиевтiң үйi бiздiң штабымыздың ролiн атқарды. Жиналған балалардың жалпы тiзiмi жасалып, кластар бойынша бөлiндi. Сонда бiр байқағаным, кейбiр бастауыш класта - 2 не 5-ақ бала тiркелген. Класс ашу үшiн 10-15 бала болуы қажет. Балалар саны содан аз болған жағдайда аудандық финанс-қаржы бөлiмiнен ұсыныс өтпей қалады.
Дегенмен ақылдаса келе жиналған балалардың тiзiмi көрсетiлiп, Октябрь ауданының партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Долженковке, аудандық атқару комитетiнiң төрағасына, содан соң аудандық оқу iсiнiң меңгерушiсi С.Шәрiпхановтың атына арнайы хат жазып, өтiнiшiмiздi ресми түрде бiлдiрiп, №118 орыс мектебi жанынан қазақ кластарын ашуды сұрадық. Содан кейiн мұндай өтiнiштi қалалық оқу бөлiмiнiң алдына, сондай-ақ Бiлiм министрi Ш.Шаяхметовтiң тiкелей өзiне қойдық. Сондағы ойымыз бiздiң бұл мәселе республикалық деңгейде де бақылауға алынуы едi. Аудан қарсы еместiгiн бiлдiрдi, бiрақ ата-аналар балаларын қазақ кластарына бере ме, жоқ па, балалар саны класс ашуға жете ме, әуелi содан бастау керек деп бар шаруаны өзiмiзге ысырып қоя бердi. Содан кейiн аудандық оку бөлiмiнiң меңгерушiсi С.Шәрiпхановты, оның методисi Прохорованы ахуалды көздерiмен көрiп, ата-аналардың талап-тiлектерiн өз кұлақтарымен естiсiн деп жиналысқа арнайы шақырдық. Бұл кезде ата-аналар мектеп әне-мiне ашылады деген үмiтпен жүрген-дi. Олардың арасында орталықтағы қазақ кластарында оқитын балаларын ары-берi тасудан мезi болғандары да бар едi.
Қазақ мектептерiн ашу туралы жиналыс айқай-шусыз өтпейтiн. Ата-аналардың ашу-ызасы, ренiштерi де әбден шегiне жеткен. Оның да бiрнеше субьективтi және обьективтi себептерi бар болып шықты. № 118 мектептiң директоры М.Тенишева сондай жиналысқа амалсыздан, ылажсыздан келiп-кетiп жүрдi. Мектеп екi ауысымда жұмыс iстейтiн. Жыл сайын 1-класс санының өзi 8-10-ға дейiн баратын. Оның үстiне ендi қазақ кластары ашылып, мектеп аралас мектепке айналмақ. Тенишева мүмкiндiгiнше балалардың қазақ кластарына жиналуына жол бермеуге тырысты. Бiз жоқта мектепке жөн бiлуге келген ата-аналарды кластың, мектептiң ашылуы белгiсiз деген әртүрлi сылтаулармен қайтарып, бұған iштей барынша қарсы болды. Ата-аналар директордың "сыпайылап" сырғытып отырғанын қайдан бiлсiн. Өзiнiң орынбасарларына да астыртын сондай тапсырмалар берiп қойған болып шықты. Ата-аналар сөйтiп қазақ кластарын ашуға М.Тенишевадан қолдау таба алмады. Ол аздай орыс мектептерiнде оқып жүрген балаларды қазақ кластарына қабылдаттыруға кедергi жасап бақты. Егер қазақ класына ауысса бiр класс төмендетiлiп оқытылады деп ата-аналарды шошытып, үркiтумен болды. Сондай-ақ шектеулi қазақ кластарына тек қана Октябрь ауданында тұратын балалар ғана қабылданады, басқа аудандардан бала қабылданбайды дедi. Сөйтiп территориялық та шектеу қойды. Мектеп директорының бұл шектеулерi бiздiң жүргiзген жұмыстарымызға үлкен кедергi келтiрiп жатты. Ш.Смаханұлына телефон соғып, жағдайдың қиындап бара жатқанын айтып, ендi қалай күресу керектiгiн ақылдастым.
Ол: «Мұхтар, бұл мәселеге нүкте қою үшiн қалалық оқу бөлiмiне барып, тiкелей қояйық», - дедi ызалы үнмен. Қалалық оқу бөлiмi меңгерушiсi бiздiң мәселемiзге әбден қанық болатын. Оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi Тенишеваның iс-әрекетiн заңсыз, ал ата-аналардың талабы заңды деп тапты. Телефон тұтқасын көтерiп, Тенишеваға: «Алматыдан қазақ кластарын ашуды Республиканың бiрiншi басшысы қолдап отыр. Сiз мектептен қазақ кластарын ашуға тиiссiз әрi бұл тiкелей мiндетiңiз» деген ескерту жасады.
Сөйтiп ары тарт та, берi тарт болған мәселеге жол ашылды. Бiрақ Тенишеваның ата-аналар ортасында iрiткi салып, сенiмсiздiк туғызуынан әлiптiң артын бағайық дейтiндер де аз болған жоқ. Аталмыш мектепке 1 - сентябрь күнi газет-журнал, радио, телевизиядан тiлшiлер шақырып, «Айнабұлақ» ауданынан қазақ кластарының ашылғандығы туралы ресми хабарлар бергiздiк.
Алайда әрбiр класта тиiстi балалар саны жетпедi. 7-8 кластарда 4-5 баладан аспады. Балалардың саны жетiспеуiнен класстардың ашылар-ашылмасы белгiсiз болып қалды. Мектепке келген балалардың жалпы саны 50-дей ғана болып шықты. Бiз де қиын жағдайда қалдық. Шона ағамен ақылдасып, №46 қазақ мектебiне барып, директорына жолығатын болдық. Мақсатымыз, сол мектептен бiраз баланы осы мектепке ауыстырып, кластарға қажеттi балалар санын толықтыру.
Ертеңiне таңертең бiз I-шi Алматыдағы № 46 мектеп директорының қабылдауына бардық. Ол келген шаруамызды тыңдап алып: «Оқушылармен өздерiңiз сөйлесiп көрiңiздер, мен күштеп ауыстыра алмаймын, ата-аналары шағымдануы мүмкiн», - дедi қарсылық бiлдiрместен.
Сонымен сабақтан соң Шөкең 7-класс, мен 8-класс, М.Әлiмбаев 6-кластың есiктерiн аштық. Оқушыларға өз ұлтын сүю керектiгiн, ана тiлiнiң қадiр-қасиетiн, сол тiлде бiлiм алу қажеттiгiн айта келiп, №118 мектептен қазақ кластарының ашылғанынан хабардар ете отырып, соған жақын маңда тұратындардың ауысуына болатындарын ескерттiк. Мұғалiмнiң көзiнше ешқайсысы үндемедi. Бiр оқушы: "Сiздер бiздi қызықтырып тұрсыздар"- дедi. Үзiлiстен кейiн, мұғалiм кетiсiмен-ақ төңiрегiме балалар үймелеп, ұйымдасып алғандай бiр ауыздан: «Бiздiң кластағы балалар тегiс ауысамыз, мектеп қай жерде, сабақ қашан басталады?»,- дедi жамырай сөйлеп. - Бәрiң емес, жарты кластың оқушылары барса да жетедi,- деймiн.
- Ертең бiз сол мектепке барамыз, ағай, - дедi балалар шешiмдi түрде. Таңертең бiраз балалар жаңа мектепке келдi. Солардың iшiнде Ақбаева, Лақбаева деген оқу озаттары да бар болып шықты.
Сонда менi таңдандырған бiр жайт, 8-класс оқушыларынан 15 ер-қыз баланың түгел жетiп келгенi болды. Мұның себебi неде болды екен деп оқушылардан сыр тартып көрсем, гәп класс жетекшiсiмен келiсе алмаушылықта жатыр екен. Көбi содан апайына ерегесiп, кетiп қалуға амалы жоқтан оқып жүргендер болып шықты. Бiздiң ұсынысымыз олар үшiн iздегенi алдынан шыққандай болған ғой. Педагогикалық этиканың сақталмауының салдары, апай мен оқушылар арасындағы шешiлмей келе жатқан кикiлжiң ақыры ойламаған жерден бiздiң пайдамызға, №118 мектептiң қазақ кластарының пайдасына шешiлiп кеттi. Басқа кластарға да оқушылар қосылып, сөйтiп сентябрь айының ортасына дейiн 1-ден 8-ге дейiнгi кластар аралығындағы оқушылар саны класс ашуға жетерлiктi болды. Тiптен асып та кеттi. Дегенмен қызықтың көкесi кейiн болды. №46 мектептiң кейбiр кластарына оқушы жетпей қалып, оқу iсiнiң меңгерушiсi, ендi оқушыларымды қайтарыңдар деп менi iздеп келiп, ендi өтiнiштi бiзге айтпасы бар ма. Оқушыларға айтсақ бұрынғы мектебiне қайта барғысы жоқ. Сонда да үгiт-насихат жүргiзiп жүрiп, бiраз оқушыларды керi қайтартқыздық.
1986 жылдың шiлде-тамыз-қыркүйек айларында болған дүбiрлi оқиға "Айнабұлақ" ықшам ауданында ғана емес, қаланың басқа да бөлiктерiнде қозғалыс туғызды. Соның нәтижесiнде №62, №65 мектептер ашылды. Ш.Смаханұлы, М.Тоқашбаев, С.Қаратаев, М.Қайырғалиев, М.Қазыбек, М.Әбдiхалықов, Бейбiтбаева, Б.Қобыландин және көптеген басқа да азаматтардың iсi өз нәтижесiн бердi. Сол жылдың қысында бұл азаматтардың бiразын Желтоқсан көтерiлiсiнiң ызғары шалғанын айтпай кетпеске болмас. Ш.Смаханұлын ұлттық қауiпсiздiк комитетi қайта-қайта шақырып, мазасын кетiрдi. Менi де, Мұқамеджан Әлiмбаевты да сұрақтың астына алғаны бар. Ш.Смаханұлы басқаларға зияным тиiп кетер деп, телефон кiтапшасын жағып жiберiптi. Оқиғаның iзi басыла бастаған соң маған келiп, телефонымды қайта жазып алып кеткенде ғана себебiн бiлдiм. Колбиндiк билiк жағынан қазақ мектебiн ашуға ұйтқы болғандарды ұлтшылдар қатарына қосуға әрекет жасалыпты. Алайда оған iлiк, себеп таба алмаған.
№118 мектеп жыл бойы үш ауысыммен жұмыс iстедi. 1987 жылы аудандық халық ағарту бөлiмiнiң көмиссиясы қазақ кластарын жаңадан ашылайын деп жатқан 4-шi "Айнабұлақтағы" №129 мектепке ауыстырсаңдар қалай болады деп ұсыныс айтты. Мен жiгiттермен ақылдаса келiп, бұл мәселенi дұрыс шешу үшiн аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Долженковтың алдына қайта қоюды ұйғардым. Қазақ мектептерi, балабақшаларының жай-жапсары тiптi қала көлемiнде бұған дейiн ресми түрде еш уақытта қойылмапты. Сондықтан Долженковқа қазақ ұлтының мүддесiн кемсiтпейтiндей етiп ойластырылуы, обьективтi түрде қарастырылуы қажеттiгiн айттым. «Мектеп бiз үшiн алдымен ұлттық, мемлекеттiк, сондай-ақ саяси мәселе. Бұл мәселе балабақшаларды ана тiлiнде ашу жолымен шешiлуi тиiс едi. Уақыт көрсеткендей, осы кезге дейiн бұл бағытта жұмыс мүлдем жүргiзiлмеген. Мұның өзi интернационализм принципiне қайшы. Ұлттық мәселенi көпе-көрiне бұрмалау, бүркемелеуге алып келетiн құбылыс. Сондай-ақ бұл идеологиялық жұмыстың да қандай деңгейде жүргiзiлiп келгенiн көрсетедi. Бұл жұмыс сiздерге дейiн де солай болған, бiрақ сол қателiктердi ендi сiздер түзететiн боласыздар. Бiз бұған кiнәлiлердi iздеп табыңыздар демеймiз. Мәселенiң дұрыс шешу жолын iздегендерiңiз абзал»,- деп едiм сөзiм шымбайына тиiңкiреп кеттi ме, бiрiншi хатшы қабағын шытып, үндемей қалды. Ал идеология жөнiндегi хатшы Л.Овчаренко айтып отырғаныңыз дұрыс деп бас изеумен болды. Мен сөзiмдi тағы жалғадым. «Бiздiң келiп отырған жағдайымыз мынау: 1986 жылы қазақ кластары №118 мектептiң жанынан ашылды, балалар әлi мектепке қалыптасып, сiңiсiп кете алған жоқ. Ендi №129 мектепке ауысу туралы ұсыныс жасалынып отыр. Бұл қалай сонда? Жыл сайын бiр мектептен екiншi мектепке балаларын ауыстырып отыру қазақтардың намысына тимей ме?» - дедiм, мәселенi төтесiнен қойып.
Долженков:
- Бiз ойластырып, осындай ұйғарымға келiп едiк. №118 мектеп үш ауысыммен жұмыс iстеп жатыр, Әрине, амалсыздың күнiнен. № 129 мектеп жаңадан ашылмақ. Оған № 118, №110 мектептiң бiраз балалары көшiрiледi. Егер қазақ кластары көшкiсi келмесе, бұрынғыдай сол жерде оқи берсiн, ешкiм қозғамайды,- дедi.
- Қазақ кластарындағы балалар саны қазiрше өспей отыр, себебi балабақшалар жоқ. Қазақша бала-бақшада ана тiлiнде тiлi шықпаған бала мектепке келген соң қиналады, ата-анасы да әуреге түседi. Сондықтан бiздiң сiздерге қоятын мынадай шартымыз бар. Бiрiншiден, "4-Айнабұлақта" салынып жатқан 360 орындық балабақша мiндеттi түрде қазақ балаларына берiлсiн. Осы шартқа келiсiлген жағдайда ғана бiздiң балалар № 129 мектепке көше алады. Бала-бақша шешiлмейтiн болса, онда қазақ балаларын қозғамаған жөн. Бiрақ бұдан былай бұл балабақша мен мектеп мәселелерi қала басшыларының алдына түбегейлi шешiлгенше қойыла бередi,- деп ойымды шегелей түстiм.
Бiрiншi хатшының кабинетiнде отырған идеология жөнiндегi хатшы Л.Овчаренко, атқару комитетi төрағасының орынбасары Т.Шлыкова, оқу iсiнiң меңгерушiсi С.Шәрiпханов та бiр сәт кiдiрiп, мен оқыс қойған мәселе төңiрегiнде iркiлiп қалды. Долженков:
- Бұл мәселенi де шешуге болады, солай емес пе? - дегенде Л.Овчаренко:
- Балалар бақшасын бергенiмiз жөн, қазақ балалары № 129 мектепке алаңсыз көшкенi дұрыс, - деп құптады. Сөйтiп, қазақ балалар бақшасын да алатын болдық әрi № 129 мектепте екiншi оқу жылын да бастайтын болып, екi мәселенiң де шешiмi табылды. Ашық әңгiме толық түсiнiстiк жағдайында өттi. Ешкiмнiң де ренiшi болмады. Бұған дейiн елiмiзде ұлттық мәселеге қатысты жұмыстардың бiр жақты жүргiзiлiп келгендiгiн, орталықтың қателiгiн сезiндiк. Себебi партияның билiктегi ролi күн өткен сайын құлдырап, керiсiнше, «жаңаша ойлау» жұрттың ақыл-ойын билей бастаған кез едi. Бiздiң де мәселенi батыл қоюымыздың астарында осы жатыр едi. Бiр нәрсенi қозғаймын деп екiншi мәселенi көтерткiздi. Ұсынысым дер кезiнде қойылып, бұған дейiн жүгiрiп жүрiп ашқан №317 бала бақшасына қосымша ендi тағы да бiр 360 орындық балабақша қазақ балаларына берiлетiн болды. Мектептiң тiрегi де әрi базасы да осы балабақшалар емес пе? Алайда қазақ мектептерiнiң тағдыры қилы-қилы күрессiз, жанталассыз еш нәрсеге қол жеткен емес-тi. Бiзге келгендердiң проблемалары шаш-етектен болып жатады. Мәселе де бiрден шешiлiп кете қоймайды. Жүйкеңдi жұқартып, дiңкеңдi кұртып барып, әрең-әрең дегенде кейде шешiлiп, кейде қозғалыссыз қала беретiнi бар. Бiр мәселенi шештiк қой десек, әлi шешiлмеген тұстары шыға келедi. Жел айдаған қаңбақтай №129 мектепте де ұзақ тұрақтап тұра алмадық. 1989 жылы "Айнабұлақ-2" ықшам ауданында 1260 орындық мектеп құрылысы салынып, ол жаңа оқу жылында пайдалануға берiлетiн болды. Баяғыдан берi көксеп келген жеке отауға, бөлек мекенжайға ие болсақ деген арман. Бiрақ бұл болашақ мектеп те орыс кластарына берiлмек екен. Ендiгi мақсат қалайда осы мектептi алу. Үш жылда оқушылар саны 120 баладан аспапты. Оның 20 шақтысы бiтiрушiлер, сонда қалғаны 100 бала ғана! Мектепке 1000 бала қажет, оны қайдан алмақпыз?
Аудандық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi Шәрiпхановқа барып ақылдасып едiк, бұған дейiн бiзбен қарсыласуға үйренiп қалғаны соншалық, түсi бұзылып кеттi. Ол бiрден: «Мен мұны шеше алмаймын, қазақ балаларының саны жетпейдi», деп кесiп айтты. Бiздiң мiндетiмiз оны хабардар етiп, пiкiрiн алдын ала бiлiп алу едi. Ендi тығырықтан шығатын жол iздеу керек. Қайда барсақ та алдымыздан бала санынының жетiспеушiлiгi басты сылтау болып шыға беретiнi белгiлi болды. Мәселенi алдымен оқушылардың мектеп ашуға қажет санын шешiп алмай қою нәтиже бермесi анық. Басқа мектептерден балалар ауыстыра аламыз ба? Орыс кластарынан балаларды қазақ кластарына көшiрген жағдайда бала саны шешiле қоя ма? Бала санына келгенде жiгiттердiң де, жүгiрiп жүрген ата-аналардың да екпiн-арыны су сепкендей басылып, жiгерi құм болып қалды. Өз елiмiзде, өз жерiмiзде, қаладағы бала санының жетiспеушiлiгiнен жаңа салынып жатқан мектептен айырылып қалатын түрiмiз бар. Жалпы мектеп салғанда бұған дейiн балалардың санын, тiзiмiн кiм алыпты, ондай нәрсе практикада болып па екен? Бала санының аздығы қаладағы қазақтардың үлес салмағының да аздығының бiр көрiнiсi болса қайтейiк. 80-шi жылдары халқының саны 1 млн-ға жетiп қалған Алматыда қазақтар 10%-дан сәл-ақ қана асатын. Өз астанасында осыншама аз санды халыққа айналған шамасы бiз ғана шығармыз. Өкiнерлiк болса, да ащы шындық осы. Дегенмен, барлық жағдайды екшеп, салмақтай келе, ендi қалайда жарты жолда кiдiрiп қалмай, бастаған iстi соңына дейiн жеткiзу керек деп бiлдiк. Қазақ мектебi үшiн, қазақ тiлi үшiн күресiмiздi жалғастыра беретiн болып келiсiмге келдiк. Алған бетiмiзден қайтпасымызды көрген кейбiр ата-аналар күйiнiп: «Бұл күрестерiңнен түк те шықпайды. Босқа әуреге түсесiңдер. Жаңа мектеп бәрiбiр қазақ балаларына берiлмейдi», деп, онсыз да күйiп-пiсiп жүргенiмiзде шымбайымызға тиюмен болды.
Жатсам да, тұрсам да әлгiлердiң табалауы ойымнан бiр шығар емес. Тұйықтан шығар жол iздеп, неше күн ой үстiнде жүрдiм. Ұстар жiптiң ұшына қол тигiзе алмай-ақ қиналғаным бар. Ақыры жол табылғандай болды. «Бәрiбiр бiз бала санын 1000-ға жеткiзе алмаймыз. Ол келешектiң iсi. Мына салынып жатқан мектептi қалайда қазақ мектебi ретiнде ашып, бiр қанатында қазақ мектебiнiң 100 баласын оқытып, екiншi қанатын №118 орыс мектебiнiң бастауыш кластарына уақытша беру керек. Дұрыс жол осы болмақ», - деген ой келдi. Бiрақ мектеп мiндеттi түрде қазақ мектебi болып ашылуға тиiс. Бұл басты әрi принциптi мәселе. Ары кетсе екi-үш жылдың iшiнде мектептiң iшi қазақ балаларына толатын болады. Мiне, сол кезде №118 мектептiң бастауыш класс оқушылары өз мектебiне қайта көшiрiледi. Дұрыс шешiмнiң оңтайлы да, бiз үшiн тиiмдi жолы да осы деген ой көкейiме қонды. Шөкеңе айтып едiм, бiрден қолдады. Өзi қаланың «Орбита» ауданындағы мектеппен айналысып жатқан болатын. Iсмiзге сәттiлiк тiледi. Сол жолы ата-аналар жағынан тобымызға ақын Ғабиден Құлахметов қосылды.
Аудан басшысы Долженков, идеология жөнiндегi хатшы Л.Овчаренко, атқару комитетi төрағасының орынбасары Т.Шлыкова, оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi С.Шәрiпханов қатысқан шағын мәслихат түрiнде өткiзiлген жиынның күн тәртiбiне осы мәселенi қойдық. Өзiм мәселе жөнiнен бiраз түсiнiктеме бердiм. Мектептi қазақ мектебi деп ашу керектiгiн ұсындым. Сөз арасында мұның ұлттық, психологиялық та маңызы барын, ата-аналар алғаш рет өз балаларының мектебiнiң ашылғанын көздерiмен көрiп, сезiнетiнiн тiлге тиек еттiм. «Қыркүйекте бала саны 500-ге жетпек, ал екi қабатты мектептiң екiншi қанатын, 1 спорт залымен (2 спорт залы бар) қоса №118 орыс мектебiнiң бастауыш кластарына уақытша берiлетiн болмақ, бала санының жетiспеушiлiгiн уақытша осындай жолмен шешкен жөн. Әзiрше жылдар бойы қордаланып, шешiмi табылмай бүгiнгi күнге дейiн жеткен түйткiл мәселенiң мұнан басқа тиiмдi жолын көрiп тұрған жоқпыз», - деп сөзiмдi түйiндедiм. Бiр қарағанда жөнсiз, буынсыз жерге пышақ ұрғандай көрiнетiн бұл ұсыныс үстiрт қараған кiсiге солай көрiнедi. Долженков басқарған аудан басшылары бiрден жауап қатпады. Ол не айтасың дегендей аудандық оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi Шәрiпхановқа қарады. Оның ойы бiзге белгiлi. Әдетiне басып, бұра тартып кете ме деп өзiм киiп кеттiм. «Бiз күн тәртiбiне қойып отырған ұлттық мектеп мәселесi дәл қазiр шешiлмейтiн болса, онда өкпелемеңiздер. Бiрiншi басшыдан бастап, бәрiңiздiң мойныңызға кiнә артылады. Обьективтi жағдай бiзге солай iстеуге мәжбүрлейдi. Орыс мектептерi қалада онсыз да жеткiлiктi. Сондықтан кiнә арқаламаудың, дұрыс жол табудың бiр ғана сара жолы бар. Ол жол - шағын континенттi қазақ балаларына бұл мектептi басы бүтiн беру. Одан ешкiм де ұтылмайды, қысым да көрмейдi, қайта ұтатын болады»,- дедiм дауысымды көтере сөйлеп. Шәрiпханов iркiлiп қалды. Стол басына жиналғандар да осы ұсынысты қолдады. Л.Овчаренко, Т.Шлыкова да келiсiп: «Бұл мәселенi осылай шешкенiмiз жөн. Ата-аналардың ұсыныс-тiлегi орынды»,- дедi. Көпшiлiк пiкiрiн тыңдап, ойын тұжырымдаған бiрiншi басшы Долженков:
Жаңадан салынып жатқан №137 орта мектеп басы бүтiн қазақ балаларына берiлетiн болсын. Бiз осындай шешiм шығарайық, қалалық тиiстi орындарға жиналыстың арнайы хаттамасын әзiрлеңiздер. Жаңа директордың кандидатурасын қарастырыңыздар. Ол салынып жатқан құрылыстың барысын, сапасын қадағалайтын, бiткеннен кейiн қабылдап алатын болсын. Балалардың мектепке келуiн, оқушылармен қамтамасыз етудi бiрлесiп ұйымдастырыңыздар, оған қарсылық жоқ. Мектеп 1 қыркүйекте пайдалануға қалайда берiлетiн болуға тиiс. "Алматыкультбытстрой" басқармасымен өзiм де сөйлесiп, тездетудiң жолдарын қарастырамын. Келгендерiңiзге, ашық әңгiме, ұсыныс, талап қойғандарыңызға рахмет! Сiздерге алдағы күндерде де кез келген уақытта есiгiмiз ашық. Бұл мәселенi түбегейлi шештiк деп санайық, - дедi.
Сонымен айлап мазаны алған, талай түндер ойды жеп, жанды қинаған шешiлуi қиын, әбден шиеленiп тас түйiн болып қалған мәселенiң түйiнi ендi шешiлiп, тарқатылып сала бердi. Ауыр жүк арқадан түстi, тас түйiн болып ширатылып келген жүйкемiз де босап, кеудемiз көтерiлiп қалды. Ойланып, толғанған кiсi тығырықтан қалайда жол табатынына, болмағанда амал табатынына жұрттың көзi жеттi. Ата-аналар да тоқтап қалған iстiң кедергiсi алынып, халық пайдасына шешiлгенiн естiгенде әлгi бiздi табалағандардың ауыздарына құм құйылды. Ал жұрттың қуанышында шек жоқ.
Бала саны жүзге жетер жетпес болса да №137 мектепке қазақ орта мектебi деген атау берiлдi. 1989 жылы 31 тамызда мектеп алдында киiз үй тiгiлiп, мал сойылып, қазан көтерiлдi. Қымыз, шұбат алдырылып, мектептiң ашылу салтанатына мәдени шаралар ұйымдастырылды. Аудан басшыларынан бастап, елiмiзге белгiлi ғалымдар Ә.Қайдаров Т.Кәкiшев, М.Мырзахметов, жазушылар С.Жүнiсов, Ш.Смаханұлы, Х.Абдуллин, республикалық газет-журнал, телевизиядан, радиодан тiлшiлер шақырылды. Мектептiң алдындағы аулаға ата-аналар лық толды. Бастауыш класқа балаларын жетелеп келген кiсiлердiң жүздерi бал-бұл жанады. Қазақ мектебiнiң алғашқы қоңырауы соғылып, салтанатты түрде ашылу рәсiмi басталды. Содан кейiн балалар кластарына орналастырылып, келген қонақтар алғашқы әңгiме, ақыл, кеңес, жүрек жарды лебiздерiн оқушыларға арнады. Бояуы әлi кеуiп үлгермеген сыңғырлаған жаңа мектепке 500-дей бала жиналды. Жобалағанымыздай болып шықты, барлық кластарда балалар саны жеткiлiктi болды. Әсiресе бастауыш кластарда оқушылар көбiрек екен.
Алғаш рет №118 мектепте 1986 жылы ашылған қазақ кластары уақыт өте келе №129 мектепке көшiрiлiп, одан мiне 1989 жылы №137 қазақ орта мектебi болып қайта ашылды. Мектеп тарихы 1986 жылдан басталады. Оның ашылған жылы нақ сол дүрбелеңге толы дүние жүзiнiң назарын аударған 1986 жыл болып есептеледi. Биыл бұл мектептiң ашылғанына 20 жыл толып отыр. Мектептi ашуға ат- салысқан азаматтар Шона Смаханұлы, Марат Тоқашбаев, Б.Мұқашев, Ғабиден Құлахметов, Марат Әбдiхалықов, Бейбiтбаева, Медет Қайырғалиев, Мұқамеджан Әлiмбаев, Қ.Ерешевтiң есiмдерiн iлтипатпен еске алып өту парыз. Бұл азаматтардың бiразы бүгiнде ортамызда жоқ.
Екi жылдан соң №137 мектептегi балалар саны мыңнан асып, екi ауысыммен оқитын деңгейге жеттi. Сол кезде уақытша қоныстандырылған орыс бастауыш кластары өз мектептерiне көшiрiлдi. Бұл жай қазақ мектебi тарихында сирек кездесетiн тарихи оқиға болды. Бiздiң күрес басқаларға серпiлiс бердi.
Шона Смаханұлы:
№137 мектептiң ашылуы қазақ мектептерiнiң алда көптеп ашылуына мысал болатын болды. Жалтақтамай жүргiзген сенiң жобаң жаңа жағдайда пайдаланатын жоба болды, деп қолымды қысты, шын риясыз көңiлiмен қуанышын бiлдiрдi.
27.10.2011
Мұхтар ҚАЗЫБЕК,
М.Х.Дулати қоғамдық қорының директоры
http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=31&id=6773