Гүлбиғаш ОМАРОВА . ХАЛЫҚҚА РУХАНИ КӨСЕМ КЕРЕК
Газетiмiздiң бетiнде өткен жылы саясаттану ғылымдарының докторы Мұрат Мұхамедовпен сұхбат жарияланғаны көзi қарақты оқырманның есiнде болар. Бұған дейiн Қызылорда облысы әкiмiнiң орынбасары қызметiн атқарған Мұрат Бақтиярұлы биылғы Сенат сайлауында жоғарғы палата депутаттығына сайланды. Жергiлiктi билiктен заң шығарушы билiк тармағына ауысқан азаматпен Астанада арнайы жолығып, қоғамдағы өткiр мәселелер жөнiнде сұхбаттасудың сәтi түстi. Депутатпен әңгiмемiз жаңадан қабылданған «Дiни қызмет пен дiни бiрлестiктер туралы» заңнан басталды.
БҰЛ ЗАҢ ҚОҒАМНЫҢ ЕТЕК-ЖЕҢIН ЖИНАП АЛУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕДI
- Қазақстанда заң шығарушы орган Парламент болғанымен, жаңа заң жобаларының бәрi Үкiмет кабинеттерiнде жасалатыны қалыпты жағдай. Үкiмет дайындаған заң жобасы Парламенттiң бiрiнен соң бiрi - екi палатасында талқыланады. Осы орайда, Парламенттiң заң шығарушы функциясы толығымен жүзеге асып отыр дей аламыз ба? Оның үстiне, ара-тұра «бiзге Парламенттiң жоғары палатасының керегi қанша?» дейтiн пiкiрлер де айтылады.
Газетiмiздiң бетiнде өткен жылы саясаттану ғылымдарының докторы Мұрат Мұхамедовпен сұхбат жарияланғаны көзi қарақты оқырманның есiнде болар. Бұған дейiн Қызылорда облысы әкiмiнiң орынбасары қызметiн атқарған Мұрат Бақтиярұлы биылғы Сенат сайлауында жоғарғы палата депутаттығына сайланды. Жергiлiктi билiктен заң шығарушы билiк тармағына ауысқан азаматпен Астанада арнайы жолығып, қоғамдағы өткiр мәселелер жөнiнде сұхбаттасудың сәтi түстi. Депутатпен әңгiмемiз жаңадан қабылданған «Дiни қызмет пен дiни бiрлестiктер туралы» заңнан басталды.
БҰЛ ЗАҢ ҚОҒАМНЫҢ ЕТЕК-ЖЕҢIН ЖИНАП АЛУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕДI
- Қазақстанда заң шығарушы орган Парламент болғанымен, жаңа заң жобаларының бәрi Үкiмет кабинеттерiнде жасалатыны қалыпты жағдай. Үкiмет дайындаған заң жобасы Парламенттiң бiрiнен соң бiрi - екi палатасында талқыланады. Осы орайда, Парламенттiң заң шығарушы функциясы толығымен жүзеге асып отыр дей аламыз ба? Оның үстiне, ара-тұра «бiзге Парламенттiң жоғары палатасының керегi қанша?» дейтiн пiкiрлер де айтылады.
- Қазақстан Парламентi екi палатадан тұрады. Заң шығарудың қалыптасқан тәртiбi бойынша салалық министрлiктер қоғамдық ұйым, үкiметтiк емес ұйым өкiлдерiмен, ғалымдармен бiрлесе отырып, заң жобасын дайындайды, оны ғылыми сараптаудан өткiзедi, бiрнеше мәрте сұрыптау жасап, әбден дайын болған соң Мәжiлiстiң қарауына жiбередi. Төменгi палатада тиiстi комитеттер бар, сол комитеттерде жоба кемi екi рет талқыланады. Салалық министрлiктiң басшысы осы комитетке келiп, заң жобасы бойынша талқылауға қатысып, депутаттар сұрақтарына жауап бередi. Мәжiлiстiң барлық комитеттерiнде талқылаудан өткеннен кейiн заң жобасы Сенатқа жөнелтiледi. Осы жерде назар аударатын жайт - Үкiметтiң нұсқасы Мәжiлiске келгенде көп өзгертулерге ұшырайды. Сенат депутаттары осы екi құжатпен - Үкiметтiң нұсқасымен және Мәжiлiсте өзгертiлген нұсқамен жұмыс iстейдi. Осылайша, кез-келген заң жобасы екi сүзгiден өтедi. Ең үлкен сүзгi, әрине, Мәжiлiсте. Онда депутаттардың саны да басым, көбiне айғай да, дау да - сонда. Ал Сенаттың басты ерекшелiгi, менiңше, сапалық құрамында. Өйткенi мұнда бұрын әкiмшiлiк қызметтерде жұмыс iстеген, ең төмен дегенде аудан әкiмi болып қызмет еткен азаматтар отыр. Олар - ел басқару жүйесiн iс жүзiнде бiлетiн, өмiрлiк тәжiрибесi мол азаматтар. Сенатқа келiп түскен заң осындағы жетi комитетте бiрдей талқыланып, iрiктеу-сараптау жұмысына өзек болады. Егер Мәжiлiс пен Сенат депутаттары арасында белгiлi бiр заң жобасына байланысты келiспеушiлiктер көп болса, онда арнайы келiсiм комиссиялары құрылады. Олар әрбiр пункт бойынша дауыс берiп, талқыға салады. Салалық министрлiктiң басшысы немесе министрдiң орынбасары талдау орталықтары немесе сараптама мамандарын ертiп келiп, комиссия отырысына қатысады. Сенат сүзгiсiнен өткен заң жобасы ғана Елбасыға қол қоюға жiберiледi.
- Заң жобалары түгел дерлiк Үкiметте дайындалатын болғандықтан, қабылданып жатқан құжаттардың барлығы Министрлер Кабинетiнiң саясатына сай болады ғой...
- Жоқ, көп заң жобалары Парламентке келiп түскеннен кейiн алғашқы нұсқасынан айнып, едәуiр өзгерiске ұшырайды.
- Сонда әр заң жобасының алғашқы нұсқасынан қанша пайызы қалады?
- Әр заңда әр түрлi. Мәжiлiске келгенде, Үкiметтiң алып келген құжатынан 20-30 пайызға дейiн өзгерiп кетедi. Осы сессияда келiп түскен «Дiни қызмет пен дiни бiрлестiктер туралы» заң жобасын алып қарайық. Бұл заң жобасы Мәжiлiске де, Сенатқа да бiрдей келiп түстi. Осы заңның 7, 8 баптарына байланысты көп дау туындады. Бұл баптар дiни рәсiмдердi орындауға байланысты. Осы мәселеге орай Дiн iстерi жөнiндегi агенттiк басшысы Қайрат Лама Шариф бiздiң алдымызға төрт рет келдi. Түрлi пiкiрлер айтылды. Соның өзiнде осы заңның бiрнеше бабы бойынша өзгертулер енгiзiлдi. Кейбiр мәселелер бойынша Дiни комитеттiң ұстанымы табанды болғанын айтқан жөн. Мысалы, Қазақстанда қазiр 300-ден аса миссионерлiк топ бар екен. Бас-аяғы 25 елден келген. Қазақстан сияқты кiшкентай мемлекет үшiн бұл өте үлкен көрсеткiш. Христиан дiнiнiң протестанттық, католиктiк бағытының өзi бiрнеше тармақтарға бөлiнген, олардың өкiлдерi де елiмiзде жүр. Заң қабылданған соң олардың барлығы қайта тiркеуден өтуге тиiс болады. Менiңше, ендi олардың 150-200-ге жуығы тiркеуден өте алмай қалады. Өйткенi олар мына жаңа заң жобасының талаптарына сәйкес келмейдi. Әрине, бұл қоғам үшiн пайдалы өзгерiс болмақ. Ендi дiни рәсiмдерге қатысты. Мемлекеттiк органдарда, оқу орындарында, әскери гарнизондарда, түрмелерде намаз оқуға, дiни рәсiмдер жасауға тыйым салынады. Осы мәселеге орай қарама-қайшы пiкiрлер көп айтылды. Шындығында да, мемлекеттiк органдарда намаз оқу, құлшылық жасауға тыйым салу керек.
- Тәуелсiздiктiң жиырма жылында қалыптасқан заң шығару тәжiрибесiне сәйкес, бiздегi көптеген заң жобалары дамыған мемлекеттердегi заңдардың негiзiнде жасалғаны белiлi ғой. Осы тұрғыдан алғанда, менiң бiлуiмше, Еуропа елдерiнде оқу орындарыңда дiни рәсiм жасауға тыйым салынбаған. Бұл қалай?
- Еуропа елдерiнде, тiптi Түркияда мемлекеттiк органдарда намаз оқуға, құлшылық жасауға рұқсат жоқ. Бiрақ Түркияда аттап басқан сайын - мешiт. Жұмыстан шыға сала мешiтке барып, намаз оқиды. Екiншiден, бұл заң конституциялық норма емес. Әрине, бұл заң жобасының кейбiр кемшiлiктерi бар. Бiрақ оны қабылдау қажеттiлiгi - қоғамның талабына сай. Елде тамыр жайып кеткен вахабиттiк, салафиттiк т.б. ағымдарға тыйым салуымыз керек. Заңның преамбуласына «екi дiндi - христианның православиелiк, ислам дiнiнiң ханафилiк бағытын ұстанатын елмiз» деп жазылды. Бұл тегiн емес. Осы екi бағытқа басымдық берiледi деген сөз. Көптеген елдердерде, мысалы, Италияда мемлекеттiк дiннiң не екенi Конституцияда айқын жазылған. Ал бiз әзiрге «Мемлекеттiк дiнiмiз мынау» деп жаза алмаймыз. Болашақта бәлкiм, оған да келермiз.
- Ата Заңға сәйкес, Қазақстан - зайырлы мемлекет. Дiн мемлекеттен бөлiнген. Заңның алғысөзiнде ханафилiк пен православиеге басымдық берiлетiндiгi туралы айқындап жазылуы - мемлекеттiң дiндi мойындауы деп санала ма?
- Заңның преамбуласында Қазақстанның көпдiндi мемлекет екенi жазылған. Бiзде буддизм тармақтарына дейiн бар. Сол дiндердiң iшiнде бiз ислам дiнiндегi ханафилiк бағыт пен христиан дiнiндегi православтық бағытының халықты тәрбиелеуде тарихи ролiн мойындаймыз деген сөз. Екiншi жағынан, бұл заңдық норма емес, алғысөз ғана.
- Осы заңның қабылдануы Қазақстандағы Ислам дiнiнiң, оның iшiнде Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасының рөлiн күшейте ме?
- Осы жолы Дiни басқарманың атауына байланысты көп пiкiр айтылды. Тiптi, «рухани» деген анықтамасын алып тастайық деген ұсыныс болды. Дiни агенттiктiң құрылуының өзi елдегi дiни ағымдарды сараптап отыратын мемлекеттiк органның қажеттiгiнен туындады. Дiн мемлекеттен бөлiнгенi рас, бiрақ бiзге сырттан қандай дiни ағымдар келiп жатыр, қандай әдебиеттер тасымалданып жатыр, шетелдерден бiлiм алып келген азаматтар не нәрсенi насихаттап жүр деген мәселенi мемлекет назардан тыс қалдыра алмайды. Дiн iстерi жөнiндегi агенттiк бұл жұмысты ойдағыдай атқара алады деп ойлаймын. Дiн - адамның рухани дамуындағы негiзгi бағыттардың бiрi. Адам баласы наным-сенiмсiз өмiр сүре алмайды. Сондықтан да мемлекет бұл мәселеге бей-жай қарауға тиiс емес.
- Жаңа Түркияны айтып өттiңiз. Бұл елде Ислам дiнiнiң дамуына айрықша көңiл бөлiнгенi белгiлi, оның iшiнде молдаларға ай сайын кемi бес жүз доллардан айлық төленедi, мешiттер түгел дерлiк мемлекет есебiнде. Мемлекет басқа дiндердiң дамуына, өзiн-өзi қаржыландыруына бөгет жасамайды, ал Ислам дiнiнiң дамуына басымдық берiп, өз қамқорлығына алған. Соның арқасында дiннiң тұтастығын сақтап отыр. Бiзде осындай жағдай жасалуы мүмкiн бе? Қазақстанда молдалар, сөздiң анығын айтқанда, елдiң мешiтте қалдырып кеткен қайыр-садақасымен өмiр сүредi, одан соң олардың жұмысынан нендей сапа күтемiз?
- Зайырлы қоғамда мемлекет дiннiң iшкi iсiне араласа алмайды. Дiн де мемлекеттiң iшкi iсiне қол сұқпайды. Бiз осы заң жобасын талқылау барысында басқа елдердiң, оның iшiнде Түркияның тәжiрибесiн зерттедiк. Бұл елде дiн iстерi мемлекеттен емес, арнайы құрылған қорлар арқылы қаржыландырылады. Iрi кәсiпкерлер, компаниялар осы қорларға өз ықтиярымен қаржы аударады. Түркиядағы барлық мешiттердегi имамдарды оқыту, олардың жалақысы, мешiттердiң күтiмi осы қорға түскен қаржыдан бөлiнедi. Екiншiден, Түркияда тұрғындардың басым көпшiлiгi мұсылмандар, сонымен қатар бұл мұсылмандық дәстүр үзiлмеген мемлекет болғандықтан, оларда пiтiр-садақадан түсетiн қаржы өте көп. Қазақстанда 16 миллион халықтың 9 миллионы мұсылман дiнiндегi азаматтар дейiк, соның 5-6 миллионы мешiтке барып, анда-санда Құран оқытып, пiтiр-садақа қалдырады. Жылына тек оразаның кезiнде жиналған күннiң өзiнде пiтiр-садақаға шамасы әр адам 150 теңге қалдырады. Яғни, 6 миллион адам орта есеппен жылына 1 доллар бередi деп есептесек, мешiттерге 6 миллион доллар түседi деген сөз. Егер республика бойынша ауыл, аудан, қалалардағы барлық мешiттерге бөлетiн болсақ, бұл қомақты қаржы. Одан бөлек, аудандық, қалалық мешiттердiң көпшiлiгiне қазiр жергiлiктi кәсiпкерлер көмектесiп, қаржы бөлiп отырғанын бiлемiз. Мешiттердiң жылуы, суы т.б. мәселелерiн жергiлiктi кәсiпкерлер шешiп берiп отыр. Сондықтан осы пiтiр-садақадан түсетiн ақшаның тиiмдi жұмсалуын қадағалау керек шығар. Оны бақылау Қазақстан Мұсылмандарының дiни басқармасының құзырында. Мемлекет бұл iске араласа алмайды. Осы жерде көңiл аударатын тағы бiр мәселе бар. Мен Қызылорда облысында қызмет iстеп жүргенде куә болған жағдай, соңғы төрт жылда Елбасы Қызылорда облысына үш рет келдi. Бас мүфтиiмiз, басқаша айтқанда, елiмiздiң рухани көш басшысы да аймақтарды жие аралап тұрса, құба-құп болар едi. Дiннiң басшысы елдiң рухани көшбасшысы емей, кiм? Мүфти ел араласа, халық «хазiрет келедi, дiнбасы келедi» деп оны көруге, оның бiр ауыз сөзiн естуге ынтықпай ма? Мысалы, Өзбекстандағы рухани дiн басшысы өте үлкен абыройға ие. Бiр жиында олардың тiптi дiнбасының қолын сүйiп, үлкен құрмет бiлдiрiп жатқанын өз көзiммен көргенiм бар. Дiннiң тұстастығы үшiн мұның маңызы зор деп ойлаймын. Хазiрет бұл жерде үлкен жұмыс iстеуi керек. Молдаларды тағайындау, кадр таңдау мәселесiн тыңғылықты орындау керек. Жер-жерге имамдарды тағайындағанда жергiлiктi халықпен етене таныс азаматтарды таңдау керек шығар, бәлкiм. Әйтпесе, жергiлiктi жұртшылықты соңынан ерте алмайтын немесе өзара айтыс-тартысқа түскен молдалар қайдан шықты? Мұның бәрiне, Мұсылмандар дiни басқармасы жауап беруi тиiс. Мен өзiм аймақта жүргенде, осы мәселеге сараптау жасап көрдiм. Қазiргi кезде барлығы демей-ақ қояйын, көптеген ауылдық жерлерде отырған молдалардың тоқсан пайызы дүмше молдалар. Дiннiң дамуы үшiн бiзге де арнайы қор құру керек. Ол әр облыста бөлек құрыла ма, әлде орталықтан басқарыла ма, оған жеке азаматтар мен компаниялар өз еркiмен қаржы аударатындай жағдай жасаса, әрi молдаларға материалдық көмек, әрi дiннiң дамуына сеп болар едi. Молдалардың әлеуметтiк жағдайы, айлық табыс түйткiлдi мәселе болып отыр. Олардың көбiсi бiр жерде тұрақтап отырмайтыны да сондықтан, бала-шағасы бар, оларға да күнкөрiс керек қой.
- Бұған дейiнгi «Дiни наным-сенiм бостандықтары туралы» заң 1992 жылы қабылданды. Сол кезде елiмiзде дiни наным-сенiмге бостандық берiлгенi рас, ал iс жүзiнде сырттан түрлi дiни ағымдардың келуiне жол ашылды. Он тоғыз жылдан берi бiз бұл мәселеде тiзгiндi бос қойдық. Белгiлi саясаттанушы мамандардың айтуынша, қазiргi таңда Қазақстанда дiни көзқарас бойынша кикiлжiң туындау қауiп бар. Жер-жерде түрлi дiни ұйымдар арасында пайда болған қайшылық қоғамның бiртұтастығына сына тағу қаупi төнген кезде ғана Дiни агенттiк құрып, осы салада жаңа Заң қабылдадық. Осы мәселенi ертерек қолға алуға болмады ма?
- Рас, 1992 жылы қабылданған заң дiн бағытындағы ең либералды заңдардың бiрi болды. Ол заң бойынша бес-он адам жиналып, дiни ұйым құруға мүмкiндiк мол едi. Кезiнде мұндай заңның қабылдануының көптеген объективтi де, субъективтi себептерi болды. Бiрақ бiздегi жағдаймен салыстырғанда, Өзбекстанда, Әзiрбайжанда, Түркiменстанда дiн мәселесiнде бiр ерекшелiк бар екенiн ескеру керек: бұл елдерде негiзiнен сол мемлекеттi құраушы халықтың өкiлдерi тұрады. Бiздiң ерекшелiгiмiз - түрлi этнос өкiлдерi көп. Жүз отызға жуық этнос бар деймiз. Олардың әрқайсысы өзiнiң дiнiн алып келдi. Сондықтан да одақ ыдырап, жаңа мемлекет құрып жатқан кезде, бiзге либералды заң керек болды. Әрине, мына жаңа заңды ертерек қабылдауға болар едi. АҚШ-тағы 2001 жылдың 11 қыркүйектегi оқиғадан соң көптеген мемлекеттер дiн саласындағы заңдарын қатайтып алды. Германия, Франция сияқты мемлекеттер мұсылман дiнi бағыттарына қатысты, Ислам мемлекеттерiнен келетiн азаматтарға қатысты қатаң талаптар енгiздi. Францияда хиджабқа тыйым салып, тiптi елден аластауға дейiн апаратын заң қабылдап жатыр. Сондықтан бiз де дiн саласындағы заң талаптарын күшейтуiмiз керек едi. Әлi де кеш емес деп ойлаймын. Бұл заң қоғамның етек-жеңiн жинап алуына ықпал етедi. Өйткенi бiзде Исламның көптеген тармақтарын ұстанатын ағымдар бар. Бiрақ ресми түрде ханафилiк бағытты ұстанатындықтан, бұл тұрғыда бiртұтастықты сақтап қалуымыз керек. Оның үстiне, миссионерлiкке қатысты бағана айтып өттiм ғой, бұл заң толып жатқан миссионерлердiң санын күрт азайтуға септiгiн тигiзедi. Осы заңға қатысты дау көп болды. Бұл қалыпты нәрсе. Заң - өзгертуге болмайтын Конституция емес қой, кейбiр жайттарды болашақта реттеуге болады. Ал қазiр қоғамымызды толып жатқан дiни ағымдардан қорғауға септiгiн тигiзетiндiгiне еш күмәнiм жоқ.
ЖАҢАӨЗЕНДЕГI ОҚИҒА МҰНАЙ КОМПАНИЯЛАРЫ ҮШIН САБАҚ БОЛДЫ
- Соңғы айларда қоғамдық талқылауға түскен мәселе - Жаңаөзендегi мұнайшылардың ереуiлi. Осы оқиғаның себеп-салдары қандай? Бұл тек аймақтық деңгейдегi мәселе ме? Оған мемлекеттiк тұрғыдан қарағанда не сабақ алдық?
- Менiңше, бұл мәселенi салыстырмалы түрде қарастыру керек. Еуропа елдерiнде белгiлi бiр мемлекеттiк орган немесе мекеменiң саясатына қатысты ереуiлдер мен шерулер күнделiктi болып жатады. Жақында ғана Францияда жүк таситын көлiк жүргiзушiлерi салықтың көтерiлуiне наразылық бiлдiрiп, жиырма күндiк ереуiл жасады. Былайша айтқанда, бұл кез келген мемлекетте болып жататын құбылыс. Ал Жаңаөзенде болған оқиғаның әлеуметтiк себебi басым. Маңғыстау облысы елдiң батысындағы мұнай өндiрушi аймақ қой. Көптеген сарапшылардың пiкiрiнше, жергiлiктi жердiң климаты, жер-су жағдайы, азық-түлiктiң сырттан тасымалдануы да - негiзгi факторлар. Бiрақ бiр нәрсенi ескеру керек: Жаңаөзендегi мұнайшылардың мемлекеттiк бюджеттен айлық алатын азаматтардан табысы әлдеқайда жоғары. Бюджеттiк қызметкерлерге мемлекет белгiлi бiр коэфицент бойынша ғана айлық төлейдi, көп дегенде 60000 - 70000 теңге. Ал мұнай саласындағы мамандардың айлығы 150000 - 160000 теңге. Әрине, бұл аймақта азық-түлiк бағасы қымбат, оны мойындау керек. Ең басты мәселе, мұнай саласында қызмет iстеп жүрген азаматтардың жергiлiктi компания басшыларына деген наразылығы бар. Екiншiден, мұнай өндiрушi кәсiпорындарының көпшiлiгiнде Қытай, т.б. шет мемлекеттердiң үлесi бар. Бұл ереуiл - жергiлiктi жұмысшылардың оларға деген iшкi қарсылығының көрiнiсi деп те ойлаймын. Алысқа бармай-ақ, Қызылордадағы жағдайды айтайын, Қытайдың жұмысшылары, инженерлерi жергiлiктi мамандарға қарағанда айлықты көбiрек алады. Қызылордадағы ең мықты компания делiнетiн «Петро Қазақстандағы» жүк тасушы, аспазшы болып iстейтiн жергiлiктi азаматтардың айлығы 28000 - 30000 теңге. Олар ауысыммен он бес күн ғана жұмыс iстейдi. Бiрақ он бес күнде бiр айлық ауыр еңбектi атқарады. Осындай жайттарға наразылық бар екенi сезiледi. Мұнай компанияларындағы жалақы мөлшерiне, меншiк нысанының ауысуына байналысты наразылық тек Маңғыстауда емес, Атырауда да, Ақтөбеде де, Қызылордада да, яғни шетелдiк, әсiресе қытайлық компаниялардың үлесi бар аймақтарда байқалады. Сондықтан Жаңаөзен оқиғасы - мемлекеттiк саясатқа, жергiлiктi әкiмшiлiкке қарсылық емес, сол жердегi мұнай компанияларының басшыларына, оның iшiнде шетелдiк қожайындарға қарсылық деп ұғу керек. Кейбiр деректер бойынша, мыңға жуық жұмысшы жұмыстан шығып қалған. Осы мәселе бойынша келiсiм комиссиясы құрылып, оларды басқа жұмысқа орналастыруды ұйымдастырып жатыр.
- Шетелдiк компаниялардың Қазақстанға келiп, жұмыс iстеуiнiң ұлттық демографияға ықпалы қандай? Қызмет бабымен келген шетелдiк азаматтардың қазақ қыздарына үйленiп, тұрақтап қалып жатқаны туралы ақпарат бар...
- Менiң қолымдағы мәлiметке сәйкес, Қызылорда қаласында екi қазақ қызы қытайлыққа күйеуге шықты. 700 мың халқы бар қалада бұл оншалықты байқала қоятын көрсеткiш емес. Оның үстiне, Қызылордада қытайлық жұмысшылар саны Атырау, Орал, Ақтөбе облыстарына қарағанда, бiршама аз. Ал елдiк мүдде тұрғысынан қарағанда, Қытай саясатында қытай жұмысшыларының басқа елге барып жұмыс iстеуiне мүдделiлiк бары байқалады. Сондықтан бiзде Қытай экспансиясы бар екенiн мойындау керек. Көптеген елдер қытайлық азаматтарға қатысты шектеулер енгiзiп, көшi-қон саясатын жөндеп алды. Дәл қазiр елдегi Қытай жұмысшыларының саны шектен шықты дей алмаймыз. Жалпы мемлекеттiк тұрғыдан келгенде, қауiп барын есте ұстау керек.
- Шетелдiк компания бiздiң елге келiп инвестор ретiнде жұмысқа кiрiскен кезде, онымен келiсiм-шарт жасау барысында сырттан қанша маман алып келетiнi, жергiлiктi мамандар қанша пайыз құрайтыны, олардың айлық табысын белгiлеуде теңгермешiлiк саясатты ұстануын қадағалау мемлекеттiң мойнындағы шаруа емес пе?
- Әрине, шетелдiк инвесторлар компаниядан үлес алған кезде, олардың қандай мамандарды сырттан алып келетiнi келiсiм-шартта көрсетiледi. Негiзiнен, олар Қазақстанда табылмайтын мамандарды ғана әкеле алады. Алайда көптеген компаниялар қара жұмыс iстейтiн қытайларды да алып келуде. Мәселе сонда. Мұны жергiлiктi әкiмшiлiктер реттеп отыруы керек едi. Облыстық әкiмшiлiктер жанынан құрылған жұмысшы комиссиясы бар, олар инвестордың тапсырысын қарап, шетелден әкелетiн мамандарға квота бөледi. Өкiнiшке қарай, сол комиссиялар көп жұмысты өз дәрежесiнде атқармаған. Шетелдiк компаниялардың «инженер», «технолог» т.б. деген квотамен өз адамдарын алып келiп жатқанына қатысты деректер өте көп. Бұл жергiлiктi мемлекеттiк органдардың дәрменсiздiгiнен туындаған жағдай.
- Жаңа осындай әлеуметтiк себептер басқа аймақтарда да байқалады деп айтып қалдыңыз...
- Бұл мәселеде басқа компаниялар алатын үлкен сабақ бар. Жаңаөзендегi оқиғадан соң, көптеген компаниялар, оның iшiнде Қызылордадағы бiр-екi компания өз жұмысшыларының айлығын 10 пайызға көбейттi. Бұрын сыйақыға сараңдау едi, оны да берiп жатыр. Менiң бiлуiмше, Оралда да, Ақтөбеде де компаниялар жұмысшыларға арналған әлеуметтiк пакеттердi жақсартуға кiрiстi. Екiншi жағынан, жұмыс берушi мен жұмысшы арасындағы келiсiм-шарт толығымен орындалуы керек. Жұмысшылар кәсiподақтарға бiрiгiп, өз құқықтары мен мiндеттерiн алдын-ала бiлгенi абзал. Бiздiң жұмысшылар жұмысқа зәру болып орналасып алады да, келiсiм-шартқа зейiн қойып қарамайды, жұмысқа орналасқаннан кейiн барып, өзiнiң құқығын бiлiп, кейiннен өкiнiп жатады.
КӘСIПКЕР МЕМЛЕКЕТТIК МЕКЕМЕНI СОТТА ЖЕҢIП ШЫҚТЫ
- Аты мұнай компаниясында жұмыс iстегенiмен, жергiлiктi азаматтардың көбiне қара жұмыс атқаратыны белгiлi ғой. Жаңаөзен қаласының әкiмi бiр сөзiнде бұл жердегi мұнай қоры әрi кеткенде отыз жылға жететiнiн айтып қалды. Сонда қазiр қара жұмыстан нан тауып жүрген азаматтардан кейiнгi буын ұрпақ мұнай қоры бiткен кезде қалай күн көрмек? Мысалы, Қызылорданы алыңыз. Қалаға жақын ауылдар кезiнде құлдырап қалса да, қазiр мұнайдың арқасында еңсесiн тiктеп алды: сол жердегi азаматтардың көпшiлiгi вахталық әдiспен қара жұмыс iстейдi, соның арқасында әйтеуiр бүгiн қарны тоқ, ал ертеңгi күнi не болмақ?
- Мемлекет басшысының айтып жүргенi де осы мәселе ғой. Ерте ме, кеш пе, мұнай қоры бiтедi. Сондықтан да Үкiмет үдемелi индустриялы-инновациялық бағдарлама бойынша жұмыс iстеп жатыр. Қызылорда облысы бойынша айтатын болсам, бұл аймақта шағын және орта бизнес саласы жылдан-жылға көтерiлiп келедi. Мұнай қоры шектеулi болғандықтан да қазiр көптеген мәселелердi шешу өзектi мәселе. Мысалы, ауылдардың әлеуметтiк мәселелерi, жол құрылысы, шағын және орта кәсiпкерлiктi жолға қою керек. Жер-жерде фотосалон, шаштараз, терезе жөндейтiн цех т.б. ашылып жатыр, мұның бәрi шағын кәсiпкерлiк емес пе?
- Бiрақ кәсiпкерлердiң де айтар шағымы жетерлiк. Бiреу шағын кәсiпкерлiктiң көзiн тауып, кәсiпорын ашса, келесi күнi-ақ салық органдарынан бастап түрлi тексерушi мекемелер өкiлдерi келiп, жағасынан алады.
- Бiзде шағын және орта кәсiпкерлiкке салынатын салық салмағы өте жеңiл. Егер кәсiпкер барлық талаптарға сай жұмыс iстеп, салығын уақытылы төлеп тұрса, оның тиiмдi жұмыс iстеуiне ешкiм кедергi жасай алмайды. Осыған орай, өзiм куә болған бiр оқиғаны айтайын. Қызылорда қаласында бiр кәсiпкер екi мейрамхана ашқан. Жыл ортасында «Электр қуатының ақшасын уақытында төлемедiң» деп, оны сымнан ажыратып тастайды. Күн ыстық кезде мұздатқыштар iстен шығып, кәсiпкер айтарлықтай шығынға батады. Сосын ол өз құқығын қорғау үшiн электр қуатын таратушы мекеменi сотқа бердi. Осы сотта кәсiпкер электр жарығының ақысын уақытында төлеп қойғанын дәлелдеп, ақыры жеңiп шықты. Сот электр таратушы мекеменi кәсiпкерге 400 мың теңгеден астам материалдық шығын өндiрiп беруге мiндеттедi. Былайша айтқанда, мемлекеттiк мекеменi кәсiпкердiң сотта жеңiп шығуы - сирек кездесетiн оқиға емес пе? Бұл бiзде кәсiпкерлерге жұмыс iстеуге жағдай бар деген сөз. Менiң байқағаным, Қызылорда облысында шағын кәсiпкерлер қатары жылдан жылға көбейiп келедi. Сондықтан ел кәсiп арқылы нан табуға бой үйрете бастады деп ойлаймын.
27.10.2011
Сұхбаттасқан
Гүлбиғаш ОМАРОВА
http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=37&id=6774