Президентке хат
Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.К.Тоқаевқа
Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сіз жақында ҚР Парламент Сенатында сөйлеген сөзіңізде «Сенаттың ең басты міндеті – сапалы заңдарды қабылдау», - деп ашық айттыңыз.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көш-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы жарты жылдан артық талқыланып, Парламенттің қос палатасының мақұлдауынан өтіп, Сіздің қол қоюыңызға жіберілді.
Аталған Заң жобасында «Оралман» атауын «Қандас» деп атаудан бастап, біршама оң өзгерістердің бар екенін жоққа шығармаймын.
Бірақ, Заң жобасындағы екі өрескел қателікті Сізге жеткізгім келеді.
Бірінші, «Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 68-бабының 7) тармақшасы бойынша «Оралман» мәртебесін алған ағайындар үшін баспана кезегіне тұруға қатысты жеңілдіктер қарастырылған. Бірақ, «Оралман» мәртебесінің мерзімі бір жыл болғандықтан, ол азамат азамат Қазақстан Республикасының азаматтығын алған күні «Оралман» мәртебесінен ажыратылып, тұрғын үйге қатысты жеңілдіктен айырылады. Соның кесірінен, қандастарымыз пәтер кезегіне тұра алмайды, ал кезекке тұрған ағайындардың кезегі артқа шегеріліп, қайтадан үй кезегіне тұруға мәжбүр болады.
Бір сөзбен айтқанда, «Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 68-бабының 7) тармақшасы мен «Халықтың көші-қоны туралы» заңының 25-бабының 3) тармағы сәйкес келмейді.
Екінші, «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 13-баптың 18) тармақшасында шеттен көшіп келген қандастарға «Еңбек қызметі» бойынша зейнетақы тағайындалсын деп белгіленген. Бірақ, аталған заңда да, «Еңбек Кодексінде» де «Еңбек қызметі» деген ұғым жоқ. «Еңбек өтілі» деген ұғым бар. Енді осы заң бойынша жергілікті азаматтарға «Еңбек өтілі», ал шеттен көшіп келіп азаматтық алған ағайындарға «Еңбек қызметі» бойынша зейнетақы тағайындалып келеді. Қолданыстағы заң бойынша, кеуі де Қазақстан Республикасының азаматтары бола тұра, жергілікті зейнеткерлер мен шеттен оралған зейнеткерлердің еңбек еткен жылдарын есептеуде екі түрлі ұғым пайдалануда, екеуі екіге бөліпіп қаралуда. Осының кесірінен шеттен оралған зейнеткерлердің құқығы тапталуда.
Бұл норма – Қазақстан Республикасының Конституциясының 14-бабының 2-бөлігіне қайшы.
Заң жобасы Парламентте талқыланып жатқан тұста, осы кемшіліктерді түзету мақсатында ұсыныстар бердім және бұл мәселені БАҚ арқылы әлденеше мәрте көтердім.
Неге екенін білмеймін, депутаттар да, министрлер де бұл сәйкессіздікті біле тұрып, түзетуге құлықсыз болды.
Осыған байланысты, мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ретінде Сізден Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабына сай, «Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы мен «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңындағы осы екі норманың Республика Конституциясына сәйкестігін Конституциялық Кеңеске тексеруіңізді сұраймын.
Ауыт Мұқибек,
ҚР Президенті жанындағы
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.
Abai.kz