Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 7644 3 пікір 15 Мамыр, 2020 сағат 12:11

Аңырақай шайқасына – 290 жыл!

1723–1730 жылдарғы Отан соғысы әйгілі Аңырақай шайқасымен қорытындыланды. 1730 жылғы сәуірде жоңғар қонтайшысы Галдан Церенмен (Қалдан Серенмен) бейбіт келісімшарт жасасу арқылы «Ақтабан шұбырынды» қасіретінен бері өрши түскен қантөгісті азаттық күресіне жеңісті нүкте қойылды. Аңырақайдағы ұлы жеңіс халқымыздың этностық бірлігін, біртұтастық сезімін арттырды. Жауынгерлік рухты нығайтты. Жүздер мен ру-тайпалар арасындағы ауызбіршіліктің маңыздылығын  паш еткен сонау тарихи жеңіске биыл 290 жыл толып отыр. Осы датаға орай сол кезеңге қысқаша шолу жасайық. 

Жоңғар хандығы әскерінің 1723 жылы тұтқиылдан шабуылдаған қанқұйлы шапқыншылығы екпініне Қазақ хандығы төтеп бере алмай, барша оңтүстік жазира, қазақ елінің астанасы Түркістан, өңірдегі қалалардың бәрі жау қолында қалды. Жұрт шұбырып кетті. Елді «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»  қасіреті жайлады. 1719 жылдан аға хан мәртебесіндегі Әбілқайыр баһадүр аз ғана жасағымен Қарақұм аумағына ауысуға мәжбүр болып, сол аймақтағы жігіттерден жаңа қол құрған. Бірақ басқыншы жайлаған өлкеге емес, терістік-батысқа аттанған. Мақсаты – сол жақтан төніп тұрған қатердің алдын алу-тын. Өйткені ондағы Қалмақ хандығы үшін қансырап жатқан қазақ елін оп-оңай шауып алу мүмкіндігі туған еді. Сөйтіп  жұртты қырып-жойып келе жатқан Жоңғар хандығы әскерімен бірігуі, сөйтіп қазақтардың елдігін жойып, екі қандас хандықтың біртұтас мемлекеттік құруы ықтимал еді. Әбілқайыр хан дұшпанның осындай пиғылының алдын алып, жоспарын күл-талқан етуді көздеген. Әскери шарасы діттегеніне жетті. Қалмақ қолының бетін қайтарды. Сосын ұшқыр жасағымен 1724 жылы Ұлы дала төсінде түстік-шығыс бағыты бойынша құйындата шапқылады. Жолшыбай түрлі бекеттер салып тастаған жоңғарлармен  қиян-кескі ұрыс сала отырып, оңтүстікке аймаққа бұзып-жарып кірді. Жаужүрек сарбаздарымен қазақ астанасын сонда жаудан бірден тазартқан. Өлкедегі басқыншы аяғы астында қалған өзге қалаларды, барша жер-суды, ұзын саны отыз екі ұлысты азат еткен.  Бірақ аймақтағы осынау жеңімпаз шеруін, өңірді басқыншыдан өзіне қайтарып алған қанды шайқастардың салтанатты нәтижесін баянды ете алмады. Алты-жеті айдан кейін,  1725 жылы, аймақты қайта тастап кетуге мәжбүр болды. Сондағы жорықтарын еске түсіріп саралай келе, ордасы орналасқан Түркістан шаһары мен оның айналасын жаудан босатқан қалпы, тұрақты ұстап  қала алмауының себебін іздеді. «Ақтабан шұбырынды»  салдарынан қалыптасқан жағдайда елді, жер-суды сақтау және қорғауға байланысты өзінің тарихи міндетін ол адал атқарып келе жатқан. Қарамағындағы әскери күштің жаужүректігінде, соғысу өнеріне жақсы машықтанғанында, ондық, жүздік, мыңдық топтардан жасақталған құрылымының үйлесе әрекет ете алғанында күмәні жоқ. Ол жауынгер сарбаздары мен сардарларына кінә арта алмайды. Солармен бірге  сауыт шешпей, аттан түспей, жалпақ қазақ даласын терістік-батысы мен оңтүстік-шығысы аралығында әрілі-берілі көктей өтіп әлденеше әскери жорықтар жасады. Сол жеңісті жорықтары барысында ел-жұртқа өзінің аға хан мәртебесін іс жүзінде мойындатты. Енді ол қазақ мемлекетінің басшысы, аға ханы ретінде, елді жаудан тұтастай азат етуі тиіс-тін. Бұл үшін дүлей басқыншыға қарсы бүкіл халықты көтеру қажет. Баянды күрестің кілті сонда. Осы уақытқа дейінгі жеңістерін баянды ете алмауының себебі мен сыры сол кілтті өзі мен үзеңгілестерінің дұрыс пайдалана алмағандықтарында. Хан жіберілген қателіктерді түзеу жолдарын  парықтады. Жауға қарсы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шайқасу мәселесін тұңғыш рет 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы қозғаған. Кәдімгі өзін ақ киізге отырғызып хан көтерген құрылтай. Қазіргі жағдайда тап сондай жаңа басқосу ұйымдастыру қажет. Бұл кезек күттірмейтін шара болуға керек. Аға ханның мұндай көзқарасын Орта жүз басы Сәмеке хан бірден қолдайды. Ол батыс пен солтүстіктегі жер-су кикілжіңдерін шешуге Әбілқайыр ханның өзімен бірге тікелей атсалысып жүрген. Сол шақта   оңтүстік аумақ пен Жетісу өлкесі толығымен жоңғарлар қоластында жатқан. Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс хан басқыншы әкімшілікке бодан ретінде  түрлі алым-салығын беріп, Ташкент сынды шаһарда тәуелділік ахуалда күн көріп отырған.  Осы тоқтамды соған тез жеткізу керек. Тек оған емес, ең алдымен ордабилерге, яғни елдегі жүздер билеріне, сондай-ақ аймақтардағы барлық би, батыр, рубасы, бас адамдарға және ақсақалдарға. Аға хан Әбілқайыр баһадүр бекем шешім жасады. Ол елдің аға ханы лауазымымен 1719 жылы қазақ астанасы Түркістанға орныққанда, соғынан батыс өлкедегі Кіші жүзге қарасты ел-жұрт ішінен көп ауыл сол аумаққа көшіп келіп қоныстанған. Жаз айларында аға ханның көшпелі ордасы солардың арасына – Арыс суының саласы Бадам өзенінің алқабына тігілетін. Сол себепті де сондағы Ордабасы аталатын жерді жаңа бүкілхалықтық құрылтай өтетін орын етіп белгіледі. Шұғыл түрде жан-жаққа хабаршылар аттандырылды...   

Жоңғар басқыншылығына қарсы күреспек халықтың ахлақи рухын нығайтқан, шешімталдықпен азаттық соғысын жүргізіп, жанқиярлықпен шайқасу үшін үш жүздің біріккен қолын құруға бекем байлам жасаған әйгілі мәжіліс 1726 жылғы күзде Ордабасыда өтті. Осы тарихи құрылтайға байланысты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды үш ұлы тұлғаның есімдері ерекше құрметпен айтылатыны мәлім.  Олар барлық қазақ ру-тайпаларын жоңғарларға қарсы күреске топтастыру мәселесін қарау үшін Ордабасы құрылтайын шақырды делінеді. Қалың бұқарамен тығыз байланыста болудың жолы ретінде, билікке қара қазақ өкілдерін тарту қажеттігі Есім ханның кезінен бастап мойындалғаны белгілі. Оның «Ескі жол» аталған заңнамасының түпкі мәні де сол болатын. Соны басшылыққа алған Тәуке ханның тұсында белгілі билер елді басқару және заңдарды сонау «Есім ханның Ескі жолы» үлгісімен жетілдіру жұмыстарына белсене қатыстырылды. Әйгілі «Жеті жарғы» осы үш жүз билерінің белсене атсалысуымен қабылданған. Міне, солар  ел басына күн туған күрделі тарихи кезеңде жоңғар шапқыншылығына ел боп бірлесіп қарсы тұру ұранын көтерді.  Ел санасына солай сіңген. Олардың Ұлы жүздегі он бір тайпаны, Орта жүздегі алты тайпаны, Кіші жүздегі жиырма бес тайпаны біріктіретін үш жүз одағын ортақ мүддеге  ұйыстырудағы еңбегін, әрине, жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар, ұлы кеңесті өткізуде осы аса көрнекті тұлғаларымыз бас әміршінің бастамасына сай солай әрекет еткен деген пікірді әділеттілік тұрғысынан қисынды көреміз. Бүкілхалықтық мәжілістер мен кеңестер аса жоғары дәрежелі билеушілердің құзырында жүргізілетінін тарихшылар жоққа шығармайды. Мұндай жиындардағы билердің сөзі қашанда өтімді келетін. Есім хан заманынан бері хан билігінің өзі сол билер кеңесінің шешіміне тәуелді болатын.   Сондықтан да қасіретті шақта қол бастап, қазақ елінің терістігіне де, түстігіне де  тынымсыз азаттық жорықтарын жасаған Әбілқайыр хан атақты билердің көмегіне  жүгінуді жөн көрген. Атамекенді азат ету жолындағы күресті өрістету үшін күллі ел азаматтарының күш біріктіруіне қол жеткізуде  оның де осынау атақты билердің көмегіне сүйенгені тарихи шындыққа әбден сай келеді. Жүздердің хандары, жекелеген ру-тайпалар мен қалаларды басқаратын кіші хандар, сұлтандар, рубасылар, аймақтардағы билер, ақсақалдар, өзге де бас адамдар және, әрине, батырлар бас қосқан құрылтай басқыншыдан отанды азат ету үшін сарбаздарды жалпақ ел ішінен жиюды бірауыздан қолдады. Қазақ біріккен әскерінің бас қолбасшысы  міндетін аға хан Әбілқайыр баһадүрге жүктеді. Қазіргі қалыптасқан көзқарас бойынша – құрылтай Кіші жүз ханы Әбілқайырды аға хан лауазымына емес, бас қолбасшы етіп қана сайлады делінеді. Мұндай көзқарастағылар қазақтың бұл кездегі аға ханы Болат хан болатын деп санайды. Алайда байыпты ғылыми зерттеулер Болат ханның, біріншіден, аға хан емес, Орта жүз ханы болғанын, екіншіден, ол «Ақтабан шұбырынды» басталғанда дүние салғанын айтады. Демек, Бас қолбасшы ретінде таңдалған  Әбілқайыр баһадүрді Ордабасы құрылтайында аға хан мәртебесіне сайлаудың қажеті жоқ еді, ол бұл мәртебеге Тәуке ханның ізбасары Қайып хан қаза тапқаннан бері, 1719 жылдан ие болатын.  1724 жылдан Орта жүз ханы Сәмеке мен 1720 жылдан Ұлы жүз ханы Жолбарыс оны өздерінен барлық жағынан жоғары болғандықтан да мойындаған, оны көне меритократиялық тәртіпті басшылыққа алған билер кеңесі қолдаған. Осылай ол жеті жылдан бері аға хан саналатын. Егер бұл бастапқы кезеңде заты емес, тек аты ғана бар лауазым саналса, сондықтан да оны жұрт тек Кіші жүз ханы деп қана қабылдаған болса да, жоңғардың жойқын шапқыншылығынан берменгі күллі қазақ даласын шарлап көрсеткен жауынгерлік, қолбасылық еңбегі мен ерлігі оның іс жүзінде аға хан екенін бұлтартпастай етіп дәлелдеген еді. Қазақ хандығында тақта отырған әмірші әдетте әскердің де бас қолбасшысы болатын, демек, Әбілқайырға бас қолбасшылықты беру оның аға хан екенін мойындағандықтан, ел үшін жанын отқа да, суға да салған жанқиярлығын бағалағандықтан жасалған шара. 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында да, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайында да ол өзіне көрсетілген сенімді ақтап, хан дәрежесі міндеттейтін қолбасылықты адал атқарды. Ол үш жүзден жиналған әйгілі батырлармен әскери кеңес өткізіп, шұғыл сарбаз жинау, оларды соғыс өнеріне тездетіп үйрету, сосын елді біртіндеп дұшпан езгісінен азат ету жоспарын құрды. Бірінші кезекте былтырғы жеңісті шеруден кейін қайтадан жау қолында қалған астанадан бастап, аймақтағы барлық қалаларды жоңғар билігінен құтқару мәселесі күн тәртібіне шықты.  Біріккен қазақ армиясы соғыс жоспарларына сай ұрыстар жүргізіп, оңтүстіктегі қалаларды бірінен соң бірін азат ете бастады...

Жоңғарлар қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды және Сырдарияның орта ағысы өңірін басып алғаннан соң  Ұлытауға қарай бет бұрған. Ордабасы құрылтайы жігерлендірген қазақ әскерлері Әбілқайыр ханның қолбасшылығымен Түркістан–Ташкент алқабындағы ондаған қазақ қаласын қайтадан жаудан тазартып, елдің орталық аймағына беттеген жоңғар қолына шешуші соққы беруге әзірленді. Бас қолбасшы Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ батырлары 1726 жылдың соңында және 1727 жылы әскери қимылдарды үйлесімді әрі ұтымды жүргізе отырып, Торғай даласының оңтүстік-шығыс бөлігінде ірі жеңістерге жетті.  Ұлытау маңындағы Бұланты мен Білеуті өзендерінің аңғарларында өткен шайқас ел айбынын ерекше асқақтатты. Қазақ жасақтары жоңғарлармен әуелі Қарсақпай қыраттарынан басталатын сол қос өзен құйып жатқан Шұбар-Теңіз көлі маңайында соғысқан. Талқандалған басқыншылар көлден әрмен қашқанда, аталған екі өзен аралығындағы Қарасиыр (оны «шоқы» мағынасын беретін Қарасире деп те атайды) жазығында оларға қатты соққы беріп, тамаша жеңіске жетті. Дұшпан ойсырай ұтылған бұл ұрыс тарихқа Бұланты-Білеуті шайқасы деген атпен енді. Осы ірі жеңіс нәтижесінде қазақ жасақтары жоңғар күшін Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Шайқаста Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты Байғозы, Тайлақ, Саңырық, Қабанбай, Дербісалы, Сатай, Есет, Жәнібек, Тілеулі сынды көрнекті қолбасшылар мен көптеген батырлар, барша сарбаздар көзсіз ерлік көрсетті. Жоңғарлар зор шығынға ұшырап, кері қашты. Бұланты-Білеуті шайқасының тарихтағы маңызы ерекше. Өйткені ата жауды талқандаған осынау ұрыс халықтың еңсесін көтерді, азаттық үшін, отан үшін  күреске бір жағадан бас, бір жеңнен білек шығарып,  жаппай көтерілуге жігерлендіре түсті. Қазақ сарбаздары бұдан кейін ахлақи және рухани үстемдікке ие болып, жоңғарлар басып алған жер-суларын бірінен соң бірін азат ете бастады. Бұл 1727 жыл еді. Осы жылы кенеттен қонтайшы Цеван Рабдан (Сыбан Раптан) дүние салды да, жоңғарлардың қазақ жеріндегі күштеріне арттарынан қосымша көмек келмей қалды. Бұл жағдай рухы күшейе түскен қазақ жасақтарының жеңісті шеруінің сәтімен жалғаса беруіне белгілі дәрежеде қолайлы жағдай туғызған болатын. Қонтайшы өлімі хандық ішінде дүрбелең туғызды. Таққа оның үлкен ұлы Галдан Церен (Қалдан Серен) отырған. Ол әкесінің ойда жоқта дүниеден кетуін өгей шешесі – хан тағына таласуы ықтимал інісі Лаузан Шононың туған анасы Сетержаб пен сол шақта Қалмақ хандығынан келген елшілерден көрді. Қатыгез жазалау шараларын жүргізді. Сосын хандықтың шығыс шекарасына  назар аударуға мәжбүр болды. Онда Цин-Қытай әміршілері өзгерген. Боғдыхандар ауысқан. Император Канси қайтыс болып, таққа Юнчжен отырған. Ол  өзіне дейін жасалған уағдаластықты жиып қойып, жоңғарларға қайтадан қауіп төндіре бастаған еді. Соған байланысты  Галдан Церен әскерінің негізгі күшін сол жаққа шоғырландыруға кірісті. Содан көп ұзамай қытайлықтармен қарым-қатынас шиеленісіп кетті. Жоңғарлар олармен жаңа соғысқа кірді. Осындай жағдайда Галдан Церен қазақ жеріндегі армиясының біраз бөлігін жоңғар хандығының шығысындағы майданға салу үшін кері шақырып алған.  Бұл кезде Әбілқайыр хан қазақ елінің Қаратау өңірі мен оңтүстігін басқыншыдан тазарту күресінде жүрген. Ол жаңа ахуалды мұқият саралады. Сөйтіп 1730 жылдың көктемінде жауға Аңырақай даласында шешуші соққы берген болатын. Осы шайқас Отан соғысының ең елеулі белесіне айналды. Ол азаттық үшін күрестің рухты мейлінше көтеріп, болашаққа деген сенімді бекіте түскен жеңісті шыңы ретінде өте орынды түрде мақтан тұтылады. Жұртшылық санасына сіңірілген мәлімет бойынша – Аңырақайда шартараптан жиналған қазақ сарбаздарынан біріккен отыз мыңдық қол қырық мыңдық жау әскерімен бір-бір жарым айдай уақыт бойы соғысқан. Жеңіске жеткен. Бірақ жеңімпаз қазақ жасақтары жүргізген шайқастар сонымен доғарылған. Жауды өз еліне қарай түре қумаған. Себебі «шайқас соңында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін» (тағы бір көп таралған қисын бойынша – «дімкәс Болат хан науқасынан дүние салған соң»)  басталған «тақ үшін талас» оған кедергі келтіріпті-міс, көпшілік «Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті қолдаған» да, «бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын батысқа,  Орта жүз қолын Сәмеке хан солтүстікке» алып кетіпті-міс. Ғылыми зерттеулер бұл ұйғарымдардың жаңсақтығын көрсетеді. Өйткені Болат хан 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» басталған шақта өмірден өткен. 1730 жылғы Аңырақай шайқасынан кейін хан сайлауын жасауға қажеттілік туған жоқ. Себебі соғысты жеңісті шыңына жеткізген бас қолбасшы Әбілқайыр баһадүр әрі аға хан да болатын. Оның үстіне,  Әбілқайырмен тақ таласына түсіп бәсекелесетіндей дәреже, жас жағынан да, бедел жағынан да ешбір кіші ханда болған емес.  Ең бастысы, «Әбілқайыр мен Сәмекенің майдан даласын тастап» кетуі мүлдем өзге сипатта және басқа жағдайға байланысты орын алған-ды...

Құрамына тарихшы, геолог-геоморфолог, этнограф, археограф, палеоклиматолог, шығыстанушы, палинолог, географ ғалымдар енген зерттеушілер тобы 2005–2007 жылдары Шу-Іле аймағының ортаңғы бөлігіне бірнеше рет экспедицияға шыққан.   Жасаған далалық зерттеулері мен ізденістерінің нәтижелерін бірнеше салалық ғылыми институт қызметкерлері қатысуымен өңдеген. Сөйтіп,  атақты шайқас өткен Аңырақай өңіріне кешенді түрде  жүргізген арнайы зерттеу нәтижелерін сындарлы ғылыми тілмен еңбектерінде баян қылып, кейбір қалыптасқан пікірлерге сын көзбен қарауға мәжбүр ететін қорытындылар жасаған болатын. Экспедициялар кезінде тарихи оқиға аймағы жер бетінен, сондай-ақ биіктен суретке түсірілді. Аумақтағы табиғи және әлеуметтік-экономикалық нысандарды географиялық, геометриялық тұрғыда көрсететін ғылыми сызбалар жасалды. Жер бедері мен су көздерінің қазіргі сырт кескініне ғылыми зерттеулер мен есептеулер жүргізіліп, олардың үш ғасырға жете-ғабыл уақыт ұшыратқан өзгерістерден бұрынғы кейпі жорымалы түрде елестетілді. Жер мен мекен-жайдың тарихи атаулары, әр кезгі географиялық карталар, өлкені мекендеген тайпалардың тұрмыстық және мәдени ерекшеліктері, олардың тіршілігі мен қызметінің біздің заманымызға жеткен материалдық қалдықтары, Аңырақай ауылы тұрғындарының экспедиция мүшелеріне берген ақпараттары қарастырылды.  Солардың бәрін өлкенің әскери-саяси тарихымен тығыз байланыстырып қарай отырып, аймақтың 1730 жылғы табиғаты мен жорымалы бейнесін және тарихи шайқастың бас-аяғы мен өту ретін ғылыми әдіспен қалпына келтіру әрекеті жасалды. Қысқасы, ғалымдар зерттеуге алынған өңірдің топографиясын, геоморфологиясын, ландшафын, палеоклиматын, археологиясын, тарихи топонимикасын, картографиясы мен этнографиясын, сол тұста орын алған саясат пен жаугершіліктер шежіресін жан-жақты талдап, зерттей келе, алынған деректердің пәнаралық синтезі негізінде, Аңырақай шайқасының нақты болған жерін, дәл уақытын және сондағы оқиғалардың қандай ретпен өткенін,  қазақ әскери жасақтарының Аңырақай тауы ауданында жоңғарларға қарсы ұстанған шабуылдау стратегиясы мен тактикасының өзіндік ерекшеліктерін анықтаған. Іргелес ғылымдар өкілдерін тарта отырып, Аңырақай шайқасына қатысты үйлесімді сипатта жасалған бірегей зерттеулер нәтижесінде отан тарихын білуге құмартушылар танымының көкжиегін кеңейте түсетін тың жаңалықтар ашылды.  Фольклорлық дерек көздеріне қарағанда, Отан соғысының шешуші шайқасы болған  тарихи майдан даласы Аңырақай жоталары мен Алакөл жазығы аралығында, яғни,  Аңырақай алқабының солтүстік-шығыс бөлігінде жатыр. Осыны негізге алған зерттеушілер  Аңырақай шайқасының табиғи шекарасы оңтүстік-батыста – су бөлетін сала мен Аңырақай (көне карталарда – Күмісті) жоталарының солтүстік-шығыс шоқыларын, батысында – Қопалы өзені мен Қаракемердің тармақтарын, солтүстік-шығыста – Бескөл алқабын, ал шығыста – Сарыбұлақ өзенінің аңғарын алып жатқан 210 шаршы шақырымдық  аумақ деп тапты. Жоңғар басқыншыларына көрсетілген жалпыхалықтық қарсылықтың қорытынды кезеңіндегі басты әскери қимылдар осы ауданда өтті. Әйгілі шайқас даласы айқын үшбұрыш түрін елестететіні анықталды. Үшбұрыштың табанында Аңырақай қырқаларының солтүстік-шығыс баурайы, ал қос қанатында – биік жарқабақты Қопалы және Сарыбұлақ өзендері жатыр. Екі су ортасындағы Бескөл алқабында барлық қорғаныс шаралары ескеріліп салынған мықты бекіністі қамал (қазіргі Қалмақтөбе) бой көтерген.  (Жетісудағы осы Қалмақтөбе кешені ондағы қорғаныс қамалы мен өз әскерінің ұрыс жүргізуін жеңілдетуді, ал дұшпанның әрекетін қиындатуды көздейтін барлық фортификациялық құрылысымен және оған жәрдемін тигізетін нысандарымен бірге тұңғыш рет 2005–2007 жылдары тарихшы Ирина Ерофееваның басшылығымен ашылып, ішінара зерттелді). «Қалмақтөбе» жоңғардың оңтүстік-шығыс шекарадағы ең ірі қарауыл бекеті еді. Оны 1653–1666 жылдары белгілі ойрат нойоны (Салқам Жәңгірді жекпе-жекте жеңген делінетін) Галдамба  салдырған болатын. Осы бекініс пен үш тараптағы табиғи шекаралар сол аумақты  мекен еткен басқыншыларды қазақтардың ықтимал шабуылынан сенімді түрде қорғап тұрған. Тек солтүстік-шығыс жағы (Қопалы, Қаракемер және Сарыбұлақ алқаптарының ең төмен әрі жазық бөліктері ғана) біршама ашық, яғни сыртқы қарулы жасақтардың сол жерден ғана  кіре алуы ықтимал еді. Бекіністің шығысынан 8–10 шақырымдай  жерден Үлкен Қалмақ  жолы өтетін. Осынау көш және керуен жолы Шу-Іле аймағының оңтүстік бөлігінен Қазақ даласының батыс аймағы мен солтүстік-батысына қарай созылып, Жоңғар хандығын Еділ-Жайық аралығындағы Қалмақ хандығымен  байланыстырып жататын.   Сондықтан да оның қазақ үшін де, қалмақ  үшін де әскери-стратегиялық маңызы елеулі еді. Жалпы, Шу мен Талас өзендері алабынан  Шу-Іле таулары ауданына дейінгі  географиялық кеңістікте ойраттар 19 әскери-қорғаныс бекетін салған-тын, олар 17-ші ғасырдың екінші жартысынан 18-ші ғасырдың алғашқы ширегіндегі Жоңғар хандығының шекаралық аймағын  белгілеп, ойрат көштерінің негізгі бөлігін Қазақ хандығының халқы орналасқан аумақтардан қорғап тұрған-ды. (Әбілқайыр хан басқарған азаттық шайқастары нәтижесінде жоңғарлардың алғы шептеріндегі әскери-қорғаныс бекеттері алынып, өңірлер дұшпаннан тазартылған, алғыс сезіміне бөленген қазақ халқы елді азат етуші бас қолбасшыға ризашылық білдіріп, осы өңірлердегі талай жер-су аттарын сол шақтан-ақ Әбілқайыр есімімен атады). Қазақ жеріне салынған жоңғар бекіністеріндегі қарулы жасақтарға әскербасы етіп қонтайшы Галдан Церен өзінің күйеу баласы Лацзан Церенді 1728 жылдың ортасында тағайындаған-тын. Сол тәжірибелі жоңғар қолбасшысы басқарған басқыншыларға қарсы шешуші шайқасқа Біріккен қазақ әскері Отан соғысының Аңырақай майданында шықты. 

Цин империясы  Жоңғар хандығына қарсы 1729 жылы жаңа соғыс ашқандықтан, Галдан Церен қонтайшы 1730 жылдың басында қазақ аймағын мекен еткен халқы ішінен  соғысуға қабілетті ойраттардың көбін шұғыл түрде оңтүстік майданға шақыруға мәжбүр болған. Жетісудағы әскери-қорғаныс бекеттерінде саны шағын қарауыл жасақтарын ғана қалдырған. Осы қолайлы ахуалды Әбілқайыр хан пайдаланып қалуға тырысты. Аялдамастан, әскери күштерін Шу-Талас өзендері аралығынан Оңтүстік-Батыс Балқаш маңы ауданына бағыттады. Сөйтіп, қазақ жеріндегі жоңғар әскери-саяси жүйесінің Бескөл (Қалмақтөбе) форпостына қазақтардың біріккен қолы сол кезгі әскери ілім-білімнің  озық тәсілін қолдана отырып, 1730 жылғы сәуірдің басында шабуыл жасады. Аңырақай үшбұрышына басты даңғыл болып табылатын Үлкен қалмақ жолымен емес, қарама-қарсы екі бағыттан (Балқаштың оңтүстік-батыс жағасы мен Шу алқабынан) келді. Шабуылдың негізгі мақсаты  Аңырақайдың солтүстік-шығыс бұрышындағы Қалмақтөбе бекінісіне шоғырланған 5-6 мыңдық жоңғар әскерін қоршап алып, жойып жіберу болатын. Бас қолбасшы Әбілқайыр хан шешуші шабуылда халықтың көпғасырлық дәстүрі бар «дала соғысы» орайындағы әскери ойға, оның «аңды жан-жағынан қаумалап аулау» әдісін қолданды. Жауынгерлік соғыс қимылдарын әйгілі қазақ қолбасылары мен батырлары қатысқан үш атты жасақ жүзеге асырды. Олардың екеуі  Сарыбұлақ пен Қопалыдағы жауға өткел болуы ықтимал жазық тұстарды торыды әрі Қалмақтөбе бекінісін шабуылдады. Шақпақты, білтелі мылтықтармен атқылай отырып,  әуелі дұшпанның қамалын  басып алды, сосын бекіністің маңына топтасқан және оны тастап шыққан ойраттарды тықсыра қуып, тауға қашуға мәжбүр етті. Қашқан жауды Аңырақайдың орталық шатқалдарына бекінген садақшылар қарсы алды... Бұл 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыға» ұрындырған жойқын шапқыншылықтан бері тынымсыз жүріп келе жатқан, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайынан кейін айрықша серпін алған Отан соғысындағы шешуші шайқас болды. Осы аумақта қазақ халқы, қазақтың үш жүзінің сарбаздарынан құралған халық жасағы басқыншы-жоңғарларды біржолата жеңді.  Байырғы күшті де қаһарлы қарсыласын осыған дейін жаулап алған қазақ жерінен қуып шықты. Сөйтіп, азаттық жолындағы қиындығы мол күрделі қаһармандық дастанды іс жүзінде салтанатты жеңіспен аяқтады.

Көшпенді хандықтар ішіндегі аса қуатты Жоңғарияның әміршісі Галдан Церенді жеңген атағы Әбілқайыр баһадүрді саяси тұрғыда қазақтың аға ханы мәртебесінде таныта түсті. Қадірлі батыр-ханының есімін халық жеңісті шайқастар өткен тау, өзен, аңғарға берген. Ол өз жұртында ғана емес, көрші елдерде де үлкен құрметке бөленді. Орта Азия хандықтарының билеушілері онымен туыстық қарым-қатынасқа жетуге ұмтылды. Қолбасшы, әмірші, саясаткер Әбілқайыр хан Аңырақай шайқасынан кейінгі жағдайды көрегендікпен саралай білгендіктен, жоңғар қонтайшысымен бітімге келген-ді... Алайда бұл тұжырымның тарихшылар арасында: «Аңырақай шайқасынан кейін қазақ билеушілері арасында жік туды» деген мағынада көптен қалыптасқан, тіпті ресми «Қазақстан тарихының» үшінші томы элита ішінде «жоғарғы билік үшін күрес»   жүргені жайында таңбалап қойған пікірге қайшы екені түсінікті. Ресми тарих: «Тәукенің ұлы, қайтыс болған аға хан Болаттың орнына Орта жүзден – Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр үміттенді. Көпшіліктің таңдауы Әбілмәмбетке түсті. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырды деп тауып, шайқас алаңынан кетіп қалды, сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді», – деп хабарлайды. Еліміздің ең басты тарих кітабының 2010 жылы жарық көрген соңғы академиялық басылымының тап осындай ескірген мағлұматты шегелеп  таратуы өкінішті-ақ. Өйткені содан бір мүшел ілгеріде, өткен ғасырдың соңғы жылдарында,  жекелеген тарихшылар (айталық, И. Ерофеева) сенімді дереккөздерді айналымға тарту арқылы ондай байламның қате екенін дәлелдеген болатын. Болат ханның «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінің бастапқы жылдарының бірінде дүниеден өткенін, оның ешқашан аға хан болмағанын, аға хан мәртебесі 1715 жылы Қайыпқа, 1719 жылы Әбілқайырға тигенін, Аңырақай шайқасынан кейін ешқандай да аға хан (ұлы хан) сайлауы өткізілмегенін дәлелдеген зерттеулерін жария еткен еді. «Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырғандықтан» емес, соғыс аяқталып,  тиісті бітім жасалғаннан соң, өздеріне қарасты ру-тайпалар мекендейтін аумақтарда туған өзекті мәселелерді реттеу үшін кеткен болатын. Демек, «шайқас алаңынан» кетіп қалды деу де, «сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді» деп тұжырымдау да нақты тарихи шындыққа сәйкес келмейді. Бас қолбасшы Әбілқайыр хан оңтүстікте белгілі бір мақсатта, белгілі бір мөлшерде әскери күш қалдырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Цин ұлы династиясының хроникасы» деген атпен жарияланған қытай құжаттары жинағында қазақ ханы Әбілқайыр (Абуэрхайли) қазақ жігіттерінің 70 мыңдық әскерін өз бұйрығымен інісі Бұлқайырға (Буэрхайли) басқартып, жоңғарларға қарсы жорыққа шықты делінетін ақпарат келтірілген.  Сондай-ақ олардың Шу-Талас жерінде тұратын ойраттардың мың шаңырағын түгел басып алғаны және Жоңғарияның өзге көші-қондарынан 2–3 мың ат айдап әкеткені айтылған. Бұл оқиға император Юнчжен басқарған мерзімнің 9-шы жылындағы 2-ші айда орын алды деп көрсетілген. Оны біздің тарихшылар 1731 жылға сәйкеседі деп қате белгілеп жүр. Император Юнчжен таққа 1722 жылы отырған, демек оның Қытай империясын басқарған мерзімінің тоғызыншы (тоғыз емес, 9-шы!) жылы 1730 жылға, яғни жоңғарларға қарсы Отан соғысын тамамдаған Аңырақай  шайқасы болған жылға сәйкес келеді. Демек Юнчжен жылнамасының 9-шы жылындағы 2-ші айда, яғни 1730 жылғы 8 наурыз бен 6 сәуірдің арасында бас қолбасшы Әбілқайыр хан Аңырақай өңіріндегі жоңғар күштерімен шешуші шайқасты сәтті жүргізіп, тәжірибелі әскербасы   Лацзан Церен басқарған жоңғар жасақтарын біржола жеңді. Содан соң ойраттардың ықтимал шабуылдарына тойтарыс беру үшін Бұлқайыр сұлтан қолбасшылық жасайтын әскерді өңірде қалдырып, өзі батыс шекараға аттанды.

Цин боғдыханы Юнчженнің жылнамасында «Галдан Цереннің інісі Лобуцзян-Шуну (Лаузан Шоно) қазақ ханы Әбілқайырдың қызын әйелдікке алды, қазір, ыңғайы, қазақ жерінде тұрады» деген мәлімет бар. Біз мұның ақиқаты қандай екенін айта алмаймыз, дегенмен, Әбілқайыр ханның бәйбішесі қызымен 1723 жылы тұтқындалып, Түркістандағы ордасынан Жоңғарияға әкетілгенін еске алсақ, Лаузан Шоно хан қызын алуы ықтимал деп пайымдаймыз. Аталмыш қытай дереккөзінде одан әрі: «Лаузан Шоно мұрагер ретінде әкесінің тағына отыру мәселесін шешу үшін 1-ші айда өз жаушыларын  Галдан Церенге жіберді» деген хабар айтылады. Бұл оқиға, шамасы, Цеван Рабдан дүниеден көшкен 1727 жылды меңзесе керек. Галдан Церен әкесі Цеван Рабданның кенеттен болған өлімін өзінің өгей шешесі,  Лаузан Шононың туған анасы Сетержабтан көреді де, оны балаларымен, сондай-ақ сол тұста Қалмақиядан (бәлкім, қытай жылнамасында айтылғандай мақсатпен  Лаузан Шонодан) келген елшілердің кейбірін өлтіреді. Сондықтан, боғдыхан сарайының шежіресінде одан әрі айтылғандай, «Галдан Церен оның анасын, сондай-ақ бірге туған інісі мен қарындасын өлтіргендіктен»,  Лаузан Шоно «Галдан Цереннен өш алуды қатты тілеп жүр. Оған әскери шабуыл жасағысы келеді». Бұндай ахуал Әбілқайыр ханның ойраттармен де, қалмақтармен де бітім жасауына жанама түрде болса да әсер еткен болуы мүмкін. (Тек  Лаузан Шоно «қазақ жерінде тұрады» дегені жаңсақ, ол Қалмақ хандығында  тұрған.  Қонтайшы Галдан Церен өзінің тағына бәсекелес дұшпанын ұстап беруді қалмақ ханы Церен Дондуктан талап еткен болатын). Аңырақай шайқасынан кейін жасалған бейбіт келісімшарт екі жаққа да тиімді еді. Галдан Церен қазақтармен бітімге келу арқылы цин-қытай жағындағы шекарасына әскери күштерін топтастыруға мүмкіндік алды. Қонтайшы сол жылдың өзінде қытай әскерін Баркөл маңында тас-талқан етіп, енді Алтайда соғысуға әзірлік жүргізе бастады. Ал жоңғармен соғысты одан әрі созбай, бітім жасауды мақұл көрген Әбілқайыр хан солтүстік-батыс шекараға жаңа шабуылдарымен қайтадан  қауіп-қатер төндіріп тұрған көршілермен – орыс мемлекетіне қарасты казактар қауымымен,  қалмақ және башқұрт елдерімен ара-қатынасты ретке келтіруге аттанған еді. Ол орыс империясымен шекарадағы  мазасыздықты тыныштандыруға күш салды. 1730 жылғы мамыр айында Әбілқайыр ханның Торғай өлкесіндегі жазғы ордасына Кіші жүз бен Орта жүздің бас адамдары бас қосты. Бұл мәжілісте орыс шекарасына тақау көшіп-қонатын жұртқа қырғидай тиіп жүрген Жайық және Сібір орыс казактарының, Еділ қалмақтарының шапқыншылықтары біршама реттеліп, тыншығанмен, түбі бір түркі болса да, желкелеріндегі отаршыл әкімдерінің астыртын айдап салуына көніп, қазақ ауылдарына тұтқиылдан  жортуылдатып айрықша  маза кетіріп жүрген башқұрттар жайы талқыға түсті. Сол жиыннан бастау алған тағдыршешті қадам жеке әңгіме үлесінде...

Қазақ мемлекеттігі ғұмырындағы күрт бетбұрысқа серпін берген сол жиын өтер алдында жеті жылға созылған Отан соғысын қорытындылаған тарихи Аңырақай жеңісіне биыл 290 жыл толып отыр...  

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5539