Ойы – терең, жігері – ерен
Жазушы Кеңес Юсуп туралы әңгіме бола қалса, жұртшылық ең алдымен оның аудармашылық өнерін ауызға алады. Колумбия жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын тәржімалаудағы шеберлігіне, айтар ойы терең, астары қалың, күрделі туындыны қазақ тілінде жатық сөйлете білген жазушының жанкешті тірлігіне сүйсінеді. Оның үстіне латынамерикандық қалам иесінің әу баста испан тілінде жарық көрген романының орыс тіліндегі нұсқадан аударылғанын ескерсек, автор ойын, оқиға иірімдерін қазақ оқырмандарының көкейіне жеткізудің қаншалықты қиындай түсетіні өзінен-өзі түсінікті.
Заманның өзекті мәселелерін көркем туындыға арқау еткен, тілі де, тіні де ауыр бұл туынды қазақ тілінде жарық көрмес бұрын он миллион дана таралыммен әлемнің 32 тілінде сөйлеп үлгерген-ді. Дүниежүзі тарапынан қызығушылық туғызған әйгілі шығарма 1985 жылы ана тілімізде жеті мың данамен жарық көре салысымен-ақ лезде тарап, әдебиет сүйер қауымға қапелімде таптыра қоймайтын тапшы кітаптың біріне айналды.
Жазушы Кеңес Юсуп туралы әңгіме бола қалса, жұртшылық ең алдымен оның аудармашылық өнерін ауызға алады. Колумбия жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын тәржімалаудағы шеберлігіне, айтар ойы терең, астары қалың, күрделі туындыны қазақ тілінде жатық сөйлете білген жазушының жанкешті тірлігіне сүйсінеді. Оның үстіне латынамерикандық қалам иесінің әу баста испан тілінде жарық көрген романының орыс тіліндегі нұсқадан аударылғанын ескерсек, автор ойын, оқиға иірімдерін қазақ оқырмандарының көкейіне жеткізудің қаншалықты қиындай түсетіні өзінен-өзі түсінікті.
Заманның өзекті мәселелерін көркем туындыға арқау еткен, тілі де, тіні де ауыр бұл туынды қазақ тілінде жарық көрмес бұрын он миллион дана таралыммен әлемнің 32 тілінде сөйлеп үлгерген-ді. Дүниежүзі тарапынан қызығушылық туғызған әйгілі шығарма 1985 жылы ана тілімізде жеті мың данамен жарық көре салысымен-ақ лезде тарап, әдебиет сүйер қауымға қапелімде таптыра қоймайтын тапшы кітаптың біріне айналды.
Романның қазақ тіліндегі нұсқасымен танысып шыққан зиялы қауым К.Юсуптың қазақтың қара сөзін қапысыз меңгеріп қана қоймай, әлем халқы мойындаған жауһар туындыны оқырманға ана тілінде жеткізуде тіліміздің әлеуетін мейлінше сарқа пайдалана білген көркем аударманың сарабдал маманы екенін сол тұста-ақ мойындаған еді. Көркем аударма саласында бұрын-соңды шығармашылығымен көзге түсе қоймаған жазушының бірден әлемдік әдебиеттің жалынан ұстап, асауды жуасытқан әбжіл атбегідей мінез танытуы өзгелер үшін күтпеген жағдай-ды.
Әрине, бұл өзгелер үшін. Ал К.Юсуп үшін бұл жылдар бойғы ізденістің жемісі болатын. Ақырын жүріп, анық басқан ілкімді қадамдардың із қалдырған белгісі еді. Бұған жазушының өмірді көркем түйсіне білетін өзіне тән қабілетін қосыңыз. Сонда оның өз сөзімен айтқанда, «Жүз жылдық жалғыздық» туындысын қолына алғандардың ішінде самарқау қалған адам болмаған романды қазақтың төл туындысы дәрежесіне жетеғабыл дүние жасауының сыры ашылғандай болады.
Біздің ойымызша, жазушының көркем аудармадағы мінсіз шеберлігін аңдау үшін өзіміз әңгімелеп отырған «Жүз жылдық жалғыздық» романының қазақ тіліндегі нұсқасын ол аударылған орыс тіліндегі нұсқамен салыстыра талдау шарт емес. Ол - сыншылардың міндеті. Ал романның қазақ тіліндегі нұсқасына қызығушылық танытқан оқырман онымен таныса бастаған алғашқы сәттен-ақ шұрайлы тілмен баяндалған оқиғаның соңына ере жөнелгенін өзі де байқамай қалады.
Сөзіміз дәлелді болу үшін шағын ғана мысал келтірейік: «Жыл сайын наурыз туа, селеннің шетіне жалаңаш-жалпы сыған тобыры келіп шатырын тігеді де, сырнайлата-кернейлете жүріп, Макондо жұртын оқымыстылардың соңғы кезде ойлап тапқан жаңалықтарымен таныстыратын. Сығандардың алғашқыда әкелгені - магнит. Еті қайтқан салалы саусақтары буын-буындарынан құс топшыланып бүгіле бастаған, өзін Мелькиадес деп таныстырған қалың қауға сақалды, месқарын сыған Македония алхимиктері ашқан әлемнің сегізінші ғажайыбы осы деп, магниттің қасиеттеріне жиналған жұртты таң-тамаша етті. Екі қолына темірдің қос кесегін ұстаған ол лашық-лашықтың арасын қуалай өтуі мұң екен, зәре-құты қашқан жұрт шылапшын, теген, тістеуік, табақ біткеннің жатқан орындарынан сарт-сұрт көтеріліп, тот басқан шеге-бұрандалардың қағылған жерлерін қақыратып шығардай қаңсыған тақтайларды сақыр-сұқыр еткізгенін көріп, қайран қалды. Әлдеқашан із-тозсыз жоғалдыға саналған заттар да бұдан бұрын талай іздегенде таптырмаған тұстан шығып, Мелькиадестің сиқырлы темірлерінің соңынан ұбырып-шұбырып ере жөнеледі. «Заттың да жаны бар», - деп шырылдақ дауыспен сыған жар салып жүр. - Тек оларды оята білу керек».
Көріп отырғанымыздай, оқиғаны суретке түсіргендей дәл бейнелеген қазақтың шұрайлы тілі алдымыздан шықты. Тілге жан бітірген, оны жоғарыдағыдай қимыл-қозғалысқа салып, оқушыны еліктіріп әкеткен К.Юсуптың бұл аудармасын әгәрәки шетелдік атаулар болмаса, қазақтың төл туындысы деп ойлап қалуың әбден мүмкін. Аудармашының да, түптеп келгенде, діттегені осы болса керек. Әрі жазушы өз мақсатына ойдағыдай қол жеткізе де білген.
Өз басым жазушыларды екі топқа бөліп қарастырамын. Олардың бірі - көп жазады. Көп жазса да дөп жазады. Яғни, көп жазамын деп, мән-мағынадан айрылмайды, оқушысын жоғалтпайды, оқырман оны тағы не жазды екен деп іздеп жүреді. Екіншісі - аз жазады, аз жазса да саз жазады. Яғни, бәленбай жыл бұрын жазылған шығармасы ұмытылмай, оқырманның көкейінде тұрады.
Кеңес ағамыз екінші топтағы жазушы. Оның жазушылығын былай қойғанда, осыдан ширек ғасыр бұрын жарық көрген «Жүз жылдық жалғыздық» атты аударма кітабының бірнеше рет қайта басылып шыққанын айта кеткен орынды. Жақсы аударылған кітапқа деген оқырман ықыласын осыдан-ақ байқай беріңіз.
К.Юсуптың аз жазса да саз жазатын мінезі аудармаға ғана емес, жалпы шығармашылығына тән десем, артық айтпаймын. Оның әр жылдары баспасөзде жарияланған туындыларын есептемегенде, кітап болып жарық көрген шығармаларының саны анау айтқандай көп емес («Ақиқат сапар», «Қарашадағы көктем», «Охапка полевых цветов», «Желқайық»).
Алайда ол шығармалардың әрқайсысы өздерінің шынайылығымен, көркемдігімен дараланады. Әңгімелер, хикаяттар болып келетін бұл дүниелерді талдап, таразылауды мақсат тұтпаймыз. Айтпағымыз - олармен танысқаннан кейін жазушының «Жүз жылдық жалғыздық» тәрізді классикалық туындыны қазақ тілінде сөйлетуге үлкен дайындықпен келгенін аңғарамыз.
Кеңес ағамыздың соңғы жылдары қолға алған және бір игілікті шарасы -әдебиет сүйер қауымның, жалпы қазақ оқырманының өз қазанында ғана қайнауымен шектелмей, сан алуан халықтар әдебиетінен хабардар болып отыруын көздеп, журнал шығара бастауы. Сол арқылы ағамыз туған халқының тәуелсіз елге тән биік өреден көрінуіне азды-көпті үлес қосуды мақсат тұтқандай. Осы бағыттағы жұмысты ол соңғы 5-6 жылдың көлемінде мықтап қолға алып, бүгінгі күні тұрақты оқырмандарын тапқан, қалыңдығы бір елі, мазмұны сүбелі «Әлем әдебиеті» журналының екі айда бір рет жарық көруіне қол жеткізді.
Көрнекті тәржімешінің көркем аударманың азапты жұмысымен айналысып қана қоймай, қазақ оқырманын әлем әдебиетімен біржола қауыштыру ниетінің сәтімен жүзеге асқанына біз де қуаныштымыз, әрине.
«Біздің негізгі мақсатымыз - әлемнің классикалық әдебиетін қазақ тілінде сөйлету, - деп ой бөліседі К. Юсуп мырза. - Бұл ретте өзімізді үлкен жаңалық аштық деп есептемейміз. Көркем аударма өнері саласында елімізде белгілі бір қалыптасқан тәжірибе бұрыннан бар. Кезінде әлемдік классиканың небір шоқтықты дүниелері қазақ тілінде жарық көрген. Халқымыздың бетке ұстар талай зиялылары бұл игілікті іске үлестерін қосқан. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары Қазақстан баспалары «Достық кітапханасы» сериясымен бұрынғы Кеңес Одағының, сондай-ақ алыс шетелдің көптеген айтулы қаламгерлерінің шығармаларын басып шығарған. Тоқсаныншы жылдары тоқырап қалған осы істі қайта жандандыруды қолға алып отырмыз.
Зерттеулерге зер салсақ, қазіргі уақытта өркениетті елдердің 40 пайызға жуығы аударманы ақпарат алудың негізгі көзі санайды екен. Әсіресе, дербес даму жолына бертінде түскен елдердің оған деген ықыласы зор деуге болады. Былайша айтқанда, аударма өнері мемлекеттердің бір-бірімен саяси, мәдени және экономикалық байланыстар орнатуына дәнекер болумен қатар, олардың әлемдік рухани кеңістікке кірігуіне, өркениет құндылықтарын игеруге, өздерінің төл әдебиеті мен мәдениетін, өнерін өркендетуге септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл орайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылып, жемісті жұмыс істеп келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында біраз игі шаралардың іске асқанын атап көрсеткен жөн.
Әрине, қазақ оқырманын әлемдік әдебиетпен төл тілінде қауыштыратын журнал шығару оңайға түскен жоқ. Шынтуайтына келгенде бұл уақытты, қаржыны, күш-жігерді талап ететін үлкен жұмыс. Соның бәрін жалғыз өзім еңсердім деп кеуде соққаным асылық емес пе? Түрлі ұйымдастыру шаралары тұсында көмек қолын созғандар болды. Сөз ретіне қарай, солардың арасынан «Фолиант» баспасының директоры, өнер жанашыры Нұрлан Исабековтің еңбегі ерекше екенін айтуға тиіспін. Тоқетері, осының бәрі келер ұрпақтың қамы ғой. Мұратымыз - әлемдік әдебиет арқылы ана тілінен заманға лайық сусындаған жас буынды тәрбиелеуге өз үлесімізді қосу».
Ағамыз осылай деп толғанады. Және оның туған тіліне байланысты толғанысы бір бұл ғана емес екенін де білеміз. Қайда қызмет атқармасын, нендей жұмыс істемесін Кенекеңнің қоғамдағы негізгі шаруасынан, шығармашылығынан бөлек қаузайтыны - тіл мәселесі. Қызмет демекші, К.Юсуп өзінің шығармашылық жолын журналистикадан бастады. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналында бөлім меңгерушісі, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Мемлекеттік басқару органдарында жауапты қызметтер атқарды, Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің нұсқаушысы, Президент Әкімшілігінде сектор меңгерушісі болды.
Міне, осындай сан салалы, қыруар шаруалар атқара жүріп, Кенекең қазақ тіліне қатысты өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырған емес. Әсіресе, еліміз егемен ел атанған 90-шы жылдардан бергі кезеңде мемлекеттік тілдің, яғни қазақ тілінің республика өмірінен лайықты орын алуы жолында хал-қадерінше еңбек етіп келеді. Сөзіміз жалаң болмау үшін фактілерге жүгінейік. Мысалы, К.Юсуптың терминология, қазақ тілінде іс жүргізу мәселелеріне арналып жазылған «Құжат тілі» атты кітабы 2001 жылы Павлодар облыстық «Алтын тіл» бағдарламасының аясында жарық көріп, іле-шала «Жалын» баспасы ұйымдастырған жабық бәйгенің екінші жүлдесін алды. Сондай-ақ «Қазақстан» және «Атамұра» баспаларынан «Анықтама сөздігі», «Екі тілде іс жүргізу» сөздігі кітаптары шықты. Мұның сыртында «Егемен Қазақстан» газетіне «Сөз алдындағы жауапкершілік», «Толғауы тоқсан қызыл тіл» деген тақырыппен топтама материалдар жариялады.
Аталған еңбектерінде автор тіл тақырыбы ауқымының кеңдігін, соның ішінде ең көкейкестісі мемлекеттік мәртебесі бар тілді ел өмірінің түп- қазығы - құжаттардың тілі деңгейіне көтеру мәселесі екенін айта келіп, тілімізде айналысқа енуге әбден лайықты, бірақ түрлі себептермен күнделікті тіршілігімізге кіріге алмай жүрген сөздер төңірегінде айшықты ойларын ортаға салады. Және өз пікірін «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» келтірілген мысалдармен әдіптей отырып дәлелдейді.
Осы арада жазушының орынды уәждеріне қарамастан, қазақ тілінің қорында ежелден бар көптеген сөздердің айналысқа түспей, қолданысқа енбей жүруінің себебін өзімізден іздегеніміз жөн дегіміз келеді. Әртүрлі сылтау айтамыз. Дәлел келтіріп тұрса да мойындамаймыз. Себебі - біреу. Тіліміз жүздеген жылдар бойы отбасы, ошақ қасы күй кешті. Жүздеген, тіпті мыңдаған сөздер айналыстан шығып қалды. Оның үстіне кеңсе тілін жасап отырғандар күні бүгінге дейін орыс тілді мамандар. Іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіліп жатыр дегенді дәлелдеу үшін қағаз хатталып, тігулі тұрса болғаны. Ал Кенекең сөз жүзінде емес, құжат жүзінде, кітап жүзінде дәлелдеп отырған сөздер егемендік тұсында айналысқа енбегенде қай кезде енеді.
Айта берсек, көрнекті аудармашы, талғампаз жазушы, танымал журналист, белгілі тіл жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сан қырлы талант иесі, білімдар азамат Кеңес Сіләмханұлы Юсуп туралы әңгіме әсте түгесілмек емес. Әсіресе, оның күнделікті тіршіліктегі ақжарқын, сыршыл мінезі жұртшылықты өзіне тартып, онымен кездесе қалған адам амандық-саулықтан кейін Кенекеңнің әдемі әзіл-қалжыңдары мен әңгімелерін қимай, ұзақ айналсоқтап қалатыны бар. Жазушы өз шығармаларында кейіпкерлерін қандай адал, қайырымды бейнеде көрсетуге ұмтылса, өмірде өзі де дәл сондай айналасындағыларға қайырымды, сергек жан. Кездескенде күлімсірей қараған жүзінен жан әлемінің кіршіксіздігі анық байқалып тұратын ағамызға арнаған бір өлеңінде досы әрі жерлесі, белгілі ақын, марқұм Тоқтарбек Қызықбаев былай деген екен:
...Нәр берген, шуақ берген,
шабыт берген,
Дарының қадамыңмен әдіптелген.
Өнердің құдіреті ғой екеумізді,
Жетелеп Алматыға алып келген.
Сол шығар көгергені көсегемнің,
Биіктеп көз алдымда өсе бердің.
Алатау бүгін саған тағзым етіп,
Гүлдері иіледі көшелердің.
Көңілің әнге құштар, жаның жырға,
Бар қанша лапылдаған жалын мұнда?!
Көрмедің тіршілікте ұсақталып,
Адамдық даңғылынан табылдың да.
Байқалар арман асқақ, үміт дара,
Сыйлысың алысқа да, жуыққа да.
Сабырлы мінезіңнен ауытқымай,
Тұрғаның қандай жақсы күліп қана...
Бала кезден бірге өскен сыралғы, үзеңгілес достың жүрек түкпірінен шыққан жыр жолдары Кенекеңнің бүгінгі келбетін дәл сипаттауымен құнды.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты.