Cібірге келін болған қыз
Уассалам Ыбыраев жат жер, жат өлкеде жүрген шағында Ақтөбенің аруымен бас қосып, шаңырақ көтерді. Тағы да заңды сауал: сонау Сібір жеріне келін боп түскен — Ақтөбенің қызы кім? Өзге мекенге титімдей қызды не айдап барды?..
1941 жылы әкесі ӘнетКете Сәрсен Теңілбаев Ұлы Отан соғысына аттанғанда Нұржамал ойын баласы болатын. Тұлымшағы желбіреген кішкентай ғана ботақандарын қимаса да, әкесі Отан қорғауға аттанудан бас тартып қалған жоқ.
Әкенің жоқтығын білдірмеген Ұмсынай есімді шешенің мейірім шуағына бөленіп, бір үйдің екі қыз гүлдей құлпырып өсіп келе жатқан еді. Алайда үш жыл өтісімен қайырымсыз ажал қаршадай қыздарды шешелері Ұмсынайдан айырып, қаралы үйде Нұржамал мен Бейбіт жетім қалды. Бүгінде немере, шөберелерінің тәтті қылықтарына шүкірлік етіп отырған Нұржамал әже басынан өткендерін былайша әңгімелеп берді.
— Қобда ауданына қарасты Құмсай ауылы маңындағы Сабындыкөлді мекен еткенбіз. Сол жерде Бейбіт екеуміз жетімдіктің ащы дәмін татып, өсіп келе жаттық. Ауылдық кеңес бізге көмек көрсетіп тұрды. 1943 жылы Қобда ауданының Әлия ауылында әкемнің әкесімен бірге туысқан атам бар екен, соның Сарша есімді әйелі бізді өзі іздеп келіп, өз қамқорлығына алғысы келетінін айтты. Алайда ауылдық кеңестің мүшелері бізді сол шешейімізге бергісі келген жоқ. Бұрыннан ауылда қызмет атқарып келген Рахима есімді әйелмен шешейіміз жақсы таныс екен, Рахима апа халықты жинап, бізді ел-жұрттың алдында шешеміздің қолына табыс етті. Атамыз бен шешейіміздің бір ұл, бір қызы бар екен, солармен бірге бізді қосып, төртеумізді бір үйдің баласындай бақты. Бірақ арада бір жыл өтісімен сіңлім ауырып қаза болды. Сабындыкөлде тұрғанда бізді баққан бір жас келіншек болып еді, сол сіңлімнің басынан ұрған болатын. Күндер өте басына жара пайда болып, ақыры сіңлімнің өліміне әкеліп соқты. Менің жаныма осы жай қатты батты, — деп Нұржамал әже ойға шомып кетті. Бала күнінен көзіне ұялап қалған мұңының әсерінен болар, жанары бір нүктеге қадалып, бетіндегі әжімдері де тереңдей түсті.
Атамыз Теңілбайдан Сәрсен, Хасен, Құсайын атты үш ұл өрбіген. Осы үш боздақ та Екінші дүниежүзілік соғысына аттанып, бірде-бірі тірі оралмаған. Енді-міне әкемнің ағасы Хасеннің жары Сарша өзінің балалары Маржан, Сағынғалиға мені де қосып алып асырап отыр. Уақыт өте арасында Нұржамал, Нұрқандар бар, осы үйде сегіз бала паналайтынбыз.
Сарша әжейдің ақылын алып өскен Нұржамал жасы 13-14-тер шамасына келгенде шешейіне қолғанат болды. Сиыр сауысады, бұзау тартысады. Тіпті, үй шаруасын да дөңгелетіп әкететін. Балиғат жасына жеткен шағында бойжеткеннің теңін табуына Сарша шешей өзі себеп болды.
— Қарағым, қыз баласың ғой, өзің жетім өстің. Бірақ мен сені өз қызымнан кем көрмеймін. Сені бағатын адам деп сеніп бір азаматқа бергелі отырмын, соған адал жар боласың, — дейді Сарша өзі өсірген қызы Нұржамалға, — жылама, бұл жайды ешкімге айтушы болма! — деді және.
Ол кезеңнің ибалы қыздары шеше сөзін жерге тастамағаны белгілі. Сонымен жүрек жұтқан қыз өзінің жарының қандай адам екенін де білместен, шеше сөзіне қарсылық көрсетпеді. Бір жай ғана белгілі — ол бойжеткенді алып кетуге келген адам өзінің болашақ қайнағасы болатын.
Атқа жегілген арбада төрт адам отыр. Бірі — қайнағасы Бақыт, екіншісі — оның жеті жасар баласы, үшіншісі — ұзатылып бара жатқан бойжеткен және оның жанында асырап баққан шешесінің Маржан деген қызы бар.
Өткен күндерін көз алдынан ойлана өткізіп отырған Нұржамал әже әңгімесін сабақтап кетті.
— Сонымен түні бойы жүріп, Қобда ауданына қарасты Киров совхозындағы бір үйге келіп түстік. Үйде бүкшеңдеген кемпір мен қайнағамның қызы бар екен. Сол үйде екі ай бойы жүрдім. Жаңағы өзім көзіммен көрмеген, таныс болмаған жігітті күтіп жүрмін. Бірақ, неге ол үйде жүргенімді өзім де жете түсіне бермеймін. Өзімнің дене бітімім толық болатын. Бір күні бір әйел маған: «Жүкті болған соң алатын адам таба алмай, осында келіп отырсың ба?» деген сұрақ қойды. Міне, осыдан кейін мен қатты ойландым. Шынымен де неге келгенімді жіті айыра алмадым, бірақ әлгі сөзге қатты намыстандым.
Бірде қыздармен бірге суға түсуге бардық. Қобда өзеніне шомылып, қыздар мәз болып жүр. Ал мен өз үйіме қашып кетуді ғана ойладым. Сол оймен көйлегімнің етегін түріп алдым да, өзеннен жүзіп, арғы жағаға өттім. Бірінші сайды артта қалдырып, екінші сайға жетіп, қалың қоғаның арасына тығылып қалған болатынмын. Қыр соңымнан қалмай, жан-жақтан жабыла іздеп жүрген топ қыздар мені тауып алды да, әлгі үйге қайтадан алып келді.
Мән-жайдың бәрі кейін белгілі болды. Уассалам Сібірден Қобда ауданына қарасты Киров ауылындағы қайнағамның үйіне ақша жіберуі тиіс екен. Екі ай бойы қайнағам сол ақшаның жетуін күткен екен ғой. Сонымен, шілде, тамыз айларын сол үйде өткіздім. Қыркүйектің басында қайнағам Бақыт ақшаны алды да, мені Сібірге алып кетті.
Алғаш рет сол кезде қайнағаммен бірге пойызға міндім. Тамбурда далаға қызықтап қарап тұрмын. Үйлердің бәрі жүріп кетіп бара жатқан сияқты. Жерге қарасам, жер де қозғалатын сияқты. Қайда бара жатқанымды да білмей, әйтеуір артта қалып бара жатқан шағын ауылдарға, кең жазық далаға ойлана көз салып келемін. Он күндей жүрген шығармыз, әйтеуір ұзақ жүріп, Канский бекетіне тоқтадық та әрі қарай тағы да машинаға отырып жүріп кеттік.
Қайнағам екеуіміз Уассаламмен Сібір жерінде кездестік. Шалым менен жиырма жас үлкен екен. Қайынағам елге қайтар кезде мен де елге кетемін деп жылағаным бар. Балалық қой, жылағанмен қайда барайын, 1952 жылы Сібірде Уассаламмен бас қосып, сонда қалып қойдым. 1953 жылы тұңғыш баламыз өмірге келді. Ал екі жылдан соң екінші балалы болдым.
Өкінішке қарай, Асылханымыз шешектен қайтыс болып, жат өлкеде қалды. Ал елге келгесін Жайылхан, Жеңісгүл, Темірхан, Зарухан және Кенжегүл есімді перзенттеріміз дүниеге келді.
ЖАТ ӨЛКЕДЕГІ ДОСТАСУ
Сібір жерінде жалғыз қазақтар ғана емес, түрлі ұлт өкілдері өмір сүріп жатты. Сол жердегі Сібірдің қалың орманынан таң атысымен ағаш кесіп, оны Енисей өзені арқылы өзге елдерге жөнелтеді. Бұл кезде олар бірнеше күн бойына, тіпті, бір айдай жүретін. Біздің тұрған жерімізден жеті шақырым қашықтықта белгілі ақын Өтебай Тұрманжановтың отбасы тұрды. Олар да Енисей өзенінің бойына жер аударылған екен. Балалы-шағалы, өте қарапайым адамдар, ал Өтебай өзі ақын, өзі өте мейірімді, балажан адам еді. Өтебай Тұрманжановтың КазПИ-дің бірінші профессоры болғанын, 1934-1935 жылдары Жамбыл облысының Сарысу ауданы Байқадам ауылында айдауда болғанын, ғұлама ғалымның жай ғана орта мектепте ол жерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергенін, ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары үнемі НКВД-нің аса мұқият қадағалауында болғанын, сөйтіп елуінші жылдары Уассалам сияқты Сібірге — Краснояр өлкесіне, Бузан поселкісіне, Енисей жағасына айдалғанын біз ол кездө білген де жоқпыз, өздерінен естіп отырмын. Жалпы, айдауда болғандар сөзшең емес-ті.
Білетінім – әйелі Майнұр оның артынан іздеп келіп, мерзімі біткенше бірге болғаны. Қыздары Лаура, Долорес, Лейла және ұлы Ерлан да әке-шешесімен Сібірде болды. Осылайша, олар да менің Әділханымдай Сібір балалары болады ғой. Олармен жақсы араласып тұрдық. Бізден бұрын құжатын алып, ақталған соң Өтебайдың отбасы Алматыға қайтты.
Нұржамал апайдың әңгімесіне қосарымыз, олармен тағдырлас, дәмдес болған Өтебай ақын көп жыл өтіп, айдаудан оралған соң ҰҚК-ның архивінде сақталған 1955 жылғы мамыр айының 26 жұлдызында ҚазССР-ның КГБ бастығы В.Губинге жазған өтінішінде жан түршігерлік азаптармен НКВД:
«… Мені 1933 жылы ақын Сәкен Сейфуллин кері төңкерісті ұйымға тартқан. Осыған байланысты өмірімді сақтап, аман қалу үшін кінәмді адал ниетпен мойныма аламын…» — дегенді зорлап жаздырғанын айтып кеткен еді.
Кейін Өтебай ақын ақталып, бүкіл атақ-дәрежесі қайтарылып, әділетіне жетті, еңбектерін бастыруға қолы жетті.
Әр жексенбі сайын жер аударылғандар бас қосып тұратын едік. Бұл қазақ Сібірде де қазақ. Ойыл ауданы Саралжынының тумасы Маханов Құлсымақ бұл елге бізбен бірге келген. Ол бала кезінен дін жолына түсіп, молда болған адам. Өлен жазудан да кенже қалмаған, оның бір жыр дәптері ұрпақтарында сақталған екен. Сонан бір үзінді келтіре кеткеннің артықшылығы жоқ:
…Он жасымда түрекше
Кітабын тегіс жүргіздім
Үйретіп намаз сабағын
Жеңгелерге білгіздім
Молда бала атанып
Көтеріп көңілін күлгіздім.
Әкем маған дін жайлы басылған мына кітапты сатып алып берді:
Имам шарт
Намаз қожасы. 1896 ж. 16/ХІ – қазанда
Құдайдың 1001 есімі. 1896 ж. ХІ – қазанда
Дұға смағазым. 1909 ж.
О баста дінге қарсы күрескен «Қызыл террорға» құрығына ол тым ерте 1919 жылы ілігіп, 5 жыл түрмеде отырған. Елге оралып түрлі шаруашылықтар атқарады. Тіпті басқарма болып та жұмыс істеген. Дегенмен, қызыл зобалан құрығына 1949 жылдың ақпанында қайта түсіп Сібірге айдалған. Өзі айтқандай:
Жер аударды өңшең бұзық өшігіп
Бірі бастап бірі қостап есіріп.
Екі ай жаттым түрмесінде Темірдің
Қандай жағдайда болсадағы кешігіп.
Сібірде оның зайыбы Маржан, балалары Рамазан, Бақтығалилар бірге болған. Сол жақта Ағиба және Ажарқыз атты перзенттері дүниеге келеді.
Кете руының Әнетінен болғасын Уәссаламмен етене дос болып кетті. Олардың достығы тіпті елге оралғасын да жалғасып, бір-біріне үнемі қонақ болып кететін. Ағибаны оның қызы Эльмира Нұржамал апайдың отбасына арнайы барып менің анам еді деп бет сипап шығыпты. Дәл ертеніне Нұржамал апа бақилық болған екен.
Ал әңгімемізге қайта оралсақ, Сібірде бірде осындай бір жиында Ідіріс, Әлмұқан есімді кісілер болды. Жас-кішімізге қарамай, жат жерде сыйласып тұрған адамдармен жиі бас қосатынбыз. Бірде осындай жиында әлгі жасы үлкен ағалар:
— Ағайындар, жеріміз, ішер суымыз, тіпті, қанымыз да өзгеріп барады. Қашан біздің басымызға әділдік орнайды екен? Өмірге жаңадан сәби келгелі отыр, сол сәби аман-есен ер жетіп, елді әділ басқаратын хан болсын. Есі Әділхан қойсақ, қалай болады? — деді. Сонымен, тұңғыш баламыздың есімі Әділхан болды.
Жасы тоқсанға келген ұлты түрік бір азамат өзі тұрған үйін бізге босатып берді.
— Балам, мен саған бата бергелі келдім. Қабыл алсаң, — деді маған бір күні әлгі ағай үйге келіп.
— Қабыл аламын, ата, айта беріңіз, —деп ілтипат білдірдім.
— Менің немерем, шөберем, тіпті солардан өрбіген шөпшегім мен неменем де бар. Менде бәрі бар. Тек, жасым тоқсанға келгенде, төрімнен көрім жақын тұрғанда өзім далада қаңғып жүрмін. Балам, мен сені жүкті деп естіген соң, шапанымды жапқалы келдім. Сәбиің мен секілді жасы ұзақ болсын, неменесін көрсін, ғұмырлы болсын! Бұл шын ниетім, — деп ризашылығын білдіріп, батасын берді. Сонан кейін ол атаға бостандық берді де, еліне жіберілді.
ЕЛГЕ САҒЫНЫШ
Мерзімдерін өтеп, бірқатар азаматтар елге қайта бастаған шақта Нұржамал әжейдің де туған жерге деген сағынышы үдей түсетін. Бірақ Сібір жеріне тұрақтап, үйренісіп қалған отағасы сол жерден кеткісі жоқтын. Алайда елін сағынған ана түні бойына көз жасына ерік беретін. Ақыры, жазықсыз жандар ақталып, құжаттарын қолға алып, туған елге жетті.
Бүгінде жетпістің алтауына келіп қалған Нұржамал әже өткен күндерін күрсініспен еске ала отырып, балаларының бақытты болуын, ел тәуелсіздігінің баянды болуын Тәңірден тілеп отырады.
БЕЙНЕТ ТҮБІ ЗЕЙНЕТ
Жаратқанымыз маңцайына жазған жетімдіктің, жалғыздықтың, аштық пен жалаңаштықтың не бір қиындықтарын басынан өткізіп, сонау итжекеннің дәмін татқан Нұржамал әже мен сол Сібірде дүниеге келген тұңғышы Әділхан бұл күнде сол адам төзгісіз тағдыр тәлкегін жеңіп, елге құрметті азамат болып отыр.
Әділхан жоғары оқу орынын тәмамдап, өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастаса да қалауын кәсіпкерліктен тапты. Оның кәсіпкерлік табысы ауыл шаруашылығымен айналысып, кейіннен бизнеспен шындап шұғылданған өз білімі, тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жеткен өмірдегі тұғыры.
Бұл күндері Әділхан өзге екі кәсіпкерлермен бірге «Ханшайым» мейрамханасының иесі, еңселі сауда үйін салып, оған немересі Заринаның есімін берді. Ал сауықтыру кешенін екінші немересі Мауленнің есімімен аталады.
Әділхан 2013 жылы асқазан обыры ауруына шалдықты, ота жасалып асқазан мен талақты алдыртып тастауға тура келді. Осындай ауыр науқастың келесі емі 5 немесе 6 рет химиотерапия қабылдау. Жығылғанға жұдырық дегендей мен бір химиотерапия алып бітіре бергенде Пацаевтағы аурухананың кардиология бөліміне түстім. Мен жүрек ишемиясының ауыр түріне тап болған екенмін. Енді хал мүшкілдене бастады. Осы кезде әйелім Несібелі келіп, «шетелге Германия немесе Қытайға барсаң не болады?» деді. Дегенмен, ол таңдауын Израильге тоқтатты. Мен де қарсы болмадым. Сөйтіп, 2 айда құжаттарымызды дайындап, 2013 жылдың қазан айында Израильге жол тарттық. Ол ел бізді өте жылы қабылдады, мұндағы медициналық қызмет көрсету әлемдік деңгейдегі аппаратура біздің елдегіден көп, сапалы және нәтижелі екен. Тексерістен өту нәтижесінде олар дамып келе жатқан обыр науқасының үш ошағын анықтады. Мен ол елде жеті химия және радиациялық ем қабылдауыма тура келді. Күні-түні Несібелі жанымда болып, ол да менің науқасыммен күресті. Израильдегі ерекшелік –
оларда жұма мен сенбі демалыс болып саналады. Бұл демалыс күндері не дәрі-дәрмек, не ем қабылдамайсың. Организм тыңайып қалады екен. Еңбек жетісі жексенбі күнінен басталады, осы өзгерістер менің аурудан тез емделуіме көп септігін тигізді. Жеті сайын қанның анализін тексеріп, дәрігер қадағалап тұрады екен. Осылайша жеті апта емделіп, бүкіл органдарды тексергенде менің жазылып кеткенім айқындалды. Артынан 2014 жылы 2 рет барып, тексеруден өткенде де мен обыр ауруынан айығып кеттім.
Өмірде «Сібірлік денсаулық» деген ұғым бар. Осы ауыр науқастан айығып кеткенім әуелі Алланың әмірі болса, Сібірде тууым да себеп шығар, — дейді Әділхан.
Анасы Нұржамал болса немере және шөбере сүйген әже, оларға батасын арнап кенже қызы Кенжегүлмен бірге тұрды.
Нұржамал апа жапырағын жайған бәйтеректей немерелері Қуаныш, Гүлмира, Анаргүл, Регина, Нұргүл, Тұрсынгүл, Тимур, Әділет, Эльмира және Дамир сияқты немерелерінің және он шөбересінің қызықтарына тоя алмай кетті.
Қызы Кенжегүл мен күйеу баласы Ерланның отбасында өз қалауымен соңғы жылдарын өткізді. Ананы ауырған сәттерінде демеу болып, ем-домға көмектесіп, ал ақырғы сәт келгенде, арулап, ақжауып соңғы сапарға жөнелту сауабына ие болды Ерлан мен Кенжегүл.
… Не дегенмен Нұржамал апа ел басына туған Нәубет кесапатын үнемі естен шығарған емес, оның жастық шағы сонау Сібірде, Енисей жағалауында қалғандай көрінетін …
Балнияз Ажниязов
Abai.kz