Жұма, 22 Қараша 2024
Не дейді?! 5046 15 пікір 30 Мамыр, 2020 сағат 14:35

140 млрд доллар. Бұл – оффшордағы ақша...

2015-2019 жылдың аралығында Қаржы министрлігінің нұсқауымен шетел асқан ақшаға қатысты 238 қылмыстық іс қозғалыпты. Солардың арасында тек үшеуі ғана сотқа жеткен. Бұл туралы Сенат депутаты Ольга Перепечина депутаттық сауал жолдады.

Сонымен, депутат келтірген дерекке көз жүгіртейік:

ҚР Қаржы министрлігі, Қаржы мониторингі комитетінің Экономикалық тергеу қызметі ұлттық немесе шетелдік валюталарды репатриациялау талаптарын орындамағаны үшін 2015-2019 аралығында ұзын-ырғасы 238 іс қозғаған. Яғни, сотқа дейінгі тергеудің біріңғай реестріне осынша іс тіркелген.

2015 жылы – 75,

2016 жылы – 83,

2017 жылы – 16,

2018 жылы – 41,

2019 жылы – 23.

Осы 238 істің тек 3-еуі ғана сотқа жеткен.

«Шамамен 170 іс қылмыстық құрамы дәлелденбегендіктен тоқтатылды. Иә, ақшаның шетел асқаны анық. Алайда, Қазақстанның заңы бойынша бұл құқық бұзу деп табылмайды», - депті Перепечина.

Ал сотқа дейін жеткен үш қылмыстық іс бойынша ақшаны кері қайтару қарастырылмапты, себебі Қылмыстық-процессуалдық кодексте ақшаны кері қайтару туралы талап жоқ екен.

«Tax Justice Network» Халықаралық ұйымының дерегінше, соңғы 20 жылда Қазақстаннан шығарылған капитал көлемі 140 миллиард долларды құрапты. Бұл тек қана оффшорлық аймақтарға шығарылған ақша сомасы екен.

Депутаттың сөзінше, қанша қылмыстық іс қозғалса да, шетелге шығарылған қаражаттан Қазақстанға көк тиын да қайтпаған.

Осы мәлесені сөз еткен депутат Перепечина Үкіметбасы Мамин мен Бас банкир Досаевқа сауал жолдапты.

«Қазіргі қолданыстағы заң сыртқа ағылған капиталды елге қайтаруға қауқарсыз. Бұл тарапта нақты талдау жүргізіп, экономикалық зерттеу жасау қажет. Қазақстанда қыруар ақшаны заңды түрде шетелге алып шығатын сан түрлі жолдар бар. Тіпті қаражатты заңсыз алып шыққаны дәлелденсе де, оны шетелден кері қайтаратын талаптар қолданыстағы заңда қарастырылмаған.

Жалпы Үкіметтің капиталды кері қайтаруға қатысты не білгені бар? Мұнымен нақты қай мемлекеттік органның айналысатынын анықтап алу қажет», - дейді сенатор.

Айта кетейік, 2016 жылы Панама оффшорларының тізімі жарияланып, онда сол кездегі Дариға Назарбаева, Ерлан Сағадиев бастаған бірқатар қазақстандық шенеуніктің аты аталған еді.

Бұл мәселе жөнінде өткен жылы Азат Перуашев Премьер-министр Асқар Мамин мен Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Оның айтуынша, Қазақстаннан 167 млрд. доллар заңсыз шығарылып, оффшорларға жасырылған.

Ал биыл Азат Перуашев оффшорға кеткен ақшаны қайтару үшін БҰҰ тобына «Ақ жол» өкілдерін қосуды ұсынған болатын.

Abai.kz

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320